Мыңжылқы Бердіқожаев,
«Орталық клиникалық аурухана» АҚ нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі:

– Мыңжылқы, 5 жылдан бері Алматыдағы ең үлкен аурухананың бас нейрохирургісіз. Екінші «100 жаңа есім» қатарына да кірген екенсіз. Құтты болсын! Осындай аз уақыт ішінде жетістікке жетудің қандай құпиясы бар?
– Әкем үнемі «Сені өсіретін нәрсе қажеттілік» деп айтып отыратын. Яғни, өзге адамға пайдалы бола білуің керек. Ешкім бізді қолдап, қолпаштаған жоқ. Сірә, бәріне өз күшімізбен жеткен сияқтымыз. Головкиннің: «Менің балаларым дәл мен сияқты боксшы бола қоймас. Өйткені мен Қарағандыда туып, төбелесуіме тура келді», – деген сөзі бар ғой. Менің де пікірім соған ұқсас. Жанұямда менен басқа дәрігер адам жоқ. Мектепті бітіргеннен кейін Қарағанды мемлекеттік медициналық академиясының Емдеу факультетіне оқуға түстім. 90 жылдары студент жастарды тығырықтан құтқаратын екі-ақ жол болды, бірі – кафелерде даяшы болу, екіншісі – грантқа оқуға түсіп, жоғары стипендия алу. Сондықтан мен бар зейінімді оқуға бөліп, Қарағанды мемлекеттік медициналық академиясын қызыл дипломға бітірдім. Санкт-Петерборда оқып жүргенде де басқа нәрселерге көңіл бұрмай, уақытымның барлығын медицинаға арнадым. Бар мақсатым – өзім таңдаған мамандықты мейлінше бүге-шігесіне дейін меңгеріп шығу болды. Сол мақсатыма осы күндері жете бастағандаймын.
– Ата-анаңыз қай саланың адамдары?
– Әкем Сайлау Бердіқожаев – эстрадалық әнші болды. 1976-1992 жылдар аралығында Қызылорда филармониясында жұмыс істеген. Мәселен, ол кісінің «Ерлік дастаны» атты Жеңістің 70 жылдығына арналған әні «Астана Опера» сахнасында шырқалды. Әкемнің лирикалық әндері де көп. Негізі ол кісі консерваторияда екі жыл оқып, тамағына қатты күш түсіп кетіп дауысын жоғалтып ала жаздап, содан кейін Алматыдағы эстрада студиясын бітірген. Қызылордаға дейін Жамбыл, Шымкент филармонияларында да еңбек еткен. Қазір жасы 80-нен асты. Әлі де ара-тұра ән айтып қояды. Отбасында бес ағайындымыз. Үлкен әпкем қырық жаста. Одан кейін мен. Менен кейін екі қарындасым және інім бар. Әкем мен шешемнің жас алшақтығы – 20 жас. Әкем жасы 37-ге келгенде 18 жастағы қызды алып қашып кеткен (күліп). Анам өмір бойы бала тәрбиесімен айналысты.
– Сіздер Қызылордада туып, бірақ Қарағандыда білім алдыңыздар. Оның қандай себебі бар?
– Анам негізі Қарағандының тумасы. 90 жылдардың бас кезінде оқуға түсу де оңай емес еді ғой. Сол жақта грант иелену әділ деп, бәріміз Қарағандыға құжат тапсырдық. Бесеуміз де оқуға түскеннен кейін, ақырында ата-анамыз да біздің ізімізден көшіп келді. Мен академияны бітіргеннен кейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша Санкт-Петерборға оқуға аттандым. Ол оқуды бітірер кезде келіншегіммен таныстым. Есімі – Лаура. Ол да Қызылорданың тумасы. Мамандығы – экономист. Содан 2008 жылы Астанада нейрохирургия орталығы ашылып, сол жерге орналастым. Орталықтың басшысы – Серік Ақшолақов деген кісі. Ал ол кісінің орынбасары – Нұртас Тұрсынов деген ағамыз бізге Қарағандыда интернатурада сабақ берген ұстазымыз еді. Астанада жеті жыл «Қан-тамыр бөлімшесінде» жұмыс істедім. Басында мені эпилепсияны емдейсің деп жұмысқа алған. Бірақ ол мамандық көп инвестицияны қажет етті, ал оны еңсеруге орталықтың мүмкіндігі болған жоқ. Бөлімшенің екінші қызметі – мидың қан тамырларына операция жасау. Сол жерде жүріп үш айдың ішінде қан тамырларына операция жасап үйрене бастап, жарты жылдың ішінде біржола игеріп кеттім. Үш жылдың ішінде сол бөлімшеде жасалатын негізгі операциялардың 60 пайызын жасайтын деңгейге жеттім.
