Ақбота Қаймақбаева — Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театр ұжымының «Фатима» қасіретнамасында басты рөлді сомдаған актриса. Ол жақында осы рөлі үшін «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясына ие болды.

Қазан айының 22-27 аралығында Орал қаласында, БҚО Қазақ драма театрының сахнасында ақын-драматург, Халықаралық «Алаш», Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының иегері – Иран-Ғайып ағамыздың (Иранбек Әбітайұлы Оразбаев) шығармашылығына арналған «МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ АЛТЫН АДАМЫ» атты фестивалі өткен болатын. Республикалық дәрежеде өткен фестивальге еліміздің Оңтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстан және Алматы облыстары қатысты. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театр ұжымы апарған «Фатима» қасіретнамасы да өзінің бағын сынады.

— Сұхбатымызды фестиваль жайлы әңгімеден бастайық. Қалай болды, қандай әсер алдыңыз?

Бұл фестиваль Иран-Ғайып ағамыздың 70 жылдық мерейтойының қарсаңында өтті. Фестиваль ауқымы кең, қатысқан төрт облыс актерлары өзіндік шеберлігімен келген көрермендерді тәнті етті. Қай облыс болмасын барлығы жоғары деңгейде дайындықпен келген. Мұндай іс-шараларға қатысу ол актерларға тәжірибие алмасуға  берілген  үлкен мүмкіндік. Театрда жұмыс жасағалы бері бұл менің қатысқан алғашқы фестивалім. Фатима спекталінен кейін қатысушылар алғыстарын айтып, «жаста болсаң, осындай драмалық образды керемет алып шықтың» деген жылы лебіздерін білдіріп жатты. Ол мен үшін, шыны керек, үлкен демеу болды.

Ақбота

— Фатима апамыздың рөлін сомдау үшін сіз қандай құрбандықтарға бардыңыз?

Фатима образын сомдауда аздаған қиындықтар болды. Алайда мен үшін бұл рөлді алып шығу үлкен абырой еді. Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеев сынды танымал тұлғалардың жары болған Фатима анамыздың тағдыры ауыр да күрделі. Сондықтан кейіпкерді өз деңгейінде ойнап шыға аламын ба деген қорқынышты бастан өткердім. Ізденіс үстінде жүргенімде Фатима анамыздың жеке күнделігінің (Фатима Ғабитовнаның 14 жасында – 1916 жылы жүргізе бастаған күнделігі) көп көмегі тиді. Осы күнделігінде оның бүкіл ішкі ойы, сыры жазылған. Сол арқылы кейіпкерімнің мінезін, алға қойған ұстанымдарын білдім, өмір жолымен тереңірек таныстым. Қиын-қыстау кезеңде балаларын аман-есен өсіріп жеткізу анамыздың бір өзіне оңай тимегені анық. Өзім бар ғұмырын көпбалалы, бала тәрбиесіне арнаған аналарға құрметпен қараймын. «Фатима» қасіретнамасның режиссері Мұрат Ахмановқа алғысым шексіз. Өйткені,  көп нәрсе режиссерге тікелей байланысты.

— Қойылым кезінде сізге татар қызының әлде үш арыс жарының образын сомдау жауапкершілігі басым болды ма?

Әрине, үш арыстың жарының рөлін алып шығу, қойылымның басты идеясы да осы еді. Фатима — ұлт азаматтарының басынан өткерген зұлмат кезеңдерде жанынан табылып, демеу бола білген ана. Фатиманы халықтың анасы бейнесінде алып шығу, міне, маған артылған басты жүк осы болды. Тағдырдың басына салған тауқыметіне қарамастан, ұл-қызын тәрбиелеп, тектілігін жоғалтпаған анамыздың образын көрерменге жеткізе алдым деп ойлаймын. Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов қазақтың маңадайына біткен ірі тұлғалар ғой. Бірі — ағартушы-драматург, бірі — ақын, енді бірі — ұлы жазушы. Ілияс пен Фатиманың арасындағы махаббат — ол шынайы, кіршіксіз сезім. Бес жыл ғана отасып, бақыты ұзағынан бұйырмай  Ілияс халық жауы атанып кете берді. Қойылым барысында да мен Ілиясқа деген сезімімді басымдау беруге тырысамын. Ал, Мұхтар Әуезовпен отау құру уақыты қысыл-таяң кезге тұспа-тұс келеді. Өйткені, халық жауларының әйелдерін «АЛЖИР-ге» айдатып, көрсетпеген қорлықтары қалмаған. Сол қауіптен Фатиманы Мұхтар Әуезов осылайша аман алып қалған болатын.

akbota2

— Тұлға демекші, сіз қандай адамдарды тұлға деп танисыз?

