Алдымда «Жас Алаштың» (№23) 2019 жылы 21 наурыздағы жарық көрген саны. Мақаламды осы газетке басылған мына пікірлермен бастағым келеді.
Абзал Құспан, заңгер: «Дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевтың өтпелі кезеңде президент болуына оң қарастамын»;
Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі: «Тоқаев – ешбір саяси топтарда жоқ, жемқорлыққа ілікпеген, совет билігі тұсында да қандай бір қызметпен көзге түспегендіктен, өтпелі кезеңге ең қолайлы адам»;
Бөріхан Нұрмұхамедов, саясаттанушы: «Билік транзитін өте жақсы қабылдадым. Бәрі заңға сәйкес түрде. Нұрсұлтан Назарбаев та сондай қиын шешімді қабылдауға өз бойынан ерік-жігер таба білді»;
Расул Жұмалы, саясаттанушы: «Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен кетіп, өтпелі кезеңде Қ.Тоқаевтың президент болуы мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ету жағынан дұрыс қадам. Бәлкім, бұл да өтпелі кезеңнің мәселесі болар. Бірақ қалай десек те, Орталық Азияда бірінші рет президент өз еркімен қызметінен кетіп отыр»;
Уәлихан Қайсаров, саясаткер: «Енді Қ.Тоқаев бүкіл кінәні арқалайтын қолбалаға айналды. Демек, енді сын еститін де, бәріне жауап беретін де – Қ.Тоқаев. Былайша айтқанда, Н.Назарбаев жауапкершіліктен сытылып кетті. Мұны Қ.Тоқаевтың өзі де түсінетін шығар. Бұл жағынан ол, ерлікке бара алмайтын қорқақ адам.
Бірақ Қ.Тоқаевтың бір жақсы жері – жемқорлыққа шатылмағаны. Н.Назарбаевтың айналасында жүрген өзге тұлғаларға қарағанда ең адал, таза адам. Былайша айтқанда, Қ.Тоқаевтың президенттігі Қазақстанға ыңғайлы»;
Қазыбек Бейсебаев, экс-дипломат: «Қасым-Жомарт Кемелұлы басқаларға қарағанда лайықты үміткер. Бір анығы, Н.Назарбаев көп мәселені шешпей, оны Қ.Тоқаевқа ысырды»;
Евгений Жовтис, құқық қорғаушы, Қазақстандағы адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның директоры: «Билік тетіктері бұрынғыдай Н.Назарбаевтың қолында. Яғни Н.Назарбаев кеткен жоқ. Өз басым бұл шешімге байыппен қараймын.
Алайда Қ.Тоқаев өз бетінше шешім қабылдай алатын тұлға емес. Сондықтан оның президенттігі артында, шын мәнінде сахна сыртындағы өзге президент – Н.Назарбаев тұра бермек»;
Азаматхан Әміртай, экономист, саясаткер: «Қалай айтсақ та, «Қазақстанда екінші президент сайланды» деген жаңалықты естудің өзі бір рахат сезімге бөледі»;
Аятжан Ахметжанұлы, республикалық «QAZBILIM» орталығының директоры: «Қасым-Жомарт Тоқаев пәлендей былғанбаған, шетелде де беделі бар азамат болғандықтан, жақсы президент болуы мүмкін деп ойлаймын».
«Жас Алаштағы» осы тұрғыдағы мәселеге қатысты пікірлерді білгесін, заңгер А.Құспан, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Д.Көшім, саясаттанушылар Б.Нұрмұхамедов пен Р.Жұмалы, саясаткерлер У.Қайсаров пен А.Әміртай және дипломат Қ.Бейсебаев, құқық қорғаушы Е.Жовтис пен «QAZBILIM» орталығының директоры А.Ахметжанұлы бір адамдай К.Тоқаевтың президент болғанына разылығын білдіріп отырғандарынан, шынымды айтсам, қатты көңілім қалды.
Соның ішінде Б.Нұрмұхамедов бұл әрекеттің заңды екеніне соншалық сенімді, тіпті «Н.Назарбаев та сондай қиын шешімді қабылдауға өз бойынан ерік-жігер таба білді» деп бағалап отыр. Ал А.Әміртай «екінші президент сайланды» деген жаңалықтарды естіп, «рахат сезімге бөленіпті».
