Далай Лама, тибеттің рухани көсемі, Нобель сыйлығының иегері
(1935 жылы туған)
Далай Ламаның шын есімі – Тензин Гятцо
Далай Лама 1935 жылы 6 шілдеде Тибеттегі Тепет қаласының солтүстік-шығысында, Андо ауданының Тази ауылындағы шаруа отбасында дүниеге келді. Оның шын есімі – Тензин Гятцо. Ал қасиетті есімі – Ламотонжу. Бұл көне тибет тілінде «құдайды күту» дегенді білдіреді. Далай Лама отбасындағы 16 баланың тоғызыншысы. Оның ағалары Дара Церинг Жуома мен Туденг Джинменвобуте жоғары дәрежелі лама деп танылып, Тамер ғибадатханасына шақырылған. Амдодағы бұл шағын ауылға тибет дәстүрін берік ұстанған 20 шақты отбасы қоныстанған. Олар негізінен мал бағып, егін егумен айналысатын.
Тензин Гятцо екі жасқа толғанда Тибеттердің рухани көсемі он үшінші Далай Лама өмірден өтеді. Айтуларына қарағанда Далай Лама дүние саларда оның басы бастапқыда оңтүстікке, кейінірек солтүстік-шығысқа қарай бұрылыпты. Бұл Будда нанымы бойынша оның рухының солтүстік-шығыстағы жас нәрестеге көшкендігін көрсетеді. Осыдан соң өзге де нышандарға сүйеніп, ақсақалдар мен ел билеушілері жаңа Далай Ламаны іздеуге кіріседі. 1937 жылы Далай Ламаны іздеушілер Жигеге келіп тоғызыншы Панчен Ерденимен (тибеттердің тағы бір рухани көсемі) кездеседі. Тоғызыншы Панчен Ердени үш үміткердің атын ұсынады. Бірақ көп өтпей екі үміткер қатардан шығарылады. Содан соң үшінші үміткерді іздеп барады. Екі жастағы Тензин Гятцоден Далай Лама болуға көптеген белгілерді байқады. Оны сынау үшін Тензин Гятцоге он үшінші Далай Ламаның тұтынған заттарын көрсеткенде бәрін де жазбай таныпты. Ал өзге заттарды ұстаудан бас тартыпты. Бірақ Тензин Гятцоның Далай Лама атануы талас-тартысқа ұласты. Сөйтіп, 1938 жылы Далай Ламаны растайтын арнаулы комиссия құрылды. Комиссияны сол кездегі Ұлттық үкімет Тибет комитетінің төрағасы Ву Чжунсин басқарды.
1939 жылдың жазында Тензин Гятцо ата-анасымен бірге Лхасаға шақыртылды. Сол жылдың қазан айында Тензин Гятцоны ресми түрде он төртінші Далай Лама деп жариялады. Бұл кезде оның жасы небәрі 4-те еді.
1940 жылдың 22-ақпанында Тензин Гятцо Тибеттің Будала сарайында Далай Лама болып тағайындалды. Салтанатты шараға Ұлттық үкіметтің, Непал мен Бутан елдерінің ресми өкілдері қатысты. Осыдан кейін бес жасар Далай Лама білімге ден қойды. Алғашында буддистік тәпсірлер негізінде білім алды. Ал 8 жасында жеке мектепке жіберілді. Далай Лама мектеп қабырғасында әдебиет, тарих, философия, математика, қолөнер, тибет медицинасы, буддизм сынды көптеген пәндерді оқыды. Сонымен бірге ол механика ғылымдарына да әуестенді. Тіпті ол телескоппен айды да қызығып бақылаған. Оқумен қоса будда тәпсірлерін жаттады, сол себепті отбасы мүшелерімен тым сирек кездесетін. Далай Лама негізі дін көсемі болғанымен, тибет қоғамының зайырлы дамуына ықпал еткісі келді. Әсіресе 1949 жылы Қытайда коммунистер билік басына келгеннен кейін ол елдің саяси өміріне белсене араласты.
1950 жылдың жазында қытай коммунистері «Тибетті бейбіт жолмен азат етеміз» деп үндеу жариялады. Көп өтпей Қытай халықтық азаттық армиясы тибетке кірді. Ал 1951 жылдың сәуір айында қытай коммунистерімен келіссөздер жүргізу үшін Тибет делегациясы Пекинге барды. Сол жылдың 23-мамырында Тибет үкiметiмен коммунистер арасындағы өзара достық негiзiнде ортақ келiсiмге қол қойылды. Келісімге сәйкес коммунистер Тибеттің өзге елдермен дипломатиялық байланыс орнатуына және жергілікті биліктің түрлі реформаларды жүргізуіне мүмкіндік берді. 24-қазанда Далай Лама Қытай Орталық халық үкіметі комитетінің төрағасы Мао Цзедунмен жолықты. Ол Тибет үкіметі мен тибет халқының атынан коммунистік партияның билігін қолдады. Осыдан кейін Қытай халықтық Саяси комитетінің мүшесі болды. 1953 жылы Далай Лама «Қытай буддистер қауымдастығының құрметті президенті» болып тағайындалды.
