ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Арыс қаласынан шығатын жерлерде полиция бекеттері қойылғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
— Қазір Арыс қаласының периметрі бойынша бекеттер қойылды. Қалада ешкім дерлік қалмады. Зақымданған үйлер бар, жарылмай қалған снарядтар да бар. Азаматтардың қалаға кіруіне тыйым салынған, — деді ол үкімет отырысында.
Оның дерегінше, қалада ұрлық болмауы үшін полицияның 75 наряды жұмыс істеуде.
— Ұрлық жасаған үш адам ұсталып үлгерді. Олар екі қылмыс жасады – бір дүкен тоналып, бір үйден ұрлық жасалды, — деп нақтылады Тұрғымбаев.
Арыста 24 маусымда әскери қойма жарылып, қазірге дейін 2 адамның қаза тапқаны белгілі болып отыр: бір тұрғын мен бір әскери қызметкер.