Чехиялық саясаткер Джамилия Стехликова Қазақстанның қазіргі билігі және елдегі саяси ахуал туралы ойын білдірген. Оның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттілігін тоқтатуы Еуропа үшін үлкен жаңалық болыпты.

  • 19 наурыз күні маған көптеген телефон қоңырауы, құттықтаулар келіп түсті, журналистермен кездесу ұйымдастырылды. Ал келесі күні қызығушылық сәл азайды. Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы болады деп жарияланған кезде Еуропа келесі президенттің Дариға Назарбаева болатынына шүбә келтірмеді. Бірақ мен олай ойламадым. Және менің болжамым дұрыс болды: алдын ала сезгенімдей басқарушы партия атынан Қ.Тоқаев сайлауға түсті. Мен де еуропалық сарапшылар секілді Қазақстанды үнемі бақылап, алыстан болса да қадағалап, пікір айтып жүремін. Бірақ еуропалық сарапшылардан артықшылығым, жылына бір мәрте болса да Қазақстанға келіп, жағдайды көзбен көріп кетемін. Мұнда менің достарым көп.
    Меніңше, Н.Назарбаевтың кетуімен қалыптасқан атмосфера және Украинадағы президент сайлауы қазақстандықтарды оятты. Әрине, өзге оқиғалар да әсерін тигізді. Бірінші кезекте – ақпан айының басында ел астанасында болған қайғылы оқиға. Бес сәбидің өртке орануы. Бірақ елді қалың ұйқыдан оятқан басты фактор – 30 жыл бойы жалғасып келе жатқан жүйені сол қалпында сақтап қалу үшін жасалған үзіліссіз билік транзиті. Халықтың ескі жүйеден шаршағанын, жүйенің әбден былыққа батқанын адамдар ұғына бастады: демонстрация мен митингтерге тыйым салынған. Ал кімде-кім осындай шара істеуге талпынса онда оны ескі Л.Брежнев заманындағыдай түрмеге қамайды. Марафонға жас қыз бен жігіт «От правды не убежишь» деген плакатты алып шыққан кезде өзгерістер уақыты келгенін түсіндік. Бірақ билік мұны түсінді ме? Ештеңе ұқпаған сыңайлары байқалады. Билік өкілдері (жас алматылықтарды құрықтаған полиция, оларды соттаған судья) «шындық» және «таңдау» сөздерінен көтеріліс, қарсы шығу ұғымын ғана көрді. Сөйтіп, өздерімен бірге өмір сүріп жатқан халықты мүлде түсінбейтінін, түсінгісі келмейтінін аңғартты. Бұл өте жаман.
    Қазақстан президентінің Твиттерде белсенділік танытып қандай да бір мәселелерге қатысты екі тілде жазып отыратынын мақтауға тұрарлық деп бағалаймын. Алайда кей проблемаларға ол жауап бере қоймайды. Кейде үн қатады. Бірақ мәселе не туралы болып жатқанын бәрібір түсінбейді. Қ.Тоқаевқа қатысты жаман ештеңеден күдіктенгім келмейді. Ол тек ескірген жүйенің тәрбиесін сіңірген адам ғана. Қоғамға шынымен өзгерістер әкелу үшін халықтың проблемасын шеше алатын мүлде басқа форматтағы саясаткер керек. Тура Украинадағыдай – президент халықтың қызметшісі болуы тиіс. Әсіресе, Ақордаға кірген кезде халық пен биліктің арасы жер мен көктей екенін байқайсың. Бұл – мүлде басқа әлем.
    Ең басты нәрсе – елде тұрақты саяси оппозиция болуы керек. Ол жоқ жерде радикализм қаупі ешқашан жоғалмайды. Әзірге қазақстандықтардың көбісі демонстрацияға шығуды армандап жүр. Ал олардың талап-тілегіне билік мүлде құлақ аспайтын болса көшеге шыққаннан басқа амал қалмайды. Мәселен, Чехияда салиқалы бір саяси партия құру үшін бір-біріне көзқарастары ұқсас үш адам біріксе жетіп жатыр. Ал Қазақстанда адамның да, партияның да, қандай да бір қозғалыстың да саясатқа араласпауы үшін барлық механизм жасалған. Егер бір адам өз пікірін айта бастаса, онда оны дереу арандатушы деп қаралайды немесе шетелдегі кейбір адамдардың жақтасы деп жала жабады.
