Жалпы, боксқа үлкен реформа керек. AIBA-ның бұрынғы президенті Чинг Куо Ву мырза келгелі бокста үлкен реформалар жасалып, жеңімпазды анықтау жүйесі мүлдем өзгерді. Вудың негізгі мақсаты – әуесқой бокстың деңгейін кәсіпқой бокспен теңестіру болған. Алайда ол мақсат өз нәтижесін берген жоқ. Әрбір соққы есептеліп, ұпай берілетін. Ал қазір отырған бес төреші өзінің көзіне қай боксшы белсенді көрінді, кім жылдам көрінді, соған жеңісті береді. Осыған байланысты жанкүйерлер арасында көптеген түсініспеушілік пайда болып жатады. Мәселен, бір төреші белсенді болған боксшыға 30-27 деген есеп берсе, сол мықты көрінген боксшыны келесі төреші 28-29 деген есеппен жеңілдіре салуы мүмкін. Осы тұста түсініксіз жағдайлар көп туындайды. Қазақстан боксшылары осы жолы сол жаңа ереженің құрбаны болды. Риода да солай болған. Бұдан бөлек те бокс спортында біраз дау болып жатыр. Бәрі айналып келіп, төрешілер жүйесінің әлсіздігін көрсетеді. Ал әуесқой бокс пен кәсіпқой боксты теңестіргісі келсе, онда әуесқойды 10 раунд қылу керек. Сонда 10 раунд ішінде бір боксшы құлап тынады, екіншісі айқын басымдықпен жеңіске жетеді. Ал үш раундтың ішінде біреуді айқын көзге түсті деп айту қиын болады. Сондықтан бұл жүйені өзгертуге Қазақстан атсалысуы керек. Өйткені Серік Қонақбаев, Тимур Құлыбаев сияқты белсенді тұлғаларымыздың көмегі керек. Әйтпесе боксшыларымыз осылай зардап шеге береді.

Ішкі жағдай бапкерлерге, боксшыларға жақсы таныс шығар. Бірақ дәл бұл жерде федерацияның еш кінәсі жоқ. Себебі, бүкіл жағдайды жасады. Жалпы, біздің елде боксқа жақсы жағдай жасалған. Боксшылар алаңсыз жаттыға алады, өздерінің материалдық мүмкіндіктері үшін еш қам жемейді. Дегенмен біздің боксқа тың серпіліс әкелу үшін федерация бапкерді ауыстыруы керек шығар. Дәл біздің бокста бәсекелестік бар. Резервте тұрған жастар жеткілікті. Бірінші нөмір саптан шықса, оны басқа боксшы еркін алмастыра алады. Бізде ешқандай проблемасы жоқ бір спорт болса, ол – бокс шығар. Ал ондай нәтижеге жеткізіп отырған федерация. Сондықтан оның еңбегін ескермей қоюға болмайды. Бірақ біздегі бір минус – Қазақстанда төрешілерді дайындау мәселесі ақсап тұр. Азия ойындарында бірде-бір қазақстандық төреші болмады. Әрине, Азиададағы сәтсіздігімізді бұл мәселемен байланыстыруға келмейді. Алайда осындай ірі турнирлерде әлемдік бокс державасы атынан бір төрешінің болмауы бізге сын.

Бізде жастар арасында Әлем чемпионы болған спортшылардың көбі кейін ұлттық құрамаға іліне алмайды. Соның бірі – Садриддин. Ол 69 келіде жастар арасында әлемнің алтынын алды. Бірақ өзіне ұлттық құрамада орын жоқ екенін біліп, кәсіпқой боксқа кетіп қалды. Өйткені ол кезде Данияр Елеусінов әлі бір шешімге келмей, біресе әуесқойға келіп, біресе кәсіпқойға ауысамын деп жүрген болатын. Сол кезде Садриддин ауысып кетті. Бұл да – үлкен жоғалту. Одан кейін жастар арасында Әлем чемпионы атанған Шалқар Айқынбай, Сұлтан Зауырбек деген жігіттер және жасөспірімдер арасындағы олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Казаков деген спортшы болған. Қазір осылардың ешбірі жоқ. Олар қайда кетті? Неге біз оларды ересектер арасына тартпаймыз? Шалқар өз салмағында үшінші боксшы, ал Сұлтан кәсіпқой боксқа кетті. Алайда олардың бір қателігі – Қазақстан чемпионатында жеңіліп қалды.

Бәсекелестік – дамушы елдерде көп болады. Тиісінше, көршілер де жиі бәсекелеседі. Спортта бәсекенің болуы заңдылық. Бірақ қазақ пен өзбек арасындағы бәсеке тәуелсіздік алғаннан бері келе жатыр. Мен Азия ойындарындағы нәтижемен бүкіл елдің спорттық дамуын салыстыра алмаймын. Негізгі көрсеткіш – олимпиада ойындары. Өзбектер көп алтынды өздеріне таныс ойындардан алды. Ал олимпиадалық спорт түрлерінен алған жүлделерді салыстыратын болсақ Қазақстанның нәтижесі жаман емес. Мысалы, біз семсерлесуден, каратэден алтын алдық. Бұл – өрлеу. Сондықтан спорттағы екі ел арасындағы текетірес жалғаса береді. Қалыпты жағдай. Оған сонша уайымдаудың қажеті шамалы. Ал Мирзиеев келгелі Өзбекстан бойынша өзгеріс, соның ішінде Ұлттық олимпиада комитетінде өзгеріс болып, жаңа басшылар келді. Жаңа бастықтың бастамасы кейде сәтті болады, кейде сәтсіз болады. Мәселен, бізде Құлыбаевтың жаңадан келгеніне қарамастан, әлі керемет нәтиже бола қойған жоқ. Екі үлкен жарыста қатарынан жоспар орындалмай отыр. Біреуі – қыста болған Пхенчхан ойындары, екіншісі – осы жолғы Азиада. Енді оны өздері саралап, қорытынды жасай жатар. Ал Өзбекстанға келетін болсақ, бұл жолғы Азиада – ол елдің олимпиада комитетіндегі жаңа басшылықтың алғашқы үлкен табысы. Екі ел арасындағы бәсекелестік жалғасады. Ол үйреншікті жағдай. Бірде Өзбекстан, бірде Қазақстан озады.

 

 

Пікір қосу