Менің таңғалғаным, пікірлерде Д.Көшім, У.Қайсаров және А.Ахметжанұлы Қ.Тоқаевты «жемқорлыққа ілікпеген», «ештеңеге шатылмаған», «Н.Назарбаевтың айналасында жүргендерге қарағанда таза адам» деп, оның адамдығы мен адалдығына шаң жуытпай, аса жоғары бағалады.
Әрине, пікір білдірушілердің арасында У.Қайсаров, Қ.Бейсебаев және Е.Жовтис Қ.Тоқаевтың өзі шешім шығарып жұмыс істейтініне күмән келтіріпті. Айталық, олардың бірі: «енді Қ.Тоқаев бүкіл кінәні арқалайтын қолбалаға айналды», «ерлікке бара алмайтын қорқақ адам» десе, екіншісі: «бір анығы, Н.Назарбаев көп мәселені шешпей, оны Тоқаевқа ысырды», ал үшіншісі: «Н.Назарбаев кеткен жоқ», «Тоқаев өз бетінше шешім қабылдай алатын тұлға емес» деген пікірлерінің майын тамызып айтты, себебі бұл – таза шындық.
Бұл мәселе жөнінде түрліше пікірлерді естіп, мен де осыған қатысты ойымды айтуды жөн көрдім.
Біріншіден, Н.Назарбаев президенттік орнынан кеткен жоқ. Ол оданда жоғары көтерілді.
Енді мұның себебін түсіндіре кетейін. Қазақстанның Ата Заңы мемлекеттің негізгі заңы емес, Н.Назарбаев пен оның айналасындағы жақындарының қалта кітапшасына айналды. Негізі, бұлардың қай-қайсысы болсын, НАН өзі ма, Сенаты ма, Мәжілісі ме, үкіметі ме, тіпті «Нұр Отан» партиясы мен НАН-ның арқа сүйерлері Ассамблея ма – Ата Заңымыз барлығына да бірдей болуы керек еді.
Сөйтіп негізгі Заңымыз қалта қажеттілігіне айналған соң мен жоғарыда атағандарымның барлығы ойларына, көңілдеріне не келсе соны істеді. Істеп жатыр, жалғасты істейді де, егер де қолдарында билік қала беретін болса.
Енді «Н.Назарбаев орнынан кетпеді» деген ойымызды ары қарай тиянақтай түсейік. Н.Назарбаев орнынан кетпек түгілі әлемде саяси жаңалықты ашушылардың бірі ретінде елдің саяси тарих оқулығына кіреді. «Неге?» деп сұрасаңыз, бұған да жауап берейін: Н.Назарбаев қайдағы бір жоқ Қауіпсіздік Кеңесін Қазақстанда ең жоғарғы мекемелердің қатарына шығарды. Сонда Қазақстанда саяси жүйенің құрылымы төмендегі ретпен түзіледі:
— Қауіпсіздік кеңесі (ҚК)
— Президент (П)
— Сенат (С)
— Мәжіліс (М)
— Үкімет (Ү)
Ал ең жоғарғы қызмет орны – Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы.
Бұған жалғасып Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті (ҰҚК), Ішкі істер министрлігі (ІІМ) және Қорғаныс министрлігі (ҚМ), себебі олар тікелей Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасына, яғни Назарбаевтың өзіне ғана бағынады.
Сонда Президент, Сенат, Мәжіліс, үкімет мүлдем төмендеп қалады.
Мен соттың да Н.Назарбаевқа бағынышты екенін айтпай кетіппін. Ал ол негізінде солай екені айқын.
Осыдан кейін қай есі дұрыс заңгер, саясаттанушы, қоғам қайраткері бұл саяси жаңалықты жақсы ырымға балайды?
Ол үшін не есуас, не кәмелет жасына жетпеген жасөспірім болу қажет.
Нұрсұлтан Назарбаев алдын ала жанындағы мықты ақылшыларымен кеңесіп-пішіп осы әрекеттерін жасаған.
Оның себебі көп. Басты себеп – ол өз басының және бала шағасының қауіпсіздігі.
Мұның да өз себебі бар, тақтан тайған Саддам Хусейн, Николае Чаушеску, Тодор Живков, Муаммар Каддафи, Вилли Штоф, Сапармұрад Ниязов пен Ислам Каримовтың және олардың бала-шағаларының не болғандарын Н.Назарбаев жақсы біледі. Әсіресе өзіне жақынырақ болған екі Орта Азия коммунистерінің тағдыры оған етене таныс. Негізі, оларды қасында жүргендер тақырға отырғызып кеткен. Содан екеуі де аяқ асты жан тапсырыпты.
Н.Назарбаев мұны жақсы біледі. Егер де Қазақстанда үлкен тойтарыстар басталса, оны ақтап, араша түсетін ешкім де жоқ. Қайта одан сайын оны құй батпаққа батырып жібермесе.
Ал Назарбаевты торға дейін шығарып салатын дәлелдер жеткілікті:
Оның өзінің ашқанынан кейін жабылғандары:
1. «Тұлпар» автомобиль зауыты – 1997 жылы ашылды, 1998 жылы жабылды. Жұмсалған ақша 1 миллион АҚШ доллары;
2. Балқаш мырыш зауыты – 2003 жылы ашылды, 2009 жылы жабылды. Шығын – 120 миллион АҚШ доллары;
3. «Ютекс» мақта өңдеу кешені – 2004 жылы ашылды, 2011 жылы жабылды. Шығын – 19,3 миллион АҚШ доллары;
4. «КазСат» – 2006 жылы ұшырылды, 2008 жылы істен шықты. Шығын – 65 миллион АҚШ доллары;
5. «Биохим» зауыты – 2006 жылы ашылып, 2012 жылы жабылды. Кеткен ақша – 88,6 миллион АҚШ доллары;
6. «Тасқала» цемент зауыты – 2007 жылы ашылса, 2010 жылы жабылды. 210 миллион АҚШ доллары ысырап болды.
7. «Ақтау Сити» қаласы – 2007 жылы ашылды, 2013 жылы жоспарланған жоба болса да жабылды.
8. «Silicium Kazakhstan» кремний зауыты – 2008 жылы ашылды да, 2013 жылы жойылды. 420 миллион АҚШ доллары шығынға түсті;
9. «Азия Керамик» керамогранит зауыты – 2010 жылы ашылды, ал 2013 жылы жойылды, 35 миллион АҚШ долларын жоққа шығарды;
10. Ауыл шаруашылығына арналған «фермер» ұшақ шығаратын зауыты 2011 жылы ашылып, 2012 жылы, яғни бір жылдың ішінде 1,648 миллиард теңгені жұтып жабылды. Бірақ бірде-бір ұшақ шыққан жоқ.
Сонымен осының барлығына 1,2 млрд АҚШ доллары ысырап болды.
Бірақ Қазақстанда бұдан да басқа кәсіпорындарды президент өзі барып ашып, содан кейін олардың жабылғаны ешкімге де құпия емес.
Бұған қоса Н.Назарбаевтың өзінің шешімімен «100 нақты қадам», «Бес институционалдық реформа», «30 корпоративтік көшбасшы», «Дамыған 30 ел қатарына», «Сыбайлас жемқорлыққа 10 мәрте күйрете соққы беру», «2020», «2030», «2050», «7-20-25» деген бағдарламалары жарыққа шығарылып, әлі күнге дейін іске аспай келеді.
Міне, осының барлығын оқып, білгенде, мемлекетті басқарып жүрген саясаткерлер мен экономистер емес, тәжірибелі статистика мамандары ма деп ойлап қаласың. Себебі жоғарыда аталған бағдарламаларда саяси және экономикалық өзгерістерге нақты жасалынып жүрген іс-әрекеттері бүгінгі күнге дейін нәтиже берер емес.
Әрине, тек соның кесірінен Қазақстан шетелдерге 170 млрд АҚШ доллары қарыз болды, бірақ не экономика, не халықтың (әсіресе қазақтар жағы) тұрмысы жақсарар емес. Керісінше жылдан жылға мемлекет қарызы өсіп, халықтың тұрмысы әбден тұралап бітті. Есесіне Қазақстандағы шіріген байлардың (олигархтар) саны жылдан жылға өсіп бара жатыр. Ал ең ұяттысы – сол шіріген байлардың қатарларын Н.Назарбаев өзі, оның бала-шағасы және айналасындағы жылпостар иеленген. Атап айтсам: Утемуратов, Ким, Машкевич, Шодиев, Ибрагимов, Миттал т.б. жүр.
Кезінде марқұм Ислам Каримов Өзбекстан парламентінде: «Мен кеше Қазақстанда болдым. Көршімді Қазақстан Республикасы деп айта алмаймын. Себебі Қазақстанның жер асты байлығының 75% өзге шетел азаматтарының қолына өтіп кеткен. Енді олар «қазақ» деген ұлтты құртып, қазақстандық деген ұлтқа паспорт бермекші. Өздері осындай мүшкіл жағдайда тұрып маған «Орта Азия одағын құруға қолдау көрсет дейді», сонда өз ұлтын жойып жатқан елге мен қалай сенуім керек?» – деп айтқан сөзін естігенімде, өзімізге емес, өзге жұртқа да масқара болғанымызды ұқтым. Бірақ солай екені рас! Оны несін жасырамыз?
Осының барлығы, яғни Қазақстандағы саяси, экономикалық, заң жүзіндегі кемшіліктер Н.Назарбаевтың және оның айналасындағылардың кесірінен болып жатқан жоқ па?
Қазақстанда қазақтардың басым көпшілігі үйсіз, жұмыссыз, жерсіз, триллиондаған қарыз арқалап, банктердің құрбандары болып жүрген жоқ па?
Бірақ бұлардың алдынан не үміттің сәулесі, не жарқын болашақтың сағымы байқалмайды, айнала бұлдыр тұман, жол таба алмай адасқан халық.
Міне, осының барлығын біле тұра, әсіресе Астанада (қазіргі атауы Нұр-Сұлтан) бес нәресте өртке оранып, күлге айналған соң Назарбаев өзінің кету керек екенін түсінді. Тек оған артынан кір жұқпайтын, соңынан шаң көтерілмейтін, ертеңгі күндері өзінің де, бала-шағасының да, құйыршықтарының да ішкен-жегенін «желкесінен шығармайтын» ыңғайлы адам қажет болды.
Міне, жоғарыда жұрт жабыла мақтаған «таза, адал» деген Қ.Тоқаев, Н.Назарбаевтың есебі бойынша, ең қолайлы адам.
Екіншіден, «таза, адал адам» тұла бойы қанға бөккен адамға ермейді. Оны оған ар-ұяты, абыройы мен тазалығы жібермейді. Мысалы, неге қасқыр мен киік ағайын, дос болмайды?
Қасқыр – жыртқыш хайуан, киік болса – жан пидалы аң. Біріншісі тірі ет пен қанды қорек етсе, екіншісі – кең далада, жайлауда жайылатын бейуаз аң.
Қалай ойлайсыздар, Н.Назарбаев пен Қ.Тоқаев бірі қасқыр, бірі киік болып жаратылса, олар көп жылдан бері, яғни егемендікті алған кезден бастап бірге жүрер ме еді және жүре алатын ба еді?
Әрине, жоқ! Онда екеуін біріне бірін жақындастыратын «негіз» бар болып тұрған ғой! Онда Қ.Тоқаев киік емес. Керісінше екеуі де қасқырдың қатарына жататын болды ғой? Бұл сөзімізге дәлел келтіре кетейік. Н.Назарбаев өлсе де, маңына таза, адал кіршіксіз адамдарды жолатпайды. Ал Тоқаев Назарбаевтың былық-шылықтарын білмей, естімей, көрмей жүрген жоқ. Әрине, біледі. Тіпті ертеңдері Н.Назарбаев жасаған қылмыстар ашылатын болса, таяқтың екінші ұшы өзіне тиетінін қапысыз сезеді. Бірақ ол Н.Назарбаевты «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтындай» көреді, соған сенеді, әрі соның көлеңкесінде аман-есен жүретініне, жүре алатынына күмән келтірмейді.
Сол себептен Қ.Тоқаевтың президент болғаны – Қазақстанның жетістігі емес, қайғысы. Шын мәнісінде өзінің патшалық орнында отырған Н.Назарбаев, алдына Қ.Тоқаев деп аталатын қолбаланы ала қойды. Қ.Тоқаев та көкесінің айтқандарын бұлтартпай орындап отыр, оны өздеріңіз де көрдіңіздер: Астанаға Нұрсұлтанның атын беруге, облыстағы орталық даңғылдарының барлығын Назарбаевтың атына өзгертуге – үндеді. Енді Қ.Тоқаевтан не күтуге болады? Демек, тек көкесінің айтқандарын бас шұлғып орындайды.
Ал көкесінің жан тыныштығы және бас амандығынан басқа ойлайтын ештеңесі де жоқ. Төтелеп айтқанда, Қазақстан баяғы Назарбаевтың қисық жолымен әлі де жүре бермек, себебі Қ.Тоқаев өздігінен ештеңе жасай алмайды. Демек, Қ.Тоқаев – өмірбақи Н.Назарбаевтың айдауымен және жетегімен ғана жүретін адам.
Оған президент орны бір мезеттік ойын іспетті. «Қазақстан президенті де болдым» деген өмірінде, әйтеуір, айтып жүретін мақтанышы болады.
Сол себептен Қ.Тоқаев Н.Назарбаевтың әу бастағы есебі бойынша не жазда, не күзде аяқасты ауырып қалар, не тағы да бірдеңе бола қалар, тек өз еркімен орнынан кетеді де, орнына дайын отырған Дариға келе қояды. Сол үшін Д.Назарбаева спикер атанып отыр.
Кейбір сарапшылар: «Қ.Тоқаев бұлай істемейді», – дейді. Ол – бос уәждер. Енді оған да аз дәлел келтіре кетейік.
Қасым-Жомарт Тоқаев 1990 жылдың басынан-ақ Н.Назарбаев пен Сара Алпысқызынан бастап бүкіл бала-шағасының көңілінен шығып жүрді. Оны марқұм Рахат Әлиев пен Виктор Храпунов та растады. Ал олардың айтқандарына, меніңше, күмән келтіре алмаймыз. Оған мынадай дәлелдер де бар:
2001 жылдың 18 қарашасында жас үкімет қызметкерлері О.Жандосов, М.Әблязов, Ғ.Жақиянов, А.Байменовтер Н.Назарбаевтың саясатына қарсылық білдіріп, өзара келісімге келе алмаған соң Қазақстанның демократиялық таңдау ұйымын (ДВК) құрғанын жариялады. Осыдан соң небәрі жеті күннің ішінде-ақ, Н.Назарбаевқа арыз жазған Қ.Тоқаев «я олар, я мен» деп, өзін қызметінен босатуын сұрапты-мыс. Бірақ оның не себепті бұлай істегені түсіндірілмеді.
Мен 43 жылдық білімім бар заңгермін, сол себепті әр қылмыстың, ұрыс-керістің, тіпті жай қақтығыстың да себебін білгім келеді. Талай тергеу жүргізгенде, прокурор болып сот айыптауларды жасағанымда, кейін азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істері бойынша сотқа өкіл болып қатысқанымда, ақ пен қараның айырмашылығы мен себептерін сұрап іздеуші едім.
Ал 2001 жылы 60 жастағы көкесі 30 жастағы балаларына өкпелеп қызметтен аяқ асты кетем дегеніне қалай ғана таңғалмайсыз? Оның нақты себебі айтылмаған соң, күдіктене бастайсың. Менің болжауымша, басы байлаулы құл ғана өзінің қожайынына солай бағынады.
Анығында Н.Назарбаевқа жас мемлекет қызметкерлерін кетіру үшін тек қана Қ.Тоқаевтың «я мен, я олар!» деген сылтауы қажет болды. Міне, бұл да саяси амал.
Әсілі Н.Назарбаев жастардан құтылуға даяр болған-мыс, сол бойда олардан құтыла салды.
Сөзімізді ары қарай сабақтау үшін Қ.Тоқаевтың Сыртқы істер министрі болған заманның бір кезеңін еске алайық. 2011 жылы Қ.Тоқаев Қытаймен шекараға қатысты шартқа қолын қойды. Осыдан соң қаншама тарихи қазақ жері (500 ш.ш жуық жерлері) Н.Назарбаевтың әмірлігімен Қ.Тоқаевтың қолымен, өмірбақи түркі тілдес халықтарына дұшпан болып келген қытайларға, яғни өрт ауызды айдаһардың аузына жем болып кетті.
Кезінде марқұм Ж.Ташенов СССР деген мемлекеттің құрамында бола тұра, Ресейге Қазақстанның жерлерін беруге қасарысып қарсы тұрып алғаны осындайда еріксіз еске түседі.
Міне, 2001, 2011 жылдардағы осы оқиғалар Қ.Тоқаевтың «таза» еместігін барлығымызға анық көрсетіп берді. Соның арқасында Қ.Тоқаев БҰҰ-ға дейін, яғни халықаралық деңгейге көтеріліп кетті. Мұның барлығы да Н.Назарбаевтың тікелей араласуымен іске асты.
Расын айтсам, мен БҰҰ-ға сенуден қалдым. Олар кезінде «Лига Нации» деген ұйымға ұқсап барады. Бұл сөзіме де дәлел келтіре кетейін. Өздеріңіз білетіндей Ресей Молдаваны екіге бөліп, әлемге Приднестровье деген құрылымды жаратып, шын мәнісінде үшінші дүниежүзілік соғысын бастады. Сосын Грузияны қыспаққа алды. Одан соң Украинаны басып алды: Қырымды өздеріне қосты, Донбасс пен Луганскіден екі мемлекет құрғыздырды, әрине, орыстар үшін ғана. Бірақ БҰҰ Ресейге ештеңе де істей алмады.
Енді көпке мәлім: іргеміздегі Қытай қазақ бауырларымызға неше түрлі күш-қорлықтарын көрсетіп жүр (басқа мұсылмандар да бар). Ал оны БҰҰ білмейді емес, біледі, бірақ қазақ және басқа да мұсылмандар Қытайға қарсы ешкім де ауыз ашар емес. Әрине, осындай БҰҰ Н.Назарбаев және оның шәкірттері Қ.Тоқаев сияқтыларға, мүшелік жарнасы төленіп жатса болғаны, қолдау көрсете береді.
Қ.Тоқаев БҰҰ-дан кеткесін Н.Назарбаев оны Сенат спикері қызметіне тағайындады, меніңше, мұның да өз себебі бар. Неге Н.Назарбаев Қ.Тоқаевқа шаң жұқтырмай, оны балаша қолынан жетелеп, үнемі жылы орындарға отырғызады? Қ.Тоқаев туралы жылы пікірді жаудыра бергенше, мұны да тереңдей ойлану қажет.
Бұл жағдайда Әміржан Қосановтың да «ютуб» желісінде пікір білдіріп, «бірге жұмыс жасадық» деп, оны құп көретіндей емеурін танытыпты. Сонда «бірге қызметтес болдық» дегенді қалай жорамалдауға болады? Қ.Тоқаев пен Ә.Қосанов көп болса бір есіктен кіріп, бір есіктен шыққан шығар, әрі кетсе бір дастарқан басында біріне-бірі тілектерін білдірген болар, қиыр-шиырдан қосылатын туыстығы да болуы мүмкін. Бірақ қалай болғанда да бір адамның екінші бір адамды тереңдей түсінуі, оның мінез-құлқын, жүріс-тұрысын біле қою әбден қиын. Сондықтан Қ.Тоқаевтың жүріс-тұрысының, мінез-құлқының, ішкен-жегенінің, алған-бергенінің, көрген-көрмегенінің, ұстаған-ұстамағанының су асты қиыр-шиырларын білу қиын, тіпті ешкім де білмейді. Он жерден төсін ұрып, білемін десе де.
Міне, менің айтқаным айнымай келді. Қ.Тоқаев мерзімінен тыс президенттік сайлауын өткізуге баяндама жасап, қажетті деген барлық әрекеттерін әзірлеуге кірісті. Қожайыны басын изеп мақұлдығын берді!