– Алтынбек аға, биыл 70 жас мерейтойыңызды дүркіретіп атап өттіңіз. Жамбыл облысында біраз өнер иелері қатысқан кешіңіз өтті. Туған жерде өткен әсерлі кеш, көрсетілген қошемет көңіліңізге жаққан шығар? Сол кездегі көңіл күйді еске алайықшы.
– Мерейтойыма байланысты «Алтын күзім, армысың» деген атаумен ақпан айында Алматыда шоу-концертім өтті. Бұл концертке менің әндерімді орындап жүрген қазақ эстрада жұлдыздары қатысты. Мен де, шәкірттерім де үлкен симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән шырқадық. Одан соң осы концерттік бағдарламаны Тараз қаласына барып қойдық. Өзімнің туған өлкем Жамбыл облысы, Меркі ауданында да тамаша кеш өтті.
– Елордамызда да «Сәлем саған, Астана!» деген атаумен кешіңіз өтті.
– Иә, осы концерттік бағдарламаны Астанаға барып қайта қойдық. Бұл елордамыздың 20 жылдық меркесіне арналды. Жайықтың жағасындағы елді ән-жырымызбен сусындатып, өнерсүйер қауымның қошеметіне бөленіп қайттық.
– Аға, қазір сазгерлердің саны көп. Ал сіз үшін нағыз композитор деген қандай болуы керек?
– Қазір сазгерлер тым көп деп айта алмаймын, керісінше той көп. Біздің заманда адамдар алпыс, жетпіс жылдық мерейтойларын ғана атап өтіп жататын. Оның өзі сирек болатын. Ал қазір тұсаукесер, бесік той дейтін атаулы мерекелер көбейді. Өзім осы аптаның өзінде екі тұсаукесер тойда қонақта болдым. Бұрын қыз ұзату тойы дабыралы өтпейтін еді. Қазір әр қазақ өзінің мәпелеп, аялап өсірген көзінің ағы мен қарасын той жасап, құтты орнына шығарып салғысы келеді. Енді осыған орай, әнші, сазгер де көбейді. Ал олардың ішіндегі «жұлдыздарын» мәдениет министрлігі, консерваторияның ректоры немесе қазақ концерттің директоры Қоразбаев таңдап алмайды. Халық өзі таңдайды. Жақсы әнші мен сазгерді халық тыңдайды. Керек десеңіз, іздеп жүріп тыңдайды. Ал көңілдеріне жақпаса, осы да өнер адамы ма деп теледидардың арнасын өзгерте салады. Мәселен, кеше Ербол Сыпанәлиев деген жаңадан жарқ етіп шығып келе жатқан композитордың кеші өтті. Концерт өте жақсы болды, көңілімнен шықты. Қазір, кейінгі жастар концерттің форматтарын өзгертіп, безендіру жағына қатты көңіл бөледі. Ербол бауырымыздың концертінің форматы тіптен өзгеше. Ал әндерінің ырғағы бөлек, өзінше бір дүние. Кеше осыған көзім жетті. Енді Ерболға тоғыз ай толғағын жеткізіп, жылына бір-екі ән жазып тұру керек. Жылтыңдап қайта-қайта жаза бергеннен осы дұрыс-ау деп ойлаймын. Себебі, әнді жазу процесі ұзақ жүреді. Сазгер әннің болмысын сезіне алу керек. Жүрегін жарып шығатын төл туынды болуы тиіс.
– Қазіргі «хит» әндер 2-3 жылдан кейін ұмытыла бастайды. Сіздің ойыңызша, композиторлар неге өміршең әндерді жаза алмай жүр?
– Сөзің орынды, шынымен де қазіргі композиторлар өміршең әндер жаза алмай жүр. Өзім де осыған өкінемін. Қазіргі композиторлар күнтізбеге қарап отырады да, «Ее, бір айдан кейін мына көкемнің туған күні келе жатыр, соған ән арнайын», немесе «Егемендік жақындап қалыпты» деп компьютерге отырады, болмаса қолына домбырасын алады да, табан астында бір ән жазады. Әннің ғұмыры қысқа болатыны осыдан. Композитор үшін ел есінде қалатын жұлдызды ән жазу нағыз бақыт. Кейде кейбір інілеріме, әріптестеріме өкпелеймін.
