– Аға, сіздің неміс ұлтының өкілі екеніңізді, қазақ ауылында өскеніңізді білеміз. Ал сіз қайда дүниеге келіп едіңіз?– Аға, сіздің неміс ұлтының өкілі екеніңізді, қазақ ауылында өскеніңізді білеміз. Ал сіз қайда дүниеге келіп едіңіз?
– Мен 1934 жылы Энгельс деген қалада туғанмын. Ол – Саратовтың қасындағы қала. Сол жерде 1941 жылға дейін Неміс автономиясы болған. Ал Энгельс қаласы автономияның астанасы еді. Әкем ұшқыштар мектебінің дәрігерлік бөлімінде істейтін, шешем парашютші болатын. Мен олардың тұңғышымын. Әкемнің аты – Карл, шешемнің аты – Анна. Менен кейін үш қарындасым болды. Біреуі өмірден өткен, екеуі аман-сау. Эльма деген қарындасым Ташкентте тұрады. Және Альма деген қарындасым бар. Қазақтар жіңішкелік белгісін айтпайды ғой. Сол себепті Алма дейміз. Алмамыз Германияда тұрады.
– Қазақстанға қай жылдары қоныс аудардыңыздар?
– 1941 жылы мен жеті жасқа толмай тұрып, Еділ бойындағы немістерді Қазақстанға, Сібірге жер аударды. Соғыс басталған соң біздегі немістер де арғы жаққа өтіп кетеді деген Сталиннің қаупі болған болуы керек. Мұртты көсеміміз автономияны таратып, барлығымызды қуғанды жөн көрді. Қыркүйек айында, ұмытпасам, үші болуы керек, Солтүстік Қазақстан облысы Ленин ауылына келдік. Мен осылай Еділден Есілге келген едім. Қазақ ауылында бір ғана орыс отбасы болды. Қалғаны – қазақтар, амалсыздан мен де біртіндеп-біртіндеп қазақ болып кеттім. Қазақ арасында өстім, қазақ балаларымен ойнадым. Қазақ мектебін бітірген немістердің бірімін.
– Қазақ балаларының ішінен достарыңыз көп болды ма? Балалық шағыңызды еске алғанда, ең алдымен есіңізге кімдер түседі?
– Достарымның барлығы қазақ балалары болды. Есімде қалғандары Әскер Жұматаев, Көккөз деген бір бала болды, оның аты Ерғазы екен, ауылдың бәрі Көккөз деп атап кеткен. Ібіжан деген досым болды, оның шын аты Ибрагим, ол да Ібіжан аталып кеткен. Сол сияқты біраз достарым болды, повестерімде, романдарымда олардың аттарын өзгертпей сол күйінде бердім. Сәлім Құрманғожин деген досым басқарманың баласы болатын. Қазір Алматыда тұрады. Сондай белсенді еді. Солардың арасында мен де жүрдім. Менің қазақ балаларынан бір өзгешелігім – қазақ балалары күреске шебер келеді де, жүгіруге жоқ. Мен ауылдың желаяғы болдым. Үйді айнала жүгіргенде ауылдың иттеріде менің соңымнан ере жөнелетін, бірақ бәрібір маған жете алмайтын. Ауыл шалдары таң қалып «Астапыралла, мына Белекеңнің (Бельгерді Белеке дейді) желаяқ баласын қарашы!» дейтін. Кейін аяғым кем болып ауырғанда «оған біздің көзіміз тиді» дегендері бар. Балалармен күрескенде олар жеңеді, қанша жанымды салып сірессем де болмайды, оларды құлату – қиынның қиыны. Есесіне жүгіргенде мен жеңем. Әсіресе қыста Тереңсай деген жерде шана тебеміз. Мен балалардың шанасын жинап алып, ауылға қарай қашамын. Аналар соңымнан қуады, бірақ біреуі де жете алмайды. Бірақ мені ауылда барлығы жақсы көретін. Мені ешкім Герольд демейді, «Гера», ауыл шалдары «Кира», «өзіміздің Кира», «Сары бала» деп атап кетті. Менің әкем – дәрігер, 1200 қазақ баласының