Тұлға деп көп жыл еңбек етіп, мысалы, өнердегі тұлғаларымызды алатын болсақ,осы өнеріміз үшін тер төгіп, өмір бойы жинаған ауыр салмақтары бар, жан-жақты терең «багажы» бар адамдарды айтамыз. Біздің мақтана айтып жүретін тұлғаларымыз, Аллаға шүкір, көп, бөліп жармай-ақ қояйын.

— Фатима — жеті құрсақ көтерген ана. Cіз де, ең алдымен, анасыз. Отбасындағы бала тәрбиесіне келгенде Ақбота қандай?

Аллаға шүкір, екі ұлдың анасымын. Барынша бетінен қақпай өсіруге  және ойын ашық жеткізу үшін барымды саламын. Әкенің отбасында орны ерекше ғой, әкесін, ата-апасын құрметтеу отбасылық құндылықтардың ең маңыздысы деп білемін. Балаларыма үнемі «ешқашан өтірік айтпаңдар, бір ғана өтірігің үшін кейін сүйкімсіз болып қаласыңдар» деп айтып отырамын. Ащы болса да шындықты айтуға тәрбиелеймін. Ата-апасының балалары ғой, демалыс күндері міндетті түрде сол жақта болады.

akbota

— Жастарды театрға, шыны керек, мәжбүрлеп апармаса, өз еркімен көбі бара бермейді. Себебі неде деп ойлайсыз? Актер шеберлігінің аздығынан образды аша алмауынан ба әлде заманның өзгеруі ме?

Білесіз бе, ол қандай қойылым көргеніне байланысты. Сәтсіз шыққан қойылымдарды көріп, екінші театрға келмейтіндей болып кететін адамдар жоқ емес. Сондықтан спектаклді кәсіпқой режиссёр қоюы керек деп ойлаймын. Кәсіпқой режиссёр қойған спектальге халық міндетті түрде барады. Өйткені «кәсіби» сөзінің астында көп мағына жатыр. Ол өнерге жаны ашитын, актерлармен жұмыс жасай білетін, өз ісінің маманы. Қазір режиссёрларды тамыр-таныс арқылы алу, басқа елден арнайы шақыртумен алдыру көбейіп кетті. Өзге ел азаматы қазақтың тілін, ділін білмей, тарихын оқымай қалай қазақ аудиториясына спектакль қоймақ? Ондай жағдай біздің театрда да болды. Мәскеу, Қырғызстаннан шықырылған режиссёрлар болды, бірақ олар қойған қойылымдар халыққа тарамады. Неліктен екенін өзіңізде біліп отырған шығарсыз. Театрымызда көп жыл болса да репертуардан түспей келе жатқан, әлі де көрермендердің өздері билет сатып алып, «кассовый» дейді ғой, аншлаг болатын қойылымдарымыз, шүкір, жетерлік.

— Киелі қара шаңыраққа қалай келдіңіз?

Өнер академиясында оқып жүргенімізде  үшінші курстан бастап Жанат Хаджиев ағамыз бізге куратор болды. Сол кезден бастап мені «Қыз Жібек» спектаклінде Жібектің рөліне келесің деп мені театрға читкаға шақырды. Мен екінші құрамда ойнайтын болып дайындалып жүрдік. Сосын қазан айынан бастап Жібекті сомдай бастадым. Осылайша бұл театр мені өзіне тартып, атмосферасымен баурап алды. Оқуымызды тәмамдаған соң Ғабит Мүсірепов театры ыстық көрініп, Жанат ағамыздың өзі шақырғаннан соң бір ауыз сөзін жерге тастамай қара шаңыраққа келдім. Ұстазсыз шәкірт жетім демей ме, менің өнерде қанатымды кеңге қақтырған ұстаздарыма алғысым шексіз. Жанат Хаджиев ағама және  Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Айдос Бектеміров ағама  рахметімді айтқым келеді.

— Алдағы жылға қандай жоспарларыңыз бар?

Жоспар деген көп қой. Бірінші орынға мен қашанда отбасымды қоямын. Сосын жұмысым, одан кейін барып түсірілім, жүргізушілік, әншілік тағысын тағы. Алдыңғы жылы Сәкен Ахмановпен бірге дуэт болып «Қозы — Баян» деген әнге бейнебаян түсіріп, әншілік қабілетімді де паш еткенім бар (күліп). Әншілік өнерің  болған соң іште жатып қалмауы керек деп ойлаймын. Жақында жақсы ән ұсынылды, қазіргі кезде композитор Шәмшия Ахметовамен ақылдасып жатырмын. Бұйырса, жақында жаңа ән шығады. Күтіңіздер!

— Ақбота әпке, біз сізге халыққа сыйлаған тамаша образдарыңыз үшін рахмет айтамыз! Қашанда осындай жайдары қалпыңыздан таймаңыз дегім келеді. Өмірде де, өнерде де тұғырыңыз биік болсын!

                                                            Сұхбаттасқан  Гүлдана  ЖАМАЛБЕК

Пікір қосу