Солтүстік Қазақстан облысында 92 ауылды су басу қаупі бар. Бұл аймақта күн ерте жылып, қар күрт ери бастады. Биыл қар орташа нормадан бір жарым есе көп түскен. Жергілікті билік өкілдері тасқынның алдын алуға кірісті. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Бескөл әкімі Ербол Бәгенов үш жыл ішінде ауылдағы сай-саланы бес саусағындай жаттап алған. Жыл сайын ойпат жерлерді су басады. Сондықтан техника тартып, арық қазуды ертерек қолға алған. «Бүгінгі күні су басқан үйлер жоқ. Қауіпті жерлер бар. Утинка деген көлден су қаупі келсе, ол жақта екі жарым километрдей ұзындығы, биіктігі бір жарым метр топырақ жасалған бөгет жасалып қойылған. Былтыр ұстап тұрды, биыл да қарап отырамыз, нормально жағдай. Мына қардың суы жақсы өтіп жатыр. Түнде аяз, күндіз кішкене ериді», — дейді Бескөл ауылдық округінің әкімі Ербол Бәгенов. Әдетте Теріскейге көктем сәуірде келеді. Биыл күн наурызда жыли бастады. Дер кезінде шара қолданбаса, қауіп-қатер күшеюі мүмкін, дейді өңір басшысы. «Аудан, ауыл әкімдері барлық үйлерді аралап шығуы тиіс. Ауылдың ішінде қарды тазалап, жерді құрғату керек. Сонда үйлерді су баспайды. Тасқын кезінде мал шығаратын техниканы да әзірлеп қою керек. 2017 жылы сияқты төрт түлігіміз қырылып қалмасын. Қандай да бір елді мекенді су басса, оған ауыл басшы жауапты», — деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов. Жалпы, облыста 92 ауылға тасқыннан қауіп төніп тұр. «Біздің аса есепке алып отырған тоқсан екі елді мекеніміз бар. Оның ішінде барлық емес, 2300дей үйге қауіп болуы мүмкін. Соңғы үш жылда аталған елді мекендерді су тасқынынан сақтау мақсатында инженерлік іс шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда топырақты үйінділер жасау, жасанды дамбалар жасау, сонымен қатар арықтарды жасап біз қазіргі таңда 108 елді мекеннен қауіпті төмендетіп отырмыз», — дейді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев.