Бүгін Қазақстан жұртшылығы танымал спортшы, осыдан екі күн бұрын Алматының орталығында қылмыскер пышағынан мерт болған Денис Тенмен қоштасып жатыр деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Марқұммен қоштасу рәсімі өтетін Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына таңертеңнен бастап адам толассыз келіп жатыр. Азалы жиын өтетін сарайға жиналған спорт және мәдениет қайраткерлері, Денис Теннің дос-жарандары, қарапайым жұрт 25 жасында қапыда қаза тапқан өнерлі жігіттің туған-туыстарына көңіл айтып, табыт алдына гүл қойып, марқұммен қоштасып жатыр.

Танымал спортшы Денис Тенмен қоштасу рәсімі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Алматы, 21 шілде 2018 жыл.

Астана қаласында «Барыс-Арена» спорт кешенінде өтетін азалы шараға жиналған жүздеген адамның арасында қазақстандық танымал спортшылар, мәдениет пен өнер қайраткерлері, депутаттар мен шенеуніктер, қарапайым азаматтар бар.

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, екі мәрте әлем чемпионатының жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы Денис Тен шілденің 19-ы күні Алматының орталығында пышақпен жасалған шабуыл салдарынан қаза болған.

Денис Тенді бүгін Алматы қаласы Достық шағын ауданындағы зиратқа жерлейді.

Пікір қосу