Қазір Алматыда өзге ауыл-қаладан келген 90 мыңнан астам студент жүр. Олардың көпшілігі Президент сайлауы өтетін күні түрлі себептермен Алматыда қала береді. Олардың қалай дауыс беретіні туралы тақырыпқа Zakon.kz мақала арнайды.

Жанна Асанова, Алматы сайлау комиссиясының төрайымы:

– «Сайлау туралы» Заңға сәйкес, дауыс берушілер тізімі тұрақты тіркелген мекенжай бойынша жасақталады. Алайда егер адам басқа қалада дауыс бергісі келсе, ол бір ай бұрын, 9 мамырға дейін өзі сайлау күні болатын қаласының әкімдігіне арыз беруі керек. Онда өзін сайлау учаскесіндегі дауыс берушілер тізіміне қосу туралы хабарлауы керек. Содан кейін әкімдік оны дауыс берушілер тізіміне енгізеді. Тағы бір жолы – сайлаудан 20 күн бұрын тіркелген мекені бойынша сайлау учаскесіне барып, есептен шығару талонын алуы керек. Есептен шығару куәліктерін беру 8 маусымда жергілікті уақыт 18:00-де тоқтайды.

Шолпан Жаманбалаева, ҚазҰУ тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры:

– 9 маусымда ҚР президентінің сайлауы өтеді. Бізде сырттан келген студенттер аз емес. Дауыс беру күні сессия кезеңіне түсетіндіктен, басқа қалада тіркелген көптеген студенттер Алматыда қала береді. Сайлауда дауыс беру – кәмелетке толған кез-келген ел азаматының құқығы. Сол үшін біз студенттердің дауыс беруіне жағдай жасауды жөн деп таптық. Алматы сайлау комиссиясы бізге заңды түсіндірді. Сайлауға қатысқысы келетін, сырттан келген студенттер аудандық әкімдікке арыз беріп, Алматының дауыс берушілері тізіміне ене алады. Олар арызбен бірге мекенжай анықтамасын ұсынады, бұл оның тіркелген жері бойынша тізімнен шығуы үшін керек. Бұл есептен шығару талоны үшін үйіне барғаннан гөрі ыңғайлы. Студенттер уақыты мен ақшасын үнемдейді. Бірден айтайын, біз тек студенттердің дауыс беру құқығын жүзеге асыруына ғана жағдай жасап отырмыз. Ал дауыс бере ме, бермей ме, олардың өз еркі.

Әкежан Кеңесов, 4 курс студенті:

– Мен Жамбыл облысынан келдім, сол жерде тіркелгем. Бірақ сайлау күні Алматыда боламын, диплом қорғаймын. Сондықтан Алматыда дауыс беру үшін алдын ала дайындалуды шештім. Мекенжай анықтамасын алып, өзімді дауыс берушілер тізіміне енгізу үшін Бостандық ауданының әкімдігіне арыз жаздым. Меніңше, барлық қазақстандықтар, әсіресе жастар сайлауға қатысуы керек, сайлау еліміздің болашағына ықпал етеді.

Пікір қосу