Ерзат КӘРІБАЙ, қытайтанушы:

Ерзат, бүгінде Қытай өзін әлемдегі ең байырғы өркениетті елдердің бірі санайды. Ал кейбір қытай тарихшылары өз өркениеттеріне көшпенділердің үлес қосқанын жоққа шығармайды. Әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Әрине, Қытай – бірнеше мыңжылдық өркениетке ие мемлекет. Ал шын мәніндегі Қытайдың жазба мәдениеті біздің заманымыздан бұрынғы 700-350 жылдар аралығында чуньцю-чанго (жауласқан бектіктер) дәуірінде қалыптасты. Бұл кезде Қытайда үлкен философиялық ағымдар өмірге келді. Бүгінгі дәуірге дейін өз құндылығын жоғалтпаған конфуциандық ілім де сол заманда туды. Бұл ілім Қытайда тұңғыш рет біріккен мемлекеттің тарих сахнасына шығуына жол ашты. Сонымен қоса ғұндар да Қытай топырағында қуатты мемлекеттің құрылуына себепші болды. Егер солтүстіктен төнген ғұндардың қысымы болмағанда, чуньцю-чанго дәуіріндегі жеті бектік бір мемлекет болып бірігуі неғайбыл еді. Тағы бір мысал, осы бірігудің нәтижесінде солтүстікте ғұндардан қорғанатын Ұлы қамал (Ұлы Қытай қорғаны) салынды. Оның құрылысы мың жылға созылды. Ғұндардан соң түріктер, сяньбилер, моңғолдар және жүржіттер (шүршіттер) оның жалғасты салынуына әсер етті. Егер көшпенділерден қорғану қажеттілігі болмағанда, аталмыш қорған да тұрғызылмаған болар еді. Сонымен қоса солтүстіктегі атты көшпенділер отырықшы жұртқа ат үстінде соғысу өнерін үйретті. Дүниежүзіне әйгілі ат спорт ойындарының түрлері көшпенділерден тараған. Ал батыстағы көшпенді ұлттар қытай байырғы музыка өнеріне де өзіндік ықпалын тигізген. Мысалы, пипа (жеті ішекті жетігенге ұқсайтын музыка аспабы), эрху (қобыз сияқты асап) деген музыка аспаптары да көшпенді ұлттардан Қытайға тараған. Тіпті ертедегі қытай жазбаларында: «Әйелдері ғұздардың қытайдың жібек матасына елітеді. Ал орта жазықтың сұлулары ғұздар (ғұз деп жалпы көшпелі түркі тайпаларын атаған. – автор) тартқан жеті ішектің сазына елітеді», – деген сөз бар. Қытай ғалымдары эрхудың Таң заманында «хучин» деп аталғанын көптеген деректерді көрсете отырып дәлелдейді. Сөзіміз дәйекті болу үшін хучин туралы мынадай бір мәліметті келтіре кетейік. Қытайдың Сұң дәуіріндегі әйгілі ғалымы Шэнко (1031-1095) өзінің «Мыңшиюань жазбалары» атты еңбегінде хучинді былайша түсіндіреді: «Жылқының құйрығын ішек қып тағатын хулардың күй аспабы Қытайдың шығысына дейін таралды, дауысы әуезді, құлаққа жағымды естіледі, тіпті әуенінің әсемдігіне аспанда ұшқан қаздың өзін еліткен», – деп жазған, сонымен бірге оның сол замандағы суретін де салып көрсеткен. Бұдан тыс Қытай жылнамасы «Юаньнама. Жосын және күй баянында»: «Хучин қобыз хуо-бу-сі) ­­деп аталады, сабының басы имектеліп, қос ішек тағылады, жылқының құйрығынан адырна сияқталып ысқысы жасалады», – деп хатталған. Міне, осындай тарихи деректерден эрхудың қобыз екенін айқын аңғарамыз.
Ең негізгісі, жоғарыда айтқанымыздай, көшпенділер қытайдың әскери саласына зор үлес қосқан. Қытайлар ат үстінде соғысу өнері мен көптеген әскери тактикаларды ғұндардан үйренді. Ғұндар қытай өркениетіне ықпал өтумен бірге, оларға саяси үстемдік жүргізген тегеурінді ел болған. Тіпті, ғұндарға бірнеше жүздеген жыл қытайлар салық төлеп отырған. Бұл қытай тарихында «қорғану саясаты» деп аталады.
– Сонда қытайлар ғұндардан қалай қорғанды?
