4-курста ең бай студент болдым

– Біздің оқырмандардың ішінде Жансаяның балалық шағы туралы білгісі келетіндер көп, балалық шағы қалай өтті? 

– Соңғы кезде балалық шағым туралы өзім де көп ойлайтын болыппын. Анау айтқандай, балалық шағымның артықшылығы жоқ. Қарапайым отбасында дүниеге келдім. Əкем 9 жасымда дүниеден озды. Ағам екеумізді анам  өзі жеткізді. Қолым қалт етсе, облыс орталығынан 600 км қашықтықта жатқан Сайқыныма тартып кеткім келіп тұрады. Өйткені, ауылда отбасым, ағайын-бауырларым бар. Онда жанға жайлы тыныштық бар. Балалық шағым өткен фермаларды аралап жүргім келеді, айқайлап əн айтып, қой баққым келеді, бала кезде қолым жетпеген шайтанарбаны тепкім келеді. Бірақ жұмыс дейміз, тұрмыс дейміз, тірі адамның тіршілігі біткен бе?!

«Кейде мектептегі мұғалімдерім мені сағына ма екен?» деп те ойлаймын. Озат оқушы болсам да, тəртібім ақсап қалатын. Менің де «Менің атым Қожадағы» Қожа секілді ештеңе бүлдіргім келмейтін (күліп).

– Ал студенттік шағыңызда тәртіпті болдыңыз ба? Кімдерден дәріс алдыңыз?

– Енді…9-сыныпты ерекше аттестатпен əрең бітіріп, қалаға келдім. Ол кезде Оралдағы атағы дүркіреп тұрған педагогикалық лицейге (кейін біз бітіргенде М.Өтемісов атындағы БҚМУ жанындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты болып өзгерді) оқуға түсу талайдың арманы еді. Оған екінің бірі түсе алмайтын. Бағымды сынап көрмек болып, мен де құжат тапсырдым. Бағыма орай, емтиханда «Ұйқас» деген сұрақ келіп, сүрінбей өттік. Содан бергі өміріміз ұйқаспен тығыз байланысты сияқты (күліп).

Оқуға түсерде анам жолыма тиын-тебенімді тауып беріп, ақжол тілеп, бір чемоданмен жолға шығарып салды. Екі жылдан соң, студенттік өмірім басталды. Интернаттан жатақханаға көштік. Стипендиямызды айдан айға жеткізуге тырысамыз. Ең алғаш 3 айдың стипендиясын қосып алған күніміз əлі есімде. Есепші апай кассада ұсақ ақша болмай: «6000 теңге берейін, 6 теңге бере ғой» дегені. Сол 6 теңге болмады ғой бізде (күліп). Сонда бір айлық стипендиямыз 1998 теңге болған екен. Бірде бар, бірде жоқ, қарын аш болғанымен, көңіліміз тоқ. 4-курста президенттік шəкіртақыға ие болып, ең бай студент атандым. Мүйізі қарағайдай С.Ғ.Шарабасов, А.С.Қыдыршаев, О.Б.Бүркітов, Ұ.Р.Ержанова, А.Ə.Ниязғалиева, Р.Қ.Мұхамбетқалиева, Ж.Ж.Шайекенов, Қ.Ғ.Аронов, З.Мүтиев, т.б секілді ғалымдардың дəрісін тыңдадық. Студенттік шағымызды қызықты өткізумен қатар, барымызша рухани азықтанып, біліммен сусындауға тырыстық.

– Жалпы айтысқа келмес бұрын бұл өнер туралы естіп пе едіңіз? Сізді айтыскер қылған қандай себеп? 

– Айтыс туралы миыма алғашқы ақпараттың қалай түскенін білмеймін. Бірақ ес білгелі айтыс деген өнердің бар екенін, екі ақын бір-бірін сөзден ұту үшін өлеңмен жауаптасатынын білемін. Əлеуметтік желілерден көріп жүрміз, қазір балабақшадағы бала да қолына домбыра алып, өзінше айтысып отырады. Бізде де солай болған шығар…(ойланып).

1996 жылдың желтоқсаны болуы керек. Алматыда Желтоқсан құрбандарын еске алуға арналған айтыс өтетін болды. Оның жарнамасын ауылда теледидардан, радиодан əлсін-əлсін хабарлады. Қатысатын ақындар тізімінде Оралдан Жібек Болтанованы, Алматыдан Назгүл Кəрімованы атады. Назгүл біздің қазақ тілі мен əдебиетінен сабақ берген апайымыз болатын. Ақындығын ауыл мойындаған ұстазымыз сол жылы Алматыға көшіп кетіп еді. «Мəссаған! Күнде көріп жүрген адамды теледидардан көреміз б?!» деп таңғалып, сол айтысты көру үшін əр жексенбіні күтетін болдым. Ішімде: «неге өзіміздің ауданның атынан шықпады екен?» деген өкінішім де бар. Айнұр, Құралай апаларымызбен сол кезде эфир арқылы таныстым. Тапқырлықтарына аузымды ашып, көзімді жұмып, басымды шайқадым. Сөздің құдіреті əсер еткендей болды. Содан бойымда бір қызығушылық оянып, айтыс өтсе, теледидарға байланатын болдым.