    Ақпан айында өртенген бес қыздың трагедиясы биліктің әлі өзімен-өзі әуре болып жатқанын көрсетті: бар ой-мүдделері – өз құрықтарын ұзарту, билігін жүргізу, билікті сақтап қалу, жүйені өзгертпеу… ал халық қалай өмір сүріп жатыр, бұл жағдай оларды қызықтырмайды. Сол себепті, өзгерістерге қадам басқан қозғалыстардың басты мақсаты – нағыз конструктивті оппозиция үшін саяси кеңістік беру. Аталған оппозиция парламентте халықтың жағдайын көтеруі керек. Оппозициямен бірге жүзеге асатын қалыпты саяси өмір – пертурбация, революция, толқыныс, радикалдық көңіл-күйдің алдын алады.
  •  Қ.Тоқаев туралы айтқанда – оның бірнеше тіл білетінін, жемқорлыққа қолын былғамағанын, БҰҰ-да жұмыс істегенін алға тартады. Халық оны қолдау үшін аталған қасиеттері мен жетістіктері жеткілікті ме?
  •  Оның жақсы, білікті адам екеніне ешкім күмән келтірмес. Бірақ Қ.Тоқаев ешкім де емес. Ол – қазақтың «Медведеві». Бірақ халық бір адамға емес, өзіне қызмет ететін азаматтың президент болғанын қалайды. Н.Назарбаев саясаткер ретінде мүмкін болған нәрсенің бәрін жасады. Геосаяси мәселелер бойынша да үздік. Оны еуразиялық қауымдастықтың президенттігіне ұсынады деген қауесет бар. Қазақтар оны ешқашан ұмытпайды. Еңбек істеді. Астана салды, оны өз атымен атады. ЭКСПО өткізді. Бірақ халықты ойлайтын уақыт баяғыда келген. Елде талантты жастар көп. Біздің халық ә дегеннен атойлап алаңға шыға салатын эмоциялы ел емес. Қазақтар әбден шегіне жеткен кезде ғана көтеріледі. Дәл қазір бізге өзгеріс керек. Бос ұран мен құр өтірік мақтаудан шаршап бітті. Мәселен, Украинаны алайық. В.Зеленский – ешкім емес еді. Оқыстан кіріп келді де, сайлауға қатысып, жеңіп шықты. Халық оның елдегі жағдайды өзгертемін, елге қызмет етемін дегеніне сенді. Оның қаншалықты сенімді ақтарын уақыт көрсетеді. Бізге де осындай жігерлі адамдар керек.
  • Алдағы сайлаудан қандай да бір интрига күтесіз бе?
  • Қазақстанда сайлау алдында жақсы тосын сый болады деп ойлаймын. Жақсы мағынасында. Жаңа қозғалыстар мен жаңа көзқарастағы адамдар пайда болады. Қаласақ та, қаламасақ та ел болашағы – жастарға тиесілі.
    Қ.Тоқаевқа келер болсақ, ол – өте күшті кандидат. Себебі, оның қолында бүкіл әкімшілік ресурс шоғырланған. Әрі дипломатиялық карьерасы барысында да ешбір қателікке ұрынбаған. Шұғыл бұрылыстар жасамайды. Сонысымен де президент атана алады. Ал егер әдеттегі қуыршақ кандидаттар емес, шынайы үміткерлер додаға түсетін болса онда елде нағыз саяси дискуссия орнаушы еді. Бұл – ел үшін прогресс.
