Теңіздегі оқиға – Қазақстанда ұлттық идеологияның мүлде жоқтығының салдары. Ұлттық идеология – бұл өз халқын, өз азаматтарын жан-жақты қорғау деген сөз. Қазақстан билігі 30 жылда мемлекет құраушы қазақ халқын, барша өз азаматтарын қорғауға байланысты саусағын қимылдатпады десе де болады. Егер ҚР Еңбек туралы заңдарында «шетелдік жұмысшылар мен мамандардың жалақысы қазақстандық жұмысшылардың жалақысынан аспауға тиіс» деген заң баптары қабылданған жағдайда мұндай теңсіздік құбылыстары орын алмас еді.
Жалақыда айырмашылық болмаған соң, шетелдік «мамандар» бізге ағылмас еді. Біздің жұмысшыларға шекесінен қарайтын үстемдік психология тумас еді. Ели Дауд деген көргенсіз араб жігіті сияқты құтырмас еді.
«Билікті тоқшылық бұзады, қыздарды жоқшылық бұзады» деген. Қыздарымызды лас жүріске итермелеп отырған да – сол жоқшылық. Экономикалық жағдайы оңды болса, қазақ қыздарының арабтарда, жалпы шетелдіктерде несі бар?
Заң жүзінде қазақстандық жұмысшылар шетелдік жұмысшылармен теңдей жалақы алатын болса, экономикалық ахуалдары бүгінгіден әлдеқайда ілгерілері анық болатын. Әлгілердің қазір «шырт түкіріп» отырған орындарында қазақстандық мамандар отырар еді. Бәленің бәрі өзімізден. Шетелдік компаниялар алдында жалбақтаған билік өз азаматтарын жығып беретін заңдар арқылы экономикалық (жалақылық), әлеуметтік салаларда теңсіздіктерге жол ашты. Үкімет ұсынған заң жобаларын «шайнамай жұтқан» сенат пен мәжіліс депутаттары да бұған тікелей кінәлі. Соның салдарын Атыраудан тағы да көріп отырмыз.
Иә, қазақтың ашу-ызасын туғызған оқиғадан соң шын-өтірігі белгісіз ССЕР компаниясы жұмыстан шеттетіліпті. 237 араб, 780 қытай, 578 үнді жұмыстан біржола шығарылыпты дейді. Орнына Қазақстан азаматтары алынатын болыпты. Сонда әлеуметтік, экономикалық мәселелерін шешу үшін қазақтар үнемі біреудің тұмсығын бұзуы керек пе?! Әлде Жаңаөзендегідей қырғынға ұшырауы керек пе?
Шетелдік компаниялар пайда үшін қазақ жерінде жұмыс істеуге ынталы. Ал Қазақстан билігі, әлгі Қауіпсіздік кеңесі дегендер, депутаттық корпус өзінің қамынан басқа халықтың қамын, қарапайым жұмысшы өз азаматтарының қамын қашан ойлайды?