Белгілі журналист, «Жұлдыздар отбасы» және «»Аңыз Адам» журналының жетекшісі Жарылқап Қалыбай Арыстағы әскери қойманың жарылуына байланысты өз пікірін білдірді. Оның пікірінше, қойманың жарылуының бір факторы — биліктің салғырттығы.
«Биліктің жемқор, жауапсыз жүйесі бейбіт күнде Арыс қаласы мен айналасындағы жүз мың халықты бірақ күнде соғыстағыдай бомбалатып, бостырып, қан-қақсатып жіберді. Бұл нұр-биліктің «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса — жең ішінде» деп, ел ішіндегі әр алуан проблемалар мен апатты жағдайларды жасырып, ал Елбасының титімдей бір тірлігін ұлы жеңіс ретінде тойлап, дүркіретіп атап өту саясатының қайғылы нәтижесі! Жаңаөзен халқын биліктің полицейлері атып жатқан күні Ақорда Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығын Астанада ұлан-асыр тойлап жатқан. Биліктің тв-радиосы ел қайғы-қасыретін емес, нұрбиліктің той-думаны мен ойын-сауығын насихаттаған. Бұл жолы халық Арыс қаласының қайғылы оқиғасын ғаламтор арқылы біліп, биліктің назарын бұрғызуға мәжбүр етті. Бірақ, Қазақстанды отыз жылда 170 млрд доллар қарызға батырған, халықтың жағдайын мүшкіл халге жеткізген нұр-биліктің жыл сайын ел қаржысын талан-таражға түсіретін 6 шілде — Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнін тойлауды тоқтата алар ма екенбіз… Бұл тойға кететін қомақты қаржыны қайғы-қасырет шеккен ағайынға бұрғызуға шамамыз жетер ме екен…
Мен Жұлдыздар отбасы — АҢЫЗ АДАМ журналдарының атынан Арыстағы адамынан, денсаулығынан, баспанасынан, дүние-мүлкінен, жұмысынан айырылған ағайынға көңіл айтамын. Журналымыздың қоймасындағы құнды сандарды босқын халыққа жеткізуге демеуші көліктер табылса тегін таратып беремін.»,- деді журналист.