– Ренат, әуелі сіздің балалық шағыңыздың қалай өткенін, сурет өнерімен қалай табысқаныңыз туралы білсек.
– Менің балалық шағым қазіргі Қостанай облысының Арқалық қаласы мен жанындағы Ашутасты ауылының ортасында өтті. Бастапқы кезде мектепті қалада оқып, кейін ауылда бітірдім. Кішкентай кезімнен суретке қызықтым, екі жасымнан қылқалам ұстадым. Мені бұл өнерге баулып, осыған жетелеген Шайзат деген апам. Ол кісі мені ұйықтататын кезде: «Сен ұйықтасаң, картиналарың оянады», – дейтін, мен соған сенетінмін. Сол үшін картинамдағы адамға қызықсыз болып қалмасын деп, жанына мысық, ит сияқты жануарларды да бейнелейтінмін. Суреттің өз өмірі болады дегенге сеніп өстім, әлі сенемін.
Мектеп бітірген соң Арқалық қаласындағы мемлекеттік педагогикалық институтқа түстім. Ол жердегі ұстаздарым Жарасқанов Құрышбек, Сандуғаш Жұманқызынан көп нәрсе үйрендім, кейін Астанаға келген соң осындағы суретшілермен жақын араласып, ақылдасып тұратын болдық. Әсіресе Әділғали Баяндин деген ағаммен жиі кеңесіп отырамын. Біз, суретшілер картинамызды жарыққа шығармас бұрын, әріптестерімізге көрсетеміз. Өйткені сырт көз қашанда сыншы.– Сізді кейбіреулер «өзге ұлт өкілі» деп жатады. Осы орайда өзіңізден анығын біле кетсек, ұлтыңыз таза қазақ па?
– Мені татарға жиі ұқсатады, тіпті бірде мына біздің Ассамблеядағы адамдар хабарласып «татар екенсіз» деген кездері болған, есіміме байланысты солай айтатын сияқты. Мен таза қазақпын. Әкем – қыпшақ, шешем – найман. Әрине, барлық ұлтты сыйлаймын, бірақ, мен – өз ұлтымның патриотымын! Өз қазағымды бірінші орынға қоямын. «Қазаққа ұқсамайсың» десе, ашуым келеді.
– Жаңа кішкентай кезіңізден бейнелеу өнеріне жақын болғаныңызды айттыңыз. Содан бері көптеген конкурстар мен көрмелерге қатысып келесіз, сізге жол ашқан қай жоба болды?
– Қолдан келгенше көптеген конкурстарға қатысып жүрмін. Бірақ өзім арнайы дайындалып «Осы байқауға қатысайын» деп барған емеспін. Әйтпесе өзім құлшынып, конкурстардан қалмайтын болсам, қазір рейтингім жоғары болар ма еді? Негізі, әр конкурстың өз ерекшелігі, дәрежесі болады. Бірақ солардың ішіндегі шоқтығы биігі халықаралық «Удивительные люди» теле жобасы деп есептеймін. Себебі басқа конкурстардан орын алғаныммен көп айтылмайтын, олар тек суретшілер одағында ғана қалатын. Ал «Удивительные люди» жобасы алты алашқа, дүниежүзіне танылуыма мүмкіндік берді.
– Ренат, енді сол жобаға қалай келгеніңізді айта кетейікші.
– Ол шоу туралы естіп, кастингтеріне бардым. Алғашқы кастингтен мыңдаған адамдардың арасынан 60-қа жуық қатысушы іріктелді де, бірден сахнаға шықтық. Негізі, мені Мәскеуге бұрыннан жиі шақырады, көбінде менің жұмыстарым оларға қатты ұнайды. Осы кезге дейін қолдау білдіріп келе жатқандар да – орыстар. Әдетте бізде ақын, әншілер еленіп, суретшілер тасада қалып қояды. Оған қоса, біздің бейнелеу өнеріміздің дамып жатқанына аз ғана уақыт болды, әдетте Ә.Қастеев атамыздан бері қарай айтамыз. Осы жерде айтуға да ұяттау, бірақ, арамызда Ә.Қастеевті танымайтындар да бар екен. Жиырмасыншы ғасырдың орта тұсынан басталған өнерге әлі бір ғасыр толған жоқ. Бірақ қазір «Қарапайым халықтың бейнелеу өнеріне қызығушылығы артып келеді» дегенді жиі естимін. Негізі бізге Еуропадан көп дүние үйрену керек. Бірақ оның біздің менталитетке келмейтін жалаңаш әйелді салу «Ол ұят емес! Ол – өнер!» дейтіндерді сіз де естіп жүрген шығарсыз. Ол дұрыс емес, біз қазақпыз! Шатаспайық! Ондай дәстүрімізге жат дүниелер бізге қажет емес.