кіндік атасы. Маңайымдағы ауылдардың барлығы қазақ ауылдары – Жаңаталап, Өрнек, Жаңажол, Көктерек, Мектеп болып кете береді. Солардың арасында әкем медициналық көмек жасады. Әкемді жұрттың бәрі сыйлайтын, жақсы көретін. Мен әрдайым мына нәрсені айтамын, сіздерге де соны айтайын. Мені адам қылған, тәрбиелеген негізгі үш тірек, тұғыр бар. Соның бірі – өз әке-шешем, тамаша адамдар болды. Шешем 84 жасында қайтыс болды да, әкем 94-ке қараған шағында кетті. Ауылда сыйлы, құрметті адамдар болды. Мені де соларға қарап бағалайтын. Ал екінші тұғырым – қазақ ауылы. Ол кездегі қазақтар қазіргі қазақтарға ұқсамайтын, өзгеше еді ғой. Парасатты, инабатты, адамгершілігі мол адамдар болатын. Қазір олардың ниет, пиғылдары бәрі өзгерді. «Елу жылда ел жаңа» демекші, қазір біраз жылдар өтті. Ел де, тұрмыс та, өзгерді, сана да, өзгерді. Үшіншісі – кітап. Жас кезімнен кітапқа керемет үйір болдым. Бес жасымда латын әліпбиін үйреніп алып немісше оқыдым. Кейін орысша оқыдым. Ауылға келгеннен кейін ескі-құсқы, латын әрпімен жазылған бір кітап тауып алдым. Ақтарып қарасам, «Өстепкеде» деген бір өлең бар екен. «Өстепкесі несі?» деп, маңайымдағылардан сұраймын, бүкіл ауылда өстепкенің не екенін білетін адам жоқ. Сөйтсем, ол алғашқы он алты беті жоқ Жамбылдың кітабы болып шықты. «Өстепке» дегені «выставка» екен. Кітап – менің осы уақытқа дейінгі серігім. Кітап оқымайтын адамды мен толыққанды адам болады деп есептемеймін. Қазір кітап оқитын адам қалған жоқ. Көшедегі адамдарға қараймын, бәрінде ұялы телефон, соны ермек қылады, соған қарап өз-өзінен қарқылдап күледі, мәз болады, суретіне қарайды. Соңғы он жылда қолына кітап ұстаған бір ғана баланы көрдім. Он бір-он екідегі бала орындықта кітап ұстап отыр екен. Таң қалғаным сондай – қасына барып, «Қандай кітап оқып отырсың?» десем, күзгі емтиханға қалып қойған бала екен. Мінекей, менің үш тірегім, үш тұғырым осы.
– Аға, Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» деген шығармасында Зигфрид деген неміс баласының «фашист», «жау» деп көзге шұқылғандығы жөнінде жазылады. Арқа сүйер әкесінен, аяулы жарынан, асыл баласынан айырылып жатқан халықтың неміс атаулыны иттің етінен жек көріп кетуі бір жағынан заңды да. Сіздер де соғыстың нағыз қызып жатқан кезінде Қазақстанға қоныс аудардыңыздар. Сіздерді «неміс», «фашист» деп шеттетіп, қиянат көрсеткен кездері болды ма?
– Жоқ, мен ол жағынан аман болдым. Менің орыс ауылдарында өскен туыстарымның көрмеген қорлығы жоқ. Оларды «фашист» деді, «неміс» деді, «фриц» деді, ұрды-соқты, оларға істемегені жоқ. Мен қазақ ауылында өстім, қазақтарда ондай ауру жоқ. Шеттен келген адамды жақсы қабылдайды. Келген адам бірден сіңіп кетеді. Қазақтардың тәрбиесі мұсылмандық тәрбие болғаннан кейін, басқа ұлттың өкілін кем көру, оны кемсіту қазақтарда жоқ. Сондықтан мен қазақтың арасында қазақтың баласы болып өстім, психикам да дұрыс қалыптасты. Өшпенділігім жоқ, жұртқа жеккөрінішпен қарамаймын, адамдардың барлығын бауыр көремін, осының барлығы қазақ ауылының тәрбиесі.