2013 жылдың аяғында Алматыдағы №7 аурухананың бас дәрігері Болат Баймаханов (қазір Сызғанов институтында директор) деген ағамыз арнайы шақыртты. Жаңа бөлімше ашып, жаңа аппараттар алдырып жатқанын айтты. Серік Қуандықұлынан рұқсат сұрап едім, ол кісі қарсы болмады: «Жарайды, уақытша бара тұр. Бөлімшесін ашып бер. Сосын қайтып келерсің», – деді. Сөйтіп, наурыз айында келіп бөлімшені ашып, 1 қаңтарға дейін бөлім меңгерушісі болдым. Алғашқы жылы қала бюджеті бөлген қаражат арқылы алынған ангиографиялық операциялауды іске қосып, 110 операция жасадым. Ол кезде №7 ауруханада 2013 жылы шығарылған заманауи технология болды. Соны іске қосып, пайдаландық. Ал 2015 жылы Серік Ақшолақов пен Болат Баймаханов ағаларым келісіп, Астана мен Алматы арасын жол қылып жүріп 220 операция жасадым. 2015 жылдың аяғында «Орталық клиникалық аурухана» нейрохирургиялық бөлімше ашқалы жатқандарын айтып, бөлім меңгерушілігіне шақырды. Ол ұсынысты қабыл алып, отбасыммен Алматыға көшіп келдім. Ал 2016 жылдың 1 қаңтарында аталған бөлімше ресми түрде ашылды. Қазір бұл бөлімше 14 адамға (төсек-орын) арналған. Алдағы уақытта 24 орынға дейін кеңейгелі жатыр. Бүгіннің өзінде (сұхбат болған күні) алты операция жасадым. 2016 жылды 504 операциямен аяқтағанбыз, 2017 жылы – 503 операция, ал 2018 жылы – 888 операцияны жасап шықтық.Картинки по запросу мыңжылқы бердіқожаев семья
– «100 жаңа есімнің» қатарына қалай кірдіңіз? Сіздің біліктілігіңіз ескерілді ме, әлде операцияларыңыздың саны ма?
– Бірінші кезекте, мен заманауи технологияларды қолдана отырып екі жарым мыңнан астам операция жасағанмын. Бұл Қазақстан және алыс-жақын шетелдер деңгейі бойынша өте үлкен көрсеткіш. Бұл – эндоваскулярлық рентген хирургиясы деп аталатын технология. Қан тамыр іші, шаптағы сан артериясы мен сәуле артериясы арқылы кіріп, мидың тамырларына жетіп, мидың ішіндегі ақауды бітейміз. Ерекшелігі – бас ашылмайды, трепанация (бас сүйектеріне тиіспей-ақ) жасалмайды. Бұл технология арқылы: науқастың жағдайы ауыр болса, түскен күні операцияға жатқызылып, сол күні немесе келесі күні аурудың бетін қайтарып, бір-екі күннен соң үйіне шығаруға мүмкіндік бар. Көп науқастар психологиялық тұрғыдан өте жеңіл қабылдағандықтан (өйткені басында ешбір жара ізі жоқ), тіпті кейде операция жасалмады деп те ойлайды. Трепанация жасалған науқастар көбіне «енді мүгедек болып қаламыз» деп ойлайды. Әйел кісілерге трепанация жасалса беттері қисайып қалып жатады. Өйткені самай бұлшық етін көтергендіктен атрофияға (жүйке тамырларының зақымдануы нәтижесінде, беттің қисаюы) ұшырайды да, бет пішіні өзгереді. Бұл әйел адамдарға ауыр тиеді. Сондықтан жоғары деңгейлі технологиялық қан тамыр ішімен жасалатын операциялардың ерекшелігі осында. Егер экономикалық тұрғыдан алатын болсақ – науқас екі апта ауруханада жатпайды, операциядан кейін де ұзақмерзімдік сауықтыру процесін де қажет етпейді. Операцияның мұндай түрі салыстырмалы түрде қымбат тұрғанымен, бұл – науқастың тез сауығып, жұмысқа кірісіп кетуіне әсер етеді. Аз уақыт ішінде осындай