— Енді әңгімемізді жеке өміріңізге қарай бұрсақ. Жақында үйленіпсіз. Құсыңыз құтты болсын!

— Рақмет!

 — «Өзі аң-құстың даусын салып тұрса, әлі күнге дейін мультфильм көрсе, ондай жігітті қыз қайтсін?» деген едіңіз бір қойылымыңызда. Кейде қыздар актерлерге қалжыңы шығар деп сенбей жатады. Сүйген сыңарыңызды табу қиын болды ма?

— Қиын болды немесе қиын болған жоқ деп айта алмаймын. Барлығы бір Алланың қалауымен ғой. Әйтпесе, әртістігімізді айтып, сөзімізге сенбей, теріс айналған қыз болған емес. Мен биыл үйленсем, демек, Аллах Тағала маған осы жаста үйленуді нәсіп етті деген сөз.

 — Естуімізше, жарыңыз Марал Тараздың аруы екен. Қалай таныстыңыздар?

— Менің Шынар деген әпкем бар. Сол әпкем үйге әр келген сайын «Біздің үйдің астыңғы қабатында әдемі бір қыз тұрады. Сен сонымен танысып көрші, өзі маған ұнайды» деп айтып жүретін. Көршісі болғаннан кейін Маралды жиі көретін болса керек. Бір күні әпкемнің үйіне бардым. Менің келгенімді естіп, бір қыз суретке түсуге іздеп келді. Есімі Марал екен. Сөйтсем, Шынар әпкем бізді таныстыру үшін мұны әдейі ұйымдастырған екен. Былай қарасам түрі әп-әдемі екен. Мінезі де жаман емес сияқты… Ертесінен бастап әпкемнің үйіне емес, Маралға жиі баратын болдым (күлді).

 — Марал сіздің жүрегіңізді қандай қасиеттерімен жаулап алды?

— Өз әйеліңді өзің мақтаған біртүрлі екен. Елден асып түсіп жатқан ештеңесі жоқ. Кәдімгі қарапайым ауылдың қызы.

 — Тойыңыз көңіліңізден шықты ма?

— Қарапайым той болды. Көңілімнен шықты.

 — Бал айын қайда өткізбекшісіздер?

— Біздің бір айымыз бал емес, бүкіл өміріміз бал айы болып өтсе деймін. Шынымды айтсам, мен бал айы деген нәрсені онша түсінбеймін. Келін деген есік аттай салып, «бал айы» деп шетелге қыдырып кетпей, келіндік міндетін атқару керек қой.

(…толық нұсқасы

«Жұлдыздар отбасы» журналының

№2 (236) қаңтар 2017 жылғы санында)

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

Пікір қосу