  • Үкімет мүшелері елдің алдына шыққан кезде үнемі сөздерінен сүрініп жатады. Мысалы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі елордада бес қыз өртенген кезде, олардың ата-анасының түнгі ауысымда жұмыс істеуін, «бұл – олардың таңдауы» деп бағалады.
  •  Өзге елде бұл жауапкершіліктен қашу болып саналушы еді. Чехияда егер өзен үстіндегі аспалы көпір құлайтын болса, онда министр отставкаға өтініш береді. Әрине, дұрыс мердігер таппағаны үшін ол кінәлі емес, бірақ министр лауазымының жалақысын алып отырғаннан кейін ол өзіне тиесілі міндеттердің барлығына басымен жауап береді. Соңғы екі жылда бұл елде алты-жеті министр отставкаға кетті. Тіпті премьердің шешімін күтіп жатпады да. Ол деген өзінің адами жауапкершілігін сезіну деген сөз. Егер осындай тәуекелің болмаса саясатқа бас сұғып керегі не? Одан да үйде отырып, жұмыссыздарға берілетін өтемақыны алған жақсы. Қазақстандағы министрлердің бәрі – қуыршақтар. Олар – бастығына әр кез бас изеп бағына беретін, тілалғыш балалар кейпіндегі қызметкерлер. Ең бастысы, қызметтерінен айырылмаса болды. Елге қызмет ету, халықтың қамын ойлау дегенге бас қатырмайды. Біртүрлі әрекеттері әшкере болса да өз-өздеріне сыни көзбен қарамайды. Мәселен, мен мәдениет министрін ұзақ бақыладым. Ол адамдардың намысына тиді, кемсітті, айтуға, жариялауға болмайтын сөздерді де аузынан шығарды, бірақ билікке жағымды тұлға болған соң оны орнынан қозғамайды. Ал қызметімнен кету деген ұғым оның ойына да кіріп шықпайтын сияқты. Ондайлар көп. Көптеген қазақ саясаткерлері өздерін елден, халықтан алшақ ұстайды. Сіңісіп сөйлеспейді. Пікірлеспейді. Ал Чехия­да әр министрдің әлеуметтік желіде парақшасы бар. Кіммен кездескендерін, не туралы сөйлескендерін күн сайын бірнеше рет жариялап, жазып, кең көлемді түсінік беріп отырады. Құдай сақтасын, егер атыс бола қалса онда ішкі істер министрі полицияның алдыңғы сабынан табылады. Иә, оған оқ тиюі мүмкін. Бірақ оның жұмысы сондай. Егер шахтер еңбек жағдайына байланысты шағым айтса, онда министр шахтаға түсіп, жұмысшылармен сөйлесіп, мәселемен танысады. Әшейін басшылық дайындаған жаттанды мәлімет пен статистикаға сене бермейді. Чех елінде үкімет адамдардың пікіріне тәуелді. Тек бұл ретте президент Милош Земанды ғана бөлектеймін. Ол демократиялық құндылықтарды мойындамай, елдің болашағын батыспен емес, Ресей және Қытаймен байланыстыруға құштар. Сондықтан мен чех БАҚ-тарында М.Земанды отанның сатқыны деп атаймын. Және бұлай ойлайтын жалғыз мен ғана емес.
    Сосын Чехияда тағы бір ерекшелік бар: парламентте заңды талқылауға кез келген адам қатыса алады. Талқылауға тікелей қатыспайды, бірақ дискуссияны бақылай алады. Бұл үлкен маңызға ие. Өйткені баспасөз мәслихатында (ол парламенттің әрбір отырысынан кейін болады) кез келген саясаткермен бетпе-бет кездесуге мүмкіндік бар. Шындап келгенде бұл да бір жүк, қысым. Бірақ билік өкілдері бұдан бас тарта алмайды. Ал қазақ саясаткерлері болса ел азаматтарының қандай жағдайда өмір сүріп жатқанына, олардың не ойлайтынына қызықпайды да. Ондай жағдайда шенеуніктер халықтың мүддесін қайтіп қорғайды? Билікте отырып алып, тек оны сақтау үшін жүре беруге болмайды ғой.