деңгейге көтерілудің тағы бір сыры бар. Соңғы төрт-бес жылдың ішінде шетелге шығып, ол жақтағы жас дәрігерлерге арнап дәріс оқимын, презентация жасаймын және соңғы үш жыл көлемінде шетелдік басылымдарда мақалаларым шығып жүр. Стамбұлдағы әріптестеріммен бірлесіп екі-үш мақала шығарғанбыз. Жыл сайын орыс тілінде «Дискуссиялық нейрокурс» деген конференция өткіземіз. Whatsapp желісінде де өзіміздің тобымыз бар. Онда 257 шетелдік маман отырады. Олар да дәл мен сияқты қан тамырының ішімен операция жасайды, оның ішінде дүниежүзіне әйгілі 20 адамның тізіміне кіретін мамандар да бар. Мінекей, сол кісілер әлемдегі жас мамандарға тәлім-тәрбиесін береді. Тәжірибесімен бөліседі. Біз де сол қатарға кіреміз. Біздің тәжірибеміз өте жоғары болғандықтан жас мамандар үшін береріміз өте мол. Жастар жылына бірнеше рет біздің ауруханаға келіп, шеберлік сыныптарына да қатысады. Шеберлік сыныбын орыс, ағылшын тілдерінде жүргіземіз. Былтыр Новосібір қаласында өткен конференцияға тікелей қосылып, трансляция жасадық. Яғни, біздің операция жасап жатқан сәтіміз ол жақтағы конференциялық залдан көрсетілді. Сол жерде 200-ден астам мамандар жиналды. Бізде жасалатын ерекше технологиялар бар. Сосын Қазақстанның тағы бір тиімділігі – шетелден және Ресей Федерациясынан медициналық құралдарды тасымалдап, тіркеу жасау жүйесі жеңілдендірілген. Бізде қолданатын құралдар нарыққа шыққаннан кейін бірден қолданысқа еніп кетеді. Ал АҚШ-та өздерінен шыққан медициналық құралдар алдымен, әлемге тарайды да, он жылдай уақыт өткен соң барып қана өздеріне қайтып барады. Оған дейін олар ескі технологияларды қолданады. Қан тамыр ішімен жасалатын операция түрінің шыққанына да отыз жылдан асқан жоқ. Жаңа құрылғылар қайта жасалып, жыл сайын жаңарып жатқандықтан оған Америка дәрігерлерінің қолы жете бермейді. Оның ішінде заманауи нанотехнологияларды қолданып жасайтын инструменттер бар. Сондықтан біздің науқастарға жаңа технологияның шарапаты әлдеқайда ерте әрі тиімді тиіп жатыр.
– Сіздердің қолданып отырған аппараттарыңыз Израиль мен Германиядан әкеліне ме?
– Біз қолданып отырған ангиографиялық жүйе Германияға тиесілі. Бірақ қолданатын құралдар АҚШ, Франция, Жапония елдерінде шығарылған. Израильдік өнімдерді де алып тұрамыз. Бұл жерде АҚШ басым үлес салмағына ие. Біздің мекеме – көпсалалы аурухана болғандықтан, ең соңғы технологияларға жету сәл қиындау. Себебі, бұл жер ғылыми-зерттеу институты емес. Мұндағы құрал-жабдық Астанадағы нейрохирургиялық орталықтағыдай болмаса да, соған жақындап қалады. Қазір біз 2018-2019 жылдары шығарылған жабдықтарға сұраныс жібердік. Оның бәрі қаржыландыруға байланысты. Дегенмен біздің бөлімдегі құрал-жабдықтар жеткілікті. Мұнда бүкіл медициналық компаниялардың құралдары бар. Оларды әрбір клиникалық жағдайларға байланыс­ты қолдануға болады. Әр адамның ауруы әртүрлі ғой. Сондықтан науқастың диагнозына байланысты құрал-жабдық таңдауға кең мүмкіншілік бар. Негізінен біздің міндетіміз – инсульттің алдын алу немесе инсульт алған адамның өмірі үшін күресу.