– «Елу үшінші жылдың шілдесі» атты әңгімеңіздегі Гарри деген кейіпкеріңіз маған өзіңіз сияқты болып көрінеді. Гарридің мектеп бітіргеннен кейін балдақпен жүріп, талай мекеменің табалдырығын тоздырғаны, оқуға жолдама іздегені, жоғарғы білім аламын деп қалаға барғаны, ақыр аяғында ауылда қалып мұғалім болғаны сол жылдардағы сіздің өміріңіздің бір көріністері секілді. Расымен де, солай ма?
– Ойбай-оу, оны сен қайдан оқыдың?
– Қазақ халқына еңбегіңіз біраз сіңсе де, қазақ оқырмандарына арналған «Мұнар тау» деген қазақша бір-ақ кітабыңыз бар екен. Содан оқыдым.
– Оныңа рақмет. Маған менің фамилиямды дұрыс жаза алмайтындар да келеді. Сен біраз дайындалған екенсің. Енді жаңағы әңгімеме оралсақ, менің жазушылық билетімде лақап атым бар, псевдоним дейді ғой. Менің псевдонимім – Гарри Карлсон. Гарри – немістер мен еврейлерде кездесетін есім, Герольдтың бір нұсқасы. Ал әкем Карл болғаннан кейін фамилиямды Карлсон дегенді жөн көрдім. Шынында да, менің повестерімде, әңгімелерімде, романдарымда «Гарри» деген есім жиі кездеседі. Ол Гарри – менмін. Менің жазушылық ерекшелігім қиялға көп берілмеймін, өмірде болған оқиғаны сол күйінде жеткізуге тырысамын. Адамдардың аттарын да көп жағдайда өзгертпеймін, өзгертсем, сәл-пәл ғана. Ауылдағы Ерғали шалды Серғали деп өзгертуім мүмкін. Әйтпесе Әбілмәжін деген шалдардың барлығы болған адамдар. Оларды сол күйінде беремін. Әрине, мінезін өзгертем, кеңейтем, ол енді жазушыға тән нәрсе ғой. Кеше ғана алты ай бойы бас көтермей «Зов» деген бір роман жазып шықтым. Қазақша аудармасын білмеймін, басқа сөз, басқа балама тауып аударуым керек. Мағынасы «Көкейтесті» деген сөзге жақындайды. Менің жан дүнием туралы шығарма. Онда да кейіпкер – Гарри Гарриұлы Карлсон. Шығарма кейде бірінші, кейде екінші, тіпті кейде үшінші жақтан баяндалады. Ал оның барлығы, сайып келгенде – Герольд Бельгердің өзі, соның тірлігі. Менің өмірімде көрген-білгенім әжептәуір жетерлік. Депутат болдым, талай қызмет атқардым. Біраз адамдармен, саясатшылармен, жазушылармен, ғалымдармен араластым. Екінші сыныптан бастап күнделік жүргіздім. Ол күнделіктердің барлығы сақтаулы. Ауыл балалары жиналып, «келешекте кім боламыз?» дегенде, балалар «бригадир боламын», «басқарма боламын», «ауылнай боламын» десе, менің аузыма Құдайдың өзі салған болуы керек, «Мен жазушы боламын!» дейтінмін. Сонда менің Шаяхмет деген досым «Сен жазушы болсаң, мен мұрнымды кесіп берейін!» деген еді. Ақыры, жазушы болдым. Менің 2-сыныптан күнделік жазуым жазушылыққа тәрбиелеген сияқты. Кіммен кездестім, кіммен сөйлестім, ауылда қандай жаңалық болды, соның барлығын қағазға түртіп жазып отырдым. Қазір оқысам, күлкім келеді, баланың ермегі сияқты дүниелер ғой. Бірақ арасында қазір қанша ойлансаң да есіңе түспейтін нәрселер, ауылдың тірлігі, тынысы кездесіп қалады.
– Қазақ адамның бойындағы ерекше бір қасиетін «қанында бар дүние ғой, тегімен келген шығар» деп бағалап жатады. Ал сіздегі жазушылық қанмен келген бе?