– Ең әуелі, қытайлардың ғұндарға салық төлеуіне әскери қуатының әлсіздігі себеп болды. Біздің заманымыздан бұрынғы 200 жылы Қытайдың Хань империясы мен ғұндар арасында тарихи маңызы зор шешуші соғыс басталды. Таққа отырғанына жеті жыл болған Лю Бань патша 320 мың жасақпен ғұндарға қарсы аттанады. Бұл соғыс туралы Қытай тарихшысы Сыма Цянь: «Ғұндар Ма И қаласын қоршады деп естіген Хань Гаузу (Лю Бань) 320 мың жасақпен ғұндарға қарсы жорыққа өзі шықты. Шайқаста Модон (кей деректерде Мөде қаған деп аталады. б.з.б 228–174 жылдары қаған атанып, ғұн империясының негізін қалады. – автор) өтірік жеңілген болып солтүстікке қарай шегіне берді, артынан өкшелей қуған Хань жасақтары солтүстікке барғанда, күн суытып кетті. Бай Диң тауына жеткенде, Модон 400 мың атты жасағымен сарбаз-сардарларымызды қат-қабат қоршап алды. Батыста кілең ақбоз аттылар, шығыста кілең қара көк аттылар, солтүстікте кілең қоңыр аттылар, оңтүстікте кілең жирен аттылар ентелеп келе жатты. Бір апта өткенде жасақтарымыздың 3/10-нің қол аяғын үсік шалды, қатты абыржыған патшамыз Ғұн қатұнына (ханымына) елші салып пара берді. Ғұн ханымы Модонға: «Екі патша бір-бірін бұлай қыспаққа алмас болар, Ханның жерін алғаныңызбен иелеп тұра алмайсыз, олардың да жебеуші киесі бар, тәңірқұт, ойланғайсыз!» – деді. Бұған қосылған тәңірқұт қоршаудың бір шетін ашты, жасақтарымыз осы саңылау арқылы шегініп шықты. Артынан Лю Жиңді елдесуге жіберді», – деп жазады. Осы жеңілістен соң Хань Гаузу патша Ғұн тәңірқұтына тізе бүккен. Екі жақ келісім жасау арқылы Хань елі ғұндарға жылына жүз мыңдаған тонна астық, жібек, кездеме, алтын-күміс төлеп тұратын сырттай бағынышты бодан елге айналған. Хань әулеті ең әдемі қыздарын Ғұн тәңірқұттарына әйелдікке беріп отыратын болған. Соның өзінде жыл сайын Ғұн жасақтары Хань елінің шекара қалаларын үздіксіз тонап отырған, оған Хань патшалығы қарсы тұра алмаған.
Ғұн билеушісі Модон мүмкіндігі бола тұра Қытайды түпкілікті жаулап алмай, қайта сырттай бағындыруды тиімді деп білген. Өйткені сан жағынан өзінен 40-50 есе көп қытайларға жақындаса, сіңіп жоғалатынын жақсы білген. Алайда ғұндардың үстемдігі тым ұзаққа созылмады, б.з.б. 128 жылы Хань патшалығы 150 мың жасақпен ғұндарға қарсы жорыққа аттанды. Екі мемлекет арасында үлкен ұрыс болды. 70 мыңнан аса жасағынан айырылған ғұндар жеңілді. Осыдан кейін олар экономикалық жағынан қиындыққа ұшырады. Сөйтіп, ақыры өз ішінен ыдырап, құрдымға бет алды. Ал ғұндар тарих сахнасынан кеткеннен кейін де, Қытайды билеген өзге көшпенді ұлттар болды.
– Енді осы көшпелі ұлыстар туралы айтып берсеңіз?Похожее изображение
– Қытай тарихында сяньбилер, кидандар, моңғолдар және жүржіндер сынды көшпенді ұлыстар іргелі мемлекеттер құрды. Сонымен қоса олар бірнеше жүздеген жылдар қытайға саяси үстемдік жүргізіп келді. Мысалы, сяньбилер – байырғы дала көшпенділерінің бірі. Шамамен 380 жылы Вей патшалығын құрды. Осы тұста сяньбилердің ішіндегі Тоба тайпасы ел билігінің ұйтқысы болды. Ал «тоба» сөзін көне қытай тілінде «тау бах» деп оқиды. Зерттеушілер бұл сөзді «тау бектері» деген мағынаны білдіреді деп түсіндіреді. V-VI ғасырларда да солтүстік, солтүстік-батыс Қытайда «Бес жабайылардың 16 хандығы» деп аталған шағын хандықтар орнады. Алайда бұл хандықтар көп өмір сүре алмай, сяньбилердің қол астына кірді. Сол тұста сяньбилердің Вей патшалығы ең дәурендеген мемлекет болды. Олар Қытайдың терістігі мен шығыс терістігіне өз әмірлерін жүргізіп отырды. Бірақ жүз жылға жетпей сяньбилер құрған патшалық жойылды.
