1. АҚШ-тағы «ұлы күйзелістің» болу себептері және одан шығу үшін Франклин Рузвельттің жасаған амалдары қандай?
2. Қазіргі Қазақстандағы экономикалық дағдарыс, қиындықтардың себептері және үкіметтің оған қарсы жасап жатқан амалдары қандай?

Картинки по запросу Ғазиз АЛДАМЖАРОВҒазиз АЛДАМЖАРОВ, мемлекет және қоғам қайраткері:
БІЗДЕГІ ДАҒДАРЫС – БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ДАҒДАРЫСЫ

1. Франклин Делано Рузвельттің АҚШ тарихында алар орны ерекше. Ол – елін қатарынан екі үлкен қиын жағдайдан алып шыққан саясаткер. Біріншісі, ол әрине, өзіңіз айтып отырған «ұлы дағдарыс» мәселесінен шығаруы. Ал екіншісі, екінші дүниежүзілік соғыстан Американы ұлы держава ретінде алып шығуы. Оның 30-жылдардың басындағы «ұлы күйзеліс» кезіндегі шешімдеріне қарап Франклин Рузвельтті шын мәнінде өте көреген, сарабдал саясаткер ретінде өзін дәлелдеген тұлға деп айтуға болады. Осындай күйзеліс кезінде, қиын уақыттарда «жаңа курсқа» қатысты тәуекелге бел буып, жаңа экономикалық реформаларды, жобаларды қабылдауы бірнеше жылдың ішінде күйзеліске ұшыраған Американың әлеуметтік жағдайын, экономикасын әжептеуір көтеріп тастады. Америка сияқты ірі мемлекет үшін осындай оңтайлы саясатты жүргізе алуы меніңше, бір жағынан, Франклин Рузвельттің өзінің тұлға ретіндегі қабілеті. Екінші жағынан, маңайына мықты команданы жинай алғанының көрсеткіші. Бұл көбіне демократиялық мемлекеттерге тән дүние. Менменшілдікке жол бермей, білікті экономистерді, мықты ұйымдастырушыларды қасына жинап, дұрыс саясат жүргізе білді. Ол 30-жылдардың басында алдымен, халықты жұмыспен қамту мәселесін және ірі инфрақұрылымдық жобаларды қолға алды. Оның ең негізгісі, әрине жол салуы, ірі көпірлерді салуы… Мәселен, Гувер плотинасы сияқты дүниелер Ф.Рузвельттің заманында салынған. Субсидияларды алып, халықты жұмыспен қамту арқылы экономикаға жан бітірді. Экономиканың қарқынды дамуының бірден-бір алғышарты – бұл байланыс, көлік жолдары, инфрақұрылым… Бұның барлығын қалпына келтіру арқылы 30-жылдардағы күйзелісті еңсеріп шығуы өз алдына, экономикасы жағынан Американың әлемде алдыңғы орынға шығуының алғышарты сол 20-30 жылдары қаланды. Соның негізін қалаған Франклин Рузвельт деп толық айтуға болады. Бұл жерде меніңше, оңтайлы экономикалық саясатты ғана емес, ішкі саясатты да сауатты жүргізе білді. Көптеген саяси партиялармен, қозғалыстармен, парламентпен, солардың әрқайсысының тілін тауып, қиын-қыстау кезде бірауыздылықты сақтап қалу да меніңше, үлкен бір көрініс. Америка Құрама Штаттарының тарихында екі мерзімнен көп отырған жалғыз ғана президент, ол – Франклин Рузвельт. Яғни, Америка қоғамының, халқының Франклин Рузвельтке мейлінше сенім білдіруі, лауазым беруі – оның қоғамдағы абыройының көрсеткіші.

