Жаңалық
Досымжан ТАҢАТАРОВ: Достығымыз «темір тұлпармен» өлшенбейді

- (күліп…) Мен табиғатымнан жасандылықты жек көремін. Өмірде қандай болсам, сахнада да сондаймын. Айтатын әніңе қарай кейде көңілді, кейде мұңды образға енуге тура келіп жатады. Бірақ, оның бәрі менің табиғи мінезіммен үйлесімін табатын сияқты. Әнді шынайы болмысыңмен, жан-тәніңмен айту керек. Ән жүректен шықпаса, жүректерге қалай жетпек?!
- Саят Медеуов екеуіңіз дос көрінесіз. Ол сізге өзінің «темір тұлпарын» да сыйға тартыпты деп естідік. Осы рас па?
- Иә, Саят екеуміз өнерде де, өмірде де әзіліміз жарасқан жақын доспыз. Өнер адамдары туралы мұндай әңгімелердің өрбуін заңдылық деп түсінемін. Саятпен арамызда жүретін жаңа өзің айтқан «алыс-берістерді» үлкен жомарттық деуге болады. Бірақ оның бәрі жариялы түрде айтылатын дүние емес. Біздің достығымыз «темір тұлпармен» өлшенбейді.
- Әншілердің тойдан түсетін табысына салық салу мәселесіне қалай қарайсыз?
- Бұл туралы біраз әңгіме көтерілді, айтылды да. Егер салық салғылары келсе салсын. Есесіне телеарна, радиолардағы әндерімізді, бейнеклиптерімізді тегін көрсетіп берсін. Меніңше, негізгі мақсат - салық салу арқылы әншілерге қысым көрсету емес, керісінше қамқорлық жасау болу керек.
Қазір бір бейнеклипіңді эфирге шығарайын десең, қалтаңда қомақты қаражат болуы керек. Әйтпесе, телеарналар маңынан да жолатпайды. Біз клип түсіруге де, оны телеарналардан көрсетуге де өте көп ақша төлейміз.
- Айналып келгенде бәрі ақшаға тіреледі дейсіз ғой…
- Әбден. Ақшаға тірелген соң, қайтарымын ойлайсың. Әнді сатып алып, оған аранжировка жасатып, клип түсіріп, тыңдармандарға жеткізгенге дейінгі аралықта шелектеп тер төгуге тура келеді. Осы қиындықтардың көпшілігін қарапайым халық біле бермейді ғой. Мен өз басымнан өткен жайтты айтып берейін. Қарап отыр-сам, менің 5-6 клипім бар екен. Ең алғашқысы «Құралай» бір жарым жыл халыққа көрсетілмей босқа жатты, өйткені менің телеарнаға төлейтін қаражатым болған жоқ. Телеарналарға ұсыныс жасап едім, көп ақша сұрайды. Апарам, көрсетем, ақша төлеу керек. Оған менің жағдайым жоқ. Бұл 2001 жыл болатын. Ал 2002 жылы Мұхтар Құл-Мұхаммед министр болып келген тұста телеарналардағы қазақ және орыс тілдерінің үлесіне қатысты «елу де елу» деген талап шықты. Шынымды айтсам, осы «елу де елу»-дің маған көп көмегі тиді. Сол заң шығысымен, кезінде менің клипімді лақтырып, теледидардан көрсетпей қойған кісілер өздері қоңырау шалып, клипімді сұрай бастады. «Құралайды» Қазақстандағы телеарналардың көпшілігі күндіз-түні көрсетті. Өйткені, ол кезде телеарналарда қазақша материал жоқтың қасы еді, сапалы клиптер санаулы ғана болатын. Клипің қарапайым әрі түсінікті деп тапқан адамдардың бәрі маған жүгіріп, «Құралайды» тегін «айналдырды». Әншілерге осы сияқты жеңілдіктерді жасаса, салық төлеуден біз неге қашайық.
- Сіздің сөзіңізге қарағанда, қазіргі қазақ эстрадасында мәселенің бәрі ақшаға тірелетін сияқты.
- Шыны керек, қазір екінің бірінің қымбат клипі бар. Демеушілері, тамыр-таныстары арқылы түсірілген дүниелер эфирден түспейді. Қазақ эстрадасындағы қазіргі формат осындай. Әлгіндей ақшаға арқа сүйеген әншілер өздерінше жарысып-ақ шығып жатыр. Ашық-шашығы бар, басқасы бар дегендей. Ал осындай дүбәра дүниелер ұлтқа қандай тәлім-тәрбие береді, оған бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Ақшасын төледі, көрсетті, бітті…
- Болашақта қандай шығарма-шылық жоспарыңыз бар?
- Жуырда Ақтөбеден Қанат пен Света Айтбаевтар хабарласып: «Астана туралы жаңа ән бар, соны қосылып айтайық» деген ұсыныс жасады. Құдай қаласа, жақын күндері сол әнге Астана мерекесіне орай клип түсіруді бастамақпыз. Алдағы уақытта репертуарымдағы терме, насихат түріндегі жыр-толғауларға оңтүстік өңірдің әдемі табиғатының аясында бейнеклип түсіргім келеді.
- Дауысыңызды қалай күтесіз?
- Арнайы күтім жасап, біреулердей жұмыртқа ішу дегеннен аулақпын. Барлығының табиғи болғанын ұнатамын. Дауысымды суықтан қорғап ұстаймын.
- Әншілердің біліміне қатысты әртүрлі пікірлер айтылып жатады. Сіз кітапты көп оқисыз ба?
- Көркем әдебиеттерді оқуға уақыт табыла бермесе де, әңгімелер, шешендік сөздерді, мақал-мәтелдерді көп оқуға тырысамын.
- Соңғы рет қандай кітап оқыдыңыз?
- Соңғы уақытта діни сауатымды ашып, имандылық туралы көп оқитын болып жүрмін. Соңғы оқығаным Пернегүл Үсенованың «Ғибратты хикаялары».
- Әнші Досымжанның ән айтудан бөлек қандай өнері бар?
- Менің негізгі мамандығым - инженер-технолог, тері илеу мамандығы. Өнерге, әнге деген құштарлығым еріксіз сахнаға жетелеп әкелді. «Өлең - жөтел сияқты, сыртқа шықпай қоймайды» дейді ғой біздің қазақ. Негізгі өнерім - әншілік. Жаз бен көктем мезгілдерінде жұрт демалысқа шығып арқа-жарқа болып жатса, әншілерде нағыз қарбалас басталады. Сол себепті, әннен бөлек жұмыстармен айналысуға, басқа да қырларыңды жетілдіруге уақыт табыла бермейді. Қолым қалт еткенде денсаулығыма көңіл бөлгенді жөн санаймын, бассейнге барамын, жеңіл атлетикамен айналысамын. Отбасымды алып, табиғат аясына шығып, атқа мінгенді жақсы көремін.
- Әңгімеңізге рахмет! Сізге шығармашылық табыс тілейміз!
Әңгімелескен НұрАстана

![]() |
![]() |
![]() |
||||||||||
|
||||||||||||
![]() |
![]() |
![]() |
Қолданушылар бұрышы

Қош келдіңіз,
Guest
Ник: | |
Құпия сөз: | |