Сандуғаш ата-анасыз өскен қыз еді… Қос қанатынан ерте айырылған жанның бар жұбанышы болашаққа деген сенімі мен үміті…
Жаздың жайма-шуақ күндерінің бірі. Сандуғаш оқуын аяқтап, үздік дипломның иесі атанды. Армандарына деген үлкен өмірдің есігін ашып, тәуелсіз болашаққа қадам жасағанына шексіз риза. Сол күні сырласы, бар қуанышы мен қайғысын бөліскен жан құрбысы тұрмыс құрып, болашақ жарымен де той үстінде жолықты.
Жарас Алматының, Сандуғаш Батыс өңірінің тумасы. Екеуін қауыштырған осы Жанардың тойы. Бір көргеннен ұнатқан қос ғашық бір-бірін үнсіз ұғысатын. Олар үшін күн шуағын шашып, жұлдыздар жарқырап, ай сәулесін төгетін. Себебі, Жарас жастайынан жетім өскен қыздың жүрегін жылытқан алғашқы жан. Сандуғаштың өмірі сол сәттен бастап өзгеріп сала берді. Қуанышы қойнына сыймаған қыздың арман-мақсаттары орындалған тәрізді көрінді. Жарастың өзге өңірден екеніне қарамастан, араларындағы арақашықтықты мөлдір махаббатымен жалғаған-ды.
Жарастың жанында болған екі күн Сандуғаш үшін шексіз боп көрінді. Тек сүйгенінің жанында болса ғана қайғы-мұңды ұмытатын. Соның қасында ғана жүректегі мұз еритін. Сағыныш, сағым, үміт бір-бірімен үндесетін. Жараспен қоштасарда Сандуғаш тіл қатпады. Тек көзінен қимастық жасы аға берді. «Кетпе, жанымда қал» деп айтуға да бата алмады…
Арада үш айға жуық уақыт өтті. Жарас пен Сандуғаш күні-түні хат алмасып, сөйлесіп жүрді. Осылайша бір-біріне деген сағынышты байланыс арқылы жеткізіп, арадағы қашықтықты сезімдерінің беріктігімен жеңетін. Бір күні Жарас Сандуғашқа тосын сый жасап, Атырауға барды. Ғашығына сезімін білдіріп, өмірлік жарым бол деп жүрегін ұсынды. Сандуғаштың сол күнгі толғанысын айтып жеткізу мүмкін еместін. Болашақ жарына өмірін сеніп тапсырған қыз Жарастың қолын ұстап кете барады.
Сандуғаш болашағын жарқын болады деп елестететін. Жараспен бірге болса, бақытты боламын деп ойлайтын. Бірақ Алматыға барғанда бәрі өзгеше түрленді.
Өзгеден жылылық күткен арудың қараңғы түнектен төгілген жарығы қайта сөнді…
Жарастың шаңырағын аттаған алғашқы күн. Енесі келінін ұнатпағанын көз қырымен бірден білдірді. Сандуғашқа сұсты бейнесімен қарап, бауырына тарта қойған жоқ. Келінім деп маңдайын сүйіп, ақ батасын да бермеген-ді. «Бір үйдің кенже баласы болған соң қызғанған шығар» деп Сандуғаш мән бермеуге тырысты. Уақыт өте келе бір-бірімізге үйренісіп кетерміз деп ойлады. Шіркін, бәрі ақ үрпектей әдемі болса ғой…
Жарастың анасы күннен-күнге өзгеріп сала берді. Келінін үйіне сыйдырмай, оның сөйлеген сөзіне де тіксіне қарап, істеген асына мін тақпаса отыра алмайтын. Сандуғашты жетім деп бетіне басып, оны балағаттайтыны қоса бар. Осының бәрін көріп жүрген Жарас анасына қарай жақ ашпайтын. Керісінше келіншегін тоқпақтайтынды шығарды.
Үйленгендеріне бір айдың жүзі болғанда Жарас «Сен менің ата-анамды сыйламайсың. Сенде үлкенге құрмет деген қайдан болсын, ананың махаббаты мен әкенің тәрбиесін көрмеген соң», – деп Сандуғашқа қол көтерді. Сол күні Сандуғаш өксікпен тұншыға жылады. Анасы мен әкесін сағынып, өмірде өзін ең бақытсыз, бейбақ бір пенде сезінді.