– Кімдерге өкпелеп жүрсіз?
– Аттарын атамай-ақ қояйын. Олар тіпті апта сайын бір ән жазады. Сонда мұны қалай түсінуге болады? Осындай бір-екі сазгерге ұрсып та тастадым. Осыдан бес жыл бұрын Тараз қаласында Нұрғиса Тілендиев ағамыздың конкурсы өтті, мен онда бас төреші болдым. Содан аты белгілі бір қарындасымыз келіп: «Аға, бүгін таңертең үш ән жаздым» дейді. Түсінбей, қайтадан сұрадым. «Ұйқыдан тұра салып, үш ән жаздым» дейді. Мен қатты таңғалып: «кәдімгі ән жаздың ба сонда? Күніне үш ән жазу дегенді сенен естіп тұрмын. Айналайын-ау, сен әр күні таңертең үш ән жазсаң, онда жылына мың ән жазасың ғой. Онда бүкіл композитор, ән жазуды қоятын шығармыз» деп қаттырақ айттым. Негізі әнді баппен, толғатып жазу керек. Жасым 70-ке келді, осыған дейін жетпіс шақты ғана ән жаздым. Ары кетсе, он-он бес әнімді халық айтып жүр. Оған да тәуба деймін.
– Сонда сіздің көңіліңізден шығып жүрген композиторлар бар ма?
– Құдайға шүкір, жақсы композиторлар бар. Мысалы, Арман Бексұлтан, Арман Дүйсенов сынды композиторлардан үміт күтемін. Олардың әндерін халық сүйіп айтып жүр. Замандастарымнан Кеңес Дүйсекеев, Төлеген Мұхамеджанов, Сейдолла Бәйтерековтер ешқашан ұмытылмайды. Олардың әндері өте жақсы, өзіндік нақышы бар туындылар. Сондай-ақ, үлкен өнердің ортасына жете алмай қалған, өңірлерде таланттар көп. Олар көзге көрінбей жатыр. Соны ойлап жаның ашиды.
– Мейрамбек, Тоқтар, Алма сынды шәкірттеріңіздің орны бөлек екенін білеміз. Ал қазір «немере шәкірттеріңіз» бар. Олар сіздің үмітіңізді ақтап жатыр ма?
– Құдайға шүкір, қазір Мейрамбек, Тоқтар, Алмалардың өз шәкірттері бар. Олар мені «көке», «ата» деп атайды. Мейрамбектің Райым Уайыс деген шәкірті бар. Мен оны «ұзын бала» деймін. «Меломен» тобы да «МузАрттың» тәрбиесін алды. Нұрболат Абдуллинді осыдан алты-жеті жыл бұрын Шәмші әндерінің халықаралық конкурсында байқадым. Осы сайыста ол грант-при алды. Шақырып жөн сұрап едім, аудан орталығында жұмыс істейді екен. Содан соң Нұрболатты «Қазақконцертке» жұмысқа алдым. Қазір Нұрболаттың жұлдызы жарқырап жана бастады. Үміт күтетін шәкірттерімнің бірі сол. Бұдан басқа да немере шәкірттерімнің бәрі жақсы әндерін халыққа ұсынып жүр. Олар біздің эстрадамыздың жалғасы. Ертең олар да шәкірт тәрбиелейді. Міне ұрпақтар сабақтастығы деген осы.
– Алматыда өткен кешіңізге Төреғали Төреәлі келмей, уәдесін берсе де концертіңізге қатыспай сізді ренжіткен еді. Қазір ара-қатынастарыңыз қалай?
– Иә, «Алтын күзім, армысың» деген концертім өтерден бес ай бұрын «Төреғали, қатысасың ба?» деп сұрағанымда «Көке, мені тастамаңыз, қатысамын» деп уәдесін берді. Концертке бірнеше күн қалғанда әкесі телефон шалып: «Төреғали Қытайға кетіп бара жатыр. Концертіңізге үлгермей қала ма деп қорқып тұрмын» деді. Сөйтіп, ақыры концертке қатыспады. Қатты көңілім қалды. Кейін алдыма келіп, кешірім сұрады. «Аға кешіріңіз, сізге айта алмайтын жағдай болып қалды. Бұл ешқандай бизнес, қаржыға тірелген мәселе емес» деді. Мен оған «Менің әнім – менің тағдырым, тағдырмен қалжыңдасуға болмайды. Қатысамын деп уәде берген соң, қатысу керек. Қатыспайсың ба ашық айт, орныңа адам табылады» деп салмақтырақ айттым. Одан кейін бұл тақырыпты қайта қозғамадық.