– Ол жағын білмедім. Мәселен, ата-бабаларымда жазушы болған ешкім жоқ. Лениннің 50 томдық шығармалар жинағында, ұмытпасам, 14-томы болуы керек, Бельгер деген бір журналист-саясатшы жүр. Оның маған қатысы бар ма, жоқ па, ол жағын білмеймін. Менің білетінім, арғы ата-бабам Андреас Бельгер әйелі Луизамен, екі баласымен сонау Германиядан 1764 жылы Ресейге келген. Кеңес Одағында өсіп-өнген Бельгерлер содан тараса керек. Бельгерлер Германияда да бар. Оны сол жақта тұратын бір жиенім зерттеп жүр. Ал қазақтар жеті атасына дейін біледі ғой, мен де сегіз атама дейін білемін. Менде «неміспін бе, жоқ, басқа ұлттың өкілімін бе?» деген дүдәмал ой болды. Белгиер болуым да мүмкін, ол кезде барлығы неміс болып жазылды ғой. Франция, Дания, Швециядан Ресейге келгендердің бәрі тіл білмейді, орыстың «немой» деген сөзінен «неміс» деп жазып жіберген болуы керек. Сондықтан арғы аталарым белгиялық болуы мүмкін деп те ойлап қаламын.
– Сонда сіздерде кейінгі ұрпақтың фамилия ауыстыруы мүмкін емес пе?
– Жоқ, бізде ондай болмайды. Мәселен, қазақтар өздерінің шежіресін мақтан тұтады, ал ол – менің басыма қонбайтын дүние. Қазақтардан миыма қонбайтын бір дүние осы болса, екіншісі – ру мәселесі. Кімнің қандай ру екенін, қайдан шыққанын білмеймін, әйтеуір, өзімнің Атығай екенімді білемін (күліп).
– Жазушылар одағында сөз сөйлегеніңізді көргенімде, «Кереймін» деген сөзіңізді естіген едім. Сонда қалай болғаны?..
– Басында Герольд дегенге ұқсастырып «Гера», «Кера» деп жүріп «Керей» болдым. 20 жыл бұрын өзімді «Кереймін» деп жүрдім. Менің Ісләм Зікібаев деген досым бар. Сол бір күні «Сен қалай Керей боласың, сен Атығайсың, біздің ауылда өстің, біздің адамсың» деді. Сонымен, «Сенің айтқаның дұрыс шығар» дедім де, Атығайға көштім. Енді мен – Атығаймын!
– Ал сіздің есіміңіз немісшеден аударғанда қандай мағынаны білдіреді?
– О-о! Ол – мақтан тұтарлық сөз. Анамның маған аяғы ауыр болып, ауруханада жатқан кезінде, қасында бір еврей әйел жатыпты. Оның есіл-дерті ұл бала туу болып, атын «Герольд» қоямын дейді екен. Ол бірінші босанып, қыз туады. Ал менің шешем ер бала туады. Жаңағы еврей әйел шешеме ұлыңның атын «Герольд қойшы» деп өтінеді. Әке-шешем келісіп, Герольд қояды. Ал бұл көне скандинавиялық сөз екен. Аударғанда «жаршы», «топтың алдында жүруші», «жаңалықты хабарлаушы» деген мағынаны білдіреді екен. Мағынасын білген сәттен бастап атымды мақтан тұтамын, өте сирек кездесетін есім.
– Сіз шығармаларыңызда Сейтен деген ұстазыңызды ерекше ықыласпен еске аласыз. Адамның адам болып қалыптасуы да ұстазына байланысты емес пе? Ұстаздарыңыз жөнінде айтыңызшы?
