Нұрдәулет АҚЫШ, жазушы, философия ғылымдарының докторы:

Тұмағаңның шапағатын көргендер көп

Похожее изображение

Т.Молдағалиевтің қазақ поэзиясынан алатын орны қандай?
Тұманбай Молдағалиев – поэ­зия әлеміне өз үнімен, өзінің лебімен, жүрек дүрсілімен келген ақын. 1957 жылы жарық көрген алғашқы еңбегі «Студент дәптері» деп аталатын еді. Сол кезде небәрі 20-дан асқан Тұмағаң қазаққа лирик ақынның келгенін әйгіледі. Біріншіден, Тұмағаң – поэзияға келгеннен өмірден өткенше бір қалыпты тыныспен, бір қалыпты поэзиялық қуатпен өзінің шығармашылығын жасап кеткен адам. Шығармашылығының өсуі де, өркендеуі де, көркемдік тұрғыдан кемелденуі де сол лирикалық әлемнің ішінен табылды. Лирик болып өмірден өтті. Екіншіден, өлеңіндегі қарапайымдылық оқырманның жүрегіне жылулық табатын, жылулық себетін. Поэзиясының өзіндік ерекшелігі философиялық тереңдікке бойламай-ақ рухы асқақ жырлар жазуға болатынын дәлелдеді. Ол кісі дәлелдейін деп те ойламаған шығар, қалай шабыты келеді, нені жазғысы келеді соны қаламның ұшымен қағаздың бетіне түсіріп отырған. Сол өлеңдердің басым бөлігі өз оқырмандарын тапты. Жас кезде көбірек жырланатын тақырып махаббат, сезім мәселесі болса, Тұмағаң ең алдымен осы тұрғыдан жарқ етіп көрінді деуге болады. Көптеген өлеңдері сол махаббатқа, сезім күйіне, достыққа арналды. Туған жеріне, өзінің өскен жері – Жетісу өлкесіне арналды. Сонымен бірге халықаралық тақырыпта жазған өлеңдері де бар. Саяхат сапарынан алған әсерлерін қағазға түсіріп отырды. Өз замандастары Қадыр Мырзалиев пен Жұмекен Нәжімеденов немесе Мұқағали Мақатаев пен Фариза Оңғарсыновалардан ерекшеленіп тұрады. Өзі тыңнан соқпақ та­уып, ғажайып жаңалықтарымен айшықталды деуге келмес. Жоғарыда айтылғандай, қайталанбас сұлу сазды, айрықша назды өлеңдері оқырманның көңіліндегі бір құпияны ашу арқылы өзгелерден оқшау тұрды. Сөйлемдердің бір-бірімен байланысы, сөздерді тауып, ұғып қолдануы Тұмағаңа тән стиль еді. Сол қарапайымдылықты көбірек айта берсек, қарабайырлыққа ұласып кетеді. Мәселен, сол қарабайырлық пен аса күрделіліктің арасында өмір сүрген ақын деуге болады. Міне, әңгіме осында. Мысалы, ол кісінің замандас­тары Жұмекен Нәжімеденов немесе Фариза Оңғарсынова күрделі ойларды айтып, кейде бір философиялық түйіндеулерге беріліп жазатын тұстары бар. Ал Тұмағаңда ондай жоқ. Сондықтан да көп адам Тұмағаңды іздеп оқиды, тауып оқиды. Өлеңдері халыққа кеңінен тараған. Оған бір дәлел – өлеңдеріне жазылған әндер. Зерттеушілердің айтуына қарағанда, 300-ден астам өлеңдеріне ән жазылған. Бұл деген – үлкен жетістік. Оның көбін белгілі әншілермен қатар қарапайым халық та орындайды. Өмірдегі философиялық дүниелерді өлеңде ұғыныңқы тілмен жеткізе білген. Мысалы:
Көрініп тұрған көмбеге,
Қол созым жетпей құлаппын.
Бәйгелер тағы бар ғой деп
Өзімді-өзім жұбаттым, – дейді.
Бұл ақындық бәйге ме, әлде өзге бір бәйге ме – бәрібір сол бәйгеде орын ала алмай қалғанына қапаланады. Бірақ үміт дүниесін үзбейді. Ақын ретінде алсақ, ол сол бәйгені жас кезінде алғашқы жырларымен-ақ алып қойды дер едім. Кейде бір формальды түрдегі, белгілі бір тақырыптарға арналған бәйгелер болады. Мүмкін сол кездерде басқы орындарға жетпей қалуы да ғажап емес. Сондай көңіл күйден туған өлеңде осындай леппен, үмітпен жүрген қазақ жастарының өкініші бар сияқты көрінеді. Тек өкініш емес, өлеңдегі рухтың күштілігі бәрімізге де қуат бергендей болады. Біз студент кездерімізде Тұмағаңның өлеңдерін жаттап өстік, өлеңдеріне жазылған әндерді хормен айтатынбыз. Сондықтан жүрегімізге жол тапқан ақын деп есептеймін.Картинки по запросу тұманбай молдағалиев

