Ерлан Мақсұтұлының бізге ғылым-білім жетіспейтіні, біздің ең үздік болуға ізденбейтініміз, талпынбайтынымыз туралы пікірі — тура менің ой-пікіріме дөп түседі. Бүгін мен ФБ арқылы ең үздік пост оқығаныма қуандым. Ал, жеке тұлға қанша талпынса да жолыңды байлап, еңбегіңді еш, тұзыңды сор қылатын әділетсіз саяси-экономикалық жүйенің тұсауы адымыңды аштырмай, ең бастысы адал еңбегіңнің жемісін жегізбей, ертеңгі жарқын күнге деген СЕНІМіңді жоятыны тағы рас. Ерланда жас адамға тән оптимизм бар. Ал көптеген адам 40-50-ге келген соң шаршайды, сосын бірте-бірте көнбістікке бой ұрады. Өйткені, айналаңда Әділетсіздікке төзбейтін, ақырып Теңдік сұрайтын, Жүйені өзгертуге күреске шығатын адал азаматтар аз. Оппозиционер ролін ойнап жүрген елге танымал белсенді жігіттердің басым көпшілігі билікпен ымырашыл, принципсіз, екіжүзділер. Кімге сенеріңді білмейсің. Сосын жалғыз өзің алып жүйеге қарсы тұрып босқа құрбандыққа шалынынып кеткің келмейді. Себебі қоғамдық жүйені өзгертуге көпшілік мүдделі болмаса, сен сияқты жекелеген адам қанша тырысса да бүкіл бір ұлт үшін Әділетті қоғам құрып бере алмайды. Әділетті қоғам құру — жалпыұлттық, ұжымдық шара! Басқа мемлекеттердің тәжірибесі осыны көрсетуде. Сондықтан, қазақ жастарының Саяси Санасын ояту керек. Сондықтан да мен екі журнал ашып, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да саяси ағартушылық қызметпен шұғылданып келемін. Бұдан жүз жыл бұрын өткен Алаш қайраткерлері де саяси ағартушылық қызметпен айналысқан. Бізді ел қатарына қосатын — озық білім мен ғылым, жаңа технологияларды меңгеру! Және бұл құндылықтарды мемлекеттік бағдарламаларға ұштастыру керек! Оған халықты емес, қара басының қамын ойлаған бүгінгі коррупционер билік жол бермей отыр. Билік құрылымдарын парақорлық пен оңай ақша қуған лауазымды шенеуніктердің білімсіз, талантсыз, жағымпаз, жандайшап туыстары мен тамыр-таныстары жаулап алды. Заң да соларға ыңғайлы етіп қабылданған, адал азаматтар мен қарапайым халықтың ешқандай құқы жоқ. Әділеттілікті ең алдымен сот, прокурор, полицей, ҰҚК қызметкерлері аяққа басып отыр. Сөз еркіндігі мен баспасөз бостандығын тұсаулап тастады. Адал еңбек еш болып, арам еңбек алға шықты. Олигархтардың ғана бағы жанып, орта және шағын бизнестің жолы тарылды. Еліміздің адал ұлдары қуғын-сүргінге ұшырап, сотталып, қамалып немесе амалсыздан басқа мемлекеттерге кетуде. Бұндай арсыз қоғамда жағымпаз, екіжүзді, көнбіс, адамдық қасиеті аз адамдар болмаса, адал, білімді, талантты, іскер, еркін ойлы — ер мінезді азаматтар бақытты өмір сүре алмайды.
Бас бет Жаңалықтар Ж.Қалыбай: Қоғамдық жүйені өзгертуге көпшілік мүдделі болмаса, жекелеген адам қанша тырысса да...