Үрниса АЙБЕРГЕНОВА (1937 – 2006)

Төлегенді ойласам, өзім басымнан өткізген өмірдің қызығы мен қуанышы, қайғысы мен мұңы көз алдымнан елес береді.
…1954 жылдың күз айы болатын. Ташкенттің Низами атындағы педагогикалық институтының тіл-әдебиет және тарих факультетінің алғашқы курсына қабылданған бір топ жастар екі айға ауылшаруашылық жұмысына аттандық.
Ә дегеннен бір-бірімізге бауыр басып, «тонның ішкі бауындай болып» кеттік. Туған шаңырақтан тұңғыш ұзап шыққандықтан ба, жұмыс бітісімен үйге деген сағыныш мені ауылдан бір-ақ шығарды. Барсам, әкем ауыр науқастанып жатыр екен. Көп бөгелмей оқуға келген соң, үлкен қаладан әкемді меңдеген дерттің емделу жолдарын іздестіре бастадым. Қала ішінде ақы төлеп қарайтын емхана бар көрінеді. Соған әкемді шақырттым. Бұл емханаға көрінетін жұрт та көп сияқты. Өйткені кезекке таң атпай, түнгі сағат үш жарым, төрттерде барып тұру керек. Ташкенттің орта тұсындағы емхана біздің жатақханадан қашық, әрі мен баратын уақытта көлік жүрмейді. Менің сенгенім – бірге оқитын жолдастарым, солардың бірі болмаса бірі қол ұшын беретін шығар деген ой. Айтқан сөзімді жерге қалдырмайды-ау деген бірнеше жігіттерге барып жағдайымды айтып көрдім, біреуі де беттемейді. Қыздар олардан бетер қорқады. Менің іштей қиналғанымды сезіп, қайдан естігенін білмеймін, Төлеген келді қасыма, келді де: «Ертең ерте мен сені ертіп барайын», – дегені. Талдырмаш, қағылез қара баладан мұндай шешімді күтпеген едім, таңырқап қалдым да бас изедім.
Түнде ерте тұрайын деп жатқаныммен ұйқым келмеді. Әлден уақытта сәл қалғып кеткен екенмін, есікті шерткен дыбыстан ояндым. Төлеген екенін бірден білдім. Түн жарымында, тас қараңғыда аяңдап келеміз. Сонда мен қауіп-қатер атаулыға бас тігіп қасымда келе жатқан қаршадай жігіттің кейін өмірлік бақытым да, ғұмырлық қайғым да боларын сезбеппін.
Біраз жүргеннен кейін алыстау жерден екі-үш адамның қараңдаған сұлбасы көрінді. Менің бойымды қорқыныш сезімі биледі. Төлегенге қарасам, еш сыр бермей аяңдап келеді. Біз жақындай бергенде қарсы көрінгендер басқа көшеге түсіп кете барды. Межелі жерге бір жарым сағаттан кейін жеттік. Мен келісімен тіркеу кабинетінің алдындағы кезекке тұрдым. Төлеген болса, «енді келдік қой» деген адамша, бізден аулақтау жерге барып, бірдеңелерді күбірлеп айтып, ерсілі-қарсылы жүрді де қойды. Әлден уақытта қасыма келіп, менен бір парақ қағаз сұрап алып, сүйкектетіп жазды да, қалтасына сала салды.
Сәті түсті ме, әлде ықылас-ынтамыз күшті болды ма, әйтеуір айға жетпей әкемнің ауруының беті бері қарап, оңалып кетті. Төлегеннің дос көңіліне риза болып мен жүрдім.

Жары Үрнисамен алғаш танысқан кездер. Солдан оңға қарай: екінші – Төлеген, бесінші – Үрниса

Есімнен кетпейтіні: «Қалай ерте ояндың?» – дегенімде, «Ұйықтатпасым ұйықтатпайды», – деп жымиды ол. Сөйтсем, ол сол кезде түні бойы өлең жазады екен.
Студенттік шақтағы альбомымды қолыма алсам, сондағы:
Қарадым көп суретке таңырқанып,
Білдірдім сондықтан да дән ризалық.
Толқыды жаным менің, тебірендім,
Кеткендей көкіректен ән ырғалып, – деген өлең жолдары мен «13 март, 1955 жыл» деген Төлегеннің қолтаңбасы әлі күнге дейін көзіме оттай басылады.

