– Серікболсын аға, ҚР Конституциясында «Президент халықтық сайлау арқылы таңдалу керек» делінген. Осы тұрғыдан алғанда Қасым-Жомарт Тоқаев президент пе, әлде президент міндетін уақытша орындаушы ғана ма?
– Біз бір нәрсені жақсылап түсінуіміз керек. Қазақстанда Конституция да бар, заң да бар, солардың үстінде отырған би де бар. Ол – бірінші президент. Сол қандай шешім қабылдайды, солай болады. Конституция да соған негізделіп өзгере салады. Екінші, президенттің президентті тағайындап кеткенінің өзі заңсыз болғандықтан, ол Конституцияға келе ме, келмей ме деудің өзі бос сөз болып қалмақ.
– Олай болған жағдайда сайланған емес, тағайындалған президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың уақытша президенттік өкілеттігі бес жыл мерзімді қамтуы керек пе, әлде қалай?
– Конституция бойынша президент өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатса, сол президент сайланған уақыттың соңына дейін Сенат Төрағасы билікті уақытша алмастыра тұрады. Сондықтан Қ.Тоқаевтың бір жылдан асатын ғана уақыты бар.
– Аға, билікке екінші президенттің келуін сіз қалай қабылдадыңыз?
– Жалпы, президенттің келуі, кетуі деген нәрсе мен үшін ондай үлкен мәселе емес. «Кеткен адам не істеп кетті, келген адам не істейді? Халыққа, мемлекетке қандай пайдасы бар?», мен үшін маңыздысы осы сұрақтардың төңірегіндегі жағдайлар. Қ.Тоқаев қолынан келгенше мемлекетті нығайтуға, халықтың жағдайын түзеуге бағытталған жұмыстар жасайды деп ойлаймын.
– Тоқаев саясаткер ретінде елдің есінде қаларлықтай елеулі қызметтік сатылардан өткен бе? Қандай да бір маңызды саяси шешімдер жасады ма?
– Қасым-Жомарт Тоқаевты Назарбаевтың маңайында жүрген адамдардың арасындағы ең шоқтығы биік саясаткер әрі дипломат ретінде білемін. Тәжірибе жағынан да барлық мектептен өтті. Мемлекет демократиялық жолмен жүре ме, әлде автократиялық жолмен жүре ме, мұны қазіргі президент ашып айта алмайды. Н.Назарбаев автократ, диктатор ретінде өз ықпалын жүргізе береді. Оған қарсы шығуға болмайды. Ал келесі билікке келетін азаматтардың мақсаты қоғамды демократиялық жолмен өркендету болу керек. Автократия, диктатура деген біз жүретін жол емес. Н.Назарбаевтың өзі де Мәскеудің «Дружба народов» деген журналына: «Автократия для Казахстана путь некуда» деп жазған. Бірақ өзі автократтың нағыз биігіне шыққан адам. Тіпті, дүниежүзінің сарапшылары ең деген үш диктатордың қатарына біздің тұңғыш президентті қосып отыр.
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкілеттігі 2020 жылға дейін, яғни келесі жылы сайлау өтуі тиіс. Сайлаудың кейінге қалдырылуы немесе болмауы, тіпті Қ.Тоқаевтың қайта президент болып сайлануы мүмкін бе?
– «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса!». Бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың қолында. Басқаша жол іздеп керек емес, бәрі тұңғыш президенттің пиғылына, жоспарына байланысты. Бізде ананы өзгертеміз, мынаны өзгертеміз деп долбар айтудың бәрі бос сөз. Отыз жылдан бері өзгермеген жүйенің бір сәтте өзгере қалатынына сіз сенесіз бе? Күмәнді…
– Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде әлі де болса билік Нұрсұлтан Әбішұлының қолында тұр, оның келісімінсіз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ешқандай шешім шығара алмайтынын бәріміз біліп, көріп отырмыз. Осыған байланысты Н.Назарбаевтың қызметінің, лауазымының аты ауысқаннан басқа қандай өзгеріс бар, аға?
– Мемлекеттің құлағын ұстап отырған адам жалғаз сол – Назарбаев. Билік маңайындағы басқа қызметкерлердің бәрі де, Парламент депутаттары, министрлер, әкімдер де соның шешімімен тағайындалған адамдар. О баста Елбасы деген ойда жоқ, қырда жоқ, ешкімде жоқ статусты өзіне еншілеп алғаны аздай, оған қосымша Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып алды. Соның аясында бүкіл билікті өзі ғана жүргізіп отыр. Бұл, жалпы, оның орнына келген адамға көмек емес. Керісінше, «мына ақсақал не айтады екен? » деп бәрі сол Нұрсұлтанның аузына қарап отырады. Соның негізінде келелі шешім жасауға ешкімнің ешқандай мүмкіндігі де болмайды. Қауіпсіздік тетіктері мемлекеттің президенті кім болса, соның қолында болу керек. Қазіргі қауіпсіздіктің екі тармаққа бөлініп, екі адамның қолында тұруы біздің қауіпсіздігіміз үшін ең бір кеселді нәрсе. Өйткені табан астында шешім қабылдау керек сәтте қазіргі президент бұрынғы президентке жалтақтап қалады. Сондықтан мұндай ойынның тоқтатылуын, бір ғана президенттің билік етуін халық талап ету керек!
Сұхбаттасқан Ася Асеткина
(Сұхбаттың толық нұсқасын «Аңыз адам» журналының №8 санынан оқи аласыздар)
(ЕСКЕРТУ: Көшіріп басуға болмайды.)