1954 жылы қыркүйекте Далай Лама және оныншы Панчен Ердени Пекиндегі қытай коммунистерінің Бірінші Ұлттық Халықтық Конгресіне шақырылды. Сондай-ақ конгреске қатысқан өзге делегаттармен бірге Қытай Халық Республикасының алғашқы Конституциясын қабылдады. Бірақ осыдан кейін қытай қоммунистері мен Далай Лама арасында келіспеушілік пайда болды. Өйткені, Қытай қоммунистері берген уәдесінен тайсақтап, жергілікті халықтың құқына қол сұға бастаған болатын.
1954 жылдың қараша айында Далай Лама мен Панчен Ердени Үндістан үкіметінің шақыртуымен Сакьямунидің 2500 жылдық мерейтойына барады. Олар алдымен Ганктокта, Сиккимге, содан кейін жаңа Делиге табан тіреді. Далай Ламаның бұл сапары оның болашақ өміріне үлкен әсер етті. (Кейін Тибеттен кетерінде Үндістанның премьер-министрі Джавахарлал Нерудан саяси баспана сұрады). 1958 жылы Пекиндегі Екінші Ұлттық Халықтық Конгреске қатысудан бас тартты.
Саяси ымыраға келмеген соң Тибеттен кетуге мәжбүр болды
1959 жылы Тибетте Қытай коммунистеріне қарсы демонстрация бастады. Мұның арты қарулы қақтығыстарға ұласты. Қытай коммунистері бүліктің басында Далай Лама тұр деп санады. Елдегі тәртіпсіздіктен кейін Далай Лама жүз мыңға жуық жақтастарын ертіп 17-наурызда Тибетті тастап, Үндістанға кетті. Кей деректерде Далай Ламаның Үдістанға баруына АҚШ Орталық барлау агенттігінің арнайы қызметкерлері көмектескен делінеді. Сол жылдың 30-наурызында Далай Лама солтүстік Үндістанға жетті. Көп өтпей Гималай тауының бөктеріндегі Дхарамсала қаласында Тибет әкімшілік орталығын құрды. Бұл орталықта қазірге дейін Тибеттің тәуелсіздік қозғалысы жұмыс істейді. Тибет тәуелсіздік қозғалысына ұзақ уақыт бойы Кеңес Одағы мен Қытай секілді коммунистік елдерге қарсы демократиялық күштер қаржылай қолдау білдіріп келді.
1962 жылы Далай Лама Үндістанда Тибет конституциясын мақұлдады, әрі өзі құрған әкімшілік орталықты бүкіл Тибет халқының демократиялық үкіметі деп жариялады. Ол 1959, 1961 және 1965 жылдары Бірккен Ұлттар Ұйымын тибет халқының демократиялық қозғалысын қолдауға шақырды. Сондай-ақ ол Үнді жерінде тибеттің тілін, тарихын, дінін және мәдениетін үйрететін тибет білім беру жүйесін құрды. 1970 жылы Дхарамсаледағы Тибет мұрағаттар кітапханасын ашты. Қазір осы кітапханада тибеттің тарихын, саясатын және мәдениетін қамтитын 80 мыңнан астам қолжазбалар мен материалдар сақталған. Бұл әлемдегі ең маңызды тибет мұрағаттарының бірі саналады.
1964 жылы 17-желтоқсанда Қытайдың Мемлекеттік кеңесі «Далай Ламаны Будда дінінің көсемі атағынан айыру туралы шешім» қабылдады. Кейінірек Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің төрағасының рынбасары Дэн Сяопин: «Далай Лама райынан қайтса, Қытайға қайтуына мүмкіндік береміз», – деп мәлімдеме жасады. Алайда Далай Лама өзінің саяси ұстанымынан айныған жоқ. Қайта тибет демократиялық қозғалысын батыл жалғастыратындығын мәлімдеді.
