«Наверное нужно прекращать смотреть отечественные фильмы…» деп жазды Мұрат Әбенов ағам өткенде. Біраздан ойымнан кетпей жүрген пікірге қамшы болды. Мен де шын патриот ретінде отандық комедияларға бармауға шақырамын. Иә, бармауға. Неге?
Неге деместен бұрын, «Нең бар, қазақтың баласы ғой. Түсіре берсін. Өзгені сынағанша өздерің солай іс бітіріп алыңдар алдымен» дейтіндерге айтарым: Шымкент жақтағы Төрткөл деген ауылда бір ағай бар. Еңбек пәнінің мұғалімі. Ескі-құсқы моторларды жинап, қаңқасын аннан-мұннан алып, ұшақ құрастырып шыққан. Әуеде сынап көргісі келіп жүр. Соған отырып ұшыңыздар. Қазақтың баласы, Отандық өнім ғой. Аман-есен қонсаңыз, кино туралы сөйлесеміз. Мен оған дейін басқаларға Қазақстан комедияларын көрмеудің көзге көрінетін бірнеше себебін тізейін.
1. Сіз, біріншіден, қазақстандық фильмдерге рецензиясын оқымай, трейлерін көрмей «Отандық өнімді қолдау керек» деген өзіңізге өзге біреу таңып берген соқыр оймен барасыз. Кемі 1000 теңге жоғалтасыз. Уақыт жоғалтасыз. Жүйке жұқартасыз. Апарған адамыңыздан ұяласыз.
2. Тиындап жиналған ақшаға дәніккен продюсер тағы бір комедия түсіреді. Кассаға түскен ақшаға қанаттанып, келесісін сапалырақ жасайды дейсіз бе? Жоқ. Талғамы тізеден төмендерге осылай өтеді екен дейді де тағы бір 1,5 сағаттық мағынасыз кадрлар жиынтығын ұсынады. «Брат или Брактың» екіншісі біріншісінен нашар. «В поисках мамыдың» екіншісі – әуесқой ролик. «Бизнес по Казахскийдің» кейінгі бөлімдері жасалған саяхаттарының күнделігі ғана. «Келинка Сабина», «Құдалықтарды» былай қойғанда, «Рэкетирдің» жалғасының өзі алғашқысын басып оза алмады. Ортанқолдар А.Сатаевтан асам деп айға ұмтылмайтын шығар?!