Ол кісінің журналистік, редакторлық, қайраткерлік қырлары мен адами келбеті туралы не айтасыз?
Тұмағаңның редакторлық, журналистік қырларына келсек, зерттеуді, назар аударуды қажет ететін сала. Редактор ретінде мен өз басым Тұмағаңмен 70-жылдардың аяғында 80-жылдардың басында шығармашылық жағдайда кездестім. Тұмағаң сол кезде «Жалын» журналының редакторы болатын. Сол уақыттарда қазақ баспасөзі санаулы ғана еді. 2-3 журнал, 3-4 газет. Жазғысы келетін талапкерлердің барлығы соларды төңіректейтін. Шығармашылық орталықтың бірі – «Жалын» журналы. Жалын журналында талай ақынның, прозашының, журналистің тұсауы кесілді. Осы «Жалын» журналы арқылы өсті. Сол кезде Тұмағаңның шапағатын көрмегендер сирек деп ойлаймын. Соның бірі – өзім. Журналға «Жолсерік» деген очеркім шықты. Болған оқиға негізінде жазылған «Ықпал» деген әңгімем және тағы бірнеше әңгімелерім жарияланды. Сыни еңбектерім де осы журналдың бетінде өз орнын тапты. Тұмағаңның қоятын талаптары ортақ үдеден шығып жататын. Кейбір редакторлар, редакторлардың көмекшілері жөнсіз талаптар қоятын. Тұмағаңның қызметкері менің бір мақаламды жақтырмады. Қасындағы басқа бөлімде отырған жігітке оқытсам, тәп-тәуір дүние екен ғой деп, жасы үлкен ағасына жалтақтай қарады. Ол кезде үлкенді сыйлайтын, инабаттылық, биязылық бар заман ғой. Мен өзім де сондай ортада өскен соң аса алмадым. Бірақ жаңағы жігіт менің шығармамды алып, Тұмағаңа оқытыпты. Тұмағаң бөлімнен даярланған мақала екен деп, қол қойып жіберген. Журналға жібермей отырған қызметкердің қандай көңіл күйде болғанын білмеймін. Тұмағаң ұнатып, менің шығармамның жарыққа шығуына мұрша бергені есімде. Бұл кісі өмірде адамгершілігі зор адам еді. Жеке жағдайларда кездесуге тура келді. Ол кісінің саяжайына барып жұмыс істеген кезім болған. Өтініш жасағаннан кейін өзім қатарлас кісілермен барып көмектестік. Тұмағаң бір орынды көрсетіп: «Молдағалиев осы жерде өлең жазады», – деді. Бәріміз мәре-сәре болып тамақ іштік, үйден суық айран ала шығыпты. «Тамағымызға суық тиіп қалады, жүректеріңнің жылуы бар жігітсіңдер ғой, жылытып беріңдерші», – деп күлдірген еді… «Жалын» журналы кейіннен Абай даңғылындағы 143-үйге келіп орналасты. Мен бір жұмыспен барғанмын. Баспалдақтан Тұмағаң түсіп келе жатыр екен. Жүрісі де қызық. Қорбаңдап қонжық сияқты жүреді. Жалпы болмысынан жылулық есетін, ызғар, зіл болмайтын ол кісіде. Автор болып көрініп, танылып жүрген кезіміз. Жақсы сөйлесетін, ізін басып келе жатқан інісіміз ғой. «Тұмаға, көлігіңіз болса ала кетесіз бе, жақсы зат ретінде?» – дедім. Өйткені жазушылардың ішінде санаулы ғана машина болды, соның бірі Тұмағаңда еді. «Ой, сен өйтіп айтпа, қазір алып кетемін», – деді. Сөйтіп, машинаға барсақ, алдыңғы қатарда қазақтың белгілі ақыны, інісі Жарасқан Әбдірашов отыр екен. Наурыз айының бас кезі. Көше шылқылдап жатқан лай-батпақ. Машинаны зырылдатып айдай жөнелді. Қасында отырған Жарасқан аға мақтап: «Тұмаға, сіз машинаны жақсы жүргізеді екенсіз ғой», – дейді. «Е, шырағым, талант қай жерде де талант қой», – деп газды баса түседі. Соған бәріміздің күлгеніміз бар. Осының өзі қарапайымдылығы. Кейін Жамбыл атындағы мектепте кездесу болды (менің соңғы көруім). Кездесуден бәріміз бірге шықтық. Ол кезде Тұмағаңның ауырып, жаяу жүрген кезі екен. «Нұрдәулет, көлігің бар ма?» – деді. Сөйтіп, жұмысына дейін жеткізіп, біраз әңгімелестік.