Жасаған операцияның қанша пайызында адамды құтқарып қалу мүмкін болмай жатады?
– Дүниежүзілік статистика бойынша жоспарлы нейрохирургияда өлім көрсеткіші – қан тамырларына жасалатын операцияларда 1 пайыздан төмен болу керек. Біздің бөлімшеде науқастың о дүниелік болуы сол 1 пайыздан төмен. Сонымен қатар біз жедел-жәрдеммен түскен науқастарға операция жасаймыз. Оның ішінде миына қан құйылған науқастар бар. Олардың өліп кету қаупі – 30 пайыздан жоғары болады. Операция жасаған күннің өзінде де. Ал біздің бөлімшеде бұл көрсеткіш 1 пайыздан төмен. Себебі, қан тамырымен жасалатын операция шұғыл түскен науқастың да жағдайын жақсартады. Картинки по запросу мыңжылқы бердіқожаев семья
Осындай салада еңбек етіп өлім мен өмір арасындағы жан арпалысын көріп, сезініп келе жатырсыз. Қызметіңізді атқара жүріп қатты өкінген және ерекше қуанған сәтіңізді еске түсіріп, айтып бере аласыз ба?
– Қан тамырларының ішіне операция жасағаныма 11 жылдай уақыт болды ғой. Осы күнге дейін 2500-ден астам операция жасалды. Соның ішінде тек 1 пайызы ғана қайтыс болған деп айттық. Санға шақсақ, шамамен 25 адам бақилық болған. Ең ауыр тиетіні – жоспарлы түрде түскен науқастың ауруының күрделі болып шығуы. Операциядан бұрын ол кісіге ауруының жайын, операция жасалмаса өліп кету қаупі бар екенін, инсульт алып сал болып қалуы ықтимал екенін түсіндіреміз. Операциядан кейін де жағдайы оңалмай жатса, әрине жүрегіңе ауыр алып, уайымдайсың. Қай жерден қате кеттім деп ойлап, соны келешекте қайталамауға бар күшімді салып, соның арқасында сапалы жетістіктерге жетіп отырмыз. Осыдан жарты жыл бұрын Бішкектен жас жігіт келді. Қасында анасы бар. Жарты жылдай ол жігіттің диагнозын дұрыс қоя алмай, сосын Бішкектегі әріптестеріміз компьютерлік томографиямен ангиография жасатып басында алты сантиметрлік аневризманы (қан тамырының қабырғасында пайда болатын жарықтық) анықтады. Оның іші толған қан. Содан ол жігіттің жөтелуіне, күшенуіне, түшкіруіне дәрігерлер рұқсат етпей, ата-анасы Алматыға, бізге алып келеді. Алып келген күннің ертесіне ол жігітті операцияға дайындадық. Мен басқа науқастың операциясынан шықсам қыздар «бүгінгі түскен жігіттің… қанап жатыр» деді. Қай жері қанап жатқаны түсініксіз. Палатаға кіріп қалсам мұрнынан қан фонтанша атқылап жатыр екен. Алдын ала науқастың томографиясын қарағандықтан, аневризманың сол жақ ұйқы артериясында екенін білдім. Сөйтіп, бардым да сол жақ артериясын қыса қойдым. Жалпы, өмірлік жағдайларда мұрыннан қан кетсе, не пышақ жарақатынан қан кетіп жатса ұйқы артериясын қысып адамды аман алып қалуға болады. Сол әдіс есіме түсіп, мойындағы тамырын қысып, қанды тоқтаттық. Науқас кома жағдайына түсе бастады. Біз үш-төрт минуттың ішінде операция үстеліне жеткізген кезде қан қысымы 60-тан төмендеп бара жатыр екен. Қасымдағы нейрохирург жігіттер бірден мені алмастырды да, мен сан артериясына кіріп, катетер арқылы қанап жатқан жердегі тамырды бітедім. Ол 2 литрдей қан жоғалтқан екен (адамда жалпы 3-3,5 литрдей қан болады), оған қан құйдық. Сөйтіп, қысқа уақытта қанның бәрін қалпына келтірді. Құдай оңдағанда ауруханада жаңағы жігіттің қан тобына сәйкес келетін қан бар екен. Соны сәйкестендіріп құйып, келесі күні науқастың есін жиып, қол-аяғын қимылдатып жатты. Сосын үйіне шығардық. Екінші жағында да кішкентай аневризма бар екен. Оған араға үш ай салып операция жасап бердік. Қазір ол жігіт Қырғызстанның таулы аймағында тауға шығып жүр (күледі). Сол жағдайларды әріптестеріме айттым, шетелдік мамандарға да көрсеттім. Олар «сол жерде тамырын қыспаған болсаң науқас қан көп жоғалтып, қайтыс болар еді» деген ойларын айтты. Айтпақшы, араға үш ай салып ангиография жасаған кезде қан тамырының кеңейіп, ішінің алты сантиметрлік қанға толып кетуі жойылған екен. Ангиография дегеніміз – қан тамырларының ішіне кіріп контрастық дәрімен тамырларды бояу әдісін айтады. Тамырды боямаса рентгеннен көрінбейді ғой. Үш айдан кейін басын тексерген кезде аневризманың бәрі қалпына келген екен. Тағы бір қызық жағдай болған. Германиядан турист болып келген 43 жастағы әйел кісі Алматыда тауда қыдырып жүрген кезінде миына қан кетіп қалады. Оны №12 ауруханаға әкеліп жатқызып, томография жасайды. Одан да аневризма анықталады. Мұндай операцияны «Орталық клиникалық ауруханада» жасайды, №12 аурухана мамандары бізбен байланысады. Біз ол кісіге ағылшын тілінде жағдайды түсіндірдік. Бірақ сақтандыру компаниясы хабарласып «Жоқ, бұл кісіні Германияға алып кетіп, операцияны сонда жасатамыз» дейді. Ол кісіні күтіп алған осындағы таныстары орысша сөйлейді екен. Солармен ұзақ сөйлесіп, жағдайды түсіндіріп бізге операция жасатуға келісімін береді. Келісімін алғаннан кейін операцияны жасап бердік. Әдеттегідей қан тамырларының ішіне кіріп аневризмасын бітедік. Одан соң он күндей бізде жатады. Себебі, он күнде қан тамырлары тарылып, қан ыдырай бастайды. Соның бәрі аман-есен аяқталғаннан кейін ұшақпен үйіне жөнелтеміз. Еліне барғаннан кейін ауруханаға барып басын тексертсе ондағы мамандар «Саған операция жасамаған. Өтірік айтып қалтаңдағы ақшаңды қағып алыпты ғой» дейді. Сөйтіп, ол кісілер бізге қоңырау шалады. Біз «Операция жасалғанын дәлелдейтін суреттер, томография суреттерін бердік. Бізге сенбесе соны жергілікті мамандарға көрсетсін. Оған да сенбесе магнитті томография мен ангиография жасатса бәрі көрініп тұр» дедік. Тым құрығанда рентгенге түсірсе, ішіне салынған металл көрінуші еді. Ол металл титаннан жасалған. Барып түссе, бәрі ап-айқын көрініп тұрыпты. Аневризма кетіп қалған. Бәрі дұп-дұрыс. Содан әлгі кісі маған хабарласып: «Сізге рахмет. Енді маған банк карточкасының нөмірін айтыңыз. Сізге ақша салып жіберейін» дейді. Жалпы шетелде мұндай жағдай кең таралмаған. Егер науқас қайырымдылықпен айналысқысы келсе, медициналық ұйымға ақша аудара алады. Соның есебінен бөлімшеге, дәрігерге сыйақы берілуі мүмкін. Сондықтан мен: «Егер қайырымдылық мақсатында бергіңіз келсе, ауруханаға аударыңыз», – деп аурухананың есепшотын жібердім. Сөйтіп, ол кісі қаржысын біздің мекемеге жіберді. Германияда ортаңғы ми артериясында аневризма жыртылса клиникалардың 90 пайызында адамның басына трепанация жасайды. Ал біз науқастың басын ашпай, қан тамыр ішіне кіріп жасаймыз. Францияда да солай. Трепанация қолданбайды. Азия мемлекеттерін алып қарасақ оларда экономикалық жағдай сәл қиындау, сол себепті олар науқастың басына трепанация жасайды. 2012 жылы өте сирек кездесетін диагноз қойылған он айлық баласын алып әке-шешесі келді. Ол кезде біз ересектерге жасасақ та, он айлық балаға, жалпы кішкентай сәбилерге жасап көрмеген едік. Артерия мен венаның арасында ми болады, сондағы артерияның қаны тікелей миға бармай венаға түсіп кетіп жатты. Бұл – тума патология.
