Келесі жылдан бастап кей дәрігерлердің зейнетке шығу жасы қысқаруы мүмкін. Бұл туралы Zakon.kz «Астана» теларнасына сілтеме жасап хабарлады.
Ол тізімге хирургтар, акушер-гинеколог және неонатологтар кіреді.
Сондай-ақ, елімізде нәрестеге екпе салғызбаған ата-ананы жауапқа тартып, баланы бақшаға қабылдамауы мүмкін.
Ай-күні жетпей туған нәрестелер мен туа біткен даму кемістігі бар бөбектерге күтім жасайтын неонатолог Ирина Цубенконың жұмысы аса жауапкершілікті талап етеді. Ол өз тәжірибесінде 24 апталық шала туған, салмағы 500 грамм ғана шақалақтарды да бағып-қаққан.
Ирина Цубенко, дәрігер-неонатолог:
Бізге көбіне шала туған балалар түседі. Туа салысымен бізге әкеледі. Аналар сәбиін ешкімге бергісі келмейтіні түсінікті ғой. Эмоцияға беріледі. Олармен жұмыс жасау да оңай емес. Денсаулығында кінәраты бар нәрестелерге күтім жасау өте қиын. Олар сөйлей де алмайды. Өткен жылы біз осындай 40-қа жуық баланы қабылдап, күтім жасап шығардық.
Осындай психо-эмоционалдық тұрғыда жұмысы ауыр дәрігерлердің зейнетке ерте шығу мүмкіндігі болуы керек, — дейді министрліктегілер. Тіпті заңға өзгерістер енгізуді қарастырып отыр. Бірақ, ертерек зейнетке шығу үшін, дәрігердің зейнетақы қорында ақшасы жеткілікті болу керек. Онда ай сайын тиісті 10 пайыздан бөлек, қосымша қаражат салуға тура келеді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дерегінше, бүгінде еркектер 9,1 млн теңге қормен 55 жастан, ал әйелдер 13 млн теңгемен 51 жастан зейнетке шыға алады.
Салтанат Идрисова, ҚР ДСМ Денсаулық сақтауды дамыту РО менеджмент орталығының басшысы:
Бұрын КСРО кезінде жұмысы ауыр дәрігерлерге мұндай мүмкіндік берілген. Зейнетақы қорында ақшасы жеткілікті болса, біз 55 жастан демалысқа шығуды ұсынып отырмыз. Жұмыс өтілі де маңызды. Қанша жыл болуы керегі қазір талқыланып жатыр.