9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына Қазақстан үкіметі 9,4 миллиард теңге (24,7 миллион доллар) бөлуді жоспарлап отыр. Қаржы бөлу туралы үкімет қаулысының жобасы 14 сәуірде ашық нормативтік құқықтық актілер порталында жарияланды, деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Қаулы жобасында «2019 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға көзделген Қазақстан үкіметінің резервінен 9 404 771 000 теңге қаражат бөлінсін» деп жазылған. Қаржының 9,3 миллиард теңгесі — орталық сайлау комиссиясына, 56,8 миллион теңгесі сыртқы істер министрлігіне бөлінеді. Қаражаттың дұрыс жұмсалуын бақылауды үкімет қаржы министрлігіне тапсырған. Құжат 29 сәуірге дейін талқыланады.

Бұған дейін орталық сайлау комиссиясы сайлау өткізуге 12 миллиард теңге сұраған. Бірақ кейіннен Қазақстан қаржы министрлігі бұл қаржыны қысқартты.

 

Пікір қосу