Картинки по запросу жәнібек кәрменов
Жәнібек Кәрменовтің ұлы Шаһ- Керім Кәрменов

– Шаһ-Керім, әкеңіз қайтқанда сіз небәрі 2,5 жаста ғана болған екенсіз, иә? Сұхбатымызды анаңыздың, алдыңыздағы аға-әпкелеріңіздің еске алуынан, естеліктерінен әнші Кәрменов немесе қайраткер Кәрменов деп емес, жай ғана бір отбасындағы әке, аяулы жарына серік – Жәнібек Кәрменов жайлы бастасақ…
– Қай тұрғыдан қарасақ та, маған кішкентай кезімнен бастап әкемнің орны бөлек, үлкен тұлға болды. Нағыз ер азаматтың үлгісін, адал жардың үлгісін, аяулы әкенің үлгісін мен әкемнің елес бейнесінен көріп өстім. Ол кісі өте балажан болған екен. Біз отбасымызда үш  ағайындымыз. Ағам – Әсет қазақтың салт-дәстүрін түгелдей дерлік бойына сіңіріп өскен азамат. Әпкем Ақбота – әкеміздің жүз пайыз жекеменшік қызы. Әкемізге еркелеп, көзі тірісінде оның барлық асыл қасиеттерін көріп, бойына сіңіріп, әкеміздің қадірін жете түйсініп өсті.
Әртүрлі естеліктерге қарап, әкемнің баламен балаша ойнап, ақсақалмен ақсақалға тән салиқалықпен сөйлесетін үлкен парасат иесі болғанын түйсінем. Балаларды бөліп-жармай, өзге балаларды да өз баласындай бауырына тартып, қатты жақсы көрген екен. Достарының үйіне барғанда да кішкентайлардың ешбірін сыйлықсыз қалдырмай, оларға етене жақын болған.
Жар ретінде де анама нағыз сүйеніш бола білген. Анам әлі күнге дейін екеуінің қыз-жігіт болып кездесіп жүрген кездерін, отбасылық өмірдегі аяулы сәттерін сағынышпен еске алып отырады. Әкемнің анама жазған хаттарын әліге дейін үйде сақтап жүр. Сол хаттардың өзінен үлкен даналық есіп тұрады. Онда жеңіл-желпі сөздер емес, өмір туралы, отбасы туралы ойлар қозғалған. Кішкентай кезімде отбасы қандай болу керектігін және ол отбасының негізгі құндылықтарының қандай болу керек екенін баяндалған сезімге толы, ерекше ықыласқа, ниетке толы хаттарды оқығанымда менің бала көңіліме ерекше әсер етті. Сол хаттарды берудің өзі қандай еді?! Қазіргі таңда, өкінішке қарай дейміз бе, ондай қадамға екінің бірі бара ма, бармай ма, білмеймін. Ол кезде телефон жоқ, хатты оңай жеткізудің де жолы жоқ. Жатақханаға барып, анамды таппаса, «көзіңнен сүйдім» деп жазып есігіне қыстырып кететінін естіп мен қайран қалдым. Яғни, әкем өмірінің соңына дейін жарым, отбасым, балаларым деп, елім, халқым деп жүрегі соғып өткен жан болған.Похожее изображение
– Бүгінде ұлттық кейіптегі дәстүрлі әнші Жәнібек Кәрменовтің ұлы болудың жауапкершілігі қандай?
– Жауапкершілігі, әрине, өте үлкен. Бұл жауапкершілікті кішкентай кезімнен толықтай сезініп өстім деп айта аламын. Өйткені әкемнен ерте айрылдым. Ол кезде небәрі екі жарым жаста едім. Қандай ауыр жағдай екенін бала көңіл ол кезде, әрине, түсінген жоқ. Әкемнің өмірден қайтқан кезі Қазақстандағы ауыр кезеңмен тұспа-тұс келгендіктен, отбасымызда қиыншылықтар да болды. Жоқшылықты да көрдік. Бір үзім нан таба алмай қалған кездеріміз де болған. Осындай себептермен біраз ерте