Белгілі журналист Жанболат Мамай 9 мамыр- Жеңіс күніне орай, көшеге «мәңгілік полкты» ұрандатып шыққан адамдарға қатысты өз пікірін білдірді.
-«Алматы және басқа да қалаларда «Мәңгілік полк» шеруі өтті. Ал «Мәңгілік полк» деген не? Бұл Кремльдің пропагандалық және идеологиялық қаруы. Он мыңдаған адам ашық түрде орталық көшелерде өмірде жоқ мемлекеттің, яғни СССР-дің туын ұстап алып шеруде жүр. Мыңдаған адамдар әскерилердің, сепаристердің формасын киіп алған. Кеңестік мемлекеттің жазалаушы органдарының идеологиясы ашық түрде насихатталып жатыр. Адамдар қолына ХХ ғасырдағы ең қаншер әрі қатігез тиран — Сталиннің суретін ұстап алған. Дәл осы Сталиннің кесірінен ашаршылық заманы басымызға төніп, Қазақстан, Украинада миллиондаған адамдар қырылды. Қазақстанның мыңдаған мемлекеттік және саяси қайраткерлері атылды. Қазақ халқының көшбасшылары — өз мемлекетін құруға ұмтылған Алаш Ордалықтардың көзі жойылды.
Енді міне зұлым Сталин мен большевиктік жүйенің Қазақстанда істеген қылмыстарын біле тұра, біз он мыңдаған адамдарға СССР-дің туын ұстап алып, Сталинді ұлықтап жүруіне жол беріп жатырмыз. Тіпті, кейбір адамдар «Берлинге аттанайық», «Қайталайық» деп ұрандатып халықты соғысқа шақырып жүр. Қазақстан билігі неге бұларға соғыс пен агрессияны насихаттауға жол беріп отыр? Сталин — Гитлер секілді қаншер, тиран. Гитлер де, Сталин де екінші дүниежүзілік соғыстың болғанына кінәлі адамдар. Сонда миллиондаған адамның өліміне кінәлі адамның портретін біздің елімізде көтеріп алаңға шығуға кім рұқсат берді?
9 мамыр күні – мереке немесе соғысты насихаттайтын күн емес. Ол сол кезде қазақ тапқан батырларды еске алып, қайғыратын күн екенін түсінуіміз қажет. Біз Екінші Дүниежүзілік соғыстың миллиондаған құрбандарын еске алуға тиіспіз. Біз Сталин мен Гитлер жасаған қылмыстардың барлық құрбандарын еске алуымыз керек. Адамдар мешіт, шіркеуге барып, дұға оқып, балалары мен немерелеріне осы қасіретті жылдар туралы, қанды соғысқа жол бермеу туралы айту керек. Мұндай «мәңгілік полк» шеруінің көзін жоюымыз керек!»,- деп жазды әлеуметтік парақшасында.