– Сяньбилерді қандай күш тарих төрінен ығыстырды?
– Әрине, сяньбилер мемлекетін ешқандай күш жаулап алған жоқ. Олар өздігінен қытайға сіңіп кетті. Өйткені, сяньбилердің соңғы патшалары елді қытай дәстүрімен басқаруға ден қойды. Әсіресе, Цяовндей патша тұсында, бүкіл сяньбилер қытай тілінде сөйлеуі, қытай мәдениетін үйренуі міндет етілді. Бұған бойұсынбағандар заңмен жазаланды. Міне, соның салдарынан құдіретті ел құрған ұлт тарихтан өшті. Ал Цяовндейдің өз ұлтын қытайға сіңдірген «тарихи еңбегі» бүгінге дейін «Цяовндейдің реформасы» деген атпен Қытайдың мектеп оқулықтарында оқытылып келеді. Вей патшалығы жойылған тұста Оңтүстік Ордоста қалған 200 мыңға жуық ғұндар да қытайға сіңіп кеткен болатын. Кейін осы қытайланған сяньбилер 618 жылы Таң патшалығын құрды. Сол Таң патшалығын жапон оқымыстылары «Тобалар мемлекеті» деп атайды. Ал Таң патшалығымен тек түріктер ғана империя ретінде белдесе алды.
– «Күлтегін» жырында «тауғаштар» деп аталатын жұрт сіз айтып отырған Таң патшалығы ма?
– Иә, «Күлтегін» жырында «тауғаштар» деп айтылатын халық – осы «тобалар». Ал Таң патшалығы мен түркілер арасында сан рет ірі шайқастар болды. 630 жылы – шығыс түріктер, 657 жылы батыс түріктер Таң империясынан жеңілді. Осыдан соң түріктерден 200 мыңға жуық халық Солтүстік Қытайға жіберіледі. Сөйтіп, 660 жылдары Таң патшалығы әлемдегі ең ірі империя болды. 742 жылы түркі қағанаты жойылып, 100 мыңға жуық түркі жұрты ішкі қытайға көшірілді. Терістікке көшірілген түріктер Таң патшалығына бағын­ғанымен, маңызды әскери күш ретінде империя билігіне ықпал етті. Тіпті түркі сардарларында он мыңдаған әскер мен кең аумақты қамтыған жер телімдері болды. Таң империя­сы ержүрек түркілерді маңызды әскери күш ретінде пайдаланамыз деп ойлады. Бірақ та қуатты қосынға ие болған түрік қолбасылары орталық сарайдың әміріне илікпеді. Ақыры 751 жылы бүлік шығарып, Таң империясының шаңырағын шайқалтты. Қытайдың шығыс терістігіндегі түркілер Таң империясының саяси үстемдігін әлсіреткенімен, жылдар өте келе өздері де қытайға сіңіп кетті. Қазір кей зерттеушілер қытайдың «Шы» фамилиялы әулетін ежелгі түркілердің Ашина әулетінің ұрпақтары деп қарайды. Бүгінде олардың саны үш жарым миллионға жетеді.
907-1125 жылдары Қытайды Ляо патшалығы биледі. Олар алтай текті, моңғол тілдес, негізінен аңшылықты кәсіп еткен жұрт болатын. Кейіннен бұлардың да біраз бөлігі қытайға жұтылды да, бір тармағы Жетісуға келіп билік құрды. Бұдан кейін Шыңғыс ханның немересі Құбылай құрған Юань (1271-1368) патшалығы да қытайға билік жүргізді. Дәл осы тұста жүржіттер (шүршіттер) Солтүстік Қытайды екі ғасырға жуық биледі. Кейін моңғолдардан жеңіліс тапқан жүржіндердің бір бөлігі қытайға сіңіп кетті. Ал қалғандары төрт ғасыр өткен соң Цин империясын (1644-1911) құрды. Моңғолдар 1368 жылы қытайлардан жеңіліс тауып, сахараға қайтты. Бір қызығы, қытайды билеген өзге ұлттар біртіндеп қытайға сіңіп, не болмаса өзінің байырғы атақонысына қайтып отырған.
– Соншама қуатты мемлекет құрған ұлттардың Қытайға жұтылып кетуінің себебі неде?