– Мен бітірген қазақ мектебі керемет алдыңғы қатарлы мектеп болды. Оның мұғалімдері де ерекше еді. Қазір ондай мектептер жоқ. Ол мектеп бар ғой, бірақ бұрынғы деңгейі жоқ. Мен оқуды екінші сыныптан бастадым. Менің дайындығым төртінші сыныпқа пара-пар еді, бірақ қазақ тілін білмейтін болғаннан кейін, амал жоқ, екінші сыныптан бастадым. Сол тоғыз жыл оқыған мектебіме рақметімді, ырзалығымды айтып жүремін. Гүлшара Қасымова деген алғашқы ұстазым, Шиап Садықов деген директор, Қалиахметов Ахметжан деген математик, Жанғали Құсайынов деген тарихшы, Жылгелді Мұқанов деген әдебиетші, Қалау Тайжанов деген географ, Ғазиз Жақин деген кейінгі сынып жетекшім, Мүслима Садықова деген қазақ тілінің мұғалімі, Мария Егорова деген жер ауып келген, бұрын Ленинградтың институтында сабақ берген орыс тілінің мұғалімі – бәрі-бәрі ерекше адамдар еді, жаңалыққа құмар еді. Әсіресе Жылгелді Мұқанов нағыз әртіс адам еді. Қазақтың бүкіл әдебиетін жатқа білетін, пьесада өзі ойнайтын. Сыныпқа бірде Абай болып, Абайдың өлеңдерін оқып кіретін, енді бірде Максим Горький болып, басына шляпасын киіп, қолына аса таяғын ұстап, «Ресей әдебиетіне осындай ғасырдың басында Максим Горький қолына аса таяғын ұстап кіріп келді» деп сөйлеп кіретін. Керемет әсерлі мұғалімдер болды. Өздері өте көп білетін, білетінін балаларға бере алатын мұғалімдер еді. Мен мұғалімдерімді әрқашан мақтан етемін. «Қазақ мектебін бітіргендер түк білмейді, түкке жарамайды» деп айтатындар да бар, ондайда мен «Мен қазақ мектебін бітірдім, мен сенен кеммін бе?» деп жауап беремін. Мен қазақ мектебін бітіргенімді мақтан тұтамын. Қазір де ешкімнен кем емеспін. Өзімді ешқашан «қалалық мектепті бітіргендерден кем қалдым» деп есептемеймін. Кейін институтқа түскенде сол қаланың балаларымен таласып, өзіміздің артықшылығымызды дәлелдеп жүрдік қой. Мәселе – баланың қабілетінде, ол жаңалыққа құмар болса, білім-ғылымның соңынан жүрсе, ешқашан ешкімнен кем болмайды.– Мектепті тәмамдадыңыз. Алдыңызда, талай кедергінің ар жағында «мен мұндалап» жоғарғы оқу орны шақырып тұрды. Сол жоғарғы оқу орнына қалай түстіңіз?– Ол кезде мен үшін өте қиын болған нәрсе – немістерді оқуға алмайтын, немістерде куәлік болмайтын. Ауылдан он бес шақырым жерден арыға ұзауға болмайтын. Ай сайын комендатураға барып, «ешқайда қашқан жоқпын, қиянат істеген жоқпын» деп қол қоямыз. Менің жолдастарымның бәрі оқуға түсті, ал мен көштен қалып қойдым, куәлігім жоқ. Ақыры, жылап жүріп, әкемді араға салып жүріп, Қарағандыға бардым. Ондағы бір техникалық институтқа түсіп, экзаменді тапсырғаннан кейін 53 адамды қуып жіберді. Оның ішінде неміс, шешен,поляк, грек, ингуш деген сияқты сенімсіз, жер аударылған ұлттар бар. Ауылға келіп, бір жыл мұғалім болдым. Келесі жылы тағы оқуға қабылдамады. Министрлерге, депутаттарға барып, жұрттың бәрін көтеріп жүріп, зордың күшімен 1954 жылы ҚазПИ-ге оқуға түстім. Сол жылы оған бес неміс баласы түсті. Тұңғыш рет ҚазПИ-ге түскен бес немістің біреуі мен болдым. Оны 1958 жылы бітірдім. Екі жыл, екі ай Байқадам деген жерде мұғалім болып жұмыс істедім. Әйелім екеуміз таңертеңнен кешке дейін сабақ бердік. Мен қазақ мектебінде орыс тілінен, қасындағы орыс мектебіне қазақ тілінен, кешкі мектепте неміс тілінен сабақ бердім.
– Отбасында қай тілде сөйлеуші едіңіздер?
