Джин Шарптың есімі мемлекетке зорлықсыз наразылық білдірудің әдістерін жазған кітабы арқылы жақсы таныс. Бұл әдістер қазір барлық елдерде дерлік «жұмсақ күш» ретінде пайдаланылады. Оның пайымынша, «Барлық әлемдегі адамдар тирандармен күресіп келеді».
Осыдан бірнеше жыл бұрын түсірілім тобы Шығыс Бостондағы профессордың таунхаусының бірінші қабатында орналасқан А.Эйнштейн атындағы институтына барды. Ол жерде ешқандай менмұндалаған тақтайшалар да, қызметкерлер де жоқ. Тек доктор Шарптың өзі мен оның атқарушы директоры, бала кезінде Ауғанстаннан АҚШ-қа қоныс аударған Джамиля Ракиб қана болды. А.Эйнштейн атындағы институттың іргетасын Шарп осыдан 36 жыл бұрын қалаған еді. Аталмыш институт Шарптың өз идеясы саналатын зорлықсыз саяси қарсылық стратегиясын зерттейді. Ең бастысы, оның теориялық еңбектерінің негізінде жазған диктаторлық жайлы мақалалары күресушілерге түсінікті әрі тартымды тәсілмен стратегияны таратуды көздейді. Себебі, Шарп зорлықсыз қарсылық білдіру басқа соғыстардан әлдеқайда тиімді деген түсінікте. Осы тақырыпты жете зерттеуге өмірін арнаған зорлық-зомбылықсыз революцияның теоретигі ешқашан некеленбеген, әрі бұған бола еш өкінбеген. Бұл туралы сұрақтарға ол «Отбасым мен балаларым болғанда зерттеуіме кедергі жасаушы еді» деп жауап берген. Джин Шарптың сөзіне сенсек, оның жақын достары да жоқ. Бала кезінде отбасы көп көшіп-қонып жүргендіктен, оның әңгімелесетін достары ит пен кітаптар ғана болған екен. Өмірінің соңына дейін де осы екі «досын», он жылдан аса қызмет істеген сенімді көмекшісі және бөлме гүлдерін серік етті. Бірақ оның пош­тасы әлемнің түрлі елдеріндегі саяси белсенділерден келетін хаттардан босамайтын. Десе де оның жұмысына деген кедергілер де көп болды. Одан жұмысы туралы сұраған кезде «Менің жұмысым туралы жазу қашанда қиын. Себебі ол өзгелердің түсінігімен сәйкес келе бермейді. Мен көбінде диктатураға зорлықсыз наразылық білдірудің табиғаты мен потенциалын түсінгім келеді, ал зорлықсыз қарсыласу толғақтың бір техникасы іспеттес. Ол соғыс немесе сол сияқты озбырлықтардың орнын ауыстыра алады» деп жауап беретін.
Осы негізде жазған «Зорлықсыз наразылық білдірудің 198 әдісі» атты кітабы шамамен әлемнің отыз тіліне аударылды. Әрі миллиондаған адамдардың бостандыққа жетуіне әсер етті. Бірақ өзі ол кітапқа әр елдегі халықтар қалай қол жеткізіп жатқанына таңданатын. «Зорлықсыз наразылық білдірудің 198 әдісі» атты кітабы соңғы отыз жылдан бері кез келген оппозиция өкілінің қолданатын басты тәсіліне айналды. Кітап 1973 жылы басылған соң алғаш рет «түсті революция», яғни «жұмсақ күш» арқылы режим өзгеруі бір жылдан кейін Португалияда болды. Содан бері зерттеушілер мұндай революцияның бірнешеуі болды деп жорамалдайды.
Джин Шарп: «Меніңше, танымал 198 әдісте көпшіліктің жанайқайы бар. Бұл жай ғана өзгеше 198 әдіс. Экономикалық бойкот, азаматтық қарсылық, жалауларды ілу мен символикалық түсті заттарды пайдалану, таңдамалы әлеуметтік бойкот, көтерілістер, ресми тұлғаларды әжуалау, қарыздар мен проценттерді төлеуден бас тарту, қорлыққа немесе оппоненттің өзге әрекеттеріне зорлықсыз қарсы тұру, әкімшілік жүйені асыра жұмыс жасатқызу, үкімет өкілдеріне көмек беруден саналы түрде бас тарту, сайлауға бойкот жариялау және тағы басқалар. Егер елде зорлық пен соғыстан басқа ештеңе болмаса, үнемі сол екеуіне қайта оралып отырады».