Біз оперцияны науқастың басын ашпай, қан тамыр ішіне кіріп жасаймыз

На конференции LINNC в Париже
Сәбидің тамыры құйтақандай дүние ғой. Тіпті сіздің құралыңыздың өзі сыя қоймайтын шығар. Оған қалай операция жасадыңыз?
– Ең қызық жері, тума патология болғандықтан, артерия мен венаның арасында тікелей байланыс болғандықтан, ол тамырлар кеңейеді. Сөйтіп, үлкен адамның тамырына ұқсап кетеді. Сондықтан қан ағысы жылдам жүріп ол жерге кіру қиындық туғызбайды. Операция шамамен екі сағатқа созылды. Сол уақыттың ішінде аурумен толыққанды күрестік. 15 жасқа дейінгі балаларға операция жасалса наркоз міндетті түрде қолданылуы керек. Себебі, наркоздың қолданылуы баланың психикасына жүк түсірмеу үшін аса қажет. Он айлық сәбиге де жалпы наркоз жасалды. Олардың психикасы өте әлсіз. Ал белгілі бір аумаққа ғана наркоз жасау психикалық жарақат салуы мүмкін. Басқа әріптестерім бас тартқандықтан, мен тәуекелге бел будым. Ақырында операцияны жасап шықтым. Сол науқас баланың қазір дені сау. Есімі – Досымжан. Үйінің еркесі. Жасы 7-ден асты. Шауып жүр. Таразда тұрады.
Ата-анаңыз туралы айтып өттіңіз. Бала кезде сіз қандай мамандық иесі болсам деп армандап едіңіз?
– Бес жасымда көрші үйде өрт болды. Өрт сөндірушілер келіп адамдарды алып шығып жатқанын көріп, солар секілді өрт сөндіруші болғым келген. Сол кісілердің жұмысына қызығып, бұл арманымды тіпті анама да айтқанмын. Одан кейін ғарышкер болғым келді. Алтыншы сынып оқып жүргенде ауырып қалып, ауруханаға жаттым. Сонда барып дәрігер деген мамандық бар екенін білдім. Сонда жанұямыздың таныс дәрігерлері келіп латын тілінде түсініксіз нәрселерді айтты. Түрлері салмақты, ақ халат киіп алған. Олардың адамдарға көмектесіп жатқанын көріп тәнті болдым. Бірақ бұл уақыт 90 жылдардың бас кезі еді. Елдегі жағдай қиын. Дәрігерлер науқастың туыстарына айтып, қажетті дәрі-дәрмектерді алдыртады. Сонда «Дәрігер болу үшін не істеу керек?» деп практикаға келген қыздардан сұрадым. Олар Қызылордадағы медициналық колледжде оқитын қыздар екен. «Ол үшін саған химия мен биологияны жақсы оқу керек» деп айтқаны есімде қалыпты. Жалпы өз басым мектепті үздік аттестатпен бітіргенмін. Барлық сабағым бес болды. Десе де, биология сабағынан білімімді жетілдірейін деп олимпиадаларға қатыстым. Жүлделі орындар да алдым. Қосымша сабақтарға да бардым. Кейін академияма түскен кезде мектепте жүріп химия мен биологиядан алған білімімнің пайдасы көп болды. 1 курсты бітіріп қыста демалысқа келген кезімде Абылай деген стоматолог ағамыз қонаққа келді. Ол кісі отбасымыздың досы болып кеткен, жақсы кісі еді. Қайтыс болып кетті. Сонда ол кісі «Мыңжылқы кім боласың?» деген кезде менің «Нейрохирург болғым келеді» деп айтқаным бар еді. Сөйтсем, ағамның «Басың істемейді екен ғой сенің. Одан да «кожник» (тері дәрігері) болмайсың ба? Егер сен «кожник» болсаң онда науқастарың өлмейді» деп айтқаны есімде (күледі). Ол кісі тағы «Таңертең келесің, кешке үйге қайтасың. Тып-тыныш. Ешкім өлмейді. Әрі кетсе денесі қотыр-жара болады» деп еді(күліп). Картинки по запросу мыңжылқы бердіқожаев семья
Ол кісі енді сенің жан-дүниеңнің тыныштығын, қиналған адамдарды көріп сенің де қиналмауыңды тілеп айтқаны ғой. Ал нейрохирург болғаныңа он жылдан асты ғой. Бұл шынында да тынымсыз жұмыс па?