– Қазіргі қазақ эстрадасының халі қалай деп ойлайсыз?
– Құдайға шүкір, қазақ бар жерде, қазақ эстрадасы ешуақытта өлмейді. Бірақ кемшіліктер де жоқ емес, мысалы кейбір әріптестерім Еуропаға әнсапармен барса, сол жақтың әндерін арнайы таңдап ұнағандарын алып келіп, оған қазақша мәтін жаздыртады екен. Сөйтіп «бұл менің әнім» деп айтатын көрінеді. Мен осыған қарсымын. Біреудің дүниесі біреуге дүние болмайды. Өзіңнің жүрегіңнен жарып шықпаған соң, ол ән сенің абыройыңды асқақтатпайды.
– Соңғы уақытта сізді жастардың қасынан көп көреміз. Жақында «Кел, келінім» бағдарламасынан байқап қалдық. Бұл бағдарламаларға көзқарасыңыз қалай?
– (күлді) Мені осындай бағдарламаларға жиі шақырады. Өзім де ақкөңілмін, жоқ дей алмаймын, шақырған соң барамын. Ал «Кел, келінім» қазақтың нағыз менталитетін көрсететін бағдарлама. Маған ұнайды.
– Қазір жиі ән жазасыз ба?
– Қазір анда-санда домбырамды қолыма аламын. Балаларыма, немерелеріме ән айтып беремін. Ал енді ән шығаруға онша құмар емеспін. Ән жазу үшін жастық керек, ерекше шабыт қажет. Сонда да жылына бір-екі ән жазып жүрмін. Соңғы жылдары М. Мақатаевтың өлеңіне жазылған «Таудағы көктем», С. Тұрғынбековтың өлеңіне жазылған «Менің дағы бір аққуым бар шығар» деген әндерімді халық жақсы қабылдады. Мен Қырғызстан мемлекетінің еңбек сіңірген артисімін. Өзім де ол жаққа көп барамын. Осы тақырыпта ойланып жүріп, «Қырғыз қызы әдемі» деген ән жаздым. Әні де, сөзі де өзімдікі. Мұны осы жылдың жақсы әні деуге болады. Қазақта «он алты қыз» деген халық әні бар ғой. Мұнда қырғыздың аңызға айналған жиырма қызының аты аталады. Бір жағы әзіл ән.
– Тағы не жасағыңыз келеді?
– Ойда жүрген бір арманым бар. Соңғы кездері айтысқа қатты көңілім ауып жүр. Сонау он тоғызыншы ғасырда өмір сүрген Ұлбике деген айтыскер апамыз болған. Жамбыл облысы Талас өңірінде туған. Сол апамыз туралы Мырзатай Жолдасбеков ағамыз спектакль қойды. Мен сол спектакльге музыка жаздым. Енді осы спектакльді қайта қолға алып, операға жақындатып үлкен музыкалық драма жазғым келеді.
– Айтыс деп қалдыңыз. Соңғы кездері айтыста әділ қазылардың қатарында жүрсіз.
– Иә, менің де кішігірім ақындығым бар. «Сырғалым», «Қара кемпір», «Айдай сұлу аруым», «Қырғыз қызы әдемі» әндерімнің сөзін өзім жаздым. «Қара кемпірдің» он екі шумағын өзім жаздым. Жақсылық Сәтібеков ағамыз оны жетпіс екі шумақ қылып, үлкен поэмаға айналдырды. Жақында ғана дүниеден өткен Әбдірахман Асылбеков ағамыз маған таңғалып: «Алтеке, сенен кейін автор болғым келмейді» дейтін. Өлеңге аздап қатысымыз болған соң шақырған жерге барып, қазылық етіп жүрген жайым бар.
Сұхбаттасқан Нұргүл АЛЯСОВА
(«Жұлдыздар отбасы» журналы)