Ескендір

— Ескендір аға, сіз бірнеше жыл бойы «Миллион кімге бұйырады?»  бағдарламасы арқылы халыққа танылдыңыз. Ол бағдарлама жабылғаннан кейін біраз уақыт көрінбей кеттіңіз. Жақында «НТК» телеарнасының басшылығына келіп жатырсыз. Аталмыш бағдарлама жабылғаннан кейін немен айналыстыңыз, басшылыққа қалай келген едіңіз?

— «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасынан кейін де «КТК» арнасында жұмыс істедім. Бағдарламалар өндірісі департаментінің директорының орынбасары болдым.  Ол жерде «КТК» арнасындағы бүкіл қазақ тілді бағдарламаларға қарадым. Мақтанғаным емес, екі айдың ішінде бес бағдарлама жасадым. Атап айтатын бол-сам, «Жайдарман», «Анда-санда», «Теңге», «Шоу-бум» сияқты бағдарламалар менің кезімде ашылды. «Жайдарман», «Анда-санда» бағдарламаларына жігіттерді арнайы Шымкенттен алдыртып, осы бағдарламаларды ашуға мұрындық болдым. «31 арнадан» Анар Қуанышбекованы шақыртып, «Теңге» бағдарламасын аштық. Ол кезде «КТК» арнасында экономикалық бағдарлама жоқ еді. Оның үстіне сатиралық бағдарламалардан тек «Қызық радиосы» ғана болды. Ол бағдарламаға көңілім толмай, оның орнына «J Club», «Анда-санда» бағдарламаларын аштым. Одан кейін шоу-бизнес саласында «Шоу-бум» деген бағдарлама жасадым. Ол кезде «КТК» арнасына көп нәрсе жетіспеді, көп бағдарлама ашу керек болды. Мен жоқ нәрселерді ашуға тырыстым. Кейіннен басшылық ауысты. Әр басшылықтың өзінің командасы болады ғой. Маған бұрынғы басшылықпен кетуге тура келді. Содан, «НТК» арнасына ауысып келдім десем де болады. Бұл арнаға келгелі, «НТК» арнасының жағдайы жаман болып жатқан жоқ деп ойлаймын. Қазақ бағдарламаларына көп көңіл бөліп жатырмын. Екі бағдарлама ашылды. «НТК-ға» келгеніме өкінбеймін. Өйткені, бұл — «КТК-дан» алда тұрған арна. Рейтинг бойынша — екінші орында. Кейбір маған жақпайтын бағдарламалар бар. Бірақ, олардың өз көрермені бар. Адам өз ойымен жаман пікір айтуға немесе сол бағдарламаны жауып тастауға болмайды. Егер бағдарламаның рейтінгісі жоғары болып тұрса, оның өз көрермені бар деген сөз. Жауып тастасаң, қаншама көрермен реніш білдіреді. Егер маған ұнамайтын бағдарлама болса, қазақтың менталитетіне кесірін тигізіп жатса, онда жабуға болады.

— Сіздің негізгі мамандығыңыз — заңгер. «Сен саясатпен араласпасаң, саясат сенімен араласады» демекші, алдағы уақытта саясатпен айналысу ойыңызда бар ма? Жалпы, қай салада қызмет етпекшісіз?

— Бізде барлығы — журналистика факультетін тәмамдағандар. Менің ойымша, бұл жерге бір заңгер керек. Журналист өз материалын жазып шыққаннан кейін, шығарушы редактор тексергеннен соң, оны міндетті түрде заңгер қарауы керек. Көптеген журналистер заңды білмегеннен кейін қаншама заңсыз материалдар эфирге кетіп жатады. Егер шетелдегідей деңгейде әр адам заңды, өз құқықтарын білетін болса, құқықтық мемлекет болсақ, біздің журналистеріміздің жартысы баяғыда жұмыстан шығып кетуші еді. Не болмаса, тергеуші іздеп, сот аралап кететін еді. Халықтың заңды жақсы білмегендігінен журналистеріміз аман қалып жүр. Өз материалдарында заңға қарсы нәрселерді жібере береді. Мәселен, қазақтар мен шешен ұлтының арасында болған оқиғаны «Қақтығыс» деп ұлттарды біріне-бірін қарсы қоюға болмайды. Оны адамдардың бұзақылығы деп айту керек. Немесе бір қылмыс жасалып, екі күдікті ұсталса, бірден «екі қылмыскер қолға түсті» дей салады. Заң оларды қылмыскер деп танымайынша, журналистке қылмыскер деп айтуына болмайды. Бізде осындай жайттар көптеп кездеседі. Менің заңгер болуымның журналистика саласында көп септігі тиді. Менің ойымша, тележүргізуші болу үшін журналистика факультетін тәмам-дау міндетті емес. Жүргізушілік адамға табиғатынан беріледі. Ойлап табу, ұйым-дастыру, бағдарламаларды ашу — менің негізгі қызметім. Бір-екі жылдан кейін жо-ғарыда айтып өткен арман, мақсаттарым орындалғаннан кейін телевизиядан кетемін деп ойлаймын. Егер мен бір нәрсе бастасам, оны соңына дейін жеткізбей жаным тыныш таппайды. Сондықтан, саясатқа бәрібір кетемін.

ескендір

— Жарыңыз — танымал тележүргізуші Гүлжан Сергебаева. Қазақта «Екі қош-қардың басы бір қазанға сыймайды» деген сөз бар. Екеуіңіз де телевизия саласында жүргендеріңіз отбасына кері әсерін тигізбей ме?

— Екеуміздің де уақытымыздың басым бөлігі қызметке кететініне жүрегім ауырады. Кішкентай қызымызға бала күтуші қарайды. Осы балдырғанымның тәрбиесі мені алаң-датады. Кішкентай кезімде әжемнің қолында өскендіктен, анам да көп уақытын маған бөле алмады. Ол кісінің күні мал жайлаумен, күйбең тіршілікпен өтетін. Бір ғұламадан «Балам үш айлық еді. Баланы қанша жастан бастап тәрбиелеген дұрыс?» деп сұраған екен. Ол кісі «Сіз үш айға кешігіп қалыпсыз» деген екен. Біз қызымызға тәрбие беруден кешігіп жатқан шығармыз, бірақ Алла қызыма ең алдымен сана берсін. Менің ойымша, бала тәрбиесі жеті жастан басталады. Оған дейін баланы бетінен қақпай, еркін өсіру керек. Сол кезде қызымның тәрбиесіне кірісетін шығармын. Ал, отбасына кері әсерін тигізетін — жетіспеушілік, қызғаныш, өтірік. Адамның қызметі ешқашан отбасына кері әсер етпейді. Жұмыста қызметкер ретінде, үйде жарым ретінде қараймын. Сондықтан, қызмет ешқандай кедергісін келтірмейді.

 

(…толық нұсқасы
Жұлдыздар отбасы журналының 

№12 (29/106). Маусым 2008 жылғы
 санында)

Сұхбаттасқан Әйгерім КӘДІРБАЕВА

Пікір қосу