Келер жылдан бастап зейнетақы 45 пайызға өседі. Үкімет ең төменгі зейнетақыға 20 мың теңге қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы 31 арна хабарлады, — деп жазады juldyz.kz порталы.

Ал биылғы жылдың шілдесінен бастап зейнет жасындағы қариялардың алатын ақшасы 20 пайызға көбейеді. Зейнетақыны көбейту үшін бюджеттен 300 миллиард теңге қосымша қарастырылыпты. Бұл қаржы еліміздегі 3 миллионнан астам зейнеткерді қамтиды. Үкімет 2020 жылға дейін осы жүйені дамытып, ең аз зейнетақыны 70 мыңға жеткіземіз деген уәде беріп отыр.

Сондай-ақ бүгін министр Тамара Дүйсенова кезінде елдің шуынан кейін, президент кейінге қалдырған әйелдердің зейнетке шығу жасын да қозғады. Министр бұл өзгеріс алдағы жылдан жүзеге асады деп отыр. Дүйсенованың айтуынша, әйелдердің зейнетке шығу жасы кезек кезеңмен өседі.

«2018 жылы зейнетақы жасын ұзарту басталады. Он жыл ішінде ақырындап 63 жасқа жеткіземіз. Яғни әйелдер тек 2028 жылы ғана 63 жасында зейнетке шығады. Ал, бірінші ілінген азаматшалардың базалық зейнетақысы 2 есеге көбейтіледі. Сонда ерте зейнетке шыққандардың алатын ақша жағынан ұтатын болады», – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

Пікір қосу