Бүгін Алматыда «Қазжол» қонақүйінде халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың шәкірттерінің ұйымдастыруымен баспасөз мәслихаты өтті. Бұл туралы juldyz.kz сайтының тілшісі хабарлайды.

Баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет қайраткері, композитор Қадырғали Көбентай өзінің қызына қысым жасалып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тарапынан жасалып отыр.

«Бұл баспасөз мәслихатын ұйымдастырып отырған — Тұңғышбай ағаның шәкірттері. Сотта әділетсіздік орын алды. Біз соны қалың бұқараға жеткізсек деп едік. Барлық әңгіме айналып келіп, Арыстанбекке тіреліп жатыр. Біздің онымен бес бересіміз, алты аласымыз жоқ. Мені ел ішінде «ең досы көп әртіс» деп атайды. Бүгін енді басқа жағдаймен бетпе-бет келіп отырмын. Маған осы жиынның алдында жоғары жақтан «өткізбеңдер» деген бірнеше қоңыраулар түсті. Дәл қазір Минскіде гастрольдік сапарда жүрген қызыма да жетіпті. Арыстанбек «Астана балет» театрының директоры Валерий Күзембаев арқылы менің бұл жерде болмауымды талап еткен. «Бала — адамның бауыр еті» ғой. Ортаға баланы салып бопсалау — әрбірден соң қылмыстық іс. Қызымды «жұмыстан шығарып жіберемін» деп қорқытқан. Маған уатсап арқылы балам айтып отыр. Жоғарыда айтқандай, мен бұрын журналисттердің сұрағына «дұшпаным жоқ» деп айтушы едім. Бүгін өмірімде бірінші рет дұшпаным пайда болды деп есептеймін, — деді Қадырғали Көбентай.

Баспасөз мәслихатында Т. Жаманқұлов тергеу кезінде өзіне жасалған қысымдар жайлы баяндады.

«69 млн жымқырды» деген айып негізсіз. Өйткені, киноға бөлінген 69 млн. теңгенің 44 млн. есебі есеп комитетіне өткен. Қалған 35 млн. теңгенің есебін «Қазақфильм» министрліктің бұйырығымен қабылдамай қойды» деді белгілі актер.

Сондай-ақ, Т. Жаманқұлов бүгін адвокатының қалалық сотқа апеляциялық шағым түсіріп жатқанын мәлімдеді. Қоғамда шулы болған «Феникс ісіне» қатысты Тұңғышбай Жаманқұловтың ауқымды сұхбатын «Жұлдыздар отбасы» журналының алдыңғы сандарының бірінен оқитын боласыздар.

Пікір қосу