– Рүстем аға, «Қазақ хандығы» деп аталатын үлкен жобаны аяқтадыңыз. Құтты болсын. Фильмді түсіруге төрт жыл уақыт жұмсадыңыз. Артыңызға қайырылып қарасаңыз, есіңізге не оралады?
– Әр киноның өзіндік тағдыры, қызықты оқиғасы болады. Осы фильмді түсіру кезінде мен бір тылсымның барына көзім анық жетті. Әдетте тарихи фильмдерді түсіргенде ту көтеретін кезде жел соқпай қояды, ондайда амалсыз техниканың көмегіне жүгінеміз. Ал осы жолы әр ту көтерген эпизодта жел соғып, туларымызды желбіретіп тұрды. Тіпті керек кезінде қар да жауды, жаңбыр да жауды. Жалпы кино түсіру үшін қомақты қаржы, түсірілім тобының қажырлы еңбегі қажет. Бұл жолы одан бөлек, Құдайдың қолдауын, аруақтың демеуін анық сезіндім. Соның арқасында бұл кино қанша қиындықтардан, өткелектерден аман өтіп көрерменге жетті.
– Фильмге өз көңіліңіз толды ма?
– Шынайы шығармашылықпен айналысатын адамның ешқашан, ештеңеге көңілі толмайды. Мен де жұмысыма 100 пайыз ризамын деп айта алмаймын. Бірақ үлкен мектептен өттім, тәжірибе жинадым. Алдағы уақытта бұдан да көлемді, бұдан да күрделі жобаларға дайынмын. «Алмас қылышты» түсіремін деп алмас қылыштай қайралдым.
– Киноға актерлерді қалай таңдадыңыз?
– Біз барынша көрерменнің көзіне көп ілікпеген, жаңа актерлерді іздеуге тырыстық және таптық. Мысалы, Керей ханның рөлін сомдаған Қайрат Кемалов – Қарағанды театрының белді актері. Өз ортасында беделді, абыройлы актер, бірақ режиссерлердің көзіне ілікпей, осыған дейін киноға түспепті. Дегенмен сыртқы келбеті, актерлік шеберлігі, ішкі жан дүниесі, дауысы – бәрі-бәрі өте керемет талантты кісі. Керей ханның рөліне Қайрат ағаны тапқаныма режиссер ретінде қуанамын. Бұдан бөлек, бірнеше жас актерлердің де жолын аштық. Мысалы, Шах-Мұхаммедтің рөлін сомдаған Ниязбек Шайсұлтанов – осыған дейін киноға түспеген жас актер. Кастингке келіп, Шах-Мұхаммедтің рөліне таңдалды. Шах-Мұхаммед – тарихта болған тұлға. Артына біраз кітаптар қалдырған, қартаңдау кезіндегі суреті де сақталған. Мен сол суретке сүйене отырып Шах-Мұхаммедтің жас кезіндегі бейнесін іздедім. Ниязды көргенде жүрісі, түрі, ішкі жан дүниесі Шах-Мұхаммедке келетінін байқадым. Жалпы, мен актер таңдағанда кейіпкерді өзім қалай елестетсем, қалай сезінсем соған ұқсайтын актерлерді іздеймін. Егер актердің мінез-құлқы, болмысы кейіпкерге жақын болса рөлді ойнамайды, өзін сомдап шығады.
– Осындай үлкен жобаны бастауға дайын болдыңыз ба?
– Әрине, аздап жүрексіну болды. Жобаны бастар алдында түсімде дәу қобыз көрдім. 5-6 қабатты үйдің биіктігіндей ірі денелі салт атты хан, сұлтандарды да көрдім. Әлгі кісілердің біреуі мені желкемнен қысып көтеріп алдына алды да көкке қарай ұша жөнелді. Қобыз зар қағып тартылып тұр, шанағының ішінен ескі сағат секілді бір дүние көрінді. Мұны маған берілген аян, құдайдың, аруақтың қолдауы деп түсіндім. Осыдан соң еш сескенбей жобаға кірісіп кеттім.
Мектепте оқып жүрген кезімнен-ақ тарихқа қызықтым. Тарихтан сабақ беретін Маржан апайымыз: «Рүстем, сен тарих факультетіне оқуға тапсыр, сенен мықты тарихшы шығады», – дейтін. Совет үкіметі кезінде: «қазақ тарихы – Қазан төңкерісінен кейін басталды. Оған дейін қазақта тарих болмады, далада мал бағып жүрген жабайы халық еді» деп оқытатын. Бұған біздің көңіліміз толмайтын, оның өтірік екенін іштей сезетінбіз. Тіпті ол кезде қоғамдық көлікте қазақша сөйлегеніміз үшін орыстардан ұрыс еститінбіз. Міне осындай намысқа тиетін істер бізді жігерлендірді, алға ұмтылдырды, өз шынайы тарихымызды білуге жетеледі. Сөйтіп төл тарихымызды таныдық, намысты ұрпақ болып өстік.