Төлеген екеуміздің сыйластығымыз бізді бұрынғыдан да жақындастыра түсті. Күнделікті сабақтан шыққаннан кейін бірге тамақтанамыз, бірге семинарға дайындалып, бірге қыдыратын да болдық. Бір күні Төлеген ойда жоқта:
– Үрниса, менің сен білмейтін тағы бір өнерім бар. Шіркін, домбыра жоқ, домбыра болса ән салар едім. Ауылда Бағымбай деген жырау жиенім бар, соған еріп жүріп үйренгенмін, – деді. Таңданып қалдым, артынша оған домбыра алып бергім келді де, бұл ойымды техникумда оқитын тете ініме айттым. Бөрібек Төлегеннен сыр жасырмайтын, тату дос-тұғын. Сол сөзімнің ықпалы болды ма, бір күні Бөрібек маған айтпай Черняевка деген жерге барып, домбыра жасатуға өз стипендиясын төлеп қайтыпты. Уәделескен татар шалы екі ай шамасында домбыраны он жыл суда жатқан өрік ағашынан жасап беріпті. Халқымыздың ұлттық аспабы қолына тиген Төлеген оны кештерге, тойларға тастамай алып жүретін болды. Қыз-жігіттер жиналатын отырыстардың басында ешкім сөйлемей үнсіз отырғанда Төлеген ән бастап жіберіп, бәрін көңілдендіретін. Кейде ойын кезінде ұтылып қалғанда айыбын әнмен өтеу керек болса, көбіне мақамы әуезді қарақалпақ әні «Әмударияны» шырқай жөнеледі. Жаңағы өрік ағашынан жасаған домбыраны он бір жыл ұстады. Тек өзі қайтыс болатын жылы сол домбыраны абайсызда сындырып алдық…

Ойындағы шындықты еш бүкпесіз, жасырмай айтатын

Студенттік шақтың қызығын да, қиыншылығын да бірге көріп, институтты бітіргеннен кейін екеуміз отбасын құрып, оның Қарақалпақстандағы туған ауылына аттандық. Төлегеннің анасы кіші апасымен тұрады екен. Барған бойда өз қолымызға алдық. Алғашында ауылдан он екі шақырым жерде орналасқан Ленин атындағы орта мектепке жұбымызды жазбай барып сабақ беріп жүрдік. Кейін Төлеген Орджоникидзе атындағы орта мектепке, Қоңыраттағы бастауыш мектепке мұғалім болды да, мен аудандық комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқардым.
Біраз жылдан кейін Төлегеннің анасын өзімізбен бірге алып Шымкент облысындағы Сарыағаш ауданына көшіп келдік. Ол Сары­ағаштағы кешкі жастар орта мектебінің ди­рек­торы да, мен мектеп-интернаттың аға тәрбиешісі әрі тіл-әдебиет пәнінің мұғалімімін. Үш бала сүйген кезіміз болатын.
Бірде Шымкентке барып, сахнада ән салған бейтаныс қызды көріп, өнеріне риза болып, арнап жыр жазып оралыпты. Оның маған ұнайтын бір қасиеті – ойындағы шындықты еш бүкпесіз, жасырмай түгел айтатын. Көкейіндегі өлең жолдарын қағаз бетіне түсірді де, қабағын қағып-қағып жіберіп, оқи жөнелді. Өлеңнің тақырыбы – «Мен сені көргем…». Оқып болғаннан кейін керемет әсерленгенімді жасыра алмай:
– Төлеген, сен ақынсың! Өлеңдерің мейлі жарияланбасын, мейлі жариялансын, сен бәрібір ақынсың! – дедім. Бұрынғы: «Жазған дүниелерің жарық көрмесе несіне жазасың», – дейтін пікірім жайына қалды.
…Төлеген өлең жазуға кірісерде өзінше күбірлеп, қабағын ептеп түйіңкіреп алатын да, «ешкім ойымды бөлмесін» дегендей отыратын. Ал жақсы жыр дүниеге келсе, балаша қуанатын.
Әлі есімде, ойда-жоқта түскі дастарқан жиналмай жатып, орнынан ұшып тұрып әрлі-берлі жүре бастады. Мен тез-тез дастарқанымды жиып шығып кеттім. Бір сағат өтер-өтпесте шақырған даусын естіп бардым. Түрі өлең жазуға кіріскендегідей емес, бір шаруасы бітіп, көңілденген кейіпте екен. «Жан сырын жанар түбіне қымтап қалғанда ойладым…» – деп өзі айтқандай, жанарында бір ой жасырулы тұр. «Әріге кеткендермен әрмен басып, беріге кеткендермен бермен басып…» – деді де тоқтап қалды… Және жалғастырар деп күтіп тұрмын. Жаңағы екі тармақты қайта айтты. Сосын: «Түсіндің бе?» – деді. Бетіне қарасам, менімен әзілдесіп тұрған сыңайы бар. «Иә, түсінікті» деп едім, ішек-сілесі қатып күлді. Ол күлгенге мен де күліп шығып кеттім. Сәлден кейін қайта шақырды. «Иә, қойшы, мазақтамай», – деп едім, ол: «Жоқ, мазақ емес, жаңа сен не айтар екен деп, қалжыңдап тұрғаным ғой, тыңда», – деді де, Ғарифолла Құрманғалиевке арнаған толғауын төгілте оқып қоя берді. Енді толық естігенімде манағы екі тармақ өлең, мені ұшы-қиыры жоқ қиялға шомдырып, өмірдің кейбір мезеттерін ойыма оралтты. Оның толық шумағы былай екен:
Әріге кеткендермен әрмен басып,
Беріге кеткендермен бермен басып.
Мен сенің қиырыңды қуып келем,
Алдымнан түйдек-түйдек орман қашып.
Кейіннен естісем, Ғарекең Төлеген туған жылдары үлкен сахнада ән шырқап жүреді екен. Төлеген үйге қандай қонақ келсе де, әңгіменің басын өлеңге әкеліп тірейді. Бірде ақын Тоқаш Бердияров қонаққа келген. Төлеген екеуі аз ғана әңгімеден кейін өз өлеңдеріне кезек берді. Бір уақытта қарасам, Тоқаш ағамыздың қолында Ілиястың кітабы, ал Төлеген «Дала» поэмасын соңынан басына қарай жатқа оқып отыр екен. Ол Әбділдә ағасының жырларын да жанындай жақсы көруші еді. Бір жақсы адам туралы немесе жақсы шығармашылық жайында сөйлегенде Әбекеңнің өлеңдерін оқып, тыңдаушысына мойындатып отыратын.

Өмірінің соңғы жылдарындағы бар арманы «Құмдағы мұнараларды…» жарыққа шығару болды. 1966 жылдың қазан айы. Сол жинақ жыл жоспарына ілінбей, сызылып қалыпты. Бұл оған жалғыз шешесінің қайтыс болғандағы күйігінен кем соққан жоқ. Түкке зауқы соқпайды, әбден құлазып кетті. Күнде Жазушылар Одағына жүгіреді. Онысынан ештеңе шықпайды. Ол жалғыз еді. Қарақалпақстандағы бірге туған апалары да сүйеніш болудың орнына: «Сен көз алдымызда жүрмей, Алматыға кетіп қалдың», – деп кінәлайтын. Сол себептің бәрі оған бір күні «Жалғыздық» деген өлеңін жазғызды.

Мен тыңдаған сол поэма өзінің ішінде кетті

Дүние саларынан екі-үш ай бұрын түнде ұйықтап жатқан жерімнен оятып алып өлең оқыды. Түріне қарасам онда ұйқының нышаны да жоқ. Күні бойы бала-шағаның қамымен жүгіріп, қажып, шаршаған маған мұнысы әуелі ұнаған жоқ еді. Біртіндеп менің ұйқым да шайдай ашылды. Жазғаны 174 шумақтан тұратын поэма екен. Үйлесімді ұйқастар мен тың теңеулер тұнып тұр, басынан аяғына дейін жатқа оқыды. Сонда:
– «Мұны ойыңда тұрғанда қағазға түсіріп қойсаңшы, әйтпесе мен жазайын», – деп едім. «Сенің ойыңша, бұл қазір пайда болғандай көрініп тұр ғой. Мен оны толғатқалы қашан!» – деп әзілге айналдырды. «Мына дүние жақсы ғой, жинақты шығарудың сарсаңына түскенше осылай жаза берсең болмай ма?» – дегенде, маған мынадай уәж айтты: «Иә, сен анау етті асыпсың делік, неге сен осымен қатарласа басқа да тамақ жасай бермедің. Пісірілген ет желінсе екен дейсің. Творчество да сол сияқты, әуелі ана жинақ шықсын, өлең өз оқушысының қолына жетсін, содан соң жаның жай тауып жазуға ынталанасың», – деді. Мен тыңдаған сол поэма өзінің ішінде кетті. Қазір қатты өкінемін. Бірақ, өкініштің орны толушы ма еді?
Қайтыс боларының алдында, Нөкісте ауруханада жатқан шағында менімен телефон арқылы сөйлесті. «Екі қыздың халі қалай?» – деді. Сол кезде екі қызым сырқаттанып ауруханада жатқан. Мен екеуінің де халі нашар екенін айттым. Ол тыңдап болды да: «Жарайды, көп қайғырма, жағдай қиындап бара жатса, маған шұғыл телеграмма сал, Қалаудың (Қалаубек Тұрсынқұлов), Еркінбай (Еркінбай Әкімқұлов), Жұмекеңнің (Жұмабай Тәшенов) үйлеріне Қуанышбайды жүгіртерсің», – деді.
Қуанышбай немере інісі болатын. Ол әкесінен он сегіз күндігінде, шешесінен үш жарым жасында жетім қалған. Мектеп бітіргеннен кейін біздің үйге келді. Төлеген телефон арқылы оның жағдайын да сұрастырып, маған кеңес берді:
– Қуанышбайдың документін СХИ-дан ал да, кез келген жоғары оқу орнының кешкі бөліміне тапсырт. Өзім де 20-ларынан әрі барып қалармын.
Жазған әр хатында да маған інісін көп тапсыратын. Сол сапардан Төлеген оралған жоқ, ағалы-інілі екеуі бірін-бірі көре алмай қалды.
Сен мендегі бауырмалдықты көрсең,
Баурайынан бар таудың сел күреген.
Жел өтінен желкен боп желбіреген,
Көлдерге айналар ең,
Көктемде мөлдіреген, – деп өзі жазғанындай, ол керемет бауырмал еді.
Сол 16 август, 1967 жылы Төлегеннің даусын соңғы рет есіткен екенмін.

(Т.Айбергенов. Шығармалары. 3 том)

(Ықшамдалып берілді)

Пікір қосу