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ, ақын:

Картинки по запросу маралтай райымбекұлыМахаббаттың жыршысы атанды

Қазақ әдебиетінің көрікті бір дәуіріндей болған Тұманбай Молдағалиев – өмірін өлеңмен өрнектеген жан. Тұманбайдың жырларынан қазақ әдебиетінің көгінде жасанған сан түрлі кемпірқосақ пайда болып, Жер Ананың төсінен қаулап гүлдер өсіп шыққандай болды. Осындай мөлдір, таза, аппақ пейілді адамның жырлары бүкіл қазақ елінің жүрегін баурап алды. Тұманбай поэзияға осындай тазалығымен келді. Тұманбай – лирик ақын. Ол махаббаттың жыршысы атанды. Қаршадайынан, ең алғашқы жырларынан бастап махаббатты жырлады. Адамзаттың махаббаты қандай?! Қазақ даласының махаббаты қандай?! Тұманбай поэзиясының басты ерекшелігі – достық пен махаббатты жырлап өтуінде.

Тұманбай Молдағалиев көп уақыт «Жалын» журналында редактор болды. Сол кезде «Жалын» журналына бір рет өлеңін не әңгімең шығу деген бүкіл қазаққа, әдебиет әлеміне танылу деген сөз болатын. Сондай терең мағыналы, жыршыл альманахта басшы болды. Кейіннен «Балдырған» журналында редактор болды. Мұның бәрі Тұманбай Молдағалиевтің абзал, баладай таза, кеңпейілді екендігінің айғағы деп білемін. «Балдырған» журналында жүріп Қазақстанның Ұлы ақыны деңгейіне дейін көтерілді. Қазақ айтады, өзінің балалығын ұмытқан адам қауіпті деп. Тұманбай – өзінің балалығын ұмытпаған дана адам. Тұманбай ақынның адами болмысы туралы айтсақ, ол таза, кірпияз адам болды. Айналасына шуағын шашып жүретін. Үлкенге де, кішіге де еркеледі. Үлкенді де, кішіні де еркелетті. Алдыңдағы ағаларының бәрі оны «Тұмаш» деп еркелетті. Әбілдә Тәжібаев бастаған қазақтың арғы-бергі ғұлама-абыздары Тұманбайды алақанына салып аялады. Тұманбай тағдыры ауыр, жетім бала болып өсті. Ол тағдырымен де, сүрген ғұмырымен де айналасына әсер етті. Өзінің замандастары да, артынан ерген қаншама інілері де Тұманбайды керемет жақсы көрді. Солардың бірде-бірінен де Тұманбай туралы бөтен сөз естіген жоқпын. Сондай періште қалпында, таза қалпында жүректердің түбінен орын алған ақын.

