Жасарал Қуанышәлин, саясаткер:

  • Қасым-Жомарт Тоқаев саясаткер ретінде қандай қызметтік сатылардан өтті? Әлеуметтік маңызы бар шешімдер жасады ма?
  • Маған сонау 1994 жылы өзім депутат болған Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі қызметіне бекіген кезінен белгілі Қасым-Жомарт Тоқаев – содан бері қандай лауазымды қызметте болса да, қашан да Н.Назарбаевтың айтқанын екі етпей орындайтын сенімді малайы. Бұған қосымша оның, өз қожайынының саяси бағыт-бағдарына сәйкес, айқын ресейшіл бағыт ұстанатыны да ешқандай құпия емес.
    Осыған орай, тек бір-екі фактіні ғана еске түсірер болсақ, мәселен, Ғ.Жақиянов пен М.Әбіләзов 2001 жылдың қарашасында ҚДТ-ны құрған кезде премьер-министр болған Қасым-Жомарт Тоқаев: «Олар қызметтен кетпесе, мен кетем!» деп жұлқынып шыққанын, сөйтіп, Нұрсұлтанның «жас түріктерге» қарсы саяси қуғын-сүргін науқанын бастауына көмектескенін және оның ақыры не болғанын халық ұмыта қоймаса керек.
    Немесе, 2015 жылдың қараша айында Түркияның өз әуе кеңістігіне басып кірген ресейлік бомбалаушы ұшақты атып түсіруіне байланысты, ол қақтығыс әлі тексеріліп, зерттелмей жатып-ақ, Сенат төрағасы Тоқаевтың бірден Мәскеуді жақтап, Анкараны айыптап шыға келгені белгілі. Ал оның мұндай пікірді өз бетімен айта салуы мүмкін емес екені, демек, бұл жағдайда да «шефінің» тапсырмасымен сөйлегені еш күмән тудырмайды.
    Осы тұрғыдан алғанда, үнемі Н.Назарбаевтың қас-қабағына қараудан басқа шаруаларға, бейнелей айтқанда, қолы тимейтін Қасым-Жомарт менің жадымда ешқандай әлеуметтік маңызы бар шешім қабылдаған тұлға ретінде қалған жоқ.
    1994-1995 жылдары Жоғарғы Кеңестің депутаты болып тұрған кезімде мынадай бір оқиға болған еді. Жоғарғы Кеңестің бір сессиясында Елбасының ұсынысымен Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрі лауазымына кандидат болып ұсынылды. Дәстүр бойынша әуелі Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі сөз сөйлеп, жас мемлекеттің сыртқы саясатына қатысты өз ұстанымдары мен позициясын ортаға салды. Орыс тілінде сөйледі. Артынан бәрі Қ.Тоқаевқа сұрақ қоя бастады. Мен де ешқандай артық ойсыз сұрағымды қазақ тілінде қойдым. Зал тып-тыныш болып қалды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүзіне қарасам, қып-қызыл болып кеткен екен. Ұзақ үзілістен кейін барып мінберде тұрған жерінен: «Жәке, сұрағыңызды орыс тілінде қайталап жібермей ме екенсіз?» – деп өтінді. «Мәселе жоқ», – дедім де сұрағымды орыс тілінде қойдым.
  • Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент болып бекітілуінің астарында не жатыр? Қ.Тоқаев билігінен қандай да бір саяси оң өзгеріс күтуге бола ма?
  • Жоғарыда айтылған жағдайлар Н.Назарбаевтың «кете тұра, кетпей қалу» сценарийін жүзеге асыру мақсатына сәйкес өз орнына уақытша президент етіп тағайындауы үшін ең қолайлы адам не себептен басқа ешкім емес, дәл осы Қасым-Жомарт Тоқаев болғандығын өте жақсы түсіндіреді. Егер бұдан да гөрі нақтылаңқырап айту қажет болса, мұның басты себебі – Қ.Тоқаевтың бұдан былайғы жерде де «елбасының» ықпалынан шықпай, оның бүкіл бұйрық-нұсқауларын мүлтіксіз орындайтын басыбайлы, құлақкесті құлы болуында. Бұл оның президент қызметіне кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде бастан-аяқ Нұрсұлтанды жер-көкке сыйғызбай мақтап-мадақтауынан да, одан соң «жаңа президент» ретінде шығарған алғашқы жарлықтарын қандай да бір халық мүддесіне бағышталған шараға емес, Н.Назарбаевқа «Халық қаһарманы» және «Құрметті сенатор» атақтарын беруге, Астана атауын Нұр-Сұлтанға ауыстыруға, еліміздің бүкіл облыс орталықтарындағы бас көшелерге Назарбаев есімін беруге, оның портреттерін барлық жерде сақтауға, келешекте «нұркөсемге» монумент орнатуға арнауы, сөйтіп, онсыз да өршіп тұрған қожайынының жеке басына табыну «дәстүрін» бұрынғыдан бетер өршітіп жіберген масқара шаралар қабылдауынан да анық көрініс тапты.
    Ал бұрынғы президенттің солғын көлеңкесі ғана болып табылатын мұндай қуыршақ «президенттен» қандай саяси оң өзгеріс күтуге болады? Ешқандай! Сондықтан Қ.Тоқаевқа қандай да бір үміт артып, одан ел, халық үшін әлдебір жағымды жаңалықтар күтіп, өзімізді өзіміз алдаусыратудың да түк қажеті жоқ…

«Аңыз Адам» журналы №8, 2019 жыл

 

Пікір қосу