– Сөзіңізде «осы кезге дейін қолдау білдіріп келе жатқандар да – орыстар» деп айттыңыз. Осы тұста еліміздегі суретшілердің еңбегіне деген қолдау мен қызығушылық қай деңгейде екеніне тоқталыңызшы.
– Әңгімені былай бастайын, кеше Ресейде өткен шарада өзге ұлт өкілдері бізге айрықша құрмет көрсетті. Тіпті біздің өнерімізге сүйсініп, көздеріне еріксіз жас алды. «Қазақстанда да дәл солай жылағандар болды» дегенді естідім, әрине, бұл өте жақсы қадам. Айтып отырғанымдай, бізге көбінде қолдау мен көмекті өзге ұлт өкілдері беріп жүр. Мысалы, жақында мені Германияға шақырды. Олар: «барлық ұйымдастыруы бізден, тек жол шығынын мемлекеттеріңіз төлесе» депті, сонан соң мемлекетке хат жаздым. Бірақ олар үнемі «ақша жоқ» дейді. Мен мұны айта бергім келмейді, өйткені бірде жастардың ортасында осы сөзімді айтып қалған едім, олар: «Онда біз несіне талпынамыз? Бәрібір үкіметтен қолдау болмаса, неге жаңалық ойлап табуға тырысамыз?» – деді. Сол кезде өзім де ойланып қалдым, бірақ «Жоқ, қорықпаңыздар! Алла жолымызды ашады», – деп қолдау білдіруге тырыстым. Қазір «жағдай жасалмайды» деп айта бергім келмейді. Өйткені соңғы үш-төрт айда менің санам, ойым түгел өзгерді. Өмірге жақсы, позитивті көзқараспен қарай бастадым. Үкімет бізге ешқашан көмектеспейді, біздің мемлекетіміз әлі дамымаған. Сондықтан кім көрінгенге көмектесе бермейді. Тіпті маған тек таныстарың, жақындарың болмаса халықты ойлайтын мемлекет жоқ сияқты болып көрінеді.
Бірақ қазір алыс-жақынға таныла бастап едім, үкімет те назар аудара бастаған сыңайлы. Жақында Ұлттық музейге «Аңызға айналған адам» деп қонаққа шақырып жатыр. Бұл да болса жақсылықтың бастауы шығар?!
– Бір сұхбатыңыздан көзіңізді жұмып сурет салған кезде, басшылардың ортасында сәтсіз, ал қарапайым адамдардың жанында тамаша болғанын оқығанмын. Оны «Басшылардың энергиясы нашар болды» деп түсіндіріпсіз. Оған қоса, алғашында бұл өнерді шаманизммен байланыстырып жүрдіңіз. Жалпы бұл өнердің қандай да бір тылсыммен байланысы бар ма?
– Иә, ең алғашқы кезде бастықтардың алдында көзімді жұмып сурет салып едім, сәтсіз болды. Өзім негізі бастықтарды ұната қоймаймын (күліп). Жалпы картинаны жай сала алмайсың. Оған өзіндік жай-күй керек. Сананың өзгерісі керек, бұл жерде елестету маңызды. Алғашқы кезде бастықтардың алдында салғанда олардың энергиясы ұнамағандықтан, бәрін жауып тастады. Сол себептен сала алмадым. Картина салу үшін адамдардың жақсы энергиясы керек, одан кейін бұлай көзіңді жұмып сала беру де қауіпті. Негізі, байқауға шығуымның өзі ерлік болды. Кастингте жақсы шыққан туындым, елдің алдында сәтсіз бола ма деген ой маза бермегені де рас. Ол жерде мен жалғыз қазақ болып финалға шыққандықтан, өзіммен бірге елдің намысын да алып шықтым. Батыр бабалардың ұрпағымыз ғой, тәуекелге бел будым.
– Ренат, осыдан үш жылдай бұрын өзіңізден сұхбат алғанымда, бұндай өнеріңіздің барын айтпап едіңіз (күліп). Көрмей сурет салуға қай кезден бастап машықтандыңыз?
– Білесіз ғой, мен эксперимент жасағанды жақсы көремін. Түрлі дүниелермен өзімді сынап көрдім. Нақты айта алмаймын, бірақ өзі келді. Рухани зерттеулер мен ізденістердің нәтижесі болар. Сурет салуға шабыт болмаған кезде рухқа қатысты дүниелерді зерттегенді, өз жан дүниеме тереңірек бойлағанды жақсы көрем. Сурет деген қызық дүние. Кейде көзіңді ашып тұрсаң да сала алмайтын кездер болады.
(Сұхбаттың толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналының №10 номерінен оқи аласыздар)
Сұхбаттасқан Қарашаш ЕСЕНБАЙ