есейдім. Қатар өскен құрдастарым сияқты әкемнің алдына отырып, әкенің жылы алақанын сезіне алмағаным өкінішті-ақ. Дегенмен, балалыққа салынбай, әр басқан қадамымды саралап жүретінмін. «Мынау – Жәнібектің ұлы» деген ыстық ықыласқа толы бір ауыз сөздің өзі маған үлкен жауапкершілік жүктейтін. Қандай нәрсе жасасам да, «әкем тірі болса, бұл ісіме қалай қарар еді?» деген түсінік менде кішкентай кезімнен қалыптасты. Сондай түсініктің әсерінен де өзге балалар секілді бұзықтық жасау, шектен тыс еркелікке салыну секілді құқықтар менде болған жоқ. Сол үшін көптеген көзі тірі әкелерге қарағанда, әкем маған әлдеқайда көп тәрбие берді деп айта аламын. Әкем туралы естеліктер, әкемнің соңында қалдырған сара жолы – мен үшін үлкен мектеп. Бүгінгі таңда титтей жетістікке жетсем, ол – әкемнің сондай биік тұлға болғандығының арқасы, анамның еңбегінің арқасы.
– Шаһ-Керім, сіз қалай ойлайсыз, Жәнібек Кәрменовтің өзі сүйген еліне сіңірген еңбегі бүгінде өз дәрежесінде ұлықталып жатыр ма?
– Ұлықталу қажет еді, бірақ өз дәрежесінде ұлықталмай келеді. Әкем халықтың өнерін, халықтың әнін аспандатып, биік дәрежеде орындады. Қылышынан қан тамып тұрған Кеңес Одағының кезінде дәстүрлі ерекшелікті, ұлттық болмысты берік ұстау, ол – үлкен күрестің, үлкен еңбектің, қауіппен бетпе-бет келер үлкен батырлықтың белгісі, көрінісі деп ойлаймын. Сол кездегі Жүсекеңдердің, Ғарекеңдердің, әкемнің қатарындағы өнер адамдарының халық өнерін саф қалпында бізге жеткізуі – үлкен ерлік. Қазіргідей тәуелсіз елде дәстүрлі халық өнерінің халі мүшкіл болып тұрғаны шындық. Ондай жағдайдың орын алып тұрғаны әлдебір шектеулердің әсерінен емес, жастарды осы салаға жеткілікті дәрежеде қызықтыра алмаудың салдарынан екендігі мені қатты қынжылтады.
Дегенмен де, тәубе деп айтуға болады, күні кеше ғана Семей мен Өскемен қалаларының кітапханалары мен Семейдің Өлкетану музейінде әкемнің 70 жылдығына орай үлкен кештер өтті. Абай ауданы, Қарауыл ауылындағы Ж.Кәрменов атындағы саз мектебіне әкемнің мүсіні қойылды. Алда 15 мамырда, әкемнің төрт томдық таңдамалы шығармалары шығайын деп жатыр. Оны ұйымдастырып, шығарып жатқан – әкеміздің алдын көрген Берік Жүсіпов деген шәкірті.
Қазақстанның түкпір-түкпірінде Жәнібек Кәрменовтың шәкірттері бар да, мен Жәнібек атының сөнбейтініне мен сенемін! Похожее изображение
– Әкеңіздің өмір-өнегесінен қай қасиетін өзіңізге өмірлік қағида етіп ұстанасыз?
Өзі де небәрі отыздан енді асқан шағындағы толғауында:
Адам боп келдім өмірге,
Адам боп өтсем тілегім.
Бәріңе соны тіледім, – деп жазғанындай өмірде де осы қағидамен өмір сүріпті. Менің де ұстанымым осы. Мен кейде «әкем, негізі бақытты жан» деп ойлаймын. Өзінің жүрегі тоқтаса да, халқының жүрегінде мәңгіге сақталды.
Ең бастысы, әкеме өмірге адам боп келіп, адам боп өту бақыты бұйырды…
Сұхбаттасқан Ася АСЕТКИНА

«Аңыз Адам» журналы, 2019 жыл, №10 саны

ЕСКЕРТУ: Көшіріп басуға болмайды

 

Пікір қосу