– Үйдің ішінде немісше сөйлесетінбіз. Негізі, неміс тілінің диалектілері көп. Біздікі – гессендік диалект. Бұл әдеби тілден сәл өзгешелеу. Ал әдеби тіл бәрімізге ортақ. Ресейге көшіп келген немістер сол замандағы тілді алып келген де, сол тілмен қалып қойған. Ал өзім басында гессендік тілмен сөйледім, қазір немістің әдеби тілінде оқимын. Томас Ман деген пірім бар, соны оқимын. Одан кейін неміс тілінде екі Інжілім бар, соларды оқимын. Кілең қазақтың ортасында жүріп, немістігімді сол арқылы сәл-пәл сақтап жатырмын.
– Кейіннен «Германияға барып тұрсам» деген ой келген жоқ па?
– Ондай ой менде ешқашан болған емес. Дегенмен Германияға бір-екі рет барғанда сондағы тірлікті көріп, келген қорытындым – Германия маған қол емес екен. Өйткені жасым отыздың ішінде болса, бір көзімді жұмып кетіп қалар едім. Ал алпыс-жетпістен асқаннан кейін, сенің ол жерге керегің шамалы екен. Көп зейнеткердің біреуі болып жүресің, сыраны ішесің, кең бөлмеде тұрасың, сенде бәрі болады, бірақ ешкімге керегің жоқ болады екен. Ал мына жақта ауылда тұрғандай, көшеге шықсаң – анадайдан бір қазақ, ана бұрыштан бір қазақ шығады, сөйлесе кетеміз. Арқамнан қағады, дабырлап сөйлейді, сонымен, мен өзімді керек сияқты сезінемін. «Е-е, мен қоғамға керек екенмін ғой, мені оқиды, менімен санасады, менің пікірімді сұрайды, керек болсам, Қазақстанға сәл-пәл керегім бар шығар, басқа жерге менің қажетім шамалы» деген ойға келдім. Менің қызым Ресейде тұрады. Ресейге көшу туралы әңгімені әйелім талай бастаған, бірақ Ресей де маған қол емес. Алматыдан басқа жерде тұрмайтыным анық. Алматыда сонау 1954 жылдан бері тұрып келе жатырмын, «Алматыда өлемін» деп ойлаймын. Жазушы достарым менен «Өлетін болсаң сені қайда көмеміз?» деп сұрайды ғой, ондайда «Мен мұсылман болмасам да, достарымның барлығы Кеңсайда жатыр, сол Кеңсайдың бір шетіне көміңіздер, мен түнде аналармен кездесейін, дидарласайын, сөйлесейін. Айдаладағы бір жерге көмсеңіздер, таныс адамым жоқ. Ал ана жерде Асқар Сүлейменовтан бастап барлық достарым жатыр» деп қалжыңмен жауап беремін.
– Ең алғаш жазған әдеби дүниеңіз есіңізде ме?
– Жазушы боламын деген ой болғаннан кейін, 6-7 сыныптарда оқып жүргенде аудандық, облыстық газеттерге кішкене репортаж жазатынмын. Олардың мазмұны «Ауылда пәлен жиналыс өтті, кітапханамызда осындай кітаптар бар» деген сияқты болып келеді. Кейіннен өлең жаздым. Өлеңім нашар, адам ұялатын, іске алғысыз еді. Сонда да қиялданып біраз өлең жаздым. Оқуға Рахметбай Тілеубаев деген әртіспен бірге түстім. Сол күн сайын бір қызға ғашық болып, күн сайын бір өлең жазатын. Еш қиналмай ұйқастырып жаза салады. Ал мен құлағым қызарып, зордың күшімен ұйқастырған болып, Маяковскийге еліктеп өлең жазған боламын. Содан кейін сол Рахметбайға қарадым да, «Менің ақындығым түк емес екен» деген қорытындыға келіп, өлең жазуды қойдым. Өзімді де қинамаймын, елді де қинамаймын. Құдай бермеген нәрсе ғой. Бірақ қазір де бірдеңелерді ұйқастырып жазамын, олар – құттықтау, қалжың есебіндегі нәрселер. Сосын «үш тілдің арасында жазушы боламын» деп жүргенімде «менің қанымда бірде-бір тіл жоқ екен» деген ой 1-2-курста оқып жүргенде келді. Жазушы болу