Ғани Құлжанов 1965 жылы 20 қыркүйек күні Қызылорда облысы, Жалағаш кентінде дүниеге келді. Ол актер, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері.

Жастық шағы

«Кішкентай кезімде дауыстың өзгеріске ұшырайтынын мен білмеппін. Кім ән айтса, сол әнші болады екен деп дарылдап ән айта беретінмін. Сөйтіп жүргенде, дауысымды бүлдіріп алдым. Сосын оқуға түскеннен соң театрға бардым. Рысжан Айнақұлов деген ҚР ЕҢбек сіңірген әртісін көріп актер болғым келді» (Актердің сұхбатынан).

Ғани Құлжанов 1984 жылы Қызылорда қалалық музыкалық училищесін және  1991 жылы Алматы мемлекеттік театр және кино институтын тәмамдаған.

Еңбек жолы

Ғани Құлжанов 1990-2007 жылдары М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қызмет атқарды. Ол 2007 жылдан бастап Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрынның әртісі, Жас көрермендер театрының бас директоры боп тағайындалды.

Ойнаған рөлдері

Актер Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесінде» Құмар, К.Аширдің «Қабыл — Адам ата перзентінде» Абыл, Ә.Кекілбаевтың «Абылай ханында» Әбілмансұр, М.Мақатаевтың «Қош,махаббатында» Айбар, У.Шекспирдің «Гамлетінде» Клавдий, т.б. бейнелерін сәтті ойнаған. Сондай-ақ, Құлжанов отандық телесериялдар арқылы белгілі.  Ол «Тоғысқан тағдырларда» Джоха, «Қарашегірткеде» Диас, «Ләйләнің намазы», «Көгершін қоңыраушысы» көркем фильмдеріне түскен. Гастрольдік сапармен Иран, Өзбекстан, Ресей елдерінде және Қазақстанның барлық облыстарында болып, өнер көрсеткен.

Жетістіктері

Ғани Құлжанов Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, грамоталармен марапатталған. Ол 2015 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды.

Пікір қосу