– Ержан, Ресейдің Мәскеу қаласында өтіп жатқан «Голос дети» байқауына қатысып, өз даусыңмен ресейлік танымал әншілерді таңғалдырдың. Жарайсың! Дауысың керемет екен. Біздің оқырмандарымыз осындай зор дауысты бала туралы көбірек білгісі келеді. Өзің жайлы айтып берші.
– Мен Орал қаласында тұрамын. №34 орта мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысымын. Жасым 11-де. Отбасымызда бес адам бар. Ата-анам, екі әпкем және мен. Әпкемнің бірі тұрмыс құрған, енді бірі студент. Ата-анам да өнерге жақын жандар. Олар той-томалақ, қонаққа барғанда домбыра, гитарамен ән шырқап жүреді. Алайда өнер саласында қызметте емес. Маған өнер атамнан дарыған секілді. Атам Мақсым Есқалиев (бірақ құжат бойынша Максим деп жазылып кеткен) кезінде ән айтып, түрлі конкурстарға қатысқан. Гармошка, домбыра ойнайтын. Бір сөзбен айтқанда, мен атамның баласымын.
– Білуімше, кішкентайыңнан ән айтасың , иә?
– Иә, мен үш жасымнан бастап ән айттым. Сол кезде Қайрат Нұртас ағам да жаңадан танылып келе жатқан. Қайрат ағаның «әй, қарындас ерке мінезің балдай» деген әні бар еді. Сол әнді жаттап алып, айтып жүретінмін. Сол уақыттың өзінде ата-анам менің өнерге жақын екендігімді, ән айту қабілетімді байқаған. Кейін мені ән үйірмесіне қатыстырды. Сосын мені Орал қаласындағы «ДК молодежға» апарды. Олар мені қабылдап, конкурсқа қатысуға ұсыныс айтты. Содан Оралдағы балалар арасындағы «Балдәурен» атты конкурсқа қатысып, жүлделі ІІ орынды иелендім. Бұл жарысқа қатысқанымда, жасым небәрі бесте болған. Міне, содан бастап түрлі сайыстарға қатысып келемін.
– Ал қазір вокалға қатысасың ба?
– Иә, қатысамын. Орал қаласындағы филармонияда жұмыс істейтін Дәрия Бақытова деген апайым бар. Сол кісі мені дайындайды.
– Бүгінге дейін қандай байқауларға қатыстың?
– Көптеген жарыстарға қатыстым. Осы «Голос дети» жобасының алдында Ақтөбе қаласында Димаш Құдайберген ағам ұйымдастырған «Бақытты бала» байқауына қатыстым. Ол сайыста «Памяти Карузо» мен «Назқоңыр» деген әнді орындадым. Осы байқауда жеңімпаз атанып, 1 миллион теңге сертификатына ие болдым. Оған дейін 2016 жылы Грузияның Батуми қаласында өткен «Дельфин Фест» фестивалінде бас жүлдені жеңіп алдым. Сондай-ақ Латвия елінде өткен байқауға қатысып бірнеше номинация бойынша, екі алтын және бір күміс медаль ұттым. Кейін «Бозторғай» атты байқаудан бас жүлде иеленіп, «Славян базары» халықаралық байқауына жолдама алдым. Содан 2017 жылы Витебск қаласында өткен «Славян базары» халықаралық байқауында 2-орынды иелендім. Ол кезде ауа-райына байланысты аздап тамағыма салқын тиіп ауырып қалған едім. Сол аздап қиындық туғызды. Сонымен қатар жыл сайын Италияда өтетін «San-Remo junior» фестивалінде симфониялық оркестрмен бірге жанды дауыста ән шырқап, финалисті атандым.
– Ал қазір Мәскеуде өтіп жатқан «Голос дети» байқауына қалай келдің? Сені кім алып барды ?
– Негізі кішкентай кезімнен бұл байқауды көретінмін. Қызығып, қатысқым келетін. Бірақ ата-анам кішкентай екенімді алға тартып, әлі тәжірибе жинақтауым керек екендігімді айтатын. Бірақ осы жылы: «Голос дети» сайысына қатысайыншы» деп едім, ол кісілер қолдауын білдірді. Сөйтіп, анам ғаламтордан «Голос дети» байқауының іріктеуінің жүріп жатқандығын көріп, оған менің анкетамды жіберді. Кейін ұйымдастырушылар өздері хабарласып, бізді кастингке шақырды. Іріктеуден өттім. Осыдан соң өздері ән таңдап берді, әрі «Егер осы әнді айтып әділқазы алқаларын өзіңе қаратсаң, келесі айналымға өтесің» деді. Құдайға шүкір, бұл айналымнан да өттім.