Далай Лама тибет халқының тәуелсіздігі жолындағы күресін тек Үндістанда ғана жалғастырып қойған жоқ, бұл мәселеге әлемнің назарын аударуға тырысты. 1987 жылы 21-қыркүйекте Вашингтондағы АҚШ Конгресінде адам құқықтары жөнінде сөз сөйледі. Сонымен қоса Далай Лама Америкадағы демократияны қолдайтын күштерге болашақтағы тибеттің тәуелсіздік қозғалысының саяси бағыт-бағдарын таныстырды. 1988 жылы 15-маусымда Францияның Страсбург қаласында өткен Еуропарламент съезінде де адам құқығы мен демократиялық құндылықтарды сөз етті. Осыдан соң тибет халқының бостандық жолындағы күресіне әлем назар аударды.
1989 жылы 20-қаңтарда тибеттің тағы бір рухани көсемі оныншы Панчен Ердени дүние салды. Қытайдағы буддистер қауымдастығы Далай Ламаны Панчен Ердениді жерлеу салтына шақырды. Бірақ ол барудан бас тартты. Алайда ол он бірінші Панчен Ердениді анықтауға көмектесті.
Қытай билігі Далай Ламаның тәуелсіздік идеяларынан барынша сақтанды. 1996 жылдан бастап коммунистік Тибет үкіметі ғибадатханалардағы діни рәсімдерде оның есімін атауға тыйым салды.
1989 жылы 10 қазанда Нобель комитеті сол жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығы тибеттің рухани жетекшісі Далай Ламаға берілетіндігін жариялады. Сыйлық оған «Тибет мәселесін бейбіт жолмен шешуге деген күш-жігері мен саяси қуаттамасы әлемдегі демократия сүйгіш елдердің алқауына бөлегені үшін» берілді.
Қытай билігі Далай Ламаға деген саяси қудалауын тоқтатпағанымен, кейде онымен келіссөзге келуге де мәжбүр болды. 2002 жылы қыркүйектен бастап Далай Ламаның арнайы өкілі Тибеттің мәселесі бойынша Қытай билігімен бірнеше мәрте келіссөздер өткізді. Екі тараптың келіссөзіне АҚШ бітімгерлік жасады. Алайда, 2004 жылдың қазан айында Үндістан премьер-министрі Манмохан Сингх келіссөздің жалғасуына қарсылық білдірді. Сонан кейін тибет пен қытай билігі арасындағы келіссөздер тоқталды.
2008 жылы наурыз айында Тибетте Қытай билігіне қарсы наразылық болды. Ресми деректерде 19 адам қаза болды деп жазылды. Сол кездегі Қытай премьері Вэнь Цзябао: «Тәртіпсіздікті Далай Лама ұйымдастырды», –деп айыптады. Ал тибеттің рухани жетекшісі бұл тағылған айыптарды мойындамады. Алайда Тибеттегі көтерілісшілерді Қытай үкіметінің басып-жаншуына байланысты «Пекин олимпиадасына» бойкот жариялауды қолдамайтынын айтты. Бұл туралы Далай Лама американдық телеарнаға берген сұхбатында мәлімдеді. Ол: «Қытайда адам құқықтары өте нашар, Бірақ Пекин олимпиадасына бойкот жариялау әлем елдерінің өз еркіндегі мәселе», – деді.
Осы уақытқа дейін Қытай билігі Қытайда ғана емес, өзінің сөзі өтетін шетелдерге де Далай Ламаның сапарлауына тосқауыл болуға тырысты. Тіпті дамушы мемлекеттерге көмек беру кезінде қойылатын бірқатар шарттардың ішіне «Қытай өкіметіне қарсы сыни пікір айтып жүрген ұйымдар мен тұлғалардың аузына қақпақ қою» да енеді. Осының кесірінен азаматтардың сөз бостандығы мен жиналыс бостандығы бұзылып, оларға жиі нұқсан келтіріледі. Айталық, 2003 жылы Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне Далай Лама қатыспады. Бұл туралы сол кездегі Қазақстан Республикасы Сыртқы істер вице-министрі Мұхтар Тілеуберді: «Шақыру жібергенбіз. Бірақ әзірше Далай Ламадан жауап алғанымыз жоқ», – деп жауап берді. Тіпті демократиясы едәуір дамыған елдердің өзі мұндай қысымға төтеп беруге қауқарсыздық танытты. Мысалы, 2009 жылдың наурызында Оңтүстік Африка Республикасының үкіметі Далай Ламаның осы елге келуіне тыйым салды. Негізі, ол осы мемлекетте өтетін футболдан Әлем біріншілігі алдындағы бейбітшілік жөніндегі халықаралық конференцияның қонағы болуы тиіс еді.