2 .Біздің мемлекеттегі дағдарыс мәселесін айтқанда, баспасөз беттеріне көз жүгіртсек, қисынсыз екі нәрсені көреміз. Біріншісі, президенттің жолдауларында немесе үкіметтің есеп беруінде «Қазақстан дамып келе жатыр», «Қазақстанның экономикасы өрлеп келе жатыр», «Көрсеткіштері керемет» деген дүниелер айтылады. Екіншісі, әр жыл сайын бізде дағдарыс жағдайы сөз етіледі. «Экономикамызда дағдарыс. Әлі де тоса тұрыңыздар, әлі де шыдаңыздар. Қазір осы қиын жағдайдан өтсек, содан кейін бір игілікке жетерміз» деген әңгімелер айтылады. Ал шындығына келгенде, Қазақстандағы дағдарыс қалыпты жағдайға айналған. Бұл мемлекетті басқару жүйесінде, экономиканы басқару жүйесінде жауапкершіліктің жоқтығы. 90-жылдардың басында қолға алған жобалардың бірі де тыңғылықты іске асқан жоқ. Оның ішінде жол мәселесі дейміз бе? Әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі дейміз бе? Жалпы ішкі өнім дейміз бе? Экономиканың шикізатқа тәуелді болып қалуы сияқты дүниелер сол 90-жылдардың басында айтылған. Сол мәселе әлі күнге дейін айтылып келе жатыр. Басқа бағыттарда да ауыз толтырып айтарлықтай алға басушылық болған жоқ. Көбіне сол көз алдау, көзбояушылық, формалды қатынас… Сол жобаларды, сол бағдарламаларды ұсынған үкіметтің болсын, үкімет мүшелерінің болсын жауапкершілігінің жоқтығы. Тіпті әріге бармай тек мемлекеттік бағдарламалардың өзіне көз салатын болсақ, кемінде он бес шақтысын тізіп шығуға болады. Арасында «дамыған 50 мемлекеттің құрамына кіреміз» деді. «Алматыны қаржылық аймақтық ортаға айналдырамыз» деді, тағысын тағы… Ашығын айтқанда, тыңғылықты іске басқан біреуі де жоқ. Қайта барлығы жолда қалды. Оған жауап берген лауазым иелерін қайта көргеніміз жоқ. Қазақстандағы дағдарыс мәселесін айналып келгенде өзіміздің ішкі бір былықтарымызбен емес, мұнай бағаларымен, әлемдік экономикалық жағдаймен, сондай бір факторлармен байланыстырып, түсіндіреді. Меніңше, Қазақстан басқа көрші мемлекеттермен салыстырғанда мүмкіндіктері көш ілгері. Халқының қабілеті, халқының сауаттылығы, табиғи байлықтары, алып жатқан аумағы… Осының барлығын да дұрыс пайдалануға болар еді. Меніңше, біздің мемлекеттегі дағдарыс – бұл басқару жүйесінің дағдарысы. Бүгінгі заманның талабына сай келмейтін саяси биліктің дағдарысы болып табылады. Экономика болсын, әлеуметтік болсын, қай саланы алып қарайық, біздің дағдарыстың түп себебі, экономикалық факторлардың өзі емес, экономиканың тізгінін ұстап отырған, шешімдерді қабылдап отырған, жауапкершілігін сезінбейтін, қоғамның өзінің бақылауына жол бермейтін, біздегі саяси жүйенің дағдарысы деп білемін.

 

Серік МӘШІМБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры
БІЗДІҢ ЕЛДЕ ДЕ КАПИТАЛИЗМДІ ДАМЫТУ ҚАЖЕТ

1.АҚШ-тағы экономикалық дағдарыстың басталуына 1929 жылғы Нью-Йорк қаласының қор биржасындағы оқиға себеп болды. Нью-Йорк банкінде сатылатын қағаз ақшасының (акция) құнсыздануынан басталды. Акция мөлшері өсіп, 27 миллиард доллардан 87 миллиард долларға жетті. Құнсызданған банк 32 миллиард жоғалтты. Бұл дүниежүзілік дағдарысқа әкелді. АҚШ-та өнеркәсіп өнімдерін шығару 54 пайызға қысқарды, 1932 жылы автомобиль шығару 15-16 пайызға төмендеді. Жұмыссыздар саны 17 миллионға жетті. Жұмысшы жалақысы 60 пайызға қысқарды. Сөйтіп, бай елдің халқының тұрмыс жағдайы төмендеді. Бұл дағдарыс дүниежүзілік дағдарысқа әкелді. 1924-1929 жылдарда капитализм жақсы тұрақтанды. Бірақ бұл ұзаққа созылған жоқ. Сөйтіп, дүниежүзілік дағдарыс бас­талды. Дағдарыстың алдында 1932 жылы АҚШ-та президент сайлауы өтіп, демократиялық партиядан Франклин Рузвельт президент болды. Сайлау қарсаңында елді дағдарыстан шығару үшін «Жаңа бағыт» саясатын ұсынды. «Жаңа бағыт» саясаты жүзеге асырылу үшін жаңа реформалар ұсын­ды. Бірінші, 1930-1934 жылдарда қаржы экономикасын дамыту үшін корпоративтік құрылымды дамыту, қаржы саласын қалпына келтіру үшін мемлекет қаржы корпорациясын құрды. Мемлекет банктерге көмек ретінде 5 миллиард доллар бөлді. Бірақ бұл көмекті банктің бәрі бірдей ала алмады. Реформа арқылы 25 мың банктің лидерлік 15 мыңы қалды. Бұл – бірінші бағдарлама. Екіншіден, дағдарыстан шығару үшін әлеуметтік-экономикалық салада 1933 жылы маусым айында реформа жүзеге асырылды. Бұл реформа «ұлттық өнеркәсіптік қайта құру заңы» деп аталды. Өнеркәсіпті қалпына келтіру үшін бірінші – жұмыссыздықты жою керек болды. Дағдарыс жылдарында АҚШ-та 17 миллион жұмыссыз болса, бұл реформаны жүзеге асыру үшін 3,3 миллиард доллар қаражат бөлді. Сөйтіп, жұмыссыздық 20 пайызға азайды. Үшіншіден, ауылшаруашылығына көмек ретінде «ААА» реформасын жүргізді. Ол үшін егіс көлемін және мал санын азайту арқылы субсидия бөлді. Фермерлердің мемлекеттік қаржысына кешірім жасалды. Бұл салаға мемлекет 5,5 миллиард доллар бөлді. 1930-1934 жылы АҚШ-та 600 мың фермер шаруашылық қысқартылды. Сөйтіп, «Жаңа бағыт» саясаты капитализмге тұрақтап қана қойған жоқ, мемлекетті реттеу арқылы капитализмның жаңаша дамуына мүмкіндік жасады. Бұл саясат Еуропа елдерінің де дағдарыстан шығуына жол ашты. Міне, Рузвельттің «Жаңа бағыт» саясаты осылай жүзеге асты.

