Жаңалық
Талғат Жорабаев: «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» дегенмен келіспеймін

Румынияда болған «Костанешти», Молдавиядағы «Әлем әндері»,
Болгарияда өткен «Дисковарий» сияқты халықаралық
конкурстардың жүлдегері, Оңдасын Жұмағылұлының
«Қанталапай» фильімінде басты рөлді ойнаған талантты актер.
Талғат Жорабаевпен сұқбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
Байқау - әншіні шыңдай түседі
Бірнеше халықаралық байқауларға қатысып жүлделі орындарды иеленіп жүрсің. Байқаудың пайдасы туралы не айтасыз?
— Ән байқауларын — үлкен мектеп және әншіні шыңдай өзіңді бір сатыға жоғарылағандай сезінесің. Конкурс арқылы шетелдерден достар таптым, көрмеген жерлерді көрдім, елдермен таныстым. Қазір Қытайда өтетін «Шанхай» конкурсына қатысқым келіп жүр. Былтыр бір себептерге байланысты бара алмай қалдым.
Көптеген әншілеріміздің халықаралық конкурстардан жүлдесіз оралуы кәсіби біліктілігінің төмендігінен бе?
— Жоқ, кәсібилігі төмен деп айта алмаймын. Себебі, оның дүйім жұртқа белгісіз жақтары да бар. Сол салада жүргеннен кейін неше түрлі жағдайларды білемін. Мысалы «Новая волна» конкурсында сол жарыстың Қазақстандық өкілі Ерік Тастанбеков ағамыз, конкурсанттарымыздың ең болмағанда «көрермен көзайымы» атағын алуына көмектеседі. Ал ол оңай жұмыс емес. Себебі, шетелдіктер өзінің жеп отырған нанына ортақтастырып ешкімді кіргізгісі келмейді. Ресейліктермен тіл табысудың өзі өнер деп білемін.
Өз жерімізде болған «Алтын дауыс» фестивальі жайлы не айтасың?
— «Алтын дауыста» күнде сахнаға шығып жүрген әншілердің өзі қобалжып, күнде айтып жүрген әндерін дұрыстап айта алмағандары да болды. Сол жердегі әншілердің бірі маған: «Талғат сен шетелге барасың, не тілін, не адамдарын білмейсің, әділқазы алқасының құрамында сөзіңді сөйлер Қазақстандық ешкім жоқ. Сол жақтан орын әкеліп жатқан сені қатты түсінемін. Қазақстанда болып жатқан жарыста былай қорқып отырмын, шетелге барып қатыссам, мүлдем атымды ұмытып қалатын шығармын» — деп әзілдеді. Сахнаға шығардың алдында Аллаға жалбарынып күш қуат сұрап, кәлимамды оқып шықтым. Орындаған әнім көреремендердің көңілінен шыққан сияқты.
«Қанталапай» фильмінің жалғасын күтіңіздер!
«Қанталапай» фильмі жайлы көрермен өз пікірлерін қалыптастырып та үлгерді. Осы фильм жайлы сенің пікірің қандай?
— Бұл фильм біздің студияның, киноға түскен актерлердің, түсіруші режиссердің тырнақалды жұмысы болғандықтан, кемшіліксіз дүние болды деу қиын. Өйткені, «мен бәрін керемет жасадым» десең, ары қарай өсу де мүмкін емес. Кино халықтың көңілінен шықты. Себебі алғыстарымен бірге: «Көп қаражат шығармай-ақ осындай әдемі кино түсіруге болады екен ғой» деген ойларын естідік. Фильм 100 пайыз ұнамаса да 80 пайыз көңілімнен шықты. Кейбіреулер: «киноларың бітпей қалды ғой» деп жатады. Біз халыққа, «Күтіңіздер жалғасы болады» деген ой салып барып бітіруді жөн көрдік.
Аталған фильмнен кейін басқа киноларға түсу туралы ұсыныстар түскен жоқ па?
— Шыны керек, басқа киноға түсуді құнттамадым. Бірақ әлі жаспын ғой, болашақта ұсыныстар түсіп жатса басқа да киноларға түсіп қалармыз.
Сізді Махфуза рөлін ойнаған Тахминаға теңейтіндер бар. Бұған не дейсіз?
— Тахмина менің рулас ағамның қызы. Анығырақ айтсам, қарындасым.
Тахмина ойнаған рөл көпшіліктің көңілінен шыға қоймаған сияқты. Ол рөлді басқа қыз ойнаса қалай болар еді?
— Түсіруші топ кастинг арқылы қалада оқитын, қазақша жөнді сөйлей алмайтын, жасанды қылықтары жоқ, пәк қызды көп іздеді. Ең соңында Тахминаға келіп тоқтады. Егер оның орнында пысық, еті тірілеу қыз болса, ол рөл жақсы шықпас еді. Қалай болғанда да Махфуза образын Тахминаның ойнағаны дұрыс деп шештік.
Жақында бейнеклип түсірген көрінесіз?
— Жақында Ержан Серікбаевтың «Махаббатым» әніне бейнеклип түсірдім. Шымкент, Тараз, Талдықорған, Астана сияқты қалалардың телеарналарынан, ал Алматыдан әзірге «Рахат» арнасында ғана көрсетіліп жүр.
