– Мақсұт аға, сіз ұзақ жылдан бері әртүрлі ақпарат құралдарында дауыс беру бюллетеньдерін өзгерту туралы айтып келесіз, бұл сайлау нәтижесіне қаншалықты әсер ете алады?
– Бұл проблема дауыс беру тетіктерінің толық жетілмеуі салдарынан орын алып отыр. Ең алдымен бәріміз осыны мойындауымыз керек. Біздің қазіргі пайдаланып жүрген сайлау бюллетеньдерін өзгеріске ұшырату онша қиын емес. Ең үлкен кемшілік – әр сайлаушы өзі берген дауыстың сол қалпы сақталған, сақталмағанына көз жеткізе алмауында. Ол тіпті мүмкін емес. Міне, осы олқылықты сайлау комиссиясының өз мүддесіне пайдаланбайды деп кім кепілдік бере алады. Осыден келіп дауыс беру процесін жетілдірудің қажеттілігі өзінен өзі көрініп тұр.
Егер Орталық сайлау комиссиясының мүшелерін, оның төрағасын президент өзінің жарлығымен тағайындайтын болса және сайлауға дауыс беру тәсілі өзгерместен Сталиннің заманынан жалғасып, оның айтқанындай «мәселе сайлауда кімге қанша дауыс бергенінде емес, мәселе дауысты қалай санауда» деген қитұрқы жолмен жүріп келе жатқанымыз 1991 жылғы президент сайлауында айқын көрсетті. Сол кезеңдегі президенттікке үміткер кандидаттардың ішінде Назарбаевқа дауыс бермейтін электораттың көпшілігі оппозицияның жағында болатынына қарамастан Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің қорытындысын шығарғанда Н.Назарбаевтың 93,75% дауыспен жеңіп шыққанын жария етті.
Бұған көпшілік қауым арасында зор наразылық көрсетіліп, бірнеше толқулар болды. Сайлаудың дауыс беру процесінде көптеген заң бұзушылықтарға куә болған тәуелсіз бақылаушылардың, қоғамдық ұйым өкілдерінің айтуынша, топ-топ адамдар бір сайлау учаскесінен екіншісіне автобустармен қатынап, дауыс беріп жүрген фактілерін суретке түсіріп құзырлы органдарға, соттарға шағымданса да ештеңе шығара алмаған болатын.
Сөйте тұра Орталық сайлау комиссиясының төрайымы З.Балиева: «Жұрт сайлауды дұрыс өтпеді, заң бұзушылықтар болды, дауыс бюллетеньдері дұрыс саналмады, т.т деп жатыр. Бірақ солардың біреуі де сотта дәлелденбеді. Сондықтан босқа даурығудың керегі жоқ» деп қайырған болатын.
Өйткені бұл жүйе диктаторлардың билік басында ұзақ отыруына қолайлы болатын. Сондықтан дауыс беруші бюллетенін урнаға тастағаннан кейін – бітті. Ары қарай санаушылар, бақылаушылар қарап тұрса да, алдаймын десе алдай алады. Егер де сайлаушы мен оның қолданысында болған бюллетеннің кері байланысы болатын амалы болса, онда дауыстың бұрмаланбағанының, бұзылмағанын өзі тексеріп те, керек болса сотта дәлелдеп те бере алар еді.
– Сонда дауыс беру бюллетеньдерін қалай өзгерту керек?
– Мәселенің түйіні мынада. Алдымыздағы сайлауда жүргізілетін дауыс беру бюллетеньдерін лотерея билеттеріндегі тәрізді сериялап, көп санды нөмірлеп шығару қажет. Серия сайлау округтері мен учаскелерінің атауларына қарап, алғашқы бір — екі бас әріптерімен белгіленсе, нөмірлері рим цифрларымен белгіленеді. Ал бюллетеньдегі нөмірлер әр сайлау учаскесінде сайлаушылар санына жететін етіп мыңдық-мың жарымдық цифрлармен жазылады. Сайлау күні бюллетеньдер арнайы жәшіктерге картотека тәріздес тігінен орналастырылады. Сайлаушы жәшіктерден бюллетеннің біреуін алып, шымылдық ішіне кірген соң өзінің таңдауын жасайды да, бюллетень нөмірін, сериясын жазып алады. Содан кейін дауыс беру жәшігіне апарып салады. Осылайша сайлаушы өз бюллетенінің ізін жоғалтпайды. Сол арқылы берген даусын бұрмалауға жол бермейді.
Сайлау уақыты біткеннен кейін сайлау комиссиясы әр партиялардың өкілетті бақылаушыларының қатысуымен дауыс беруге қатыспаған бюллетеньдердің нөмірлерімен жалпы есеп санын көрсетіп, хаттамаға түсіреді. Және сол жерде өртеп жібереді. Бұдан кейін дауыс берген жәшікті сол бақылаушылар алдында ашып, дауысқа қатысқан бюллетеньдерді әрбір кандидаттың үлесіне түскен нөмірлерін көрсетіп, кімдердің қанша дауысқа ие болғандығын хаттамаға түсіреді. Одан әрі округтік комиссияға, олар орталық сайлау комиссиясына арнайы поштамен жібереді. Және ертеңіне шығатын жергілікті газеттерге, электронды ақпарат құралдарына жариялау үшін хаттаманың бір данасын жібереді. Бұдан кейін әрбір БАҚ-тың жариялаған мағлұматтары арқылы сайлаушы өзінің кешегі дауыс берген бюллетеньдегі нөмірін, өзі таңдаған кандидаттың үлесіне жазылғанына көз жеткізеді.
Егер өзі дауыс берген бюллетень нөмірі басқа кандидатқа жазылып кеткен болса, сотқа шағымдануына әбден болады. Және сот алдында өзі дауыс берген бюллетень нөмірін айтып қана қоймай бюллетеннің екінші бетіне салып жіберген белгісін көрсетсе (таңба ретінде немесе алты, жеті цифр ретінде), толық дәлелдей алады.
Осылайша өткізген сайлаудан кейін әр сайлау участігінен сот органдарына наразылық шағым ондап, жүздеп түсіп жатса, биліктің сайлау процесіне қол сұғуына тыйым салынуы сөзсіз.
Сонда ғана қағаз жүзіндегі қағидалар іске асып, халық өзін-өзі басқару тізгінін қолына алып, экономикалық өркендеу, мәдени даму, құлдық психологиядан арылу, бабалар қалдырып кеткен рухани сананы қалыптастыру арманымызға жетеміз.
Егер сол тізімдегі сайлауға қатысушылардың жартысынан көбі келмеген болса, онда сайлауды қайта өткізу мәселесі туындайды. Бұл да бізде өткізіліп келе жатқан жалған жасанды сайлауларға тосқауыл қоюға болатын мәселелердің бірі. Қазіргі өткізіліп жатқан сайлауларға халық баруды қойған. Өйткені сайлауға деген сенім жоғалған. Барып дауыс беретіндер мемлекеттік қызметкерлер мен студенттер ғана. Олардың да көпшілігі өз еркін білдіруге құлықты емес. Сонда жалпы сайлаушылардың 3/1-і ғана қатысып жүр деп айтуға болады.
Сұхбаттасқан
Жақсылық ЫРЫСБАЙ
(«Жұлдыздар отбасы» журналы №9, 2019жыл)