Әлеуметтік желіде жазушы Думан Рамазан елімізде болып жатқан соңғы оқиғаларға байланысты өзінің пікірін білдірді.
«Біз еңсеміз езілген, рухымыз жаншылған ұлтпыз. Сан ғасырлық бодандық біздің еңсемізді әбден езіп, рухымызды жаныштап тастаған. Содан әлі еңсемізді тіктей алмай келеміз!
Кез келген мемлекеттегі құдіретті күш кім? Халық.
Билік емес. Билік бар-жоғы тек сол халықтың қызметшісі ғана.
Ал бізде бәрі керісінше. Ауылдан бастап Ақордаға дейін халықтың қызметшісі емес, қожасына айналған. Елдің егесі де, қожайыны да билік болып алған. Ал халық сол биліктің қызметшісіне, бір сөзбен айтқанда, құлақ кесті құлына айналған. Тұр десе тұрады, отыр десе отырады, жат десе жатады. Бірақ өзімізден де бар. Себебі, биліктің алдында құрша жорғалаймыз. Жалтаңбаймыз, жағымпазбыз. Шен-шекпенділер мен шікірейген шенеуніктер, әкіреңбай әкім-қаралар соған әбден үйреніп, дандайсып алған. Тіпті халыққа олардың алдына барып, мұң-мұқтаждарын айтудың өзі мұң болып қалған. Жан-жақтарын тас қамалмен қоршап алған. Қабылдамайды, кіргізбейді. Халық бір бөлек, билік бір бөлек өмір сүріп жатыр.
Билік халықпен санаспақ түгілі, оны қорқытып-үркітіп, құмырсқаның илеуіндей илеп отыр. Халық биліктен өлердей қорқады. Ауылдан бастап, Ақорданың маңайындағы шенеуніктерге дейін халықты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағысы келеді.
Билік халыққа жұмыс істеуі керек! Ал бізде халық билікке жұмыс істеп отыр. Билік халықпен санасуы керек. Халықтың мүддесі үшін жұмыс істеуі тиіс! Халыққа жағдай жасауы қажет! Халықтың талабын орындауы тиіс! Халықпен ақылдасып-кеңеспей ұлттық мәселелерді шешуге биліктің ешқандай құқығы жоқ.
Ал бізде бәрі керісінше, билік ойына не келсе, соны істейді. Ал халық үнсіз мақұлдай береді. Тіпті басымызға саңғып жатса да қыңқ демейміз-ау, қыңқ демейміз! Не деген намыссыз, ез, көнбіс адамдармыз?
Мәселен, білім саласында қаншама шалажансар реформалар жасалды. Қазір оқушылар түгілі, мұғалімдердің миы ашып қалды. Ақымақ Білім министрлеріне ештеңе істей алмадық. Не істесе де, үнсіз көне бердік. Айтсақ та, сөзімізді өткізе алмадық.
Мұндай жөн-жосықсыз жасалған реформалардың зардабын оқушылар, яғни жас ұрпақ тартып жатыр. Оқушылар түгілі, ересектер түсінбейтін шалдыр-шатпақ, бәлду-батпақ, қойыртпақ оқулықтар шығып жатыр. Неге біздің балаларымыз осындай жансыз реформалардың құрбаны болуы керек?!
Құқық қорғау органдары жазықсыз жандарды ұстайды. Жазалайды, түрмеге тоғытады. Қорқақ, қарақан бастарын ғана ойлайтын сатылған соттарымыз оларды соттайды. Адам құқығы аяққа тапталып, адам тағдыры ойыншыққа айналып жатыр. Тағы үнсіз көне береміз?!.
Қазір Алматы қаласында көлік қоятын орын қалмады. Бәрі ақылы. Жарайды, ол ақша мемлекеттің қазынасына түсіп жатса мейлі ғой! Оған ешқандай есеп бермейді. Сөйтсек, бұл бір мықтының бизнесі екен, сол қыруар қаржы жеке адамның қалтасын қампайтып жатқан көрінеді. Мемлекетке тек түскен пайдадан салық төлейді екен. Ай сайын қанша қаржы жиналады? Қанша салық төленеді? Оны тергеп-тексеріп жатқан кім бар? Ешкім. Тағы үнсіз көніп келеміз!
Айта берсең, бұндай жырлар таусылмайды.
«Көп қорқытады, терең батырады!» дейді. Үнсіз көне бермей, ұрпағымыздың болашағы үшін барлықтарыңызды белсенділік танытуға шақырамын. «Халық сұраса, хан түйесін сояр». Біз осы жөндеп сұрай алмай жатырмыз-ау! «Халық алмас, қамал болмас!», «Халық сөзі қаһарлы», «Көптің қолы көкке жетеді» деген нақыл сөздер тегіннен-тегін айтылмаған шығар.
Қадірлі жамағат, еңселеріңізді тіктеңіздер, бастарыңызды көтеріңіздер! Өз құқықтарымызды талап ететін, соны орындатуға күш салатын уақыт жетті.»,- деді.