Бақытжан Зияданұлы, Абылай хан атындағы Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері университетінің доценті:
– Бақытжан аға, Қытайда Қазақстанды зерттеу инситуттары қай кезден бастап құрылды?
– 1965 жылы 30 маусымда, Қытай әлеуметтік ғылымдар академиясы жанынан «Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азияны зерттеу институты» құрылды. Бұл кезде Қытай мен Кеңес Одағы қарым-қатынасы тым шиеленісе бастаған болатын. Мұның соңы Даманский аралы мен Жалаңашкөл маңындағы қанды қақтығыстарға ұласқан еді. Бастапқыда институт ҚХР Ішкі істер министрлігінің бақылауында болды. Өйткені, бұл кезде Қытай Кеңес Одағынан ел болып қорғанудың қамын жасады. Сондықтан бұл институт алғашқы жылдары ғылыми зертеуден гөрі, мемлекет қорғанысы мен идеологиялық салаға көбірек жұмыс істеді. Ал ХХ ғасырдың 80 жылдарынан кейін институт өнімді ғылыми зерттеумен айналысты. Айталық, «Советтік экономикаға кіріспе», «Совет Одағындағы саяси жүйе» сынды еңбектер осы тұста жарық көрді. Міне, сонан бері «Ресей және қазіргі заман», «Орталық Азиядағы бес ел», «Путиннің антологиясы»(аударма) шықты. «Орталық Азия және Шығыс Еуропаға шолу» сынды көптеген еңбектер осы зерттеу орнында өмірге келді. Ал шын мәніндегі Қазақстанды зерттеу Қытайда Тәуелсіздік жылдарынан кейін басталды. 1992 жылдың тамыз айында Қытайда «Қазақстан Республикасының Жалпы Жағдайы» атты кітап жарық көрді. Бұл Қытайдағы Тәуелсіз Қазақстанды зерттеуге бағытталған алғашқы еңбектердің бірі болатын. Ал 1994 жылдың наурызында Ланжоу университетінің Орталық Азия институты құрылды. Институт құрылған сәттен бастап Қытайдың солтүстік-батыс шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Қытай мен Орталық Азия елдерінің арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған кешенді жобаларды әзірлеуге кірісті. Сонымен қоса көптеген мамандандырылған ғылыми қызметкерлерді дайындау да институттың басты міндеттерінің бірі саналды. Міне, осыдан кейін Қытайдың көптеген ғылым академиялары мен жоғары оқу орындарында Орта Азияны (Қазақстанды) зерттеу орталықтары құрылды. Бұл зерттеу орындары Орта Азия аумағындағы әр республикаға жүйелі зерттеулер жүгізіп келеді. Еліміз жөнінен алғанда Қазақстаның тарихы, мәдениеті, саясаты, экономикасы, әлеуметтік жағдайы, дипломатиясы, әскери істері т.б. салалары Қытайда жүйелі зерттелген. Қазақ даласының қай жерінде, қайсы облысында қандай байлық бар, оның мөлшері қандай, ол жерлердің климаттық жағдайы, түрлі этностардың географиялық орналасуы, халық саны, инвестициялық ортасы секілді мәселелер тәптіштей зерттелген. Демек бұл үдеріс Қытайдың Қазақстанды танып-білуге соншалықты мүдделі екенін көрсетеді.
– Сонда Қытай Орта Азияны зерттеуге неге сонша мүдделі?
– Кеңес Одағының ыдырауын Қытай өз мүддесіне аса тиімді жағдай деп қараған жоқ. Өйткені, Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігі Қытайға түркі текті этностардың мәдени және ұлттық автономияға деген ұмтылысына әсер ететінін жоққа шығаруға болмайтын. Сондықтан Қытай өткен ғасырдың 90 жылдарында Орта Азия елдерімен қарым-қатынаста қауіпсіздік мәселесін басты орынға қойды. Бұл тұста Қытай Орта Азия елдерімен шекараларды демаркациялау мәселесіне баса назар аударды. Өйткені, бұл Қытайдың болашақ Орта Азиядағы стратегиясымен тығыз байланысты өзекті мәселе болатын. 1990 жылы Қытайдың бастамасымен «Шанхай бестігі» құрылды. (кейіннен «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» деп аталды). Аталған ұйым сол кезде Орта Азия елдерімен шекара сызығын анықтау және қауіпсіздік мәселелерін талқылаумен айналысты. Ең алдымен шекара сызығын анықтаудың маңызын айтар болсақ, бұл Қытайдың жаңа тәуелсіздік алған көрші елдермен болашақта шекаралық дау-жанжалды болдырмауға жасаған қадамы болатын. Бүгінде Орта Азия елдерінің барлығымен шекара сызығын анықтау мәселесі түгел дерлік оң шешім тапты деп айтуға болмайды. Соңғы жылдары Қытай ұлтшылдары осы мәселені қайта қарауды жиі сөз ете бастады. Дегенмен Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара мәселесі тұрақтанып, Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы қаулысымен мақұлданған. Ал қауіпсіздік мәселесіне келер болсақ, өткен ғасырдың 90 жылдарында Қытайдың батыс өңірінде (Шынжаңда) этносаралық қақтығыстар жиіледі. Оның үстіне Шынжаң мен шекаралас аумақтағы кей елдерде (Ауғанстан) азаматтық соғыстың оты тұтанды. Мұның барлығы қытайдың батыс өңірінің орнықтылығына қауіп төндіреді деп есептелді. Сол себепті Қытай ең әуелі Қазақстанмен қауіпсіздікті алғы шарт еткен дипломатиялық қатынас орнатты. Осы тұста Қытайдағы «Орта Азияны зеттеу» орындары Қазақстандағы саяси-әлеуметтік жағдайлар туралы кешенді зерттеумен айналысты. «Қазақстан Республикасының жалпы жағдайы» атты монографикалық еңбек те осы тұста жазылды. Әрине, Қытай экономикалық және қауіпсіздік ынтымақтастығын қысқа, орта және ұзақ мерзімді мәселе ретінде қарастырады. Сондықтан Қытай өзінің геосаяси мүддесіне сай әлемдік қарым-қатынастарды барынша зерттеп, өзіне тиімділік әкелетін кешенді жобалар жасайды. Қалай десек те, Орта Азия, соның ішінде Қазақ елі Қытай үшін өте маңызды стратегиялық аймақ саналады. Өйткені, Қытайдың қауіпсіздігі мен экономикасының тұрақты дамуына Орта Азия елдері белгілі деңгейде әсер етеді. Әсіресе, соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар негізінен экономикалық мүддеге негізделді. Өйткені, қазақ еліндегі қыруар қазба байлықтар мен өзге де мүмкіндіктер Қытай кәсіпкерлерін тіптен қызықтырып отыр. Мен ара-тұра Қытай ақпарат құралдарының Қазақстан жайлы не жазып жатқанын оқып отырамын. Олар соңғы жылдары Қазақстан экономикасы жайлы көбірек жаза бастады. Демек, бұл Қытайдың Қазақстандағы экономикалық мүддесінің күннен–күнге артып келе жатқанын түсіндіреді. Оның үстіне Қытай Қазақстанды Еуропаға шығатын маңызды өткел санайды. Өйткені, Қытайдың оңтүстік теңіздегі экономикалық мүддесі кедергілерге ұшырағаннан бері, батыстағы құрлық жолының маңызы арта түсті.
«Бір белдеу, бір жол» жобасы терең ғылыми зерттеуді қажет етеді
– Қытайдың «бір белдеу, бір жол» стратегиясы Қазақстан экономикасына қандай ықпал жасайды деп ойлайсыз?
– Қытай төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылы қыркүйек айында Қазақстанға жасаған алғашқы сапарында Назарбаев университетінде баяндама жасап «Жібек жолы экономикалық белдеуін ортақ құрайық» деген бастама көтерген болатын, сол жылы қазан айында Индонезияға жасаған сапарында «ХХІ ғасыр Теңіз жібек жолын ортақ құрайық» деген ұсыныс айтты. Бұл екі ұсыныс біріктіріліп «Бір белдеу – бір жол» халықаралық жобасы деп аталды. Алайда батыс ақпарат құралдары бұл жобаны – Қытай үкіметінің жұмсақ күш арқылы сыртқа ірге кеңейтуге ойлап тапқан тың тәсілі деп жазды. 2013 жылдан бері тілге алынып келе жатқан бұл жобаның мақсаты – жібек жолы экономикалық белдеуі мен теңіздегі жібек жолын ұштастыру болатын. Сонымен қоса, Қытай осы стратегиялық жоба арқылы өзін ірі ел ретінде әлемге таныту, өнімдеріне жаңа нарық ашуды көздеп отыр. Экономикалық қуаты әлсіз елдерге қаржы арқылы өз ықпалын күшейтуді түп негіз еткен бұл жобаның ауқымы өте кең, атап айтқанда тарихтағы жібек жолы басып өтетін Орта Азия, Батыс Азия, Үнді мұхит жағалауы және Жерорта теңізі маңындағы елдерді қамтиды. Соңғы кездері АҚШ пен Қытай арасында сауда соғысы басталды. Бұл сауда соғысы толастамайтын болса, «Бір белдеу, бір жол» жобасы Қытай ойлағандай ғасырлық стратегияға айнала қоюы ектіталай. Қазір Америка базарында өнімдері тосқындыққа ұшыраған Қытай, ендігі жерде Орта Азия базарын ашуға барын салуы мүмкін. Сол себепті «Бір белдеу, бір жол» жобасының Қазақстан үшін тиімді жақтарымен қатар тиімсіз тұстары да жан-жақты зерттеуді қажет етеді.
– Әлемнің ірі елдерінде өздеріне стратегиялық маңызы бар деп қаралатын өңірлерді зерттейтін орталықтар бар. Бір елдің екінші бір елді соншама танып-білуінің сыры неде деп ойлайсыз?
– Бір елдің өзі үшін стратегиялық маңызы бар басқа елдерді зерттеуі табиғи құбылыс және солай болуға тиісті дер едім. Айталық, Қазақстан мен Қытай тарихи көрші елдер. Көрші елдер үшін өзіндік және ортақ экономикалық, геосаяси мүдделер жетіп артылады. Көрші елді зерттемей, толық түсінбей тұрып, онымен тең дәрежеде шынайы достық қарым-қатынас орнату да мүмкін емес.
– Қытай «Орта Азияны зерттеу» инстуттарын қалай қаржыландырып отыр?
– Қытайдағы «Орта Азияны зерттеу» орталықтарының барлығы елдің экономикасы мен идеологиясына қызмет етеді. Сондықтан да оларды мемлекет арнайы қаржыландырады. Өйткені, олардың ғылыми сараптамалары Қытайдың осы елдер жөніндегі стратегиялық саясатына, маңызды экономикалық жобаларына тікелей ықпал етеді.
– Соңғы жылдары Қытайда Қазақстан жөнінде қандай зерттеу еңбектері жарық көрді?
– Жоғарыда айтқанымдай, Қытайда көптеген «Орта Азияны» зерттеу орталықтары бар. Әрине, олардың барлық зерттеу еңбектері мен танысуға мүмкіндігіміз жоқ. Мен тек «Қазақтың тарихы мен мәдениеті», «Жаңа Жібек жолы мен Орта Азия» (Орталық Азиялық әлеуметтік құрылым және дәстүрлі мәдениеті), «Ресейдің даму перспективалары мен Орта Азияның қатынасы» атты еңбектердің жарық көргенінен хабарым бар. Жалпы, Тәуелсіздіктен бері қытайлар Қазақстанды бір күн, бір минут қалт жібермей зерттеп келеді. Қытайдағы «Қазақстантану» ғылымы белгілі деңгейде академиялық өреге жетіп үлгерді. Қытайдағы «Қазақстантану» туралы зерттеулер бұрын танымдық негізде жазылса, қазір Қазақстандағы әлдебір құбылыстарды өңірлік стратегиялық саяси құндылықтармен салыстырып және оның келешегі мен алдағы мүмкіндігіне талдау жасайды. Жалпы қытайдағы «Қазақстантану» дағдылы үйреншікке айналды. Жақында Қытай орталық телевизиясының (CCTV) (Алыстағы ауыл) атты бағдарламасын ғаламтордан көрдім. Бағдарлама қытайлардың Қазақстандағы өмірі жайлы түсіріліпті. Мен бағдарламаны көріп отырып, соншама Қытай азаматының Қазақстанда жүргеніне қайран қалдым. Олар Қазақстанды ауыз жаппай мақтапты. Айтқан сөздерінің астарында не жатқанын кім білсін. Қытайда Орта Азия елдеріне бағытталған, «Орта Азияға назар», «Бүгінгі Орта Азия» атты телебағдарламары бар. Міне, осындай телебағдарламалар да Қытай аудиториясына Қазақстанды таныстыруда үлкен рөл атқарып келеді.
– Қазақстандағы қытайтану ғылымының қалыптасу туралы да айта кетсеңіз?
– Ең алдымен «Қытайтану» ғылымы жайлы айта кетейін. Шын мәнідегі Қытайтану ғылымы осыдан екі ғасыр бұрын Еуропада, шығыстану ғылымының бір саласы ретінде «синология» – «cinology» деген атаумен қалыптасты. Содан бері бұл ғылым үздіксіз дамып келеді. Қазір оны көбінесе «китаеведение» – «China Studies» деп атайды. Соңғы жылдары Қытайды зерттеудің мақсаты өзгерді, «Қытайдың әлемдік ықпалы қандай болады» немесе «Қытайдың күшеюі әлемге қауіп төндіре ме, әлде дамуға жол аша ма?» деген мәселе басты тақырыпқа айналды. Себебі, соңғы қырық жылдан бергі ҚХР-дың әлеуметтік экономикасының қарқынды дамуы, халықаралық аренадағы орны мен рөлінің күшеюі, қытайтану ғылымына жаңа бұрылыс әкелді.
Қазақстанда қытайтану ғылымы өткен ғасырдың соңында қалыптаса бастады. Бірақ кешенді зерттелген жоқ, біз көп дүниеден кеш қалдық. 2012 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің жанынан «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығы» құрылып, оған тарихшы, қытайтанушы ғалым Нәбижан Мұқаметханұлы жетекшілік етті. Ол орталық қазірге дейін өз деңгейінде жұмыс істеп келеді. Сонымен қоса, әлемдік экономика және саясат зерттеу институты қасында Қытайды зерттеу орталығы бар. Алайда қазақ елі үшін қытайды зерттейтін іргелі институт құру кезек күттірмейтін сын-сағатта тұр. Қытай қай жағынан алсаң да күрделі ел. Қытайтану тіпті де солай. Тәуелсіздік алған 30 жылға жуық уақыт аралығында көптеген қытайтанушы мамандар дайындалды, әлі де дайындалып келеді. Бірақ, мамандарды өз бағытында, өз деңгейінде пайдалану жағы ақсап жатыр. Бізде шығыстану, қытайтану білімімен қаруланған, қытай тілін жетік игерген ұшқыр ойлы, өресі биік, қаламы жүйрік ғалымдар аз емес, сондықтан, қытайдың тарихы мен мәдениетін айтпағанда бүгінгі күні өзекті мәселеге айналып отырған қытай экономикасын, саясатын, халықаралық мақсат-мүддесін тереңнен толғап, жан-жақты ғылыми сараптайтын зерттеу институтын құру кезек күттірмейтін келелі іс деп білемін.
– «Қытайдың мектеп оқулықтарында қазақ территориясының бір бөлігі сол елдің аумағы етіліп көрсетіледі» деген сыбыс бар. Бұл қаншалықты шындық?
– Бұл туралы кесіп пікір айту қиын. Ең бастысы Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігінің арқасында Қытаймен шекаралас аймақтардағы даулы мәселелер дер кезінде шешіліп, шекара сызығы айқындалды. Бұл ұрпақтар есінде мәңгілікке қалатын ұлы іс екені даусыз.
– Қытайдың Шыңжаңда қолданып отырған саясаты Қазақстанға қандай әсер етуі мүмкін?
– Бұл шындығында өте күрделі де маңызды мәселе. Қазір Қытай реформа жасағаннан бері ең қиын кезеңде тұр. Мұны экономикалық өсімнің төмендеуі және халықарадағы Қытайға қарсы күштердің көбеюімен түсіндіруге болады. Ал, Қытайдың Шыңжаңдағы саясатына келсек, әрине, соңғы екі-үш жылдан бергі Шыңжаңның басшылары жүргізіп отырған саяси шаралары, жергілікті халықтың қалыпты өмірін үлкен өзгеріске ұшыратты. Батыс ақпарат құралдары бұл саяси науқанды – ҚХР Конституциясын, Ұлттық автономиялы заңдарын аяққа басқандық. Бұл абсолютты феодалдық бақылауды заманауи технологиямен іске асыру, – деп жазғырды. Белгілі қытайтанушы ғалым Нәбижан Мұқаметханұлының айтуынша, Әлемдік жаһандану жағдайында Қытай өз ішіндегі аз санды ұлттарды ассимиляциялау процесін тездететін саяси шараларды қолдана бастаған. Оның үстіне, ҚКП Қытайдағы ұлттарға қытай мәдениетін олардың санасына терең сіңуі нәтижесінде біртіндеп біртұтастану арқылы табиғи түрде «Джун хуа минь цзу»-ге («Қытай ұлтына»,«Китайская нация») айналады деп санаған. Бірақ әлеуметтік тәжірибе көрсеткендей, бұл үрдіс тым ұзаққа созылатын болды, оның үстіне автономиялы провинция мәртебесін алған кейбір ұлттарда орын алған сепаратистік тенденция, ұлттар мәселесін түбегейлі шештік деген Кеңес Одағының ыдырауы мен бұрынғы республикаларда ұлттық мемлекеттердің құрылуы, Қытай билігін өз елі ішіндегі ұлттар мәселесін қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Сонымен Қытай үкіметі «Ұлттардың өңірлік автономиялы заңына» өзгерістер енгізбестен, аз санды ұлттарды ассимиляциялау процессін тездететін шараларды қолдануға кіріскен. Қазір Шынжаңда түрлі ұлттық, мәдени құндылықтар жойылудың алдында тұр. Шынжаң Қытай ықпалының Орта Азияға дендеп тежейтін белгілі аумақ саналатын. Ал ол арадағы тұтас ұлттық құндылық пен мәдени құндылықтың жоғалуы, Қазақстанға тікелей ықпал етуі әбден мүмкін. Қазір Қытай Қорғас пен Алатау өткелдерінде үлкен өнеркәсіптік нысандарын сала бастады. Болашақта осы жаңа қалаларға жүз мыңдаған тұрғындар қоныстануы ықтимал. Осы жәйіттердің барлығы біздің болашақ саясат пен экономикаға өзіндік әсер жасамайды деуге келмейді.
Сұхбаттасқан Ерзат АСЫЛ
(ЕСКЕРТУ: Материады көшіріп басуға тыйым салынады)
(«Жұлдыздар отбасы» журналының 2019 жыл, №4 саны)