үшін қаныңда тіл болу керек. Сол тілде түс көруің керек. Мен бірде түсті неміс тілінде, бірде орысша, енді бірде қазақша көремін. Бұл қалай болғаны? Ол кезде күнделіктерімнің бәрі қазақ тілінде жазылған, 3-курстан бастап орыс тіліне көштім. «Мен қай елдің жазушысы боламын, қай тілдің сойылын соғамын, қанымда бір тіл жоқ» деп ойлап, «онда мен аудармашы болуым керек екен» деген ойға келдім. Ең алдымен, «түрколог-ғалым боламын» дедім, Сәрсен Аманжолов деген ғалым маған 1-курста назар аударып, «мен сенен түрколог-ғалым шығарамын» деді. Мен 4-курсқа келгенде ол кісі кенеттен инфаркттан қайтыс болды да, мен жетімсіреп қалдым. Аспирантураға түстім. 3-курста Әбдіжәмил Нұрпейісов мені «Жұлдыз» журналына алып кетті де, «Қан мен терді» аударуды бастадым. Ол кезде Жазушылар Одағының бірінші хатшылығында Ғабиден Мұстафин болатын. Сол бір күні мені шақырып алып: «Сен кандидаттық дегенді қой. Көше толы кандидат, ары кетсе соның біреуі боласың. Одан да сен аудармашы бол. Біздің әдебиетті кім көрінген аударып, бізді мазақ қылды, құртты. Сен аудармашы болсаң, саған бәсекелес жоқ. Менің саған берер ақылым осы»,– деді. Осылайша мен аудармашылыққа бет бұрдым.
– Адам баласының басынан бала махаббат та, шала махаббат та өтеді. Солардың ішінде ұмытылмастай болып есте мәңгілік сақталатыны – алғашқы махаббат. Алғашқы махаббатыңыз есіңізде ме?
– Мен 9-сыныпта өзіммен бірге оқитын қазақ қызына ғашық болдым. Мен ол туралы романдарымда жаздым. Кейін ол қыз менің досыма тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болды. – Кейін кездеспедіңіздер ме?– Депутат болып жүргенімде алпысқа келген тойымды ауылда тойладық. Сол баяғы қыз ауыр хәл үстінде науқастанып жатыр екен де, мені шақыртып жіберіпті. Барсам, төсекте жатыр екен. Көріп қуанып қалды. Күйеуі мен балаларына айтып, маған шай бергізді. Ол менің соңғы кездесуім екен. Кейіннен өмірден өтіп кетті. – Жарыңызбен отбасын қашан құрдыңыз?– Менің жарым Раиса Закирқызы Хисматуллина институтта өзіммен бірге оқыды. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Бірге тұрғанымызға елу жылдан асты.
– Әйеліңіз сізді қандай қасиеттерімен тәнті етті?
– Өз әйеліңді мақтаған ыңғайсыз ғой. Мінезі өте ашық, жайдары, бауырмал, айтқан уәдесіне берік, мамандығын терең меңгерген, қазақ әдебиетін жақсы біледі. Екеуміздің қызымыз бар. Ол қазір Мәскеуде тұрады. Режиссер, М.Горький атындағы Киностудияда жұмыс істейді. Күйеуі – орыс. Ресей мәдениетіне еңбегі сіңген әртіс.
– Немерелеріңіз бар ма?
– Қыздан туғанды қазақтар жиен дейді ғой, бір жиенім бар. Биыл жиырмаға келді. Сол жиенім ерлік жасап, мені шөберелі қылды. Екі жасар шөберем де өсіп келеді.
– Герольд аға, депутат болғандығыңыз жөнінде айтып қалдыңыз. Бұл қай жылдары болған еді?
– 1994-1995 жылдары Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайландым. Шыны керек, депутат болғым келген жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев қойғаннан кейін амалсыз болдық қой, таратып жібергенде «шығармашылығыммен еркін айналысатын болдым ғой» деп қатты қуандым.
Сұқбаттасқан Марфуға ШАПИЯН
«Жұлдыздар отбасы», №14, 2008 жыл
(ЕСКЕРТУ: материалды көшіріп басуға болмайды)