– Аға буын әншілердің қатарына еніп келе жатқан әншісіз. Артыңыздағы іні-қарындастарыңыз үлгі, тәрбие аларлық жасқа да келіпсіз. Осы жауапкершілікті сезініп жүрсіз бе?

– Бұл жауапкершілікті тек қана аға буын арқалауы тиіс деп ойламаймын. Артыңдағы ұрпақ алдындағы жауапкершілікті әрбір өнер адамы сезінуі қажет. Өнер адамы қандай жаста болсын, елдің алдына шыққан кезде жүріс-тұрысы, сөз саптауына мән беру керек. Өзіңнің артыңда еріп келе жатқан іні-қарындастарымызға деген жауапкершілікті тек «мен отыздан астым екен, мен аға буын екенмін» деп сол кезде ғана ойлана салмауы керек. Қазіргі әншілер арасында «ән жазсам болды» деп әуені мен мәтінінің сапасына қарамайтындар көбейді. Олардың көкейінде «әнді жаза берсем, жаза берсем, әйтеуір бірі ілініп хит болып қалар» деген ой ғана. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп ән жаза беру – үлкен зиян дүние екенін ешкім сезінбейді.

– Осыдан екі-үш жыл бұрын шығарма­шылығыңызда үзіліс болды. Қазір қайта қолға алып жатқандайсыз. Жиі-жиі жаңа әндеріңіз шығып, тыңдармандарыңыз қуанып жүр. Сол кездегі сахнаға көп шықпай кетуіңізге не себеп болып еді?

– Мен Алматыға ата-анамды көшіріп алып келдім. Бірақ ол кісілерге бұл жақтың ауа райы жақпады. Сол себептерден денсаулығы нашарлаған анам дүниеден озды. Әкемнің қан қысымы жоғарылап кетті. Содан соң дәрігерлердің ақыл-кеңесімен бұл жақ қолайсыз деп, қайта Шымкентке көшуге тура келді. Алматыда 12 жылдай тұрдым. Армандап келген Алматыны тастап кетуге қимадым, әрине. Дегенмен, әкемнің денсаулығы бәрінен қымбат болды. Мен отбасымызда ұлдан біреу болған соң, әкемді Шымкентке жіберіп, өзім Алматыда жүре алмадым. Жер ауыстыру, көшіп-қону дегеннің қиындығын білеміз. Осымен біраз уақыт өтті. Одан кейін отбасылық күрделі жағдайлар болды. Анамыз қайтыс болған соң, әкем екінші некелі болды. Менің де жеке өмірімде өзгеріс болды. Бірінші некем сәтсіз болып, екінші рет үйлендім. Аллаға сансыз шүкір, ұлды-қызды болдық. Сіз айтып отырған үзілісте өнерге қарағанда өмірге көбірек көңіл бөлінді. Ал өнер деген әлпештеуді қажет ететін дүние. Сондықтан екі-үш жыл өнерге баяғыдай ынта-жігеріммен кірісе алмай, біраз үзіп алдым. Қазір Алланың қолдауымен шығармашылығымды қайта қолға алудамын. Міне, енді ғана әніме жаңа бейнебаян түсіріп келдік. Бұл туындымыздың да бағасын жуырда бере жатарсыздар.Похожее изображение

– Сіздің орындауыңыздағы «Тыңда» әні қазір хит әндердің біріне айналып кетті. Бұл ән қалай жазылды? Әннің хит болып кететінін алдын ала сездіңіз бе?

– Шынымды айтсам, ән осылай тез арада тыңдарманға жол тауып кетеді деп ойлаған жоқпын. Бірақ осы әнді мәтініне қарап отырып ризашылықпен айттым. Әннің сөзін Қайнар Алагөзов өз идеясы бойынша жазып берді. Ең бірінші осы:

«Жүр дегенде жүр,

Қал дегенде қал.