Аздап домбыра ұстап, «əу» дейтінімізді байқаса керек, ұстаздарымыз 7-сыныпта Наурыз тойында сахнаға айтыстың үлгісін көрсетуге шығарды. Құдай білсін, əлде адам таппай шығара салды ма екен?! (күлді). Одан кейін 9-сыныпта «Айтыс» тақырыбында өткен ашық сабақта үш қатардан бір-бір оқушыдан шығып айтысуы керек болды. Сонда өз тобымның намысын қорғап, айтыстағы алғашқы «бас жүлдемді» алдым. Бірақ сол кезде «мен де айтыскер боламын-ау» деп ойлаған емеспін. Кейін университетте досым, марқұм Асылбек Ишановпен бір топта оқыдым. Асылбек сегіз қырлы бір сырлы, жыршы, термеші, жиын-тойдың ажарын кіргізіп отыратын жігіттің сұлтаны еді. Жасындай жарқ еткен қысқа ғұмыр болды ғой…

2-курста сол Асылбек облыстық Наурыз айтысына қатыспақшы болып, іштей дайындалып жүрді. Оңашада Асылбекке көмектеспек ниетте мен де қолыма домбыра алып, Асақаңмен сөзбен «қағысып» қоямын. Досымды дайындаған түрім ғой. Бір күні досым шабыттанып кетсе керек, аудиторияда студенттердің алдында айтысқа шақырды. Мəншүк пен Махамбеттің жерлесіне қарап қалған жарамас деп, намысқа тырысып мен де барымды салдым. Əжептəуір айтыс болды-ау деймін, көрермендеріміз алдымыздан арқан керіп тоқтатып алды (күліп). Бұл күнде группаластар сол күнді сағынышпен еске аламыз. Сөздің қысқасы, осы айтыстан шыққан соң Асылбек: «Сен де неге менімен бірге айтысқа қатыспайсың?»-деп тосыннан ой тастады. Аудиторияда «мықты айтыстым» деп ойласам керек, екі күннен соң сахнаға шықтым.  Бұл 2004 жылдың наурыз айы еді. Содан бері айтыс жолында жүрмін.

– Айтысқа баулыған тәлімгерім деп кімді айтар едіңіз?

– Айтысқа баулыған ұстаздарымды тізбектесем, мектепте Назгүл Кəрімова ұстазым болды. Ал университетте Асылбек Ишановтың группаласы, Мэлс Қосымбаевтың шəкірті болдым. Өмірде Бауыржан Халиолланың қарындасымын. Барлық айтыскер бір атаның баласындай Жүрсін Ермановты ұстаз тұтамыз. Замандас-достарым Əсем, Нұрлан, Ринат,  Еркебұлан, Мұхтар, Рүстемдерден,  кейде өзімнен жас айтыскерлер Мейірбек, Дидарлардан да тəлім алатын кездер болады. Үйретері бар адамның кез-келгені маған ұстаз. Өйткені айтыс толық меңгердім дейтін өнер емес, əлі де еңбектеніп келемін.Похожее изображение

– Өлеңге Қадыр ақынға ғашық болып келгеніңізді білеміз. Ал айтыстағы кумиріңіз кім болды? 

– Айтыста бір адамды бөліп-жарып атағым келмейді. Мықтылар көп. Экраннан Марғасқа Мэлсті, орақ тілді Оразалыны, «киллер» Бекарысты, Ақтаңгер Айбекті, «бомба» Бауыржанды, сары тентек Қуанышты, «бақсы» Айтақынды, Керей Дəулетті, айтыстың арулары Айнұр, Ақмарал, Кəрима, Маржан, Елена апаларымызды тыңдап өстік.

– «Жайықтың Жансаясы» танылғанға  дейін неге үлкен айтыстарда көрінбеді? 