Джин Огайо штатындағы университетте оқып, 1951 жылы әлеуметтану магистрі дәрежесін алды. Дегенмен, ғылыми қызметті бастағанға дейін өзін саяси күрескер ретінде дәлелдеді. 25 жасында ол әскери қызметтен бас тартқаны үшін және АҚШ-тың Корей соғысына қатысып, наразылық білдіргені үшін бірнеше айға түрмеге жабылды.
Джин Шарп: Менің жасым ол кезде шамамен 25-терде болды. Менің позициям – әскери күштердің мобилизациялауына азаматтардың бағынбауы. Сол әрекетім үшін түрмеге жабылдым, ол жерде 9 ай 10 күн отырдым. Бұл күндер маған тым ұзақ сезілді. Бірақ менің әрекетіме қандай да бір кедергі алып келген жоқ, керісінше менің позициямды сақтауыма себеп болды. Сондықтан да мен өзім маңызды деп санаған салада жұмысымды жалғастыра бердім.
Атақты кітаптары шықпастан бұрын Шарп өзінің алғашқы кітабын Үндістанның тәуелсіздігі үшін күрескен Махатма Гандиге арнады. Доктор ғылыми зерттеулер үшін тынымсыз шабыт көзін іздей бастады, себебі оның қызығушылығын тудыратын тақырып бойынша тиісті әдебиеттер болмады. Қарсылықтарда зиянды емес, зорлықсыз әдістер әлемнің әртүрлі елдерінде ғасырлар бойы қолданылған, бірақ кездейсоқ. Ал Ганди алғашқы серпіліс жасады. Шарп үшін «махатма» тек зорлық-зомбылық («сатьяграхи») философиясы ғана емес, сонымен қатар тарихтағы ең ірі саяси стратегтердің бірі саналды. «Оның идеялары маған және менің жұмысыма көп көмектесті», – деп мойындайды. Ал ол кітаптың алғысөзін Альберт Эйнштейн жазған еді. Похожее изображение
Джин Шарп: «Мен Эйнштейннің өзімен ешқашан кездеспедім, бірақ оған хат жазған болатынмын. Қазір оның мекен-жайын қалай тапқаным есімде жоқ. Бірақ хатта қандай дүниелерді кітапқа жазғым келетінін айтқанмын. Ол кітабымда Гандидің зорлықсыз қарсылық танытуы туралы бір-біріне ұқсамайтын үш оқиғасы айтылады».
Бұл кітап жарыққа шыққан кезде Шарп 32 жаста еді. Осы кезде ол Оксфордтағы зерттеу жұмыстарына араласып, саясаттану ғылымының докторы болды. Оксфордта оқып жүрген шағы Шарп үшін «эврика» болды. Себебі, ол сол жылдары «Адамдар қалай диктатурадан қорғана алады?» деген тақырыпта жаңа әдістер қарастыра бастады.
Джин Шарп: «Егер сіз басқарушы биліктің негізін анықтай алатын болсаңыз, онда оның тіршілік етуіне ненің әсер ететінін де білесіз. Бұл дереккөздер зорлықсыз әрекет етуге және адамдарға көмектесуге септігін тигізеді. Мұны түрлі тарихи оқиғалар кезінде қолдану аса маңызды. Сол эврика сәтінде мен өзімнің бойымнан үлкен жеңілдікті сезіндім, өйткені қалағанымды реалды түрде жасадым».
Сондай-ақ Шарп Гарвард университетіндегі халықаралық қатынастар орталығының жұмысына қатысып, отыз жыл өмірін соған арнады. Сол жерде ол көптеген жиындар өткізіп, өзімен мүдделес адамдарды тапты.
Джин Шарп: «АҚШ-тың қорғаныс министрлігі мен өзге де мемлекеттер өздерінің қызметкерлерін Гарвардқа оқуға жібереді. Ондағы мақсаттары – жаңа дүние үйрену. Менің халықаралық қатынастар орталығымен «Зорлықсыз санкциялар мен зорлықсыз әдістерді қолдану» атты бірлескен жобам бар. Негізі бұл дүниелерді жазуды өзім бастаған жоқпын. Менің діни тәрбием әлемді жақсылыққа бағыттауға деген ниетімді оятты».