Дәулеткерей КӘПҰЛЫ, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:Картинки по запросу дәулеткерей кәпұлы

Қалың оқырманның жүрегінен ойып орын алған классик ақын

Тұманбай Молдағалиев дегенде, біздің есімізге әуелі оның мөлдір де таза лирикалық жырлары түседі. Ол ақындық қалыбынан ешуақытта айныған емес, поэзияға адал болды және сол адалдықпен жырлаған жырларынан қарапайымдылық пен бірге тереңдікті, қазақы саф алтындай пәлсапаны түйсінесіз. Түйсінесіз де, еріксіз бас шайқайсыз. Тұманбай – қазақ поэзиясында 500-ден астам ән-өлең қалдырған бірден-бір лирик ақын. Қазір екінің бірі әннің мәтінін жазып, «ақынбыз» деп аяғын талтаңдап басатын болып жүр ғой. Тұманбайдың әнге айналған әрбір өлеңінде терең тыныс бар, мән-мағына бар. «Ал адамдар күліп бастап өмірін, кетерін де жылай да алмай қалады», байқаған адамға дүние-жалғанның бір-ақ күнде артын беретінін астарлап жеткізетін терең философия бар. «Ауылды сағындым ғой, бауырды сағындым ғой» қарапайым болса да, адамды елітетін, көкірегінде сартап болған сағынышты қозғайтын жылы ағын бар. «Ақ қайың аялап арманымды, Куә боп көк өзен күліп ақты!» – дейді атақты «Куә бол!» өлеңінде. Сол секілді «Шақырады көктем», «Бақыт құшағында», қысқасы, қай өлеңін есіңе алсаң да, жүрегіңді тербеп әсем әнге айналып жүре береді. Әні мен мәтіннің ішкі ырғағы үйлесіп, жаныңа шуақ сыйлайды. Дәл қазір қазақ эстрадасында Тұманбай секілді лирик ақынның орны үңірейіп бос тұр. Қазіргі ән мәтіндері адамға ой да, шуақ та сыйламайды. Әдемі лирикаға да жетелемейді. Міне, осы тұрғыдан алғанда Тұманбайдың қазақ поэзиясындағы орны өзінен-өзі айқындала түсетін секілді. Ол қалың оқырманның жүрегінен ойып орын алған классик ақын дер едім. Сонымен қатар Тұманбай – балалар әдебиетінің өкілі. Балалар поэзиясында да Тұманбайдың қолтаңбасы ерекше.Похожее изображениеТұманбай Молдағалиев көп жылдар бойы «Жалын» әдеби альманағы мен балалар басылымы «Балдырғанның» бас редакторы қызметін атқарды. «Балдырған» журналында ол өмірінің соңына дейін істеді. Өзі баладай пәк жан еді, сол мінезі балалар басылымын баланың ойы мен деңгейінде басқаруға мүмкіндік берді. Тұмағаңның балалар журналын басқарған жылдары журналдың таралымы кәдімгідей өскенінен хабарым бар. Бірақ, өкінішке қарай, 1990 жылдардың басында нарық тұралатқан рухани жұтаңдық қазақ басылымдарын да айналып өтпеді. Кезінде бүкіл республиканы, қала берді шетелдегі қазақтарды дүрілдеткен басылымдардың таралымы азайып, бюджеті қысқарды. Тұмағаң – осындай қиындықтың өзін еңсере білген, талайлар ала дорба асынып, базар жағалап кеткенде де өзінің сүйікті басылымын тастамаған қайраткер жан. Ол өзінің айналасына талай талантты жандарды топтастыра білді. Шеттен келген бауырларын маңдайынан сипап, рухани әкесі болды. Осының барлығы Тұманбай ағамыздың баладай жайсаң ізгілігімен бірге, көңілінің кеңдігінен де хабар берсе керек. Тұмағаң өзі үлгі тұтатын талай жасқа үлгі болатын салауатты өмір кешті. Және сол салауатын өзгелерге де дарыта білді.

Сұхбаттасқан Сандуғаш Түсен

«Аңыз адам» журналының 2018 жылдың №18 саны

Пікір қосу