Бұл мәселеге қатысты әңгімені сәл нақтылай, таратыңқырап айтса, оның мәнісі мынаған саяды.
Мысалы, 2016 жылғы жер митингілерінен шошып кеткен Н.Назарбаев дереу жерді шетелге ұзақ мерзімге жалға беру жөнінде заңға енгізілген өзгеріске 2020 жылға дейін мораторий жариялап, Б.Сағынтаевтың басшылығымен Жер комиссиясын құрды.
Оған кімдер кірді? Бұрын ешқашан жер үшін күрестің маңайына да жоламаған Көшім, Шаханов, Тайжан, Сарым, Үшкемпіров және басқа билікшіл «тұлғалар», ал, мәселен, сонау 90-шы жылдардың басынан бері қазақтың қасиетті қара жерін жекеменшікке беріп, талан-тараж етуді көздеген және 2002 жылы заңдастырған Н.Назарбаев саясатымен күресіп келе жатқан мен тәрізді бірқатар азаматтарды осы комиссияның мүшесі болған Мақсат Ілиясұлы (кейін комиссиядан шығып кетті) ұсынса да, кіргізбей қойды.
Ал қазақтың жерге қатысты бүкіл қасіретіне кінәлі «елбасын» үнемі айналып өтіп, билікті жалпы сынағансып бұлбұлша сайраған Көшім сияқты саяси алаяқтар сонда өздерінің жалаң популистік сөздерімен халықтың саяси сауатсыз бөлігі арасында арзан саяси ұпай жинап алды.
Оның ақыры не болды? Ештеңе. Жалған жер комиссиясы бүкіл проблеманы былшылбайға айналдырып, түк шешкен жоқ. Есесіне, халқымыздың аяулы азаматтары Макс Боқаев пен Талғат Аянды бес жылға соттап жіберді! Ал жер мәселесін шын мәнінде халық мүддесіне сай шешкісі келетін билік өйтер ме еді? Әлбетте, өйтпес еді.
Сондықтан, Н.Назарбаев Қазақстанды билеп-төстеп отырған кезде билік тарапынан ұсынылған қандай да болса ұйым тек көзбояушылық мақсатта, қазіргідей күш алып келе жатқан халықтың наразылығын басып, назарын басқа жаққа бұрып әкету үшін ғана құрылады.
Демек, мұндай өтірік құрылымдарға алданбау керек.
Пікірлер фейсбук парақшасынан алынды.