– Иә, тынымсыз жұмыс. 2004 жылы біз интернатураға түскен кезде аптасына жеті күннің бес күнінде ауруханада кезекші болып өткізетінбіз. Арасына аздап көз іліндіреміз, ал былай шапқылап жүре береміз. Жедел түскен науқастардың операциясына қатысып, ассистент боламыз. Көмектесеміз дегендей. Елу шақты операцияға қатысқаннан кейін үлкен хирургтардан, сол жердегі оқытушылардан «Сіздің бақылауыңыз бойынша өзім операция жасайыншы» деп өтіне бастадым. Бұл дүниежүзінде қабылданған стандарт. Егер операция жасап тұрған хирург ассистентіне сенімді болса онда операцияның бір этаптарын сеніп бере бастайды. Хирург аспаннан салбырап түсе салмайды ғой. Біреудің бақылауымен, жол сілтеуімен операцияға ақырындап кіріседі. Осылайша, 2004-2005 жылдары, интернатураның екінші жартысында өз бетімше операция жасауға кірістім. Қазір өз мамандығым өзіме ұнайды. Істеп жатқан жұмыстың нәтижесін көрген соң әр адам өзіне болашаққа мотивация алады. Жасап жатқан жұмыстары өнбеген, операциялары сәтті жүзеге аса қоймаған көптеген әріптестеріміз мамандығын өзгертуге шешім қабылдап, әртүрлі компанияларға, бизнеске ауысып кетіп жатады. Алғаш есімде, академияны бітірген соң сондағы кафедраға жұмысқа орналасып, 20 мың теңге айлық алатынмын. Бір күні жұмыс істеуге компьютердің керек екенін байқап, несиеге компьютер сатып алмақшы болдым. Алайда мен барған сауда үйінің өкілі «Сіздің жалақыңыз несие алуға жеткіліксіз» деп бетімді қайтарды. Бұған қатты ренжіп, көңілім түсіп кетті. Қазір, шүкір еңбегіме сай алатын еңбекақым да тәуір. Өз басым мамандығымды сүйемін және үлкен сүйіспеншілікпен атқарамын. Қаншама операциялар жасап жатырмын және шетелге шығып дәріс оқимын, конференцияларға қатысамын, шетелдік компанияларға консультация оқимын, тәжірибеммен бөлісемін. Мұның бәрі маған үлкен сенім береді.
Таза өз еңбегіңізбен келе жатырсыз ғой. Қай жылы баспаналы болдыңыз?
– 2004 жылы мен академияны бітірдім. Алғаш ипотека алып баспаналы болған сәтім – 2016 жыл. Алдағы уақытта жеке үлкен үйге көшсем деген арманым бар.
Жеке автокөлігіңіз бар ма?
– Өз басым көлік жүргізбеймін. Жолдасым машина тізгінінде.
Рахмет!
Сұхбаттасқан: Жарылқап ҚАЛЫБАЙ
Қағазға түсірген: Абай АЙМАҒАНБЕТОВ

«Жұлдыздар отбасы» журналының №7 саны 

 

Пікір қосу