Шетелдіктерден қай жеріміз кем.
Ал енді Әндеріңізді Витасқа ұқсатып айтудағы мақсатыңыз не?
Біріншіден, мен де Витастың емес, өз дауысыммен айтамын. Ал ұқсатып айтудағы мақсатым — шетелдіктерге бізде де таланттылардың бар екенін, біздің де солай ән айта алатындығымызды көрсету. Екіншіден, Витастың дауысына, сахнада жүріп тұруына, жалпы өнеріне ғашықпын. Өйткені ол математикалық есеп сияқты барлығын нақ, дәлме-дәл орындайды. Халықпен қарым қатынасы, қимылдағынының өзі көрермендерді тартып тұрады. Кез-келген адам еліктей-еліктей келіп өз орнын табады. Ешқандай өнер адамының «мен ешкімге еліктемей өзім ғана шықтым» дегенін естімеппін де.
Әншілер сахнамен қатар телеарна жұмыстарын да қоса атқарып жүр. Сенде мұндай ой жоқ па?
— Ондай бар. Ұсыныстар түсіп жатса тележүргізуші болып та істегім келеді. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деп жүргендерді құптамаймын. Адамның мүмкіншілігі, Алла берген қабілеті шексіз.
Сахнаға жиі шықпау — өмірлік ұстанымым
Әдетте Алтынай Жорабаева жүрген жерде Талғатты оңай табатын едік. «Алтын алқа» киносынан неліктен Талғат Жорабаевты кездестіре алмадық?
Өнердегі ұстанымым - сахнаға жиі шыға бермеу, халықты «Мына әнші қайта-қайта шыға берді ғой» дегізбеу. Тек қана кино емес, көп концерттерге де қатыспауымның сыры осыда. Адам құпия болған сайын қызық болады. Егер жақсы, орынды кино болып жатса қарсы емеспін. Сахнаға жиі шығып, экраннан жиі көріне берсең де қадірің кетеді. Негізі бұл ұстанымды Витастың келісім шартынан көріп қалып, сол себепті мен де солай істеуді жөн көрдім. Ол келісім шартта ешкіммен суретке түсуге, әр жерге сумаңдап интервью бермеуге, концерттерге көп қатысуға болмайды деп жазылған. Витас осы келісім шартпен жүргендігімен қадірлі. Егер ол мұндай келісім шартты ұстанбағанда, Витастың ескерткіші Пекин қаласына қойылмай, 3 миллиярд үнтаспасы сатылмайтын еді.
Жалпы аңқау адамға ұқсамайсыз. Алайда ең қатты алданған сәтің есіңде ме?
— Достарым телефон шалып алдауға тырысып жатады. Алайда мен біреуді алдамасам, мені біреу алдап көрмепті.
Онда біреуді алдағаныңызды айтып беріңізші.
— Атырау қаласында тұратын бір жолдас баламды алдағаным бар. Бір күні оған Алматыдан телефон шалып, Атыраудағы «Ақжайық» атты қонақ үйде жатқанымды айттым. Сөйтсем ол сол қонақ үйден мені іздеп әбден әбігерге түсіпті. Телефон шалып осындай нөмірдегі ақ түсті машинаның қасында күтіп тұрғаннын айтады, мен ондай машинаны таппай жатқанымды айтып біраз алдағанмын. Кейіннен Алматыдан хабарласып тұрғанымды білгенде біраз ашуланып қалды.
Алла Тағала мені жақсы көргендіктен осылай істейтін шығар
Сіз үшін өмірдің мәні неде?
— Өмірдің мәні - имандылықта. Соны түсіну үшін, Құдай қаласа намазға жығылсам деген ойым бар.
Хит ТВ телеарнасының жүргізген сараптамасы бойынша бір күнде әжептеуір ақша жұмсайтын көрінесіз. Ол ақшаларды қалай табасыз?
— Мен үшін ақша - қолдың кірі. Ақша қалай келсе, солай кетеді. Біреулерден ақша сұрасаң: «Қазір болмай тұр» деп күмілжиді. Ал ондай адамдарда өмір бойы ақша болмайды. Алла тағаланың маған берген сыйы болса керек, ең соңғы деген екі жүз теңге қалғанда, әйтеуір қалтамның түбінен болсын, тіпті жерден болсын бір мыжылып-мыжылып жатқан көк қағаз тауып аламын. Құдайдың осындай жәрдеміне қарап отырып, Алла Тағала мені жақсы көргендіктен осылай көмектесетін шығар деп ойлаймын. Кейде үйде түк ақшасыз жатқан кездерімде біреу телефон шалып: «Талғат алдындағы берген қарызыңды алып кет» деп жатады. Оның бәрін кездейсоқтық деп емес, Алланың маған берген сыйы деп білемін.
Әңгімеңізге рахмет!
Қазақстан Заман
Бұл туралы пікіріңізді білдіре отырыңыз!
Қолданушылар бұрышы

Қош келдіңіз,
Guest
Ник: | |
Құпия сөз: | |