Басым ауырса,

Балмен емдеп ал», – деген қайырмасы шықты. «Мына өлең жолдары жақсы екен, ән қылсақ қалай болады?» деп ән жазғымыз келді. Кейін Қайнар бауырым әрі қарай қайырмадан бөлек шумақтарын шығарып берді. Ағаларымыз: «Еркін осы әнді шығарғаның жақсы болды, келіншегімізбен келіспей жатсақ, осы әнді тыңда деп айтамыз» дейді. Тараздағы бір таныс ағамыз: «Еркін, айналайын, мен сені жақсы көремін. Отбасымызбен сенің әндеріңді тыңдаймыз. Бірақ жақында үйдегі жеңгең сені ұнатпай қалды. Осыған бола екеуміз ұрысып қалдық», – деді. «Маған бола ұрысатындай не болды?» деп қорқып кетсем, «Әй, сенің «Жүр дегенде жүр» деген әніңнің:

«Мәжнүнің болып сен десем Ләйлім,

Сенсең бағымсың, сенбесең қайғым.

Тұлпар айналып қазығын табар,

Мен де сондаймын, мен де сондаймын», – деген жолы жеңгеңе ұнамай қалған екен. «Егер мен де сондаймын деп айтатын болса, бұл бала бұзылайын деп жүр екен» деп саған ренжіді дейді (күлді). Мұндай әңгімелерді көп естіп жатырмын. Осыған қарағанда бұл ән жастың да, кәрінің де арасында тыңдалып жатқан секілді. Танымалдылығынан бөлек, ең бастысы, бұл әннің тәрбиелік мағынасы бар. Сондықтан, бұл әнім халықтың көңілінен орын алып жатса қуаныштымын.

– Сол әнге түсірген бейнебаяныңызда отбасыңызды көрдік. Бірақ «Еркін отбасын көрсеткенімен әйелін түсірмепті» деп көп көрермен пікір айтты. Әйеліңіздің бейнебаянда көрінбеуіне не себеп болды?

– Бұл менің келіншегімді жасырғаным емес. Барлығы менің келіншегімнің бар екенін, үйлі-баранды адам екенімді біледі. Алланың алдында адал некелескен жарым болған соң оны барынша жариялауға тырысамын. Бірақ бейнебаян – менің жеке шығармашылығым. Менің жұмысыма келіншегім ешқашан араласқан емес. Тек кейде көріп тұрған кемшілігі болса: «Мынаны былай жөндесеңіз қалай болады?» – деп ұсыныс айтқаны болмаса, жалпы менің шығармашылығыма аралас­пайды. Келіншегімнің менің бейнебаяныма түсіп жүретін де уақыты жоқ. Жақында ғана үшінші балалы болдық. Баласымен қоса үйдің шаруасы бар. Бір келінге үйде тірлік жететінін бәріміз де білеміз ғой. Жалпы сөздің түйіні, «жарым үйіндегі шығармашылығын жөндеп жатыр» дегенім дұрыс болар (күлді).

– Жанымның саясы,
Жаныма таяшы.
Мауқымды басайын бір.
Саялы жаныммен
Аялы әніммен жолыңа
Шашайын гүл», – деп қызыңызды әнге қосыпсыз. «Қызымды сүйгендей сүймеймін өзімді», – дейсіз тағы бір сөзіңізде. Қызыңыз өзіңізге қатты жақын секілді. Сая әкесінің қызы ма?