Келесі күні Сандуғаш күнделікті үй шаруасымен айналысып жүрген болатын. Кешегі болған жағдайды көңіліне алмай, ас әзірлеп тұрғанда асханаға енесі келіп: «Сені жақтырмайтынымды байқап жүрген шығарсың. Сен менің баламның теңі емессің. Есің барда еліңді тап. Бұл шаңырақта бақытты бола алмайсың», – деп дауыс көтере сөйледі. Тіл қатпаған Сандуғаштың жанарына жас толып, бұл сөзге де көндікті.
Кешкі астың уақыты еді. Жарас ащы суға сылқия тойып келді. Сол күні Сандуғашқа тағы да қол көтерді. Келіншегін балағаттап айтпағаны қалмады. Ол Сандуғаш білетін Жарастың кейпіндегі жауыз адамға айналды. Өзгеден жылылық күткен арудың қараңғы түнектен төгілген жарығы қайта сөнді…
Осылайша арада төрт айдан аса уақыт өтті. Сандуғаштың құрсағына бала бітіп, көңілі жадырап жүрген кезі еді. Жары мен ата-енесіне айтып, қуантпақ ойы да бар. Бірақ әдеттегідей Жарас ішіп келіп, шу шығарды. Күнделікті осы ісіне күйінген Сандуғаш ақыры шыдамай, ішіндегі ыза-кекті сыртына жайып салып, оған ашуланған Жарас бұл жолы Сандуғашты қатты ұрды. Салдарынан ішінен соққы алған қыз есінен танып қалады. Көзін ашқанда ішін ұстап, «балам» деп көзіне жас алды. Қараңғы бөлмеде жалғыз жатып, «мына жарық дүниеден бақыт нұрын көре алмайтындай, құдайға не жазып едім» деп тұншыға жылады.
Таң ата Жарас жұмысқа жиналып жатқан болатын. Жанына келген Сандуғаш: «Құрсағымда сәби бар. Баламыз болады», – деді. Келіншегінің маңдайын сүйіп, таңырқаған кейіпте тіл қатпастан кетіп қалды. Сөздерін естіп тұрған енесі: «Сонша асыққандарың не? Үйленгендерің кеше ғана», – деп қабағы қатулы күйде есікті тарс жапты. Бірақ Сандуғаш бұл сөзге еңсесін түсірмеді. Бәрі жақсы болады деген соқыр үмітіне сеніп, үйдегі күйбең тіршілікпен айналысып жүре берді.
Кешқұрым… Енесі жоқ жерден ілік шығарып, дастархан басында ойран салды. Келініне: «Қарапайым тамақтың өзін істеп білмейсің. Баламның басын айналдырып… Балалы боламыз деймісің? Оған қандай тәрбие бермексің? Тұл жетім», – деп айтпаған сөзі қалмады. Сандуғаштың жүрегі сол кезде қарс айырылды. Ащы сөз кеудесіне қанжардай қадалды. Осы күнге дейін көрген қорлықтарына ендігі кезде төзе алмайтынын білді. Дереу бөлмесіне кіріп, заттарын жиыстыра бастады. Әр киім-кешегін сөмкесіне салған сайын, Жарас келіп тоқтата ма деген үмітпен есікке қарай берді… Бірақ ол келмеді…
…Бүгінде Сандуғаштың құрсағындағы балаға сегіз ай толды. Туған жерінде ағасының үйін жағалап жүр. Жеңешесінің жақтырмайтынын сезгенмен, барар жері басар тауы жоқ. Құрсағында сәбиі бар қайтып келген қызды кім құшақ жая қарсы алсын?! Ал Жарас анасының айтқанын істеп, қалауын орындап жүрген бір жан. Ішіндегі өкінішін өртегенде ащы суы әрдайым жанында… Анасы баласының күн санап солып бара жатқанына қарап, істеген іс-әрекетіне өкініп жүр. Бірақ ендігі күні бәрі кеш…
P.S. Соңғы үміт… Аспанды жарық сәулеге бояған ай нұры. Өмірін құрсағындағы баласына ғана арнамақшы ана үміті… Мөп-мөлдір, кіршіксіз бақытқа деген соңғы үміт…