Шарптың кездесуіне барған қарапайым күзетші: «Хабарландыруды тақтайшадан көріп жиынға бардым. Шынымды айтсам, уақытым болғандықтан ғана бара салғанмын. Бір кезде орта бойлы, дауысы бәсең ер адам алға шығып сөйлей бастады. Есімім Джин Шарп деп таныстырып, біз бұл жерге саяси билікті тоқтату мен оны ешкімге бермеу туралы мәселені талқылауға жиналып отырмыз. Мен зорлықсыз күрестің соғыс емес екенін айтқым келеді. Мұндай күрес түрі әлеуметтік-психологиялық, экономикалық, саяси тұрғыда әлдеқайда тиімді екенін ескеруіміз керек» деп айтты. Әрі оның осындай сенімді, өткір сөздері көпшілікті бірден баурап алатын еді.
Джин Шарп: «Атомизация қай кезде пайда болады? Жүйе әр адамнан жеке дүние жасағысы келген кезде пайда болады. Бұл олардың жүйесін, саясатын іске асырудың тиімді жолы. Осы арқылы олар адамдардың бір-бірінен қорыққанын, тіпті сөйлесуге, әрекет етуге именуін қалайды. Ондай жағдайда сіз көршілеріңізбен, тіпті отбасыңызбен ойыңызды бөліспейтін боласыз».
Әр үкіметтің қолдаушылары болады, оны түсіну қиын емес. Мысалы, діни ұйымдар, полициялар, жұмысшылар, тағы басқалар. Осылар әлсіздік танытқан тұста үкімет құлайды. Ал олар құлаған кезде демократияны қалыптастыруды қалайды.
Кейбіреулер КСРО ыдырауы үшін Джин Шарпты кінәлі деп санайды, 1991 жылы Литвадағы оқиғалар, КСРО-ны құлатудың дайындығы болған деп есептейді. Дегенмен, Шарптың өзі мұны нақты мойындамаған.Картинки по запросу португалия 1974
Джин Шарп: «Бұл менімен емес, менің идеяларыммен байланысты. Идея бірнеше адамның қарсы болуына әсер етуі ықтимал, бірақ соған қарамастан олардың еліне ештеңе де болмауы мүмкін».
Ал 1994 жылы Шарп өз идеяларын топтастыра отырып «Диктатурадан – демократияға дейін» деген кітабын жарыққа шығарды. Жиырма жыл бұрын жазылған кітабы туралы журналистердің: «Қазір заман өзгерді. Сіз кітабыңызға қандай толықтырулар енгіздіңіз?» деген сұрағына профессор: «Мен одан бері бір нәрсе өзгерді деп ойламаймын. Әрі ол кітап белгілі бір уақытқа арналып жазылған жоқ. Ол жерде үнемі маңызды болатын дүниелер жазылған», – деп жауап қайырады. Оның бұл сөзі рас та секілді, себебі арада он жыл өткен соң ол кітап Ресейде кең таныла бастады. Оның орыс тіліне аударылған нұсқасы 2005 жылы саяси белсенді Олег Козловскийдің түрткі болуымен 1500 таралыммен жарыққа шықты.
Ресейде 2005-2006 жылдары аталмыш кітап қызу қолдауға ие болды, оны белсенділер оқып, талдап жүрді. Бірақ дәл қазір бұл идеялар сирек сөз болады. Бірде Ресей журналисі Джин Шарпқа: «Ресейдің билеушілері революцияның қаупі туралы жиі айтады. Қалай ойлайсыз, олардың қауіптенуі орынды ма?» деген сұрақ қояды. Шынында кез келген үкімет революцияны қаралауға тырысады ғой, журналистің бұл сұрағына былай жауап береді.
Джин Шарп: «Егер кім диктаторлық жүйемен басқаруды дұрыс санаса, олардың қаупі орынды болуы мүмкін. Диктаторлықтың қандай формасын ұстанса да, күш қолдануға ықпалдылар бұл құралдармен адамдарды мәжбүрлеп, демократиялық құқықтарынан айыруға болатынын түсінеді. Ресейдің тарихына үңілер болсақ, еңбек қозғалысы пайда болған кездерден зорлық-зомбылықсыз революцияның нышанын байқауға болады. 1905 жылы төңкерістің 95%-ы зорлық-зомбылықсыз өтті. Кеңестіктер большевиктердің қолына түскенше әділ демократиялық жүйеде болды. Зорлық-зомбылыққа қарсы адамдар Ресейге тиімді болған осындай баламаларды да ескеруі керек».
Дегенмен, мұндай революциялар бола бермек. Одан құтылуға болатын мүмкіндіктер бар болғанымен, оны бәрі біле бермейді.
Джин Шарп: «Қақтығыстарды шешудің бейбіт жолдары туралы ақпараттың таралуына кедергі келтіру – қате. Өйткені бұл әрекет зорлық-зомбылық қиыншылықпен күресудің жалғыз жолы деп есептейтін адамдардың пікірін нығайтуға көмектеседі. Көптеген адамдар түсініспеушілік кезінде озбырлық жасауға тырысады. Бірақ олар қарсыластарына зорлықсыз наразылық таныта алады. Бұлай істеу басқа қарулардан әлдеқайда күшті».
Зорлық-зомбылықсыз әдістер өз талаптарын білдіруге мүмкіндік береді. Ең бастысы – арандатушы күштерден аулақ болу керек екенін, зорлыққа алып келетін әрекеттерге жоламауға, мәселені демократиялық жолмен шешуге шақырады.
Джин Шарп: «Мен демократия туралы айтқан кезде америкалық демократияны меңземеймін. Оның өзін толыққанды деп айта алмаймын», – деп, биліктің кесірен 9 ай түрмеге жабылған кезін есіне алады.
Сонымен қатар оның кітаптары түрлі кезеңдерде аса маңызға ие болды. Бірақ бұған өзінің көңілі толмайтыны байқалады. Картинки по запросу литва 1991 революция
Джин Шарп: «Менің еңбектерімді қолданған түрлі топтарға көңілім ешқашан толған емес. Себебі, олар көп жағдайда ең маңызды дүниелерді ұмыт қалдырады. Мысалы, араб әлемінде болған «араб көктемінде» еңбегімнің танымал болғанын білемін. Дегенмен, олардың бәрі менің кітабымды толық түсініп оқыды деп ойламаймын. Бірнеше парағын оқып, «болды, түсіндім» дейді. Бірақ мен тыңнан ештеңе ойлап тапқан жоқпын. Ондағы дүниелерді осыған дейінгі ойшылдардың да еңбегінен кездестіруге болады».
Ол өз еңбектерінің әлемнің қырықтан астам тіліне аударылғанына қуанады. Себебі, оның ұйымын ешкім қаржыландырмайды. Өзінің айтуынша, аудармаға ешқандай ақша бөле алмайды. Бірақ адамдардың күрескерлігіне разы.
Джин Шарп: «Мен ешқашан қалай әрекет ету керектігін айтпаймын, өйткені ол ақылға қонымсыз. Бірақ бастысы адамдар күресуге ұмтылуы керек. Оларда айтарлықтай нәтиже болмаған күнде де, келесі біреулер жақсы нәтижеге жетуі мүмкін. Адамдар болашақ демократияның күшті болуын қаласа, оның қоғамдағы қай тұсын жетілдіру керек екенін түсінуі керек. Ол үшін миыңды қозғап, ойлануың керек».
Қорыта айтқанда Джин Шарп адамдарды өзі үшін ойлануға шақырады. Ол: «Сен үшін біреудің ойлауына жол берме!» деп, қоғамды мықты болуға, тек ойлануға үндейді.
Десе де өмірінің күреске толы ауыр жолына бағдар жасаған Шарп өзіне ұқсайтын ізбасарлары бар деп есептемейді. Себебі, ізбасарға сенбейтінін, керісінше идеяны бағалай алатын ойшыл адамдарға көбірек сенетінін айтады. Өйткені олар не істеу керек екенін, қандай әдістер қолдану керектігін өздері шеше алады деп түйіндейді. Осы себеппен ол өзіндік идеясы мен миссиясы бар адамдардан үміт күтеді.
Материал «Диктатурадан демократияға» фильмінен алынды
Аударған Қарашаш ЕСЕНБАЙ

(«»Жұлдыздар отбасы» журналының 2019жыл, №11 саны) 

 

Пікір қосу