– «Қыз әкеге жақын болады» деп естуші едім. Қызым дүниеге келгелі осы сөздің рас екеніне көзім жетті. Бірақ қызымды ерекше жақсы көруіме тек бұл себеп болды деп ойламаймын. Тұңғыш ұлымыз дүниеге келгенде қазақтың салт-дәстүрімен ата-апасының қолына бердік. Ұлым дүниеге келгенде әкем: «Бұл бала енді сенің інің болады», – деді. Баламыз бір айға дейін ғана қасымызда болып, ата-апасының тәрбиесіне өтті. Баламыз біздің жанымызға жатқан да емес. Сондықтан ұлым дүниеге келгенде әкелік сезімді сезіне қоймадым деп ойлаймын. Қызымыз Сая өмірге келгенде қасымызда болды, әр жаңа қылығына қуандық. Оның жылағаны мен күлгені көз алдымызда өткен соң қатты жақын болды. Оның нәзіктігі, «папа» деп еркелегенін көргенімде жарты әлемді ұмытып кеткендей боламын. Сая – менің әкелік махаббатымды оятқан перзентім. Әдетте балалар әкесі алыстан келсе «Маған не әкелдің?» деп сұрайды ғой. Әкесінің әкелгенін алған бала әрі қарай ойынын ойнап кете береді. Менің Саям алыс­тан келгенімде «Маған не әкелдің?» деп ешқашан сұраған емес. Ұзақ сапардан үйге келсем «папа» деп мойныма келіп асылады да бір сағаттай уақыт тіс жармай құшақтап алады. Ешқайда жібермейді. Қызымыз екеуміз бір-бірімізді қатты жақсы көреміз.

Картинки по запросу еркін нұржанов

– Ұл-қыздарыңыздың мінезі кімге тартқан?

– Қызым өте сабырлы болатын сияқты. Өйткені оның байыптылығы қазірден байқалады. Іс-қимылдары да, асықпай сөйлеуі де, көп нәрсеге алаңдай бермейтіні де оның сабырлы, ұяң қыз болатынын көрсетеді. Ал шалдың ұлы Қайырдың қимылы ширақ, тынымсыздау. Бір орында тұрмайды. Кішісі енді ғана дүниеге келгендіктен мінезін болжай алмадық.

– Жақында үшінші рет әке атандыңыз. Бауы берік болсын! Қызыңыздың есімі кім? Атын кім қойды?

– Қызымның есімін Ақбаян деп өзім қойдым. Марқұм анамның есімі Баян еді. Қызым дүниеге келгенде әкемнен рұқсат сұрап, анамның есімін қойғым келетінін айттым. Имам кісілермен де ақылдасып көрдім. Ол кісілер: «Марқұм анаңыздың есімін қою шариғатта еш қайшы келмейді», – деп мақұлдады. Ақырында бір ауыздан шешімге келіп, қызыма Ақбаян деп ат қойдым. Атын қоюын қойған соң, бұл үйде біраз мәселе болды. Сөйтсек, келіншегім анамның келіні болған соң, атын атай алмады. Ол қазір Ақбаянға Ақсұлу деп ат қойып алды. Сол күйі қызын Ақсұлу атап жүр.Похожее изображение

– Ақбаян аппақ қыз болар? Анасы аққұба ғой…

– Аллаға шүкір, жорамалыңыз рас. Дегенмен, қызым келіншегіме емес, марқұм анама қатты ұқсайды.

– Бір әңгімеңізде: «Балаларымды еркелетіп еміреніп жатсам, әкем: «Е, балаға да бала керек екен ғой» деп езу тартты», – депсіз. Атасы Қайырды сізден қызғанбай ма? Ол кісінің алдында именіп, оны еркелете алмайтын боларсыз?

– Қайырға еркелетуден бөлек, қатты сөйлей де алмаймыз. Кейде Қайыр мен Сая бала болған соң ойнап, ойын үшін жылап қалып жатады. Сол кезде мен барып Саяға емес, Қайырға: «Сен үлкен емессің бе, қарындасыңа неге бас-көз болмайсың?» – деп ұрсамын. Мұны көрген әкем: «Үйде барлығыңның шамаларың тек менің балама келе ме? Осы менің балам бәріне кінәлі ме?» – деп ашуланады. Бала болған соң кейде тентектік жасаса «тәйт» деп жөнге салып тұруымыз қажет қой. Осыған үйдегі апамыз жылап қалып жатады. Апамыз да: «Менің балама қатты сөйлемеңдер», – деп бізге айтып қойған.

– Инстаграмда өте белсендісіз, жиі жарнама да жасайсыз. Инстаграмды өзіңіз жүргізесіз бе?

– Инстаграмды жеке өзім жүргізіп жатқаныма жарты жылдай уақыт болды. Аллаға шүкір, оқырмандарым өте белсенді.

                                     Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ

Пікір қосу