2 .Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін экономика саласында жаңа бағытқа көшті. Ол бағыт «нарықтық капитализм» деп аталды. Нарықтық капитализмге көшу кезінде алғашқы уақытта біздің елдегі капиталистік даму жабайы түрде жүрді. Мемлекеттік меншіктердің барлығы қысқартылып, жекеменшікке көшті. Бұл кезеңде біздің елімізде көптеген реформалар жүзеге асырылды. Ол реформаның негізгі бағыты жекеменшікке өту болды. Соның нәтижесінде елдің экономикасы жекеменшікке көшті. Тек бес-алты салада ғана мемлекеттік меншік қалды. Өкінішке қарай, капитализм кезіндегі алғашқы реформалар біздің елімізді дағдарыстан шығара алмады. Бірақ мемлекет капитализм кезіндегі дағдарыстан шығу үшін, халықтың жағдайын жақсарту үшін көптеген реформалар жүргізді. Ол жаңағы «Жаңа бағыт» саясатындағы сияқты бізде де банктер жүйесі көбейді. Бірақ мемлекеттік банктер елдің экономикасының дамуына айтарлықтай инвестиция құя алмады. Капитализмның дамуына шетел инвестициясы көмек жасады. Соңғы кезеңде Қазақстанда инвестиция 32 миллиард доллар болды. Сол арқылы біз экономикамызды біртіндеп көтере бастадық. Бірақ 2007-2009 жылдарда біздің елімізде қайта дағдарыс болды. Америка Құрама Штатындағыдай дағдарыс банктен басталды. Сөйтіп, біздің мемлекетіміз реформа арқылы банктерге мемлекеттік көмек ретінде 5 миллиардтай ақша бөлді. 2009 жылдары біз дағдарыстан біртіндеп шықтық. Тұңғыш президентіміз Н.Назарбаевтың индустриялық даму бағдарламасы бойынша көптеген өнеркәсіп орындары салынды. Оларға қажетті мамандарды дайындау үшін жастарды «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқытты. Бірақ, өкінішке қарай, білім алып келген жастардың көбі мұнда жұмыс істей алмады. Сондықтан да біздің жастарымыздың көбі шетелге кетуге мәжбүр. Өкінішке қарай, елімізде жұмыссыздық әлі де бар. Жақында ғана газеттен оқыдым, Ресейдің өзінде 78 мың қазақ білім алып, сол жақта жұмыс істеп жатқан көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, капиталистік қоғам құру оңай емес. Оның кезеңдері бар, оның жолдары бар. Ол кезеңнің бәрінен біртіндеп өтіп, капиталистік қоғамда өмір сүруіміз керек.

«Аңыз Адам» журналы. 2019 жыл, №13.

ЕСКЕРТУ: Көшіріп басуға тыйым салынады.

(Толық нұсқасын «Аңыз Адам» журналының 2019 жыл, №13 санынан оқи аласыздар)

 

 

Пікір қосу