  •  Бұл тек Қазақстанға ғана қатысты ма?
  •  Бұл авторитарлық режимдегі елдердің барлығына қатысты. Ресейде де осындай билік жүйесі жұмыс істейді. Егер басшыңызға адал болсаңыз онда Қ.Тоқаев немесе Д.Медведев сияқты ғажайып карьера жасауға болады.
  •  Сіз «Настоящий время» журналисінің ел астанасында тұтқынға алынуын қалай қабылдадыңыз?
  • Бұл Конституцияға қайшы әрекет. Қазақстанның басты заңында сөз және ақпарат бостандығына кепілдік берілген. Егер терроризммен немесе әскери құпияға байланысты мәселеге тыйым салса түсінер едім, ал енді сұрақ қойғаны үшін журналисті қамап тастау – бұл абсурд. Ол бар болғаны тұрғындардан ел астанасы атауының өзгеруіне байланысты пікір алған. Сірә, жүйеге қызмет етуші адамдарда ішкі цензура әбден қалыптасқан. Сондықтан олар кез келген күмәнді әрекетті жазалауға даяр тұрады. Қазір Қазақстанда болып жатқан жағдайлар Оруэлланың «1984» атты антиутопиялық романын еске түсіреді. Онда тоталитаризм жан-жақты ашып көрсетілген. Ал баннер алып шыққаны үшін жастарды 15 тәулікке қамау – олардың тағдырына кері әсер етуі мүмкін. Не айтып отырғанымды өзім жақсы білемін: себебі, аспирант болып жүрген жылдары дәл сондай ғимаратта мен де бірнеше күн өткізгенмін. Мені тыйым салынған әдебиеттерді таратқаны үшін деп жазалағысы келді. Мені Серб психиатриялық орталығына әкелген кезде жас тергеуші маған: «Не істеп жүрсіз? Дәрігер болғыңыз келе ме? Ешқашан бола алмайсыз. Тағы немен айналысу ойыңызда бар? Кандидаттық қорғау? Сізде ондай қорғау ешқашан болмайды», – деді. Яғни, мені бір-ақ күнде бүкіл бостандығым мен арман-мұратымнан айырып тастады. Осы үш күн менің тағдырыма елеулі әсер етті. Оған дейін эмиграция туралы мүлде ойланбаған болсам, осы үш күннен соң чех күйеуіме Кеңес Одағынан кеткім келетінін айттым. Жас қазақстандықтар да солай. Не елдің болашағына, өз болашағына деген сенімін жоғалтады да, бірқалыпты өмір сүре береді немесе Қазақстаннан кетіп қалады. Егер билік олардың бостандығын шектеп, қысым жасай берсе елде жас қалмайды.
    Алматылық достарым маған эмиграция туралы ойларын өте жиі айтады. Ондай кезде кәдімгідей мұңайып қаламын. Мен Чехияда 30 жылдан астам уақыт тұрдым, танымал саясаттанушыға айналдым, Чех үкіметінде адам құқықтары және ұлттық азшылық министрі де болдым. Алайда менің маңдайыма Қазақстанда өмір сүру жазылған болса қазіргіден де бақытты болушы едім. Кез келген адам өз халқына қызмет еткісі келеді. Жас ұлғайған сайын өз отаныңда жетістікке жетпегенің үшін өкінішің де ұлғая бермек. Сондықтан жас қазақтарға: «Білім мен тәжірибені шетелде меңгер, бірақ өзіңді Қазақстанда қалыптастыр», – деп айтар едім. Ал мемлекет өз кезегінде сондай талапты, талантты жастарға мүмкіндік беріп, олардың мақсаттарының орындалуы үшін жол ашуы керек.
    Сұхбаттасқан: Сара САДЫҚ.
    Дереккөз http://www.exclusive.kz
    Орысшадан аударған Абай АЙМАҒАМБЕТ

 

 

Пікір қосу