Далай Ламаға қолдау білдіргендер Қытайға кіре алмайды
2010 жылы 6-шілдеде Далай Лама 75 жасқа толды. Ол Гималайдың үнді бөлігіндегі Маклеод қаласындағы ғибадатханада бес мыңға жуық жақтаушыларымен бірге тәңіріне мінәжат етіп, барша адам баласына бейбітшілік, туған халқына бақыт тіледі. Сонымен қоса тибет халқының бостандығы мен әлемдегі адами құндылықтар үшін ақтық демі қалғанша күресетіндігін айтты. Сол жылы ол Жапонияға барды. Осы сапар кезінде елдегі бірнеше қалада буддизмге қатысты дәріс оқыды.
2011 жылы наурызда Далай Лама Үндістанның солтүстігіндегі Дхарамсала қаласында тибет үкіметінің саяси жетекшісі қызметінен кететінін жариялады. Ол қозғалыстың саяси жетекшісін қайтадан сайлайтын уақыт жеткендігін ескертті. Осыдан соң 20 наурызда Дхарамсала қаласының орталық ғибадатханасында Далай Ламаның саяси мұрагерін ұлықтау рәсімі өтті. Гарвард құқық мектебінің аға ғылыми қызметкері, 43 жастағы заңгер Лобсанг Сангей саяси мұрагер болды. «Қуғындағы Тибет үкіметінің» басшысын сайлауға Үндістан, Непал, Америка, Ресей және басқа да елдерде тұратын 80 мыңнан астам тибеттік қатысты. Нәтижесінде Сангей 55 пайыз дауысқа ие болды. Алайда 76 жастағы Далай Лама Тибеттің рухани көсемі болып қала береді.
2012 жылы шілде айында Далай Лама жапониялық құқық қорғаушыларын тибеттіктердің өз-өзін өртеу оқиғаларына тергеу жүргізуге шақырды. Ол мұны 130-ға тарта жапониялық депуттар мен оппозициялық саясаткерлер алдында айтты. Далай Лама: «Қытай үкіметі тибеттіктердің өз-өзін өртеу оқиғаларын тексерудің орнына олардың өзін айыптауға құмар», – деп сынады. Ал Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Хун Лэй: «Далай Лама Тибеттің тәуелсіздік алуы жоспарын жүзеге асыру үшін тибеттіктерді өз-өздерін өртеуге айдап салып отыр», – деп айыптады. Үндістанда орналасқан Тибеттің қуғындағы үкіметі 2009 жылы Қытай билігіне наразылық танытқан 69 адам өз-өзін өртегенін, оның 54-і қаза тапқанын мәлімдеді.
2014 жылы 20-ақпанда Қытай билігі АҚШ президенті Барак Обаманы Тибеттің қуғындағы діни көсемі Далай Ламамен кездесу жоспарынан бас тартуға шақырып, бұл оқиғаның екі ел қарым-қатынасына «айтарлықтай нұқсан келтіретінін» ескертті. Мұнан кейін де Қытай билігі өзге ел лидерлерінің Далай Ламамен кездесуіне қатаң наразылық білдірді. Қытай коммунистерінің бұл саяси ұстанымы саяси қайраткерлерден өзге өнер адамдарын да қамтыды. Айталық, 2008 жылы Қытайды аралап өнер көрсеткен исландиялық әнші Bjork Шанхайдағы концертінде Тибетті қолдап, «Declare Independence» («Тәуелсіздік жарияла») деген ән орындаған. Негізі, әнші бұл әнді ресми түрде Данияның құрамындағы Гренландияға қарайтын Фарер аралдарына қарата айтқан. Мұның алдында Фарер аралдары Исландияның құрамында болған еді. Ал Шанхайдағы концерті кезінде Bjork «Тибет!» деп айқайлап, Қытайдың қоластындағы автономиялық аймақтың атын атаған. Осы атышулы концерттен соң ел басшылығы исландиялық әншінің Қытайға кіруіне тыйым салды.
2016 жылғы шілдеде Қытайға кіруге тыйым салынғандар тізіміне америкалық әйгілі әнші Lady Gaga да кірді. Әнші Далай Ламамен кездескен соң Қытайда оның бүкіл әндеріне тыйым салынды. Тибетке жанашырлық танытқаны үшін актер Бред Питт те («Тибеттегі жеті жыл» фильміндегі рөлі үшін) және британиялық әйгілі топ Maroon-5 те осы қара тізімге ілінді.
2017 жыл 14-шілдеде Далай Лама Қытайдағы құқық қорғаушы, Нобель сыйлығының лауреаты Лю Сяобо қазасына байланысты мәлімдеме жасады. Ол мәлімдемесінде құқық қорғаушының өліміне Қытай коммунистерін кінәлады.
Дайындаған Ерзат Асыл
«Жұлдыздар отбасы» журналы, 2019 жыл, № 13 саны
ЕСКЕРТУ: Көшіріп басуға болмайды