Шытырман оқиғалы хикая жүз бөлімнен тұрады

– Салтанат, әңгімемізді өзіңіз басты рөлдерде ойнаған «Айман-Шолпан» телехикаясынан бастасақ… Телехикаяда егіз қыздардың рөлін жалғыз өзіңіз ойнап, екі кейіпкердің айырмашылығын көрсете білдіңіз. Мұндай рөлді алып жүру қиын болмады ма?
– Әрине, екі образды қатар ойнау оңай болған жоқ. Айман мен Шолпан егіз қыздар болғанымен, бір-біріне мүлде ұқсамайтын кейіпкерлер. Ішкі жан дүниесінен бөлек, сырт келбеттерінде де айырмашылық бар, киім киісі мен бет әлпетінде де өзгешелік көп. Осыны көрерменге нанымды жеткізуге тырыстым. Осы жолы театрдан жинаған тәжірибем көп көмегін тигізді. Айман мен Шолпанның өздеріне тән болмысын, мінез-құлқын қаншалықты аша алғанымды көрермен қауымы саралай жатар. Ал, түсірілім барысында қиындықтар аз болмады. Уақыттың тығыздығына байланысты аптасына бір күн ғана демалып, бес ай бойы тынымсыз еңбек еттік. Отбасыма, балаларыма мойын бұруға мүлде мүмкіндігім болмады. Осының бәріне түсіністікпен қарап, өнерімді қолдаған жақындарыма алғыс айтқым келеді.


– Телехикаяда Айман мен Шолпанның бетпе-бет келіп сөйлесетін жерлері бар. Және өзге кейіпкерлермен Айман болып та, Шолпан болып та сөйлесесіз. Осыған қалай дайындалдыңыз?
– Телехикаяға түсуге келіскен себебім де осы болатын. Актер ретінде мүлде жаңаша нәрсені байқап көргім келді. Мақтанғаным емес, қолымнан келетініне сендім. Бұл менің өмірімдегі алғашқы үлкен жоба болды. Телехикаядағы Шолпан – қарапайым отбасынан шыққан ауылдың қызы, екеуміздің мінезіміз ұқсас. Сондықтан бұл кейіпкерді сомдауда аса қиналған жоқпын. Ал, Айман – шетелде оқыған ауқатты отбасының ерке қызы. Мінезі, дүние танымы Айманмен салыстырғанда басқашалау. Камера алдында осы айырмашылықты ашып көрсетуге тырыстым.


– Телехикаяда екі кейіпкердің ұқсастықтары басым болып кеткен жоқ па? Жалпы, рөлдеріңіз өз көңіліңізден шықты ма?
– Әрине, мінсіз ештеңе жоқ. Телехикаядағы егіз қыздардың өскен ортасы, алған тәрбиесі, білімі, өмірге көзқарасы әртүрлі. Телехикаяға түсерде осы өзгешелікті көрерменге шынайы жеткізе алуым керек деп алдыма мақсат қойдым. Бұл мақсатымның қаншалықты мінсіз орындағанымды нақты кесіп айту қиын шығар, бірақ, бастысы өз кейіпкерімнің іс- әрекетін ақтап, себебін көрсете білдім деп ойлаймын. Оның үстіне режиссер түсірілім барысында «Салтанат, сен Шолпанның мінезін аша түс немесе Айманның іс-әрекетіне көңіл бөл» деген сияқты ескертулерімен жөн сілтеп отырды. Шытырман оқиғалы хикая жүз бөлімнен тұрады. Көрермен елуінші бөлімнен бастап, жақсы мінезімен танылған Шолпанның кемшіліктерін көріп, Айманның сабырға келіп, шайпау мінезінен арыла бастағанын байқайды. Өзім телехикаяны көріп отырып кейбір қателіктерді байқадым, соны алдағы уақытта жібермеуге тырысамын. Адам баласы өз қателігінен үйренбесе, басқа кімнен үйренеді?
– Бұл жобаға қалай келген едіңіз? Режиссердің бұл рөлдерді сізге сеніп тапсыруының сыры неде?
– Жобаға кастинг арқылы өттім. Ең бастысы, режиссердің талабына, талғамына сай болдым деп ойлаймын. Себебі, жобаны қолға алған маман көз алдына толық картинаны елестетеді, соған орай әртістерді де таңдайды.

«Арнау» тобы шығармашылық жұмысын тоқтатқан жоқ

– Енді әңгімемізді әншілігіңізге қарай бұрайық. Қазір сіз жеке ән айтып жүрсіз. «Арнау» тобы тарап кеткен жоқ па?
– Жоқ, «Арнау» тобы шығармашылық жұмысын тоқтатқан жоқ. Жақында жаңа үш ән жаздырдық, біріне бейнебаян түсіру жоспарда бар. Өзім жеке «Әгугай құрбым» атты әнге бейнебаян түсірдім, бұйырса, жақын арада көрерменге жол тартады.

– Инстаграмды көп пайдаланады екенсіз. Пікірлерге көзқарасыңыз қалай?
– «Мін түзелмей, сын түзелмейді» дейді. Орнымен айтылған сын-пікірлерге құлақ асамын. Бірақ фейк парақшалар ашып алып, аузына келгенді жазатындар да бар. Ондай адамдарға жай ғана жаным ашиды. Оқымай өтіп кетемін.

– Әншісіз, актрисасыз. Өнер адамдары жұмыспен жүріп кейде бала тәрбиесіне көңіл бөле алмай қалып жатады. Балаларыңыздың тәрбиесіне қаншалықты алаңдайсыз?
– Әрине, бала тәрбиесі басты орында тұрады. Менің жұмысымды күнделікті емес, маусымдық деп айтуға болады. Әсіресе, үлкен мерекелер қарсаңында жұмыс қызу жүреді. Қалған уақытымды үйде, отбасыммен өткіземін. Балаларыма көңіл бөлемін. Жұмыстан қолым босамай қалғанда балаларға атасы мен апасы қарайды.

Сұхбаттасқан Айжан ТЕМІРҒАЛИҚЫЗЫ

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№3 (237) ақпан  2017 жылғы санында)

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

Пікір қосу