-Естеріңізде болса, жер мәселесі өршіп тұрғанда билік қоғамдық комиссия құрып, барлық облысты аралап, елді сөйлетіп, соңында xалықтың сұрағанын толық бермей 5 жылға мораторий жариялаған болатын. Бұл – Елбасының турбулентті сәтте іске қосатын ескі тактикасы.
Бүгін Қ.Тоқаев инаугурацияда жаздың соңғы айында азаматтық кеңес құрылады деді. Алдағы уақытта дәл бұрынғы тактикамен екінші президенттің аузымен елді басқарып отырған Елбасы саяси реформа, өзгеріс деген тақырыптарды көтеріп, тамыз айында барлық белсендіні жинап әбден сөйлетеді. Іштегі парды шығарады. Соңынан бірді-екілі жаңа партия құрылуы мүмкін. Немесе оппозицияның серкелерімен келісіп, Парламентке өтетін саяси партиялардың негізі жасалады. Әрине, тікелей биліктің бақылауында болады. Қазіргі Парламенттегі «Ақжол» партиясының уақытқа сай модернизацияланған, елді алдауға болатын заманауи екінші нұсқасын жасайды. Халықты «Міне, оппозиция» дегенге сендіреді. Содан жаңа Парламент сайлауында әлгі партияларға 15-20 орын беріледі. Елде БАҚ арқылы өзгеріс басталды деген мықты пропаганда жүреді. 5-6 жыл ел соған алдануы да әбден мүмкін.
Бір нәрсе анық. Биліктің 30 жылда жүріп өткен жолы саяси аренаға таза оппозицияны шығаруды көтермейді. Себебі, шынайы оппозиция келсе кен орындары қайда кетті, кімге, қаншаға берілді, қай министр не шенеуніктің шетелде қанша ақшасы бар деген секілді өткір тақырыптарды көтермей тұрмайды. Өзі сайлауда ұтылып қала жаздағанын білетін бүгінгі билік шығарушы ма еді мұндай оппозицияны?.. Әрине жоқ. Билікте Елбасы тұрғанда ешқашан шықпайды да. Президент кезінде ешкімді сөйлетпеген Елбасы енді бір аяғы билікте, екінші аяғы сыртта тұрған кезде мұндай тәуекелге бара алмайды. Бірақ Қ.Тоқаев өзгеріс жасап жатыр дегенге елдің сенгені Елбасыға да қажет. Барлық жұмыс осы бағытта болады. Осы жолменен Тоқаев де-юре, Елбасы де-факто президент болған саяси жүйе жалғаса береді. Халық оянбаса, бұл ұзаққа созылады. Елдің саяси санасы өспесе, біздің буын пенсияға шыққанша жалғасуы да мүмкін. Себебі, Елбасының отбасы, ағайын-туысы, Қ.Тоқаевтың жора-жолдастары, достары миллионерлер әрі өздерін осы мемлекетті басқаруға әбден лайықты санайды. Олар сабақтастықтың жалғасқанын қаламайды деп кім айтты?
Бас бет Жаңалықтар Бауыржан СЕРІКБАЕВ, саясаттанушы: Қоғамдық кеңес құру – екінші президенттің қолымен істеп отырған...