– Өзге ұлттар мен ұлыстардың қытайға сіңіп кетуінің ең негізгі себебі: біріншіден, қытайлар – аса көп халық. Аз санды ұлттың көпке жұтылып кететіні – табиғи құбылыс. Екіншіден, Қытайдың отырықшылық өркениеті мен жазба өркениеті жақсы дамыған. Сол себепті Қытайды билеген ұлттар солардың (қытайлардың) салт-дәстүрімен ел басқару дағдысына сай билік жүргізуге мәжбүр болған. Сондықтан да Қытайды билеген немесе Қытаймен іргелес өмір сүрген өзге ұлттар мен ұлыстар үнемі Қытайға сіңіп кететін болған. Мұны батыстағы көшпенді түркілердің араб пен парсы өркениетіне үнемі жұтылып отырған тарихи шындығымен салыстыруға болады. Алайда өзге ұлттар мен ұлыстар Қытайға жұтылып қана қоймай, оларды да (қытайды) үнемі өзгеріске ұшыратып отырған.
– Сол өзгерістерді нақты мысалдармен түсіндіре кетсеңіз?
– Жалпы, бұл – ауқымды ғылыми зерттеуге арқау болатын тақырып. Бұл өзгерістердің бәрін бір сұхбатта қамтып айту мүмкін емес. Мысалы, екі мың жылдың алдындағы қытай тілі мен қазіргі қытай тілінің айырмашылығы жер мен көктей. Қазіргі қытай тілінде бірнеше мың түркі текті халықтар мен тұңғыс текті халықтарға ортақ сөздер бар. Әсіресе, жүржендер (маньчжурлар) билеген Солтүстік Қытайда тілдің дыбысталуы мүлдем өзгерген. Байырғы қытай тіліндегі сегіз ударлы дыбыс­тар төрт ударлы дыбысқа ауысқан. Сонымен қоса көшпенді халықтар билеген солтүстіктегі қытайлар мен көп сыртқы күштердің әсеріне ұшырамаған оңтүстіктегі қытайлардың дене тұрқы мен өң әлпетінен көптеген өзгерістерді байқауға болады. Солтүстіктегі қытайлардың – тұңғыс текті, моңғол текті халықтармен үнемі қаны араласып отырған. Бүгінде ғалымдар Қытайдың 30 пайызға жуық халқында көшпенді ұлттардың қаны бар деп есептейді.
– Қытайлар өзге ұлттарды өзіне сіңдіру үшін қандай саяси реформалар мен дипломатиялық тәсілдерді қолданды?
– Ең алдымен, Қытайды жаулаған көшпенді ұлттар уақыт өте келе өздерінің далалық болмысы мен жауынгерлік қуатынан айырылды. Соның салдарынан табиғи түрде Қытайға сіңіп кетті. Оның үстіне қытай өзіне қарсы келетін қуатты мемлекеттерді бағындыру үшін ол елдің ішіндегі ұлыстарды бір-бірімен қырқыстырып отырған. Айталық, Таң патшалығы кезінде қытайлар түріктерді әлсірету үшін, қағанат ішіндегі ұйғыр, сіренде, тоңыра ұлыстарын бір-біріне айдап салды. Солардың бүлігі арқылы Шығыс Түрік қағанатын жойды. Тіпті тұтас Түркі қағанатын жою үшін қытайлар ұйғырлармен де одақтасқан. Бұдан өзге «құдандалық саясаты», «қорғану саясаты», «қоныстандыру саясаты», «тың иегеру саясаты» сынды түрлі айла-тәсілдер арқылы да өзге ұлттар мен ұлыстарды өзіне бағындыра білген. Арыны айтпай-ақ қояйық, тек 1961 жылы батыс терістікке (негізінен Шинжан өңіріне) тың игеру мақсатында 1 миллион қытай қоныстандырылды. Арада 50 жыл өткенде Шинжандағы қытайлардың саны 8 миллионға жетті. Сөйтіп, қытайлардың батыс өңірдегі (Шинжандағы) өнімді тың игеру саясаты Шинжан жерінің қытайласу үдерісін жеделдетті. Байқадыңыз ба, әлемге «теңдік орнатамыз» деп жар салған коммунистер Қытай билігіне келгенімен, олар да өзге ұлттар мен ұлыстарға теңдік орната алмады.Картинки по запросу қытайға сіңген ұлттар
– Қытайда коммунистер билікке келгеннен кейін қандай ұлттық саясат жүргізді?