– 2004 жылы облыстық айтысқа, 2005 жылы Сүйінбай Аронұлының 190 жылдығына арналған халықаралық айтысқа шықтым. 2007 жылы ұлттық арнадан тікелей тараған «Айтыс — Қазақстан чемпионатынан» да халық бізді көрді. Ешқашан айтыстан кеткен емеспін. Жылына 5-6 рет додаға қатысып жүрдік. Танымалдылық  2014-2015 жылдар келген шығар деп ойлаймын. Сол он шақты жылда айтыстың барлық өткелектерінен өтіп, əрбір сатысын басып көтерілген сияқтымын. Оған дейін көрінбеген себептеріміз, кейде дұрыс айтыса алмадық, кейде Жүрсін Ермановы бар үлкен айтыстарға шыға алмай жүрдік. Өйткені əр облыста 40-50 жас ақын бар, бəрімізге бірдей үлкен сахнаға жету оңай емес. Оның үстіне біздің айтысқа келген кезіміз айтысты экраннан аластатқан жылдармен тұспа-тұс келіп қалды.

– Айтыстағы басты қаруыңыз – әзіліңіз. Өмірде де қағытпа қалжыңды жиі айтасыз ба? Тұрмыстың жайын қозғамай өткен қарсыластар бола ма?  

– Əртүрлі қарсыластар бар ғой. Есімде Қытайдан келген қандасымыз Қанатбек Зəйтолламен өткен айтысым қалыпты. Айтыстың аяғына дейін күттім. «Бойдақсың» деп тиіспей кетті. Кейде көшеде адамдар мені көріп: «телевизордағыдай емес, кіп-кішкентай, қарапайым, сабырлы» деп таңғалып жатады. Биыл бірінші курсқа келген студенттерім де: «Мына кісі сахнадағыдай көңілді емес, қатал екен» деп ренжіпті. Өмірде соншалық əзілқой емеспін. Реті келгенде жеңгелеріммен, жезделеріммен, достарыммен ғана қалжыңдасамын. Көпшілік ортадан, той-томалақтардан өзімді аулақ ұстаймын.

– Айтыстан алған өзіңізге ең қымбат жүлдеңіз қандай?

– Ең қымбат жүлдем — айтыстың қазанында қайнап, ақын бауырларыммен араласып-құраласып жүргенім. Мен үшін қазақтың игі жақсыларымен танысып, дастарқандас болып, əңгімелерін тыңдағанымның өзі үлкен сый. Ал дүние-мүлікті сұрап отырған болсаңыз, бұйырған жүлдені алдым, бауырларыма қарайластым. Бұйырмағанын қумадым. Құдайдың берген өнерінің арқасында нанымды адал таптым. Өзім оқыған М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да 12 жыл бойы қызмет жасап келемін. Аш-жалаңаш емеспін. Бақтықожа ағамыз облысты басқарып тұрған кезінде Талғат Мықи екеумізге бір-бір бөлмелі пəтер берді. Аллаға шүкір, ел қатарлы өмір сүріп жатырмын. Айтыс десе, кей адамдардың ойына бірден жүлде, көлік келеді. Басқалардан қызғанбаған миллионды айда-жылда топ жарып ұтқан ақындардан қызғанып қалатындар да бар. Сахнада айтысу үшін қанша күн, қанша түн ішкі ойларыңмен арпалысып, біліміңді толықтырып, өз-өзіңді баптайсың. Халықтың алдына шығу оңай емес, уайымнан ас та батпай қалады. Өйткені ел алдында қай жағыңнан қандай соққы тиетінін білмейсің. Бір сөзбен айтқанда, барлығына дайын болуың керек.

– «Кім-кімде де талант болса, сол қоғамға жауапты» деген сөз бар. Айтыскерлер қауымы қоғамға қаншалықты жауапты?

– Қоғамға талантты, талантсыз дейтіні жоқ, əр адам жауапты. Ал ел алдында жүргеннен кейін бізге адамдар ерекше сеніммен қарайтыны белгілі. Кезінде Асан, Қазтуған, Бұхар, Марғасқа жыраулар елдің ұраншысы бола біліп, халық мұңын ханға жеткізді. Сол секілді айтыскер ақындар да ақиқаттан айнымай, жүрісінен жаңылмай, қаймананың ойын қаймықпай айтуы керек деп ойлаймын. ÐšÐ°Ñ€Ñ‚инки по запросу жансая мусина

– Қазіргі айтыстың жай-күйі қалай? «Келісіп айтысу» туралы не айтасыз? Елдің арасында өтіп жатқан айтыстың түрлі шоулары туралы қандай пікірдесіз? 

– Ақсүйек өнер қарқынды даму үстінде. Қазіргі айтыс бұрынғы айтыстармен салыстыруға келмейді. Бұрын айтыс десе шапан киген шалдар елестейтін, қазір үлкендермен қатар жастар сахнаның сəніне айналды. Əр өңірден мектеп жасындағы балалар шығып, кесек ойлар айтып таңғалдыруда. Тіпті, оқушылар айтысының өзі жоғары деңгейде өтеді. Ал айтыс төңірегіндегі «келісіп айтысу», ірілі-ұсақты болмайтын даулар мүжілген мəселе деп ойлаймын. Кейде 2-3 айналым бір күнде болып қалатын айтыстар бар. Сынақтан сүрініп жатқан ешкім жоқ. Соңғы кезде бірнеше айтыс сахнада жеребе тартылу арқылы өтті. Екі ауыз өлең құрап айта алмайтын жан сахнаға шықпайтыны түсінікті.

Шоу айтыстың елге берері болып, ұлттық өнерді дамытса, болғаны дұрыс. Қарсы емеспін. Тек өлеңге икемі бар, сөздің салмағын ұғынатын ақынжанды адам шықса екен. Айтысқа шыққан екен, ол мейлі әнші болсын, мейлі биші болсын сөзіне жүрдім-бардым қарамай, етек-жеңін жинап шығуы тиіс. Әркім көрпесіне қарап көсілуі керек. Мысалы, мен балет билей алмаймын. Коньки киіп, мәнерлеп сырғанай алмаймын. Сол сияқты, айтыса алмайтындар айтысқа шықпаса екен.

– Айтыс өнерінің қоғамда өзіндік бағасын ала алмауына не себеп деп ойлайсыз? 

– Айтыс — халықтан бағасын баяғыда-ақ алған өнер. Айтыс — қазақ деген халық барда өлмейтін өнер. Неше сағатқа созылса да сөз додасын тапжылмай тыңдайтын тыңдарманымыз бар. Атымызды атап, түсімізді түстеп танып жататын фанаттарымыз бар. Билік тарапынан ғана кейде қолдау көрмей қалып жатамыз. «Алтын домбырамыз» да жыр мен жұмбақ болды… Əр өңірдің басшылары айтысқа əртүрлі көзқараста. Кей əкім: «Ел алдында бізді жамандап қояды, имиджімізге нұқсан келтіреді» деп қарадай өз көлеңкелерінен өздері қорқатын шығар. Əйтеуір, айтыс өткізгілері келмейді. Қарамағындағылар үшін басшының «ақ дегені — алғыс, қара дегені – қарғыс». Жүрсін аға айтысқа қамқорлық танытып келе жатқан əкімдерді үнемі айтып жүреді. Олар: Б.Байбек, Қ.Көшербаев, Н.Ноғаев, А.Көлгінов, Б.Сапарбаев. Ал, Б.Ізмұхамедов облыс тізгінін ұстаған кезінде айтысты жиі өткізуші еді.

– Жазба өлеңдеріңіз бар ма? Жыр жинақ шығару ойыңызда жоқ па?

– Жазба өлең бұрын жаздым. Қазір екі-үш жылда бір өлең жазатын шығармын. Зорланып өлең шығарып, сапа емес, сан көбейту үшін жұмыс жасай алмаймын. Жыр жинақ шығарғым келеді. Бірақ өлең жоқ. Жазба ақын ретінде мықты емеспін. Оны мойындаймын.

– Қазір  филолог ұстазсыз. Ал айтыста шәкірттеріңіз бар ма? 

– Бойында таланты бар, айтысамын деген талапты жасқа қазір мүмкіндік молынан. Оқимын десе, кітап бар. Қараймын десе, ғаламтор дайын. Ақпарат қолжетімді. Ал 1 пайыз таланты жоқ адамға басын ашып, баклажкамен өлең құйсаң да ақын болмайды. Шəкірт тəрбиелеу, менің ойымша, баланы партаға байлап, дəптерін дəріспен толтыру емес. Ол сенің сөзіңнен, іс-əрекетіңнен, айтысыңнан үлгі алады. Өзім ақжайықтық айтыскерлер М.Қосымбаев, Б.Халиолла, Е.Ахметов, Д.Мұштановалардың əңгімесін тыңдағым келетін. М.Мерланов, Э.Ықсанов, А.Бисенғалиев, Т.Мықилар, марқұм А.Ищановтармен  айтыста иық тірестіре жүріп, бір-бірімізді тəрбиеледік. Қазіргі жастар біздерге қарап бой түзейді. Өмір заңдылығы сол. «Шəкіртіңіз болайық» деп келгендердің бетін қаққан емеспін. Білгенімді айтуға, білмегенімді бірге үйренуге тырысамын.

– Алдағы уақыттағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

– «Үш күндігін ойламаған əйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без!» деген сөз бар. Бірақ ертең не болатынын бүгін білмейміз. «Кеше төбеге қарап жатып ойландым, үйге ремонт керек екен!» депті ғой баяғыда бір кісі. Сол секілді орындалуы керек нəрсе өте көп. Бастысы аман болайық!

– Шынайы әңгімеңіз үшін көп рақмет!

Сұхбаттасқан Рахымжан Қартқожақов

 

Пікір қосу