Белгілі актер, тележүргізуші Рахман Омардың жұбайы, актриса Ақмарал Дайрабаевамен аз-кем сұхбаттасудың реті келді. Juldyz.kz сайты сұхбатты назарларыңызға ұсынады.

– Ақмарал, сәлеметсізбе, әйел баласы тым сезімтал келеді ғой. Рахман аға екеуіңіздің махаббат хикаяларыңызды айтып беріңізші.

–  Негізі бұл кісіні мен студент кезімнен танимын. Бірақ ресми түрде осы театрға жұмысқа келгенде таныстық. Мен жаңадан орналасқан кезімде, гастрөлге кететін, басты рөлді сомдайтын актриса аяғын сындырып алып, оның орнына сол түлкіні мен сомдайтын болдым. Сөйтіп рөлді алып, түнімен дайындалып, ертесі Талдықорғанға кеттік. Сол қалада дайындық жұмысы басталар кезде мені таныстырды. Содан Рахман аға «Кеше ғана біздің театрға кіріп, ешбір дайындықсыз, бізбен гастрөлге шығатын кім еді ол?! Мына актрисамен ойнамаймын»  деп маған ұрысып жатыр. Басқа актрисаны шақырып ала алмайтынымыз белгілі ғой, барлығы «Шегінерге жол жоқ» деп оны тыныштандырып жатты, мен жылап отырдым, сұмдық бір аласапыран сәтті бастан өткіздік. Қойылым аяқталғанда арқамнан ауыр жүк түскендей рахат күй кештім. Барлығы мені «Жақсы ойнадың» деп келіп құттықтап жатты. Содан кейін Рахман аға жүгіріп келіп, құшақтап «Қарындасым, мені кешір. Түсінесің ғой енді, алып шыға алмайсың деп ойлап едім. Жақсы ойнап шықтың» деді. Содан кейін дос болып кеттік әрі кез келген спектакльден кейін ең бірінші келіп дұрыс емес жерлерін айтатын сыншым осы кісі болды.

– Ары қарай қарым-қатынастарыңыз қалай өрбіді?

– Менде бір кішігіріп проблемалар болып жүрген кез. Көңіл-күй жоқ, өзіммен өзім тұйықталып жүргенмін. Соны Рахман аға байқап жағдайымды сұрап, қамқорлық танытып, ақыл-кеңесін айтып жүрді.7-8 ай ағалы-қарындас болып сырласып жүр едік, ары қарай махаббатқа ұласып кетті ғой (күліп). Кейіннен бір-бірімізбен әңгімеміз жарасып, сырласып, араласа келе көп ұқсастықты байқай бастадық. Жанымыз түсінісіп тұрды. Бір сөзбен айтқанда біз бір-біріміз үшін жаралған жандар екенбіз.

– Неге «Аға» дейсіз?

– Біз бір ұстаздан бітірдік. Академияда екі шығарылымнан (выпуск) кейін оқуға түстік. Жұмысқа көзіміз жәудіреп келген кезде, бұл кісілер аттарынан ат үркитін актер болды. Субординация сақталған. Қайта жақсы ғой, отбасы болғаннан кейін ыдыс сылдырламай тұрмайды. «Сіз» деп сызылып алдында сен тұрғанда қатты сөздер айтылуы мүмкін емес. Міне, 10 жыл болды «Сіз» дегеннен, «Аға» дегеннен ұтылған, жаманшылық көрген жоқпын. Бала-шаға «Рахман ағаңызды тамаққа шақырыңыз» деп күледі.

КТК арнасы "Басты кейпкер" багдарламасына сыр сұхбат беру үстінде🌷🌷🌷

A post shared by Акмарал Дайрабаева (@daira7) on

– Рахман ағамыздан сұрай алмай отыр едім, өзіңізден сұрайын. Рахман Омаров қандай әке, қандай жар?

– Өмірде де өнерде де керемет адам ғой. Күліп жүреді, барлығына жанашыр, қамқор. Оңайшылықпен ашуланбайды. Ашуы қатты, бірақ оған жеткізбейміз. Балаларына ұрыспайды. Үйдегі «бабай» менмін (күліп). Екеуін «Мамаң келе жатыр» деп қорқытады. Ұлымнан кім боласың деп сұрасаңыз «Папа» боламын» деп жауап береді. Расымен, балапандарымыз үшін  әкелері – эталон, сырын да, мұңын да, қажеттілігін де айтатын жақын досы. Рахман аға жолға шықса «Сіз алысқа кетпеңіз, балаларыңыз қиналатын болды» деп айтамын, бір жағынан ондай кезде мен де 2-3 кг салмақ тастаймын. Ол келсе болды көңілім жайланады да, еркелеп жүріп қайта салмақ қосамын (күлді).

Бәрі бізге таң қалады. Себебі «Мына жігіт сымбатты», «Ана қыздың дене-бітімі әдемі» деп айта береміз. Жұбайлар бірін-бірі жалықтырмай, қызықтырып отыру керек деп ойлаймын. Үйде тек қана «Әйелмін ғой» деп бір халатты киіп алып жүре берсең, адам жалығады ғой сенен. Неге көп еркектер басқа әйелді көрсе, көз алмай қарап қалады? Себебі, жанында жай ғана әйелі отырады. Ал ер адам қашан да әдемілікке қызығады. Сондықтан әдемі болып жүрсең, мыңның арманы, бір адамның қалаулысы болып жүрсең, жұбайың әрдайым жаныңда болады деп есептеймін.  Оның үстіне Рахман аға бетімнен қақпайды және менің талғамымды сыйлайды. Қысқа болсын, ұзын болсын, өзім қалағанды аламын, киемін. Аяқ-киім сияқтыларды көптеп ала беретінім бар, «Үй саласың ба» деп қалжыңдап қояды. Үйде жанұямыз, ата-анамыз, жұмыста әріптеспіз. Қыз бен жігіт болып киноға, кафеге, тіпті саунаға да бірге барамыз. Бір-бірімізді үнемі еркелетіп жүреміз. Біз осындай отбасымыз.

Әңгімелескен Гүлім Рысқұл

1 пікір

  1. Мен Рахман аганын алгашкы отбасымен турганда билетинмин. Алгашкы жары балалары адеми суйкимди жандар болатын. Мен танмын, оз отбасын тастап жас кызга уйленип алганына.

Пікір қосу