– Негізі, Қытайда «біртұтас қытай ұлты» деген ұғымның өзі өткен ғасырдың басында ғана қалыптасты. Сол кезде Сунь Ятсен бастаған демократиялық қозғалыс жеңіске жетіп, Қытайда жаңа халықтық республика құрылды. Халықтық республика (Гоминдаң үкіметі) моңғолдарды, маньчжурларды, тибеттерді және мұсылмандары ұлт ретінде мойындады. Алайда ол тұста да қытайластыру үдерісі өнімді жүргізілді. Маньчжурлардың патшалығы құлағаннан кейін, олардың байырғы мекені саналатын шығыс терістікке (маньчжурияға) бірнеше жүз мыңдаған қытай қоныстандырылды. Соның салдарынан маньчжурлар сан мың жылдан бері өмір сүрген атамекенінде этникалық азшылыққа айналды.
Коммунистер Қытай билігіне келгеннен кейін елде 56 ұлт бар деп жариялады. Олар Совет одағына еліктеп, өздерін көпұлтты мемлекет етіп көрсеткісі келді. Тіпті кейбір ұлттарды қолдан жасағаны да жасырын емес. Өйткені қытай ұлт деп көрсеткен кей этностардың тілі, әдет-ғұрпы, салт-санасы дерлік қытайлармен бірдей болатын. Коммунистер бастапқыда өзге ұлттарды жоюды мақсат еткен жоқ. Себебі, билік тізгінін алғаш қолға алған тұста, мемлекеттің әлеуеті тым әлсіз болды. Сондықтан қоммунистер қытайларды біріктіріп алғаннан кейін ғана өзге ұлттарды ассимиляциялауды қолға алу керек деп шешті. Міне, содан бергі қырық жыл ішінде Қытай ортақ бір идеологияға бағынған ұлт ретінде қалыптасып үлгерді. Ал қазір Қытай үкіметі аз санды ұлттарды ассимиляциялауды жеделдете түсті.
– Қазір Қытай өзге ұлттарды ассимиляциялау саясатын қалай жүргізіп отыр?
– Қазіргі әлемдік жаһандану жағдайында, Қытай ел ішіндегі аз санды ұлттарды ассимиляциялау процесін тездететін саяси шараларды қолдана бастады; ау баста Қытай коммунистік партиясы елдегі ұлттарға Қытай мәдениетін біртіндеп сіңірсек, уақыт өте келе табиғи түрде «Қытай ұлтына» өздері-ақ айналады деп санаған еді. Бірақ әлеуметтік тәжірибе бұл үрдістің тым ұзаққа созылатындығын көрсетті. Оның үстіне, автономиялы провинция мәртебесін алған кейбір ұлттарда орын алған сепаратистік тенденция да қытай билігін алаңдатты. Сондай-ақ ұлттар мәселесін түбегейлі шештік деген Кеңес Одағының ыдырауы мен бұрынғы республикаларда ұлттық мемлекеттердің құрылуы Қытай билігін өз елі ішіндегі ұлттар мәселесін қайта қарауға мәжбүрледі. Сонымен Қытай үкіметі «Ұлттардың өңірлік автономиялы заңына» өзгерістер енгізбестен, аз санды ұлттарды ассимиляциялау процесін тездетіп жүргізуге кірісті. Соның бір көрінісі – қазақ және басқа ұлттардың балаларын орта мектептен іріктеп алып, ішкі Қытайдағы өлкелерге апарып оқыту. Бұған үкімет қаржыны молынан жұмсап отыр. Өйткені ұлттық болмысты өзгерту ұлттық сана-сезімді өзгертуден басталады. Ұлттық сана-сезім, ең алдымен өз ана тілінен айырылып, ділінен, дінінен ажыраған жағдайда өзгереді. Қытай бұл жолы қателескен жоқ, «өзге ұлт балаларын ішкі Қытайдағы орта мектепте оқыту» саясатының нәтижесі тез байқалады. Себебі, баланы қаршадайынан отбасынан, ата-ана тәрбиесінен, ұлттық мәдени ортасынан айырып тәрбиелеп-оқыту, оларды толық қытайласқан кейіпке тез түсірді. Қазір Қытайда ұлттық құндылықтарды насихаттауға тыйым салынды. Өзге ұлт тіліндегі БАҚ құралдары дерлік жабылды. Демек, алдағы уақытта Қытай ел ішіндегі аз санды ұлттарды ассимиляциялау процесін тым қарқынды жүргізе түспек.
«Қытайтану» айдарын
дайындаған Ерзат АСЫЛ

 

Пікір қосу