– Әділқазылар құрамында отырған үш тәлімгер де сенің даусыңа тамсанып, өз тобына шақырды. Олардың ішінен әнші Меладзені таңдадың. Неге таңдауың ол кісіге түсті?
– Негізі әнші Пелагеяның да тобына барғым келді. Бірақ ол кісі көбінесе халық әндерін орындайды. Ал менің ән орындау стилім Валерий Меладзенің бағытына сай келеді. Сондықтан сол кісімен жұмыс істегенім дұрыс болар деп шештім. Валерий Меладзенің әндері де маған ерекше ұнайды.
– Қазір дайындықтарың қалай? Қиналып жатқан жоқсың ба?
– Дайындық жақсы жүріп жатыр. Келесі кезеңде қандай ән орындайтынымды айтқым-ақ келеді, бірақ құпия болып қалсын.
– Басқа елдің қатысушы балаларымен достасып кете алдың ба?
– Иә, барлығымыз бір-бірімізбен жақын араласып, дос болып кеттік. Мәселен, Армениядан келген Миша, Тюмендік Ислам, мәскеулік Иван деген баламен жақсы араласамыз.
– Сенің өнеріңді әнші Димаш Құдайбергенов те көріп, жылы пікірін білдіріпті. Оқығанда қуанған шығарсың.
– Бағдарламаны теледидардан көрсеткен күні, ұялы телефоныма тоқтаусыз қоңыраулар мен құттықтау хаттар келді. Сол күні анам екеуміз қатты шаршадық, сондықтан «қой, ертең қарайық» деп телефонды сөндіріп, ұйықтап қалдық. Таңертең оянып, телефоныма интернетті қосып, инстаграмға кірсем, Димаш ағам мен туралы мақтап жазып, парақшасына салып қойыпты. Көре сала, қуаныштан «Мама, мені Димаш аға салып қойыпты» деп айғай салдым. Бұған анам да қуанып кетті. Енді, болашақта Димаш ағама ұқсағым келеді. Әлем танитын әнші болсам деймін.
– Димаш Құдайбергеновпен жеке таныссыңдар ма?
– Иә, бір-бірімізді жақсы танимыз. Өткен жылы «Славян базары» байқауына Димаш аға екеуміз кеш қонағы ретінде барып, жұлдыздармен гала-концерт ұйымдастырдық. Димаш ағамен бірге жүріп, бірге тамақ ішіп, бір қонақ үйде жаттық. Болашақта ол кісімен бірге ән орындағым келеді. – Әншілерден кімді сүйіп тыңдайсың ?
– Димаш Құдайбергенов, Қайрат Нұртас ағамды, Роза Рымбаева апамызды сүйіп тыңдаймын.
– Сабағың қалай? Қай пәнді жақсы көресің?
– Сабағым жақсы. Қазір жарысқа қатысып шетелде жүрсем де, өзіммен бірге кітаптарымды алып келдім. Ұстазыммен хабарласып, тапсырмаларды орындап тұрамын. Жаратылыстану, еңбек және дене шынықтыру сабақтарын сүйіп оқимын. Дене сабағында футбол ойнаймыз. Кейде ағай балалардың барлығын сыртқа алып шығып бара жатқанда мен сыныпта қалып қоямын. Ағай «Ержан неге шықпайсың?» деп сұрайды, мен «Ағай, байқау жақындап қалды, тамағымды ауыртып аламын ба деп қорқып тұрмын» деймін. Осыдан соң ағай балаларды қайта ішке кіргізіп, сыныпта басқа ойындар ойнатады.
– Басқа қандай үйірмелерге қатысасың?
– Боксқа қатысамын. Сонымен қатар коньки тепкенді ұнатамын.
– Жарайсың, Ержан! Саған алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз!
– Рақмет!
Сұхбаттасқан: Наргиза Аршидин
«Жұлдыздар отбасы» журналының 2019 жыл №7 саны