Будапешт пен Торонтода қазақ жастары Алматыда қамалған екі белсендіні қолдап шықты,- деп хабарлады Азаттық Радиосы.
Азаттықтың хабарлауынша,
30 cәуірде Венгрия университеттерінде оқитын бір топ жас Қазақстанның Будапештегі елшілігі алдына жиналып, Алматы марафонында баннер ілгені үшін 15 тәулікке қамалған белсенділерді қолдап акция өткізген.
«Үйімізден жырақта болсақ та, Қазақстан өміріне әсер еткіміз келді» деп жазады Азаттыққа атын атамаған студент.
«Шындықтан құтыла алмайсың», «Әсия мен Бейбарысқа бостандық!» деген жазуы бар плакат ұстап тұрған жастарға Қазақстан елшілігінен әлдебір қызметкер шығып, талаптарын сұраған. Мұнан соң елшілік қызметкері «өткізетін митингіні 48 сағат бұрын тіркеу керек» деген заң барын айтқан.
30 сәуірде мұндай акция Канадада да өтті. Бірнеше азамат «Бізге шындық қажет», «Шындықтан құтыла алмайсың» деген жазуы бар плакаттар ұстап, Торонтодағы Си-Эн Тауэр мұнарасының алдында суретке түскен.
Бұған дейін Чехия, Франция, Ұлыбритания, Грузия, Италияда оқитын қазақстандық студенттер осы елдерде Төлесова мен Толымбековті қолдап, «Шындықтан құтыла алмайсың» акциясын өткізген.
28 сәуірде Нұр-Сұлтанда да бір топ жас қамалған екі белсендіні қолдап шыққан. Ертеңіне, 29 сәуірде полиция оларды тергеп, Нұр-Сұлтан экстремистік деп таныған Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысы туралы сұраған.
29 сәуірде Алматыдағы әл-Фараби даңғылы бойындағы көпірге Қазақстан Конституциясындағы «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы — халық» деген цитатамен баннер ілген Роман Захаров бес тәулікке қамалған. Бірақ тап сол күні оған кесілген жаза 5 айлық есептік көрсеткіш (12 625 теңге) мөлшеріндегі айыппұлға өзгерді.
Алматы әкімшілік соты 21 сәуірде қаладағы марафон кезінде жол бойына «Шындықтан қашып құтылмайсың» деген жазуы бар баннер ілгені үшін жергілікті белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті 15 тәулікке қамаған. Сотта олар бұл баннерді 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына жұрттың назарын аударып, сайлауды әділ өткізуге шақыру мақсатында ілгендерін айтқан еді. Сот осы акцияны түсірген тағы үш белсендіні — Сүйінбике Сүлейменова, Айдос Нұрболатов және Айгүл Нұрболатованы да «митинг өткізу тәртібін бұзды» деп, 50 500 теңге (130 доллардан астам) айыппұл салған.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары — Freedom House, Amnesty International және БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша Орталық Азиядағы кеңсесі Қазақстан билігін Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуға шақырған.
9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Бұл – Қазақстанды отыз жылдай билеген Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткен соң өткелі жатқан алғашқы сайлау. Назарбаев 19 наурызда президенттіктен кеткенімен, қолындағы біраз құзыретті сақтап қалған. Экс-президенттің қарсыластары мен құқық қорғау ұйымдары Назарбаевты «авторитар басшы» деп атаған.