Қазақ хандығы туралы фильм түсіру бақытының маған бұйырғанын Алланың берген сыйы деп түсіндім. Шынымен де өз тарихыңа қайта үңіліп, жаңғыртып, халыққа кино етіп ұсыну – үлкен еңбек. Кітапта жазылған бір сөйлемді түсірудің өзі оңай шаруа емес. Осы фильмді түсіру кезінде қазақ хандығын қайта құрғандай болдық. Сол заманның киген киімін, тартқан арбасын, ұстаған қылышына дейін шынайы көрсетуге тырыстық. Бірінші маусымның сәл қиындау болған себебі – бәрін жоқтан бастадық. Дайындық жұмыстарына көп қаражат, өлшеусіз күш жұмсалды.
Бұл фильмді шетел көрермендері де қызығып көрді. Француздың бір режиссері: «Фильмді көрген соң менің де қазақ болғым келіп кетті», – деп пікірін білдірді. Осындай жылы сөздерді естігенде еңбегіңнің зая кетпегенін сезінесің. Бірінші маусым негізінде жасалған «Алмас қылыш» фильмінің орыс тіліндегі аудармасын «ютуб» желісіне салып едік, үш айдың ішінде 2 миллион 700 мың қаралым жинады. Фильмнің астына әр елден, әртүрлі ұлттар пікірлер жазып, жылы лебізін білдірді. Сондықтан бұл кино қазақтың тарихын дүниеге паш еткен үлкен жоба болды деп ойлаймын. Әрі бұдан да үлкен жобалардың бастамасы деп есептеймін.
– Киноның бірінші маусымын түсірген кезде қаржы тапшы болғаны айтылды. Бұл тығырықтан қалай шықтыңыздар?
– Бастапқы кезде қаржы жетіспегені рас, сол себепті халықтан көмек сұрадық. Осы кезде «Фридом финанс» дейтін ресейлік компанияның (Қазақстанда және Орта Азияда жұмыс істейді) директоры Тимур Турлов дейтін азамат хабарласты. Өзі киноға қызығады екен. Менің біраз киноларымды көргенін айтып, қаржы бөліп көмектесті. Одан бөлек халықтан 1,5-2 миллиондай ақша жиналды, әрине көп ақша емес, бірақ халықтың ниеті, көңілі. Сондай-ақ Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек «Базис А» компаниясының қаржы бөлуіне мұрындық болды.
– Екінші маусымда қаржы жеткілікті болды ма?
– Бұл жолы тек министрліктің берген ақшасына түсірдік. Барынша шақтап, үнемдеп жұмсадық. Компьютерлік графиканы көбірек пайдаландық. Оны да бір азаматтар ақшасын азсынбай істеп берді. Шынын айтқанда, мұндай аз ақшаға дәл осындай үлкен жобаны әлі ешкім жасап көрген жоқ. Ұлттың тарихы, халықтың дүниесі болған соң ғана намысқа тырысып жасап шықтым. Бұйырса, келер жылы 50 жасқа толамын, жақында дәрігерге тексеріліп едім, денсаулығым 62 жастағы адамның денсаулығына пара-пар екен. Демек, төрт жыл бойы осы жобаны түсіремін деп денсаулығымды әлсіреттім, күш-жігерімді сарп еттім. Киноны көрген адам осының бәріне анық көз жеткізеді.
– Қанша гонорар алдыңыз?
– Төрт жылдың алдында экономикалық жағдайым қалай болса, қазір де соның ар жақ бер жағында. Кереметтей байып кетпедім.
– Қару-жарақ, киім-кешек, ат әбзелдерін арнайы жасаттыңыздар ма?
– Қылыш, саймандарды Алматыдағы шеберлерге жасаттық. Еркебұлан Елубаев дейтін зергер, ұста жігіт көмектесті. Алматыдағы бір, екі орыс компаниялары қылыштың жүзін соқты. Ал сыртындағы әшекейін Еркебұлан бастаған он шақты ұсталар жасады. Сондай-ақ қалқан, сауыт, атқа кигізетін сауыттарды да арнайы жасаттық, олардың біразын Қытайда істеттік. Ал ат әбзелдерін «шеберлер ауылынан» алдырттық. Біраз дүниелер «Қазақфильмде» жұмыс істейтін шеберлердің қолынан шықты. Әріби-Әрібек дейтін жігіт бар, өзі Алтайдың тумасы, қазақтың салты-дәстүрін қанық біледі, өрімнің неше түрін өреді. Міне осы секілді қазақтың салтын, көшпенділердің мәдениетін білетін жігіттерге істетуге тырыстық.
– Фильмнің бірінші маусымы шыққан соң біраз сын айтылды, екінші маусымда соны ескердіңіз бе?
– Шынайы сынды қабылдадық. Бірінші маусымда қай жерлерден қателескенімізді түсіндік, оның кейбірі қаржының тапшылығынан болды. Мұның бәрін екінші маусымда ескердік, түзедік. Шынын айтқанда, «жаптым жала, жақтым күйе» деп айтылған сындар көп болды. Ондай «сындарға» мән берудің де керегі жоқ. Қазақ бір-бірін жамандаудан, көреалмаушылықтан, аяқтан тартудан алдына жан салмайды. Осындай жаман мінездерімізден арыла алмай келеміз. Өз қолымыздан іс келмесе де сынауға шеберміз.
Фильмнің бірінші маусымы өз алдына бөлек дүние, бөлек туынды, өз жүрегіме өте жақын, жалпы жақсы шықты деп ойлаймын. Айтылған кейбір сындармен келіспеймін.
– Түсіруге қиын эпизодтар болды ма?
– Бірінші маусымдағы Шах-Мұхаммедті тұтқынға алған эпизодты түсіру қиын болды. Жазық далада, тұратын лагерімізден алыстау жерде түсірдік. Күніне 3 сағатымыз жолға кетті. Қыс түсіп, күннің қысқарған мезгілі болатын, күніне 5-6 сағат ғана жұмыс істедік. Сөйтіп бір апта бойы сол эпизодты түсірдік. Ал кейбір эпизодтар қиын болса да сәті келіп оңай түсіріледі. Жалпы фильмді түсіруге 300-дей адам қатысты.
– Фильмді түсіруге төрт жыл кетті. Уақыт жағынан ұтылған жоқсыз ба?
– Жоқ, Қазақстанда мынадай үлкен жобаны бұдан тез түсіру мүмкін емес. Бәлкім Қытайлар екі жылда түсіретін болар, ал біздің қаржылық, техникалық мүмкіндіктеріміз оған жар бермейді. Оның үстіне Қазақстанда бұған дейін осындай жоба жасалған жоқ, оны да ескеру керек. Қазақ айтады «көш жүре түзеледі» деп, екінші маусымды түсіргенде көшіміз біраз түзеліп, түсіру де жеңіл болды.
– Қаншалықты тарихи шындықты сақтадыңыздар?
– Фильм Ілияс Есенберлиннің романы негізінде түсірілгендіктен кітапта айтылған тарихи шындықтарды сақтауға тырыстық. Бірақ романдағы кейбір деректер ескірген, қазіргі зерттеулерге сәйкес келмейді, ондай деректерді, толықтырып бердік. Сценарийге өз жанымыздан да біраз кейіпкерлер қостық. Мен де тарихтан хабардар адаммын, кезінде М.Мағауинның «Қобыз сарынын» оқыдым, Жарасқан Әбдірашевтай ақынның ұлымын, қазақтың біраз зиялыларының көзін көріп, әңгімесін тыңдап өстім. Содан болар фильмде батыр, хандарды ғана емес, ақын, жыраулардың, би-шешендердің образын ашып, тарихи бағасын беруге тырыстық. Себебі тарихты тек батырлар мен хандар жасамайды, ақындар мен абыздардың да еңбегі мол, үлесі зор.
– Екінші маусымның сериал нұсқасы халыққа қашан ұсынылады?
– Бәрі дұрыс болып жатса 1,5-2 ай көлемінде бітіруге тырысамыз. Әр сериал бір сағатқа жуық. Әлі ешқандай телеарнамен келіскен жоқпыз, бұйырса, республикалық арналардың біреуінен көрсетеміз.
– Жобаны жалғастыруға мүмкіндік болса, жұмыс істеуге дайынсыз ба?
– Әрине, ондай мүмкіндік болса жалғасын түсірер едік, бірақ әп-әдемі жалғасып келе жатқан Қасым мен Бұрындықтың оқиғасын «Ертұғырылды» түсірген түрік компаниясына беріп қойды. Біз қай кезде де шетелдіктердің алдында бас июге дайын тұрамыз. «Ертұғырылды» көрдім, шынын айтқанда біздің фильмнің ширегіне де татымайды. Бос әңгімені арқау еткен спектакль іспетті дүние, біздікі оның қасында киноның заңдылығымен жасалған көп сериалды фильм. Бірақ бізге өз асылымыздан гөрі жұрттың жасығы артық болып көрінеді. Кеңес үкіметінен қалған осындай жаман мінезден арыла алмай келеміз. Десе де «болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» демекші, әлі-ақ ол індетімізден айығып, бір-біріміздің қадірімізді біліп, жұмылып жұмыс істейміз деп үміттенемін.
Сұхбаттасқан Жақсылық Ырысбай
«Жұлдыздар отбасы» журналының 2019 жыл №8 саны