- Кезектен тыс президент сайлауына көзқарасыңыз қандай?
- Тәуелсіз Қазақстанда президент сайлауы әділ өткізілмейтініне әу баста-ақ көзім жеткен. «Тиыннан теңге құралады» дегендей, кіші сайлаудың нәтижесіне қарап үлкен сайлаудың қандай болатынын білу оншама қиын емес. Мысалы, Парламенттің алғашқы сайлауында мәжіліс депутаты болуға үміткер танымал журналшы, «ХХ век» газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллиннің сенімді өкілі болдым. Оны білген атақты аға жазушымыз Әзілхан Нұршайықов: «Өзіңнің сөзіңнен кейін менің ойымды жеткізе жүр», – деп, Бигелдіні қолдаған пікір жазып берді. Кандидат тіркелген Балқаш ауданына бардық, бірнеше кездесу өткіздік. Барлығында да көпшілік бізді құрметтеп, жақтап, Әз-ағаның пікірін қуаттап сөйледі. «Газеті батыл, шыншыл!» деп Бигелдіге ризашылық білдіріп: «Даусымызды тек сізге береміз!» десті. Біздің көңіліміз көктем болды. Сөйтіп… Ғабдуллин сайланбай қалды, аты-жөні елеусіз бәсекелесі депутат болып кете барды. Содан шамасы төрт ай өткенде Балқашта тұратын бажамның жасы елуге толу тойына бардым. Көп әңгіменің бір әредігінде бір жігіт мені оңашалап, аты-жөнін айтып, хал-ахуал сұрасып отырып: «Ғаб-аға, сізді сыртыңыздан жақсы білемін, сізге өткен жолғы сайлаудың дұрыс болмағанын айтқым келді, айтайын ба?» – деді. «Анық білсең, айтқын», – дедім. Қысқасы: округтік сайлау комиссиясының төрағасы комиссия мүшелерін үш күн бұрын жинап алыпты да, «оппозициядағы Ғабдуллинді өткізбеу туралы жоғарыдан қатаң тапсырма келгенін» айтып, оны орындауға нұсқау беріпті. Орындаудың оңай тәсілі – қосымша (запас) бюллетеньдер жасалып, «реттеліп», сайлаушылардың отыз пайызға жуығы Бигелді Ғабдуллинге, алпыстан астамы оның бәсекелесіне «дауыс беріп», бюллетень салынған «жаңа» урна қалтарысқа жасырып қойылыпты да, керек сәтінде бақылаушылар «бір шыны шай ішіп алайық, содан кейін санаймыз ғойға» келісіпті де, «ескі» урна ғайып болыпты. Сол тәсіл күні бүгінге дейін қолданылып, тіпті жетілдіріп келе жатқанына ешбір шүбәм жоқ. Н.Назарбаевтың сайлау сайын дауыстың 80-90 пайызын алғаны да сондықтан.
- Сайлауға ұсынылған кандидаттар туралы не айтасыз?
- Анадай-мынадай деп бас ауыртар жайым жоқ.
- Сайлау қалай өтеді деп ойлайсыз, сіздің пікіріңізше, президент болып кім сайланады?
- Басымды ауыртқым келмейтіні – дауыс берсек те, бермесек те, бүгінгі қос президенттің екіншісі – Қ.Тоқаев сайланады. Біріншісі – Н.Назарбаев «орнын босатар» алдында-ақ солай жобалап қойған шығар. Іс жүзінде президентінің ізіне дүрбі салып отыратын Қауіпсіздік комитеті бар ел біз білетін тарихта болған жоқ.
- Қазақстанда демократиялық принциптерге негізделген әділ, таза, адал сайлау өткізу үшін не істеу керек?
- Тәуелсіз Қазақстанның демократиясы өмірге келе сала бассалып тұншықтырылды емес пе? Ғалымжан Жақиянов ұйтқы болған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық қозғалысын сол тұстағы премьер-министр Қ.Тоқаев талқандады ғой?! Теледидар арқылы орыс тілінде алқына сөйлеп: «Я это так не оставлю, доложу президенту… или – я, или – они!» деп, «эти младотюрки… вундеркинды-сюрпризы…» деді, ақырында айтқанына жетті. «Сүйенері болған соң сүйкенгенін жықты». Ғалымжан, оның серіктері пәле-жалаға тап болып, бірі сотталды, бірі қызметінен қуылды. Осындай сыңарезу билікшілдер, олар қалыптастырған сұрқай жүйе күш алып тұрғанда бізде демократия елес бола береді. Өйткені біздің ел Конституциясына жылда дерлік енгізілетін түзетулердің бірі бойынша жұрттың көшеде, алаңда наразылық жиын өткізуіне тыйым салынғаны мәлім. Адам құқын аяққа басқан ол теріс құбылысты мойындағысы келмегендерді полицияның сотқа сүйреп, соттың не айыппұл салып, не түрмеге тоғытып жібергенін көріп жүрміз. Қайталап айтайын: бүгінгі бетпақ биліктің қарасы батпайынша, өкінішке қарай, осы көргеніміз – көрген.
Дайындаған Арнұр Көбейхан
«Жұлдыздар отбасы» №10