Жаңалық
Тахмина Әшімбекова: Сахнаны сағынып жүрмін

– Көпшілік соңғы уақытта «Сіз қайда жүрсіз?» деп жиі сұрайтын болды. «Қыз мұраты-кету», яғни отбасын құру, өмірге ұрпақ әкеліп, ана атану, бала тәрбиесімен айналысу болғандықтан, дәл қазіргі сәтте мен осы міндетті атқарып жатырмын. Кішкентайым бұйыртса, бес айға толады. Сондықтан әлі де біраз уақыт баламның жанында отыратын ойым бар.
– Кез келген ата-ана шыр етіп дүниеге келген сәбиіне ең жақсы есімді қоюға тырысады. Өйткені «балаға қандай ат қойылса, оның болашақтағы тағдыры соған байланысты болады» деген ырым-наным бар. Сіз ұлыңыздың есімін таңдағанда неге сүйендіңіз?
– Баламның атын «Әлихан» деп сүйікті қайным қойды. Өзім «Ханзат» деген есімге ойланып жүр едім. Бірақ «Хан» деген түбірі ұнағанымен, зат деген сөз ұнамайтын. Кейінірек перзентханада жатқанымызда, қайным телефон соғып құттықтап, «Әлихан деп атайықшы» деп өз ұсынысын жеткізді. Құлағыма жылы естілгені соншалық, бірден келістім. Оның үстіне, қазақтың ибалы келіндері қайнысының бір ауыз сөзін жерге қалдырмаған ғой. Балапаным аман-есен ер жетіп, жақсы азамат болып өссін деп тілеймін. Бұрын баласыз қалай жүргенімді білмеймін, қазір ботамды көрмесем тұра алмаймын. Кейде жұмыстарыммен далаға шығып кетсем, қайта оралғанша асығамын. Әрбір қылығына мәз болып, ана бақытын бастан кешіп жатырмын. Оған жететін ештеңе жоқ екен.
– Жұбайыңыз немен айналысады?
– Жеке бизнесі бар. Кәсіпкерлікпен айналысады.
– Тұрмыс құрып жатқан әнші қыздардың қай-қайсысының күйеулерін алып қарасақ та – бизнесмен. Олардың «Өмірлік серігім – дәрігер немесе мұғалім» дегендерін әзірге естіген емеспіз. Соған қарағанда, ел алдында жүрген арулар болашақта демеуші болатын азаматтарды ғана таңдайтын сияқты...
– Біз нағыз сүйіспеншілікпен бас құрадық. Төрт жыл бір-бірімізді сынадық. Жұбайымның сахнаға шығуыма қарсы болған уақыттары да болды. Әйел адам болғаннан кейін, үйдегі отағасының айтқанын істеп, отбасылық өмірді ғана таңдаған кездерім болды. Мен үшін әрдайым жанұяның берекелі тіршілігі, тыныштығы алдыңғы орында. Көтерген шаңырағымның түтіні түзу шыққаны керек. Өмірлік серігім менің оған деген осы махаббатым мен құрметімді жақсы түсінген болуы керек, бұл қиындықтардың барлығы артта қалды. Қазір екі ән жаздырып, тағы бір екі-үш әнге әрлеу жасаттыру үстіндемін. Бұйыртса, жаңа жылға қарсы халықпен қайта жүздеспекпін.
– Аздаған үзілістен кейін, шығармашылығыңызға өзгеріс жасайсыз ба?
– Құдайдың берген дарыны жерде қалмайды. Бұрынғыдан да жақсы болып шыққым келеді. Өнер адамына үйде ұзақ отыра берген де болмайды екен. Ән айтқым келіп, сахнаны сағынып жүрмін. Бір жағынан аздаған үзіліс жасаған да дұрыс. Әйтпесе бір сарынмен, бір ағыспен кете беретін көрінесің. Ал сәл аялдап, демалыс жарияласаң өткеніңе көз жіберіп, болашағыңа үңілетін мүмкіндік туатын сияқты. Соңғы кездері екінші тынысым ашылып, үлкен шабыт үстінде жүрмін. Күшіме күш келіп қосылып жатқандай... Құдай денсаулық берсе, өнерімді әрі қарай дамыта бермекпін. Репертуарыма сәл өзгеріс жасап, жылдамырақ ән айтуға бет бұрамын.
– Әдетте, ана атанған әншілер бесік жырын айтып, балаларына арнап клип түсіре бастайды. Сізде де осындай жоспар бар шығар...
– Әрине. Әлихан сәл өсіп, бір жасқа толғаннан кейін халыққа көрсетіп, батасын алғым келеді. Қазірден байқап жүрмін, балам өте зерек. Алыстағы мен ести алмай тұрған дыбыстарға елең ете қалады. Соған қарағанда, өнерге қатысы болатын тәрізді.
Айқын
Бұл туралы пікіріңізді білдіре отырыңыз!
Қолданушылар бұрышы

Қош келдіңіз